580
Мемлекет басшысы қаржы-несие ұйымдарының заңсыз қызметіне тосқауыл қоюды тапсырды
Мемлекет басшысы қаржы-несие ұйымдарының заңсыз қызметіне тосқауыл қоюды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау құрылымдары мен қаржы нарығын қадағалайтын және мониторингтейтін мемлекеттік органдар басшыларымен кеңес өткізді. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында ел азаматтарына айтарлықтай материалдық шығын келтірген қаржы-несие ұйымдарының заңсыз қызметіне тосқауыл қоюға байланысты мәселе қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда наразылық тудырған жағдайды егжей-тегжейлі тексеруді, азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін шаралар қабылдауды және кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.
Мемлекет басшысы болашақта мұндай жағдайға жол бермеу керектігін және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар кеңесте Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден ұлттық заңнамаларды бұза отырып әкелінген автокөліктерді тіркеу мәселесі де талқыланды.
Президент Үкіметке Қазақстанның заңнамаларын, мемлекеттік бюджеттің де, автокөлік иелерінің де мүдделерін ескере отырып, аталған проблеманы шешу нұсқаларын әзірлеу жөнінде тапсырма берді.