263
Алданып қалған ағайын араша сұрайды
Алданып қалған ағайын араша сұрайды
Ақмола облысы Шортанды ауданы Новокубанка ауылының тұрғыны Авил Кенжебек 2006 жылы Моңғолия елінің Баян-Өлгей аймағынан атамекенге көшіп келген. 2015 жылы мал өсіру мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ұсынған қордан несие алмақ болған. Сол мақсатта «Алдияр-кредит 2007» микрокредиттік ұйымы» ЖШС-не басындағы үйін кепілге қойып, құжаттарын өткізген. Алайда несие алмаған. Содан бері бес жыл уақыт өтсе де Авил Кенжебекке не ақшасы, не үйдің құжаты тимей жүр.
Авил Кенжебек: «Бізге 2015 жылы мал өсірем десеңдер, 1 миллион теңгеге дейін несие беріледі деп айтты. Сол бойынша 2015 жылы «Алдияр-кредит 2007» микрокредиттік ұйымы» ЖШС-не үйімді кепілге қойып, несие алуға құжаттарымды өткіздім. Менімен бірге тағы бірнеше адам құжаттарын өткізген болатын. Содан несие берілген кезде маған ақша жетпей қалды деп несие бермеді. Несие беруші Роза Азденбаеваға «кейін береміз, күтіңіз» деген сөзіне сеніп біраз жүрдім. Солай бірнеше ай өтіп кетті. Бір күні менің мекен-жайыма «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» алынған несиенің уақытылы төленбей жатқаны туралы хат келді. Сол кезде ғана үйімді кепілге қойып несие алып қойғанын білдім. Содан несие беріледі деген кезде қағаздарға қол қоюға Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мекемесіне барып, мәселенің анық-қанығын білдім. Мекеме мамандарының айтуынша, Роза Азденбаева басқаратын «Алдияр-кредит 2007» микрокредиттік ұйымы» ЖШС менен басқа да бірнеше үйді кепілге қойып, 37 миллионға жуық несие алған. Сол кепілге қойылған үйлердің арасында менің үйімнің де құжаты бар екен. Ол құжат несие толық төленбей кері қайтарылмайтынын, өздерінің бұл мәселе бойынша Роза Азденбаевамен ғана сөйлесе алатынын айтты. Содан бері міне, бес жыл уақыт өтті, үйімнің құжатын ала алмай жүрмін. Аудандық Ішкі iстер бөліміне екі рет арыз жаздым. Олар бұл істі тіпті қараған да жоқ. Кейін мені прокуратураға арыздан деп жіберді. Ал прокуратура сотқа сілтеді. Сот «ол ұйым және басшысы Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген, сол жақтың сотына бар» дейді. Жеке заңгерлерге барсам бұл алаяқтық-қылмыстық іс екенін, сол бойынша заңдық жұмыстармен айналысу үшін қомақты қаржы кететінін айтады. Ал менде оларға төлей қоятын ақшам жоқ. Бес жылдан бері үйімнен айырылып қаламын ба деген уайыммен келемін», – дейді.
Кейіпкеріміз Авил Кенжебектің басындағы келеңсіз жағдайға байланысты мән-жайды зерттеп те көрдік. Мәселен, интернет беттерінде «Алдияр-кредит 2007» микрокредиттік ұйымы» ЖШС және оның басшысы Роза Азденбаева жайында ақпарттар бар. Сонымен қатар аталған жеке шаруашылық серіктестіктің заңды мекен-жайы да көрсетілген (Ақмола олбысы Шортанды ауданы Шортанды ауылы Жеңіз 30 жыл к, 30). Алда бұл мәселені жан-жақты қарастырып, тиесілі орындарға сұрау салынатын
болады.
Бақытбек ҚАДЫР