500
«Оңай» төлем арқылы көлеңкелі экономикадан 6-7 млрд. теңге шығарылады
«Оңай» төлем арқылы көлеңкелі экономикадан 6-7 млрд. теңге шығарылады
Дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның ірі мегаполисі болғандықтан, жаңашыл жобалар мен тың дүниелер көбінесе Алматы шаһарынан басталады. Осыны ескере отырып, өткен жылдың қазан айынан бастап Алматы қаласындағы қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі енгізілген болатын. Уақыт талабына сай электронды төлем жүйесі қазынаны қампайтуға үлкен сеп болмақ.
Жаңа төлем жүйесі
1 қазаннан бастап қаладағы қоғамдық көліктерге орнатыла бастаған «Оңай» деген атауды иемденген электронды төлем қабылдайтын құрылғы әуелде өз жұмысын желтоқсан айынан бастайды делінген. Кейін «Оңай» жүйесі дайын болмады ма, әйтеуір бұл тағы бір айға шегерілді. Сөйтіп, алматылықтарға 2016 жылдың алғашқы күнінен бастап тек «Оңай» картасы арқылы ғана төлем жасауға болатындығы туралы ескертілді. Арада көп уақыт өтпей, жүйенің 18 қаңтардан бастап толыққанды іске қосылатындығы жария болды. Бірнеше рет кейінге қалдырылған электронды төлем жүйесі қазіргі уақытта толыққанды іске қосылып, қаладағы муниципалды көліктердегі валидаторлардың барлығы алынып тасталды. Жолаушылар тек электронды төлем жүйесі арқылы жолақысын төлеуде. Десек те, тұрғындардың біразы әлі де жол жүру картасын алып үлгермеген. Ал қазір электронды төлем картасы жоқ жолаушылар айыппұл төлеуге міндетті. «18 қаңтардан бастап біз әкімшілік полициямен бірлесіп, қалада үлкен рейд шараларын жүргіземіз. Билетсіз жүрген жолаушыларға заң жүзінде 4242 теңге көлемінде айыппұл саламыз. Мұндай жазадан көлік жүргізушісі де аман қалмайды. Егер ол тізгіндеген көлікте электронды билет құрылғысы бұзылып қалғанына қарамастан, жүрісін жалғастырып, жолаушылардан қолма-қол ақша алған болса, 10605 теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Осы ретте айта кетейік, электронды билет құрылғысы жұмыс істемей тұрған қоғамдық көліктің бағытын жалғастыруына тыйым салынады. Мұндай кезде жолаушылар жолақысын жүргізушіге төлемей-ақ, көліктен шығып кетуге құқылы», – деген еді «Алматы қаласы көлiк холдингi» ЖШС төрағасы Рифат Әбдіраманов. Айта кетейік, жүйе толықтай іске қосылған алғашқы күні түске дейін 172 жолаушыға айыппұл салынып үлгеріпті. Қазір Алматы қаласында жалпы саны 1600 қоғамдық көлік бар. Ал бір күнде қоғамдық көліктерге мінетін тұрғындар саны 1 миллионға жуық. «Оңай» электронды билет жүйесі қоғамдық көліктерге орнатылғаннан кейін көп адам тәртіптен аттамай, бірыңғай көлік картасын сатып алды. Кей кезде муниципалды көліктердегі валидаторға салатын тиын таппай қалатындар үшін бұл картаның тиімді болғаны рас. Жолаушыларға арналған көлік картасының бірнеше түрі бар. Бірыңғай көлік картасы ешқандай жеңілдіксіз жүретін жалпы жолаушыларға арналған. Мұның бағасы – 400 теңге, жол жүру құны – 80 теңге. Сондай-ақ, бірыңғай көлік картасын өзге қаладан Алматыға іссапарға немесе демалысқа келген қонақтар да арнайы сауда нүктелерінен сатып алып, пайдалана алады. Ал пайдаланған картаны кейін сауда орындарына қайта өткізіп, 320 теңгесін қайтарып алуына мүмкіндік бар. Одан кейін оқушының, студенттің көлік картасы бар. Бұл карталар оқушыларға мектепте, студенттерге жоғары оқу орындарында тегін беріледі. Оқушылар мен студенттер үшін жол жүру құны – 40 теңге. Сонымен бірге, әлеуметтік көлік картасы мен соғыс ардагерінің көлік картасы қолданылады. Мұндай карталар аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімдерінде тегін үлестіріледі. Соғыс ардагерлері мен әлеуметтік көлік картасы бар жолаушылар да жолақысы үшін 40 теңге төлейді.Қазына қаржысын ұлғайтпақ
Алматы жолаушылар тасымалына жауаптылардың сөзіне сенсек, электронды билеттерді енгізу жобасы қоғамдық көлікті басқару процесін жақсарту, көлік қызметі тиімділігін арттыру мақсатында іске қосылған. Сондай-ақ, электронды билет жүйесі қоғамдық көлікпен жүретін жолаушылар легі мен қоғамдық көлік қызметкерлері туралы деректер жинауға және маршруттардың ұтымдылығын талдауға мүмкіндік береді әрі қызмет көрсету сапасын жақсартады екен. Жауапты мамандардың айтуынша, жүйе көлеңкелі ақшаны айналымнан шығарып, қала бюджетіне түсетін салықты көбейтуі тиіс. Айта кетейік, 2015 жылы «Оңай» жүйесімен 3 млн. 733 мың 447 транзакция жасалып, 231 млн. 231 мың 415 теңге қаржы қала қазынасына түскен. Биыл жыл басынан бергі көрсеткішке көз жүгіртсек, қала қазынасына 10 күн ішінде «Оңай» картасынан 67 млн. 290 мың 240 теңге түскен. Ал жарты күн ішінде 139 мыңнан астам транзакция жасалып, 8 млн. 537 мың теңге қазынаға құйылған. Алматы қаласының басшысы Бауыржан Байбек Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте: «Ең бастысы, адам факторын жойып, бюджеттен тыс кетіп жатқан ақшаны жарыққа шығарады. Мен халықтың ақшасын қайда шашып жатқанын көрсетуім керек. Қала тұрғындары өз қаржыларының өздеріне сапалы қызмет ретінде қайтып жатқанын білуі тиіс. Бұған дейін қоғамдық көліктерді пайдаланатын жолаушылар есебі бізге белгісіз болды: қандай шығын шықты, кіріс көлемі қаншалықты, жолаушылардың ақшасы қайда кетіп жатыр? Ал бүгінде жаңа жүйенің арқасында жолаушылар нарығының көлемі 19-20 миллиард теңге екендігін бағамдап отырмыз. Яғни, 6-7 миллиард теңгені көлеңкелі экономикадын шығарамыз», – деді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін қолданыста болған қолма-қол есеп айырысудан да, жаңашыл валидатор жүйесінен де бюджетке ауыз толтырып айтарлықтай пайда түспеді. Ескі жүйе бойынша қазынаның қоржынына тек парк иелерінің төлеген салығы ғана түсіп отыратын. Қолма-қол есеп айырысу нәтижесінде қаржының бәрі жеке автобус парктерінің иелеріне, жүргізушілер мен кондукторлардың қалтасына түсіп отырған. Ал кейін іске қосылған валидаторлардың да халықтың біраз наразылығын тудырғаны рас. Жиі істен шығып қалатын валидаторлардың темір теңгені ғана қабылдайтыны тағы бар. Кешкі уақыттарда автобус жүргізушілері темір құрылғыны өшіріп тастап, ол кезде де қолма-қол ақша жинауды доғармаған. Жолаушының жолақысынан жалақы жасап үйренген жүргізушілердің жаңа енген жүйеге қарсылық танытуының сыры да сонда. «Оңай» электронды төлем жүйесіне көңілі толмай жүрген №65 автобустың жүргізушілері 18 қаңтар күні нарызылықтарын ашық білдірді. Бұл туралы сол күні аталмыш автобусқа мінген қала тұрғыны баяндап берді. «Думан» ықшам ауданында автобусқа отырған Гүлдерайым есімді 58 жастағы азаматша «Оңай» картасы арқылы жолақысын бірден төлеген. Алайда автобус орнынан қозғала қоймапты. Автобустың қозғалмау себебі біреу – жүргізушілер «Оңай» электронды төлем жүйесіне қарсы. Ал жолақысын электронды билет арқылы төлеп қойған жолаушы бірнеше автобус ауыстырып, жұмыс орнына әзер жеткен. «№65 автобусқа кіре салысымен, картадан төлем жасап қойғам, ал жүргізушілер жүрмейміз деп тұр. Мен жолақыны төлеп қойғанымды айтсам, «біздің шаруамыз емес» дегеннен өзге ешнәрсе айтпады. Бір автобуспен баратын жерге 3 автобуспен әзер жеттім. Бір күндік жолақым екі еселеніп шығып кетті» – дейді Гүлдерайым ханым. Аталмыш бағыттағы автобус жүргізушілері сол күні Абай даңғылының бойында Манас көшесінен Әуезов көшесіне дейін екі бағытта да жолды бөгеп, өздерінің жаңа жүйеге қарсылықтарын білдірген еді. Қалай десек те, кейбір автобус жүргізушілері бұл жүйенің өздері үшін тиімсіз екендігін айтудан жалығар емес. Жүргізушілердің айтуынша, бұл жүйе жүргізушілер үшін тиімсіз. Ал жекеменшік компания өкілдері «Оңайдың» кесірінен шаш етектен шығынға баттық деп шырылдауда. Жекеменшік жолаушы тасымалдаушы компания өкілдерінің сөзіне сенсек, билет тексерушілер жеке компанияға тиесілі автобустарға бас сұқпайды екен. Тиісті бақылау болмағаннан кейін жолаушылар да жол ақысын төлеуден жалтарады. Сондықтан, олар бір апта ішінде табыстарының тең жартысынан айрылыпты. «Оңай» толық іске қосылған уақыттан бастап, 60 пайыз табысымыздан айрылдық деп дабыл қаққан жолаушы тасымалдаушылар жанар-жағармай сатып алуға қаржының тапшы екенін де айтуда. Дегенмен, электронды төлем жүйесінің бюджетті толықтыра түсетінін есте сақтаған абзал. Ал қазынаға түскен қаражат қайда жұмсалады? Әлбетте, қоғамдық көліктерді жаңартып, шаһардағы көлік жолдарын қалыпқа келтіруге, әлеуметтік жұмыстарға пайдаланылады. Алматы шаһарында әлі күнге дейін тозығы жеткен қоғамдық көліктердің қызмет көрсетіп жүргені белгілі. Жолақыдан түскен қомақты қаржыны жан қалтасына жинаған жекеменшік автопарк басшылары автобустарды жаңалауға тырыспайтын да тәрізді. Мәселен, «Алтын орда» базарынан «Саяхат» автовокзалына дейін қатынайтын автобустардың көнергені сонша, кейбірінің есігі не терезесі дұрыс жабылмайды. Әбден тозығы жеткен қоғамдық көліктердің жолаушыларды жазатайым жағдайға ұшыратпасына кім кепіл? Қала әкімі Бауыржан Байбек Алматыға күн сайын 250-260 мың көлік кіретіндігін тілге тиек еткен еді. Мұның қаладағы қозғалысқа үлкен кесірін тигізетіні бесенеден белгілі. Сол себепті де халық арасында қоғамдық көліктердің беделін арттыру қажет деп санайды. Ал автобустардың беделін арттыру үшін сапасы талапқа сай болуы тиіс. Осындай жайттарды ескерген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек әкімдікке қарайтын муниципалды автопарктің 70 пайызын жеке инвестордың қолына сеніп тапсырды. Жеке инвестор қаладағы ескі автобустарды жаңасына ауыстыруға міндеттелген. Қазірдің өзінде 200 автобус сатып алынып қойған екен. Алматы қаласының басшысы Бауыржан Байбек: «Сапаны арттыратын кез келді. Қоғамдық көлік саласын ретке келтіруіміз керек. Ал «Оңай» жүйесі бізге сапаны арттыруға көмектеседі. Асты тесілгенше жолаушы тасымалдайтын автобустардың орнында сапалы, заманауи қоғамдық көліктер мен қызмет көрсету жүйесі болуға тиіс», – деді. Сондай-ақ, Бауыржан Байбек қаладағы автотұрақтарды да жеке қолдарға тапсыруды қарастыруда. Осы арқылы төлемақы жүйесін реттестіруді көздеп отыр.«Оңай» оңтайлы әдіс пе?
Электронды төлем жүйесі енгізілген алғашқы 3 ай ішінде «Оңай» картасы да, қолма-қол есептесу де жүрген болатын. Сынақты режімде жұмыс істеген үш ай ішінде тұрғындар толығымен жаңа жүйеге үйренеді деп болжанған. Бірақ жаңа жүйеге 100 пайыз ауысқанымызбен, көп тұрғындар әлі де аңтарылып жүр. Олардың бірі әлі күнге дейін карта сатып алмаса, енді бірі оны қалай қолданатындығын білмей әуреге түсуде. Әзірге қала тұрғындарының электронды билет туралы пікірі сан алуан. Сондықтан, қаладағы аялдамаларда автобус күткен алматылықтардың электронды төлем жүйесі туралы пікірлерін білген едік. Толқын Маратқызы, қала тұрғыны: – Мен қазір негізінен, баламен үйде отырмын. Дегенмен, ара-тұра қоғамдық көліктерге мініп тұрамын. Сондықтан, «Оңай» картасын сатып алдым. Ішіне әзірге азын-аулақ ақша салып қоямын. Мен үшін өте ыңғайлы. Кішкентай баламмен жолақысын төлеу үшін қалтамнан ақша іздеп әбігерленбеймін. Бұрын валидаторға тиынымыз болмай қалғанда, ақша майдалай алмай әуре болатын едік. Қазір «Оңайдың» арқасында ондай әурешіліктен құтылдық. Айкерім Көпбосынова, студент: – Мен қаланың сырт жағында тұрамын. Ал оқу орныма дейін бір ғана автобус қатынайды. Бұрын айлық жол жүру билетін алып, бірнеше автобус ауыстырып жүре беретін едім. Ал енді олай істей алмаймын. Себебі әр көлікке мінген сайын 40 теңгеден төлеуім керек. Мұның бәрі мен үшін шығын. Сондықтан қанша уақыт болса да, автобусымды күтетін болдым. Бізге бұрынғы айлық жол жүру билетінің болғаны тиімді еді. Айлық жол жүру билетіне (проездной) қатысты сауалдар алматылық жолаушыларды жиі мазалап жүргені анық. Бұл сауалға «Алматы көлік холдингі» басшылығы бұған дейін де түсініктеме берген болатын. Олардың айтуынша, айлық жол жүру билетінің қолданыстан шығуы уақытша орын алып отырған жайт. Алдағы уақытта мұндай жеңілдігі бар жүйе «Оңай» электронды төлемінде де жасалады. Ал апта басында қала әкімі Бауыржан Байбек бұл сауалға нақты жауап берді. «Біз күн сайын бәрін бақылап отырмыз. Жұртшылықтың ең көп қоятын сауалы айлық жол жүру билеттеріне қатысты. Бұл – маңызды мәселе. Қазір біз жолаушылар есебін нақтылау үшін ғана уақыт сұраймыз. Бүгінде қоғамдық көлік тасымалы бойынша халықтың пікірі назарға алынып, жол жүру билеттері 1 наурыздан бастап қайта іске қосылады. Сонда жеті жасқа дейінгі балалар ақысыз жүреді, жол жүру билеті мектеп жасындағы оқушылар үшін мың теңге, зейнеткерлерге екі мың теңге және көп балалы аналарға екі мың теңге, студенттер үшін үш мың теңге болмақ. Сонымен қатар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдар қалада тегін жүреді. Бұл бағыттағы шығыстар жергілікті бюджет үшін қомақты қаржы», – деді елордадағы жиында Алматы қаласының әкімі. «Оңаймен» бірге келген тағы бір ереже бар. Қаладағы барлық автобустар мен троллейбустарда тексеру жұмыстары күшейтілді. Қоғамдық көліктерде билетсіз жүргендерді тексеру үшін арнайы бақылау-ревизия қызметтері құрылды. Сөйтіп, «Алматы көлік холдингі» 400-ге жуық бақылаушыларды жұмысқа алды. Бұл да болса, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың тұрақты жалақымен жұмысқа орналасуына көрсетілген қолдау болды. Бұрын жеке автобустарда «контролер» қызметін атқарғандар «Алматы көлік холдингі» бекіткен «Оңай» жүйесінің бақылаушы қызметіне орналасуына да мүмкіндік бар. Әрбір бақылаушының өз терминалы бар. Қазіргі уақытта бақылаушылардың тексерісі қатаң жүріп жатыр. Өйткені бақылаушыларға жаңа жүйені жолаушыларға түсіндіріп, бірыңғай карталарды тарату міндеті жүктелген. Сондай-ақ, бір бағыртта 3 рет тексеруге рұқсат берілген. Ал тексеруді сәт сайын жүргізбеске тағы да болмайды. Себебі қазіргі уақытта жолаушылардың 40 пайызы жолақысын «Оңай» картасымен төлесе, 30 пайызы жүргізушіге төлейді. Қалған 30 пайызы төлем жүйесіндегі өзгерісті пайдаланып, қоғамдық көліктерде тегін жүр. Алып шаһар тұрғындарының «Оңай» электронды төлем жүйесіне қатысты пікірлері әлі күнге дейін бір арнаға тоғысар емес. Алайда электронды төлем жүйесі – уақыт талабы. Әлемнің дамыған елдері бұл тектес жүйеге әлдеқашан көшіп кеткен. Жаңалықты жатырқай қабылдауға дағдыланып қалған біздер жүйенің оң-терісін айқындай алмадық. Бірақ бұл жүйенің пайдасы зор екені анық.Әсел ӘНУАРБЕК