Аңқау елге арамза көп

Аңқау елге арамза көп

Аңқау елге арамза көп
ашық дереккөзі
367
«Гарант 24 Ломбард», «ЕЅТАТЕ Ломбард», «Выгодный займ». Соңғы күндері осы үш компанияның атағы жер жарып тұр. Аңқау жұрттың сеніміне кіріп,  5 миллиард 411 миллион теңгеге жуық қаржысын қолды қылғандардың «серкесі» шетел асып кеткен. Маңдай термен тапқан ақшасын қайтарып беруді талап етіп, аталған компаниялардың әр аймақтағы кеңселерін басып алған салымшылар алаяқтардың үстінен 3 мыңнан астам шағым түскен. Қаржылық пирамидаға ұқсас компаниялар өткен жылдан бері 42 мың адаммен келісімшарт жасап үлгеріпті.

Қой терісін жамылған «бөрілер»

Мемлекеттік кірістер де­пар­таментінің ресми порталында «Гарант 24 Ломбард»  ЖШС ломбард және өзге де несиелік қыз­мет көрсетуші ретінде тіркел­ген. Қаржылық ұйым әділет органдарында 2018 жылы 26 маусымда  есепке алынып, еліміздің 13 өңірін­де бір жыл сегіз ай бойы жұмыс іс­теген. «ЕЅТАТЕ Ломбард» пен «Выгодный займ» компаниялары да дәл осындай мерзімде қызмет етіп, ел тұрғындарының мүлкін жымқырып келген. Polisia.kz сайтының хабарлауынша, азаматтардың мүлкі мен ақшалай қаражатын алу схемасы кеңселерді жайластыру, қызмет­керлер штатын жинау және кәсі­порындардың жалған директорла­рын тағайындап, өңірлік өкілдіктер ашу әрекеттері арқылы жүзеге асы­рылған. Салымшылардың қата­рын арттыра түсу үшін қазақ­стан­дық эстрада және спорт жұл­дыз­дарының қатысуымен кең жар­на­малық науқан жүргізген. WhatsApp мессенджерінде ЖШС басшылары чат құрып, оған барлық салымшыларды қосқан. Аталған ЖШС азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған, кейіннен 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төле­ген, ал осы уақытта қабылданған мү­лікті үшінші тұлғаларға нарық­тық құнынан төмен бағаға сатқан. Бұдан бөлек, аталған компаниялар өз клиенттерінен де­позит ретінде ай сайынғы сомадан 30 пайыздан 40 пайызға дейін сыйақы төлеуге уәде бере отырып, са­лымдар қабылдаған. Барлық ақ­шалай қаражат бас офиске құйылып отырыпты. 15 ақпанда серіктес­тік­тердің басшылары өз қызметін бір уақытта тоқтатып, жиналған ақша­мен бой тасалағанда ғана салымшылар алданғанын біліп, сан соғып қалды. 19 ақпан күні «Гарант 24 Ломбард» ЖШС құрылтайшысы, 1993 жылы туған Аслан Мырзабеков  WhatsApp чатында салымшыларға «Мен сендердің ақшаларыңды қай­тармаймын. Сенімдерің үшін рақ­мет! Тегін ақша әуесқойлары! Бә­ріңіз сау болыңыздар!» деген хабарлама қалдырыпты. Сол күні әр ай­мақтардағы ішкі істер органдарына азаматтар өз мүліктері мен қара­жаттарын заңсыз иеленуге байланысты шағым түсіре бастады. ІІМ Тергеу департаментінің және аймақтық полиция де­пар­таменттерінің қызмет­кер­лері­нен тез арада жедел-тергеу тобы құрылды. Бүкіл республика бойынша компания кеңселерінде тінту жүргізіліп, бірлескен қызмет туралы шарттар, бухгалтерлік құ­жаттама, ноутбуктер, оргтехникалар, зергерлік және басқа да бұйым­дар алынды. Алынған құжаттарға сүйенсек, компаниялар 42 мыңнан астам адаммен шарт жасасқан. Алдын ала деректер бойынша келтірілген шығын мөлшері 5 мил­лиард 411 миллион теңгеге ба­ғаланып отыр.

9 күдікті мемлекетаралық іздеуде

ӘӘМ Тергеу департаменті атал­­ған фактілер бойынша 190 (алаяқтық) және 217-бап (қар­жы пирамидасы) негізінде 22 қыл­мыстық іс тіркелгенін, 13 адам қа­мауға алынғанын хабарлады. Атап айтқанда, қаржылық ұйымдардың Алматы, Атырау, Тараз, Павлодар, Қа­рағанды, Ақтау және Батыс Қа­зақ­стан облысындағы филиал ди­рек­торлары тұтқындалды.  Құқық қор­­ғау органдары күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің 190-ба­бы 4-тармағы, яғни «алаяқтық» де­регі бойынша қылмыстық іс қоз­ғады.  width= Ал елдің қаржысын алып, ше­тел асып кеткен «Гарант 24 Ломбард» компаниясының иесі Аслан Мырзабековке және оның 8 се­ріктесіне мемлекетаралық іздеу жа­рияланды. Әзірге олардың ізіне түсу мүмкін болмағанымен, Мыр­за­бековтің халыққа жолдаған ви­деоүндеуі желіні шарлап жүр. Бейнематериалда іздеудегі азамат са­лым­­шыларға ақшасын қайтарып беру үшін Қазақстаннан кетіп қалғанын айтады. Оның сөзінше, құқық қорғау органдарында өзіне қатысты арыз-шағымның көптігіне бай­ланысты ол елге оралған бетте қа­мауға алынып, халықтың ақша­сын қайтару мүмкіндігінен айырылады. Осылайша ақталған алаяқ қаш­қын болсам халыққа видеоүндеу жол­дамас едім дегенді алға тартады. «Жауып тастағаннан (абақтыға-ред) қорықпаймын. Сіздердің ақ­шаларыңызды қайтара алмаудан қор­қамын. Егер қашып кететін ниетім болса, видео жолдамас едім. Мен үнемі сіздермен байланыста отыр­дым, қалаларда кездесіп те тұр­дым. Қызметкерлерім де жал­дама­лы, олар да нәпақа табу үшін жүрген адамдар. Қазір елге оралсам, мені жауып тастайды. Егер арыз аз болса немесе мүлде болмаса, Қазақ­стан­ға оралып, азаматтарға ақша­сын қайтарамын», – дейді жұртты ал­дауды жалғастырғысы келген  «Га­рант 24 Ломбард» ЖШС басшысы.

Жарнама жасағандар да жауапқа тартылады

Қаржы пирамидаларынан ел тұрғындарының аузы әбден күйген. Өзгенің есебінен баюды көздейтіндердің қитұрқылығы осы күнге дейін талай рет әшкереленді. Әйтсе де, қазақстандықтар алаяқ­тарға жем болуды, қаржы пирамидаларына ақша салуды қояр емес. Әлеу­меттанушылар мұны азамат­тар­дың қаржылық сауатының төмендігімен байланыстырады. Өз қаржысын дұрыс пайдалана білмейтіндер әккілерге тез алданады. Оның үстіне, қоғамда оңай олжаға кенелуге, жан ауыртпай табыс та­буға ұмтылыс көбейген.  Тағы бір се­беп – ел тұрғындарының жарна­маға сенгіштігі. Алаяқтардың жар­на­маға халық алдында жүрген танымал тұлғаларды тарта білуі са­лым­шылар санын арттыра түскен. Әнші Айқын Төлепберген, белгілі ак­терлер, ағайынды Асылхан және Артур Төлеповтер,  ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамит, Instagram-да 1,6 млн жазылманы бар атақты вай­нер Мейіржан Төребаевтар жар­намасын жасап, мақтауын асырса, халық сенбей қайтсін? Алайда шу шыққан күні өнер иелері әлеу­мет­тік желіде халықтан кешірім сұрап, өздері де алданғанын айтып ақ­талды. Салған ақшаларын қай­тару үшін олар да ішкі істер органдарына арызданған көрінеді. Әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде өткір пікірлерімен көзге түсіп жүретін әнші Меруерт Түсіпбаева жұртты қаржы пи­ра­мидаларына қаржы салуға үгіт­теген әртістердің халықтан кешірім сұрауы жеткіліксіз деп есептейді. Ол алаяқтарға жарнама жасағандар заң бойынша жауапкершілікке тар­тылуын талап етті. «Айқын, Асыл­хан, вайнер Мейіржан туралы айтар болсақ, олардың «ұят болды» дей салғаны ақталуға жатпайды. Оларда да жауапкершілік болуы керек. Олардың ішінде актер Төлепов (Асылхан Төлепов- автор) те жүр, ол 13 млн теңге құйды ма, құймады ма, білмеймін. Бірақ осылай жарнама жасадыңдар ма, халықты сол іске тарттыңдар ма, елдің адасуына себепкер болдыңдар ма, сауаты жете бермейтін қарапайым адам­дардың адасуына түрткі болдыңдар ма, онда заң жүзінде жауап беріңдер!  Заңда алаяқтық, адастыру деген сияқ­ты баптар бар. Сол тармақтар бойын­ша іс қозғалуы керек деп ой­лаймын», – деді Меруерт Түсіпбаева Azattyq Rýhy агенттігіне берген сұхбатында. Ал Мәжілістің экс-депутаты, Ұлттық тұтынушылар лига­сының төрағасы Светлана Романовская халықты адасуға итермелеген Instagram жұлдыздарының аккаунтын бұғаттауды ұсынды. Оның айтуынша, миллионнан астам жазылушысы бар танымал адамдар өз аккаунттарында жарияланатын жар­наманы тексермейді. Нәтиже­сін­де, желіде синтетикалық есірткі де, қаржылық пирамидалар да жар­намалануда. «Адамдарды адастырмас үшін желі жұлдыздары не жариялағалы жатқанын  тексеруі қажет еді. Олар ақшаны алған да, жазылушыларын пысқырмаған. Бұл жағдайда оларды да алданғандар қатарына қосып, ақтап алудың қажеті жоқ. Олар қомақты ақша алды. Демек, өзіне сенген қаншама адамның арбауға түскені үшін жауап берулері қажет. Кімнің жазылушыларының арасында алданғандар көп болса, сол азаматтардың  аккаунтын бұғаттау керек деп ойлаймын. Сонда бұдан былай адамдарды ақымақ қылғанды доғарады», – дейді Романовская. Қоғам белсенділерінің осындай наразылығынан кейін кеше Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаржы пирамидаларын жарнамалаған эстрада және спорт жұлдыздарының әрекетіне қатысты түсінік берді. «Жақын арада қаржы пирами­даларының жарнамалық қызметіне қатысқан эстрада жұлдыздарынан жауап алынады. Жалған ақпарат тарату, қаржылық пирамидаларды жарнамалағаны үшін заңнама бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, оны тергеу барысында тексереміз. Шоу-бизнес өкіл­дері қылмыстық әрекеттерді, қыл­мыстық ұйымдарды жарнамалап отырғанын нақты білуі тиіс. Бұл ұйым­дар біздің азаматтардың ақ­ша­сын жымқыру үшін құрылған», – деді департамент басшысы. Бұл оқиға халыққа да, әлеу­меттік желіде жарнама ар­қылы табысын еселеп отырған танымал азаматтарға да сабақ болары анық. Оңай олжа жайлы естісе, соң­ғы тиынын санап беруге даяр тұра­тындар тағы да сан соғып қал­мауы үшін ел тұрғындарының қар­жылық һәм құқықтық сауатын арт­­тыруға күш салынуы қажет. Же­ліде жарнама жасау мәдениетінің де сын көтермейтініне көзіміз жетіп отыр. Мінімізді түзеу, жоғы­мызды түгендеу  үшін міндетті түр­де шу кө­те­рілуін, жаға жыртылуын, кісі өлуін күтетініміз өкінішті...  

Асхат САДЫРБАЙ, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, журналист:

Ақша үшін көптің сенімін жыға салуға болмайды

– Әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын танымал адамдардың көбі өз оқырмандары алдындағы жауапкершілікті сезінбейді. Елдің сеніміне, үлкен аудиторияға ие болып отырғандықтан желіде жарияланатын жарнаманы әбден тексеріп алған жөн.  Заңгерлермен келісіп, ақ-қарасын айыруы қажет. Төлейтін ақысына қызығып, көптің сенімін жыға салуға болмайды. Маған да Instagram-да тауарын, қызметін жарнамалап беруімді өтініп, түрлі адамдар хабарласады. Қомақты қаржы ұсынса да, өзім тексеріп көрмеген, пайдалы екеніне көзім жетпеген дүниені жұртқа жарнамалаған емеспін. Өйткені қаншама адамның көз жасына қалғым келмейді. Жарнама атаулының барлығы қатаң бақылауға алынуы керек. Желіде өткізілетін заңсыз лотореялар, қауіпті жарнамалар, күмәнді тауарлар мен қызметтер – бәрін құзырлы органдар тексеруі қажет. Әйтпесе, интернет-алаяқтардың, қаржы пирамидаларының құрбаны болған адамдардың саны арта бермек.   Динара БОЛАТ, психолог, блогер:

Әр адам өз шешіміне жауапкершілік алып үйренуі қажет

– Жуырда өткізген онлайн сабағымда ішкі мәдениеті жоғары адам біреудің шешуші сәтте тәуекелге баруына, шешім қабылдауына ықпал етпейтіні туралы атап өттім. Соңғы кезде әлеу­мет­тік желідегі халықтың жұлдыздардың жарнамасына алданып ақша салулары мысал. Қаржылық сауаттылық, ақша жинау туралы мен жиі айтатын болғандықтан әлеуметтік желіде: «Қай банкте жинаған дұрыс, айтып жібересіз бе?» деп көп сұрайды. Ешқандай банк­ті ұсына алмаймын. Білмегендіктен емес. Өзім салма­ғандықтан емес. Өзгенің мұндай шешуші кезеңіне жауапты болғым келмейді. Ертең банк құласа, кінәлі Динара болып шығады. Ешкім ешкімге соңғы шешіммен көмектеспеуі керек. Ылғи өзіңізге ғана тиесілі шешім деймін. Ажырас/ ажыраспа. Баланы ту/тума. Мына адамға тұрмысқа шық/ шықпа. Біз біреудің шешіміне араласпай үйренуіміз керек. Ал әр адам өз шешіміне жауапкершілік алып, қателесіп, қателеспей үйренуі керек. Тіпті, сіз сол банкке барып ақша салып, алданып қалсаңыз да біреуге сенген өзіңіз кінәлі. Оның жауапкершілігін өзіңіз ғана көтеріп үйрену қажет. Қысқасы, біреу біреудің шешіміне араласпаса, ал қалғаны өз шешіміне өзі жауап берсе ізгі қоғамға бір табан жақындаған боламыз.

Серіктес жаңалықтары