Отандастарды қолдаудағы Германия үлгісі

Отандастарды қолдаудағы Германия үлгісі

Отандастарды қолдаудағы Германия үлгісі
ашық дереккөзі
241
Бүгінде бүкіл әлемдегі объективті көші-қон процесі жағдайында «диаспора», «шетелдегі отандастар», «ерікті қоныс аудару» сияқты ұғымдар жаңа мәнге ие болды. Әлемнің көптеген елі шет елдердегі этнобірегейлік қоғамдастықтарды қолдау саясатын дамыту, «жұмсақ күшті» пайдалану арқылы ақпараттық және мәдени ықпал етудің кешенді құралы ретінде өз мүдделерін іске асырудың мүмкіндіктерін бағалай білді. Қазақстандықтар шетелдегі отандас­тарды, этникалық қазақтарды жан-жақ­ты қолдау қажет екенін біледі. Мұны шет­елде тұратын қазақтардың өздері де тү­сінеді. Қазіргі халықаралық тәжірибені зер­делеу көптеген елдің шетелдегі отан­дастарын мемлекеттік қолдаудағы мә­се­лелерін шешуде бізден әлдеқайда озып кет­кен. Оларда қолданыста этникалық топ­тар өкілдерін қолдау, ерікті түрде қоныс ау­дару және репатриациялаудың мемлекет­тік бағдарламалары қабылданған. «Отандастар қоры» КЕАҚ жобаларының зерт­теулері негізінде назарларыңызға эт­никалық немістерді мемлекеттік қолдау са­ласындағы Германия Федеративтік Рес­публикасының тәжірибесі туралы қысқаша ақ­парат берсек. Германияның шетелдегі отандастарын қай­тып оралуын ынталандыруға жә­не қолдауға бағытталған негізгі заңнама­лық актісі 1953 жылы қабылданған ГФР «Қуыл­ған­дар мен босқындар туралы» заңын­да  (Gesetz über die Angelegenheiten der Vertriebenen und Flüchtlinge (Bundesvertriebenengesetz – бұдан әрі - BVFG)) жазылған. Интернетте бұл заңның аудармасына байланысты «Қоныс аударғандар жә­не босқындар туралы» немесе басқа да түр­лі атауларды кездестіруге болады. Бірақ ГФР Бундестагының қазіргі депутаты, отан­дасымыз Генрих Цертик, «Отандастар қо­ры» КЕАҚ-ның өкілдерімен кездесуде заң атауын ГФР «Қуылғандар мен босқындар тура­лы» заңы деп аудару қажет екенін баса айт­ты. Бұл заң осы кезге дейін бірталай өз­гер­тулер мен толықтырулардан өт­ті, ал негізгі өзгертулер 2013 жылы енгі­зілді. Заңның негізгі мазмұны – Екінші дүниежүзілік соғыс және соғыстан кейін­гі жылдар кезеңінде қуғынға, депор­тацияға ұшыраған және мүлкін жоғалтқан «ресейлік» немістерді өтемақы ретінде Гер­манияға қабылдау. Заң «ресейлік немістер» деп Ресей им­пе­риясының, Кеңес Одағының неміс­терін және олардың ұрпағын санайды. «Ре­сей­лік немістер» деген топтық термин пост­кеңестік кеңістікте тұратын барлық эт­никалық немістерді қамтиды. Қазақ­стан­дық немістер де осы санатқа кіреді. Заң қоныс аударушыны қабылдау ту­ралы шешім қандай да бір мерзіммен шектелмейді деп белгілейді. Бұл құжаттар өз күшін жоғалтпай, 20 және одан да көп жыл сақталады дегенді білдіреді. Заң «кейін­гі қоныс аударушыға» (осылай деп Герма­ния­да Кеңес Одағында тұрған барлық этни­калық немістерді атайды) тілдік талап­тарға өте үлкен мән береді, ал неміс тілін білу деңгейі өтініш беру мерзіміне қарамас­тан өзекті болуы тиіс. Бұл – неміс қоғамы­ның ана тілін білуге деген ұқыпты көзқара­сы­ның көрсеткіші. Неміс қоғамының ана тіліне көр­сет­кен осындай құрметі арқылы ұлт­тың болашағына деген қамқорлығы байқа­ла­ды. Немістер ұлттың болашағы тек та­би­ғи-белсенді индивидтердің болуында ғана емес, сонымен бірге олардың санасының тек ана тілі арқылы мүмкін мәдени-гума­ни­тарлық, рухани толығуында екенін анық тү­сінеді. Неміс заңындағы түзетулер бұрынғы өтініштер бойынша алынған және күшіне енген бас тартулардан кейін де қо­ныс аударушыны қайта қабылдау туралы өті­ніштерге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп та­ныл­ған тұлғалардың неміс тілін білуін растау қа­жеттігінен толық босатылуы туралы заң­ның ережелерін жоғары адамгершілік бел­гілері деп тану керек. Мұндай қағида қандай да бір ауруларға байланысты тілді үйреніп, ем­тихан тапсыра алмайтындарға да қа­тыс­ты. Неміс заңындағы тағы бір маңызды жаңалық – енді отбасының барлық мү­шелерінен Германияға бір мезгілде бір­лесіп шығуы талап етілмейді. Бұған дейін заң­ның бұл ережесіне сәйкес егер отбасы бас­шысы, үміткер Германияға тұрақты тұ­руға көшкен жағдайда, «кейінгі қоныс ау­дару­шы» мәртебесін алу үшін үміткер от­басы мүшелерін өтінішке енгізуі мүмкін емес деп көзделген болатын. Өтінішке от­ба­сы мүшелерін одан әрі енгізу мүмкін емес еді. Енді қосылуға ниет білдірген отбасы мү­шелері отағасының қай жерде тұрғанына қара­мастан, оның бастапқы мәлімдемесіне енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Мұндай өтінішті жұбайы, балалары, ата-аналары, сондай-ақ кейінгі қоныс аудару­шы­­­ның басқа да ұрпақтары беруге құқылы. Заңдағы жаңалықтар, бірінші кезекте, ше­телдегі отандастарды мемлекеттік қол­дау саласындағы ГФР заңнамасын жетіл­діруге бағытталған. Көші-қон саясатын іске асыруға қатысатын барлық мемлекеттік құ­­рылымдардың, сонымен қатар  Гер­манияның барлық федералдық жерінің аума­ғында министрліктер деңгейінде жұ­мыс істейтін қоныс аударушылар істері жө­ніндегі уәкілдердің де рөлін күшейтуге ық­пал етті. Қазақстанда этникалық репатриация саласында арнайы уәкілетті орган­ның болмауы жағдайында, немістердің тіпті жер­лер денгейінде (бізде  облыстар денгейі) этникалық миграция мәселесін шешудегі ор­нықты ұстанымдары үлкен құрмет пен қы­зығушылық тудырады. Германияда әлі күнге дейін қоныс аударушылардың бейімделуі үшін Фрид­ланд лагері жұмыс істейді. 1991 жыл­дан бері осы қызметте жұмыс істейтін ла­герь директоры Хайнрих Хёрншемайер кез­десу кезінде лагерьдің қызметі туралы ай­тып қана қоймай, кейінгі қоныс аудару­шы­лардың өмір сүру жағдайларын да көр­сетті. Ол соңғы жылдары бұрынғы пост­кеңес­тік республикалардан қоныс аударушы этникалық немістердің ағыны едәуір азайғанын, керісінше, экономикалық және саяси қолайсыз елдерден көшіп-қонушы­лардың саны өсе түскенін атап өтті. Германияның этникалық немістерді қайтару және мемлекеттік қолдау са­­ла­сын­дағы тәжірибесін зерттеу бары­сын­да мемлекет тарапынан қолдаумен қатар, қоныс аударушылар олардың өмірі мен қыз­метінде белсенді рөл атқаратын бірқа­тар қоғамдық ұйымдар қолдайтынын көр­сет­ті. Олардың бірқатарын атап кетуге бо­лады: – Отто Бенекке қоры: 1965 жылдан бас­тап жұмыс істейді, мемлекет қаржылан­дыра­ды, жас мамандарға – кейінгі қоныс ау­дарушыларға және олардың отбасыла­ры­на қайта мамандану мен жұмыс табуына кө­мектеседі. Алғаш рет қоныс аударушылар қор өкілдерімен Фридландта кездеседі; – Герхард Хауптманның үйі: жұмысы­ның негізгі бағыты – неміс тілін оқыту курстарын ұйымдастыру, қоныс аудару­шы­ларды жұмысқа орналастыру, оларға кеңес беру, әлеуметтік және өзге де көмек көрсету; – Бонның Библей семинарының хрис­тиан бөлімін (BSB) 1946 жылы қоныс ау­дарушылар құрған. Басшы және жұмыс­кер­лердің көпшілігі кейінгі қоныс аударушылар, негіз­гі бөлігін тек персонал ғана емес, со­ны­мен қатар білім алушылар (көпшілігі Гер­ма­нияға қоныс аударушылар мен көшіп-қону­шы­лардың балалары) құрайды, олар Гер­маниядағы қоныс аударушылардың тарихы тура­лы кітапхананы құра алған; – Internationale unternehmensgruppe Monolith халықаралық сауда компаниясы: тауарларды өндіруге және сатуға маман­дан­ған, негізінен ТМД елдерімен, әсіресе, Ресей Федерациясымен және Қазақстанмен ынты­мақтастықты жүзеге асырады. Жұмыскер­лер­дің басым бөлігін ТМД елдерінен шық­қан этникалық немістер құрайды. Ком­па­нияның қызмет бағыты – Германияға көшіп келген тұлғаларды жұмысқа орналастыру; – Берлин көшіп-қонушыларға көмек көр­сету орталығы: мемлекеттік бюджет есе­біндегі инфрақұрылымы бар ғимарат. Ғи­марат қоныс аударушылардың тұруы үшін бейімделген, маңызды әлеуметтік мәселелер, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай­лар және бос уақытты ұйымдастыру бойын­ша қажетті ақпарат береді, жұмысқа орна­лас­тыру кезінде көмек көрсетеді; – Германиядағы «ресейлік немістердің» жер­лестігінің федералдық жастар ұйымы және Берлиннің интеграциялық үйі (Lira e.V.) Берлиннің жұмысқа орналастыру ор­талығы жанындағы коммерциялық емес ұйымдар ретінде тіркелген. Негізгі қызметі – жастар­дың білім алуына және жұмысқа орналасуы­на көмек көрсету. Бұдан бөлек өзге де ұйымдар бар. Эт­ни­­калық қоныс аударушыларды қол­дайтын Германияның барлық коммер­ция­лық емес ұйымдарымен кездесу мүмкін емес, олар көп және оған уақыт қажет. Осыған орай салыстыру қажет сияқ­ты. Қазақстанда әзірге мемлекет құр­ған және қолдайтын жалғыз ғана ұйым – «Отандастар қоры» КЕАҚ жұмыс істейді. Бірақ осы ұйымға берілген құзыреттер мен ресурстар Германиядағы ұқсас ұйымдардың мүм­кіндіктерімен салыстыруға келмейді. Әрине, салыстыру барысында Қазақ­стан жас мемлекет, егемендікті жа­қын­да алды, тәжірибесі жоқ және сол сияқ­ты т.б. уәждерді алға тартуға болады. Алайда Германияның жағдайында соғыстан кейінгі күйзеліс, елдің екіге бөлінуі және т.б. жан­түршігерлік апаттарды бастан өткергенін атауға болады. Солай бола тұра, олар отан­дас­тарын қолдауда және өздерінің неміс­те­ріне деген тарихи әділдікті қалпына кел­тіруде ешқандай шектеу жасамайды. Германияның тәжірибесі шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау мә­се­лелерін, сондай-ақ этникалық репат­риа­ция мәселелерін мемлекеттің билік өкілдерінің қатысуынсыз, осы саладағы қа­тынастарды реттеуге бағытталған тиімді жұмыс істейтін мемлекеттік құжаттарсыз та­бысты шешу мүмкін еместігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ ең бастысы, мемлекеттік бас­қару жүйесінде  батыл шешім қа­был­дайтын және өз мойындарына жауап­кершілік ала алатын мемлекеттік тұлғалар бол­май осы саясатты іске асыру қиын. Бүгінде қазақстандық қоғам ұлттық кадрлар мен жастардың шетелге ке­туі­не шындап алаңдаулы. Себептер жеткі­лікті, бұл туралы бәрі біледі. Осы орайда этникалық қазақтарды Қазақстанға ерікті түрде көшіру мәселелеріне де мемлекет пен қоғам тарапынан тиісті назар аударылу  керек деп есептеймін. Ол үшін басты саяси құжаттар – ше­тел­дегі отандастарды мемлекет­тік қол­дау мен этникалық репатриацияны рет­теуге бағытталған мемлекеттік бағдар­лама мен арнайы құқықтық акті қажет. Мемлекеттік аса маңызы бар осы құжаттар қабылданбай, шетелдегі отандастарды мем­лекеттік қолдау және этникалық ре­пат­риация саласында табысқа жету мүмкін емес. Осыны түсіну үшін басқа елдердің тә­жіри­бесіне назар аудару жеткілікті.

                                                                                      Нұрхан ЖӘЛИЕВ,

«Отандастар қоры» ақпараттық талдау

департаментінің басқарушы директоры

Серіктес жаңалықтары