488
Жұмағұлованың жұлдызды сәті
Жұмағұлованың жұлдызды сәті
Челябинскте Ресей Федерациясының Халық әртісі В.Милосердов атындағы VIII Халықаралық жеке актерлік жұмыстардың фестиваль-байқауында қазақ актрисасы Ресей елінен 12 театр қатысқан аламанда алдына қара салмай, үздік шығып, елордаға үлкен абыроймен оралды. Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ драма театрының актрисасы Бақыт Жұмағұлова классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер ана» трагедиясын негізге алып, «Ана мен ала» деген атаумен шығарды. Моноспектакльдің қоюшы-режиссері жас та болса сахна кеңістігінде дара қолтаңбасын танытып үлгерген Абай атындағы Семей драма театрының режиссері Айдын Салбан.
«Новый художественный театр» мекемесінің директоры
А.Токаревтен Нұр-Сұлтан қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ драма театрының директоры Асхат Маемиров пен театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменовтің атына жеке-жеке құттықтау хат келді. Хатта қазақ театрының актрисасы Бақыт Жұмағұлова аса жоғары кәсіби деңгей көрсеткені сарапшылардың жоғары бағаларымен дәлелденді, сіздердің тамаша ұжымдарыңызды осы марапаттарымен құттықтаймыз, шығармашылық байланыста бола берейік делінген.
Көрші мемлекетте тұрақты өткізіліп тұратын жеке актерлер фестиваль-байқауында моноспектакль жанрында бақ сынаған Бақыт Жұмағұлованың талмай ізденген еңбегі, төккен тері ақталды. Жер бетіндегі күллі аналардың арман-мұратын, иығына түскен ауыр қасіретін арқалап алған Толғанай бейнесін сомдаған Бақытқа негізгі салмақ түссе, Әлиман – Жасмина Тұрашева, актрисаның қызы, мектеп оқушысы өз дебютінде кейіпкердің рухын аласартпай алып шықты.
Кілең ресейлік әртістер қатысқан театр конкурсында Бақыт Жұмағұлова қос бірдей – «Ең үздік әйел рөлі», «Ең үздік спектакль» атауын жеңіп алды. Режиссердің еңбегі ескерілмей тұрған жоқ, фестивальдің шартына сәйкес жеке дара актерлік жұмыстарға арналған жарыста барша назар жеке актерге түсіп, бағаланады.
Фестивальге қатысқан 12 моноспектакль білікті мамандардың, кәсіби сарапшылардың сүзгісінен өтіп, объективті көзқарас, адалдық пен әділдік салтанат құрды. Бұл Нұр-Сұлтан қаласының Қаллеки театры үшін зор абырой болғаны шындық.
Актриса ыңылдап, жанды дауыспен берілген сарынмен спектакльдің арқауын, асыл өзегін ұстап отырады. Тұрсынжан Шапайдың «Сәуле ғұмыр» атты әнінің әуені. Спектакльде жалғыз декорация бар – ескі тігін машинасы. Осы бір мүлік арқылы режиссер Айдын Салбан адамзат трагедиясын метафоралық қисынмен тұңғиық бере білгеніне орыс аудиториясы тәнті болғанын еш жасырмады. Спектакль аяқталысымен Людмила Федорова сахнаға шығып, Бақытты құшақтап жылап біраз тұрды.
Людмила Федорова: «Мен көптен бері мұншалық қатты толқыған емеспін. Шегелеп тастағандай тапжылмай отырып көрдім. Тілді білмеймін, жүрегіммен ұқтым. Аударманың маған керегі жоқ. Тамаша режиссер, азамат! Ал сіз, әрине, ұлы актрисасыз! «Құдайым-ай, құдайым-ай!» деп отырдым ішімнен. Бұл орасан ырғақ. Анау қыз бала, ол қалай ойнайды.. (Автор: Әлиман рөліндегі Жасминаны айтады) кәсіби актриса емес, қимылында шынайы тазалық жатты».
Елена Покорская ара-арасында сөзін Бақыт Жұмағұловаға бағыттай келе, былай деп айтты: «Біздер әлбетте, Айтматовты білеміз. Аудармасыз да бәрін ұқтым. Моноспектакльде не бәрін түсінесің, болмаса ұйқы басады. Актриса өз нұсқасын жасаған. Детальдарды өте мұқият, қатаң таңдаған. Спектакль басындағы Толғанайдың өмірінің жарқын кезеңін алып тастаған соң, қалайша ол бір сағаттық спектакльді ойнап шығар екен деп қобалжыған едім. Алайда Сіз адам тарихын трагедиялық биікке көтердіңіз, барша әйел қауымының қайғылы жазмышы көрінді. Мифтегі мойралар еске түседі. Тағдыр жібі үзілсе бір өмір өшеді. Нәресте туды, бәрі қайтадан басталады. Ғаламат актерлік ойын. Әлиман өлгенде мен еңіреп жылап жібердім. Мұндай рөлді шынайы беруге әркімнің күші жете бермейді. Сізге күшті актерлік темпераментпен бұлай істеудің орайы келді. Бірден шерлі әуеннен бастап кеттіңіз. Бұл өмірдің шексіз полотносы. Жер ананы тігін машинкасы ауыстырған. Таза трагедиялық спектакль. Бұл – сирек кездесетін құбылыс. Сізге басымды иіп, құрмет білдіремін».
Андрей Ваганов: «Күшті әсер етті. Адамнан қайғылы толқын тараса, бұған қарсыласу мүмкін емес. Соның бәрі осы әйелдің жан дүниесі арқылы беріледі. Симвлоикаға келсек, тігін машинкасы шаруа еңбегінің тұспалы, актрисаның күштілігі, ол осы тігін машинкасынан 300 %-ға басым түсті. Бәрін қолымен епті береді. Бұл бізді ерекше қайран қалдырды. Керемет актерлік шеберлік», – деп бағалады.
Евгений Вильтовский: «Меніңше, бәрі жанды ойын арқылы берілген. Мұнда бүкіл адам тағдырлары жатыр. Үзілген жіптер – үзілген өмірлер. Тігін машинкасы бүкіл музыканы беріп тұр. Кейіпкер қайғыратын кездегі сарын жүректі қозғайды. Мен негізі осы Челябинсктің тумасымын.Осында бар театрлардағы қойылымдарды көріп, өзгеше бір жаңалық іздеймін. Қарап отырсам театрға жақсы қаржы бөлінген, декорация костюмдер керемет, актерлер да жаман емес, бірақ театр жоқ. Кенет сахнаға географиялық көрші елдің театрынан келген актриса бір ғана өткен ғасырдың дүние таңдауымен шығып бәрімізді қайран қалдырды. Питер Брук айтқандай, екі орындық, бір актер. Міне, нағыз театр! Мұның бәрі күтпеген жерден. Мықты режиссура бар.
Оларда театр бар, мұны мен көзіммен көрдім. Әрекет тудыратын сөз, айқын қимыл. Актрисаның қасындағы әріптесіне, заттарға қарым-қатынасы керемет. Сөзім жоқ. Театр өлген жоқ. Мені ерекше толқытқаны осы болды», – деді.
Сөз соңында актриса Б.Жұмағұлованың фестиваль жайлы ойымен бөлісуді жөн санадық:
– Әрине, бұл жалғыз мен үшін емес, өзім 22 жыл еңбек етіп келе жатқан киелі Қаллеки театрымыз үшін де үлкен жетістік. Осы орайда, мұндай күрделі классикалық бейне жасау барысында маған өзінің өнердегі ізгі қасиетін көрсеткен Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов ағам. Осындай моноспектакль жанрында қазақстандық театрлар ішінде жеке жұмыс істеген актер, оншақты еңбегі бар. Тілектес ағаның бойындағы өнерге деген тазалықты, адалдықты, актер еңбегіне деген бағалау қасиетін көрдім. Ағаға басымды иіп алғыс айтамын. Ал жас режиссер Айдын Салбан «жүрегінің түгі бар» дегендей, жүректі режиссер екенін нақты дәлелдеді. Оны Ресейлік сыншылар да баса айтты. Болашақта А.Салбанның қазақ театр өнеріне үлкен дүниелер әкелетініне күмән келтірмеймін. Жеке шығармашылығыма әріптестік қолдау білдірген театрымыздың көркемдік жетекшісі Т.Теменов пен театр директоры А.Маемировке де алғысым шексіз.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты
Нұр-Сұлтан қаласы