"Оқу бітіргендердің біліктілігі жұмыс берушілер талабына сәйкес келе бермейді"

"Оқу бітіргендердің біліктілігі жұмыс берушілер талабына сәйкес келе бермейді"

"Оқу бітіргендердің біліктілігі жұмыс берушілер талабына сәйкес келе бермейді"
ашық дереккөзі
253

Бүгінгі Парламент Сенатының жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова елімізде жыл сайын 17 мың бос жұмыс орнының босқа қалатындығын айтты.

Тамара Дүйсенова: «Жыл сайын елімізде 17 мыңнан астам бос жұмыс орны текке қалып отырады. Себебі оқу орындарын бітірген азаматтардың біліктілігі жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келе бермейді. Бұл олқылық жұмыс берушілердің өздерін оқу процесіне атсалысуын белсендіру

арқылы шешілуі мүмкін. Бізде оқу орындарын бітірген азаматтардың білім деңгейлері сол оқу орындарының өздерімен анықталады. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл мәселемен жұмыс берушілер немесе арнайы белгіленген кәсіби ұйымдар айналысады», – деді жиында сөйлеген сөзінде. Сондықтан, енді Қазақстанда да осы тәрізді ұйымдар құрылмақ.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова 2020 жылға қарай Қазақстанда 550 кәсіби стандарттар әзірленетінін де тілге тиек етті. Министрдің айтуынша, экономикалық ынтымақтастық даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сәйкес, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер оқу орындарына өздерінің ұлттық біліктілік жүйесіндегі салаларға сәйкес кәсіби стандарттар мен талаптарды қояды. «Оқу орындары осы стандарттарға сәйкес, оқу бағдарламаларын өзгертеді. Біз дүниежүзілік банк сарапшыларымен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2020 жылға дейін 550 кәсіби стандарттарды әзірлеп шығару мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Мұндай кәсіби стандарттар тек кадрлар даярлауда емес, сонымен бірге қайта даярлау барысында да қамтылуы қажет», – деп атап өтті Тамара Қасымқызы. Аталмыш келісім шеңберінде жұмыспен қамту орталықтарының оқу орындарына қоятын талаптарын қосу, арнайы курстарды енгізу, техникалық базаны кеңейту мәселелері де қарастырылмақ. Тамара Дүйсенованың сөзіне сүйенсек, мұндай орталықтар еліміздің барлық аймақтарында ашылады. Ал жобаның жүзеге асуына мемлекеттік органдар қадағалау жасаса, орталықты басқару мен қадағалау арнайы жұмыс комитетінің құзыретіне өтеді.

Парламент Сенатының жалпы отырысында Тамара Дүйсенова айтқан тағы бір жаңалық – елімізде 8 деңгейлі ұлттық біліктілік жүйесінің енгізілетіндігі. Мұндай ұлттық біліктілік жүйесі әлемнің барлық елдерінде бар екен. Әлемнің дамыған елдерінде 8 біліктілік деңгейі енгізілсе, қазақстанның қазіргі қолданыстағы біліктілік жүйесі тек 3 сатыдан тұрады.  «Ал қазіргі Қазақстанның қолданыстағы біліктілік жүйесі тек үш сатыдан тұрады, олар: орта, орта мамандандырылған, жоғары біліктілік. Қазір азаматтық қызметшілер бакалавриат, магистратура немесе PhD деңгейлерін иеленсе, олардың бұл деңгейіне қарамастан бірдей көлемде жұмыс та, еңбекақы да белгіленіп отыр. Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба бойынша біліктілік деңгейі қайта қарастырылып, дамыған мемлекеттердің деңгейіне сәйкестендіру көзделіп отыр», – дейді министр ханым.

Серіктес жаңалықтары