1825
Қазақтың 17 ханы хақында
Қазақтың 17 ханы хақында
Túrkistan газетінің тұрақты авторы, белгілі тарихшы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаевтың көлемді зерттеу еңбегі жарық көрді. Монографиялық еңбек «Қазақ хандары туралы зерттеулер (XV ғ. ортасы – XVIII ғ. басы)» деген атпен басылып шығыпты. Қазақтың 17 ханының өмір-тарихын, хандық биліктегі орнын айшықтаған зерттеу еңбектің қазақ руханияты үшін алар орны бөлекше болмақ. Ғалымның жаңа кітабына енген хандар жайлы мақалалар бұған дейін біздің газетте тұрақты жарияланып келе жатыр. Газетіміздің тұрақты авторына құтты болсын айта отырып, монографиялық еңбек жайлы жазылған ғалым пікірін оқырмандарға ұсынамыз.
Тәуелсіздік жылдары отандық тарихшы ғалымдарымыздың алдына қойған талаптар ауқымы кеңейе түсті. Олардың бастыларының бірі – орта ғасырлардағы тарихымыздың белгісіз беттерін ашу, концептуалды ғылыми бағыттарды зерделеу. Әсіресе, тарихымыздағы алар орны аса айрықша тақырыптардың бірі әрі бірегейі қазақ мемлекеттілігімен қатар Қазақ хандығы мен хандарының тарихы. Бұл ғылыми проблемалардың өзектілігі өте-мөте күрделі, өйткені халқымыздың тарихи сана-сезімі, оның болмысы, менталитеті, этникалық аумағымыздың қалыптасуы, ұлттық қауіпсіздік мәселелері көп жағдайда аталған бағыттардың зерттелу дәрежелеріне байланысты. Дегенмен тұлғатану, соның ішінде қазақ хандарының тарихи тұлғасын, өмірі мен қызметін толық бағамдап, бар болмысын ашып бола алмағанымыз айқын.
Осындай тұста белгілі зерттеуші, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаевтың «Қазақ хандары туралы зерттеулер (XV ғ. ортасы – XVIII ғ. басы)» деген атпен жарық көрген монографиялық еңбегі отандық тарих ғылымындағы тың мазмұнды келелі жұмыс ретінде оқырманға жол тартты.
Еңбек ғылымда да, қоғамдық практикада да аса маңызды болып есептелетін тақырыпқа арналған.
XV ғасырдың ортасында тарих сахнасына шыққан ұлттық сипаттағы мемлекет – Қазақ хандығының дербес, тәуелсіз ел ретінде өмір сүрген кезеңі XVIII ғасырдың басына дейін жалғасты. Осы кезеңдегі Қазақ хандығының даму белестерін шартты түрде қалыптасу кезеңі, күшею, әлсіреу, қайта өрлеу, «текетірес жылдары», жоңғарлармен алғашқы күрестер, «белгісіз жылдар», «алтын ғасыр» деп бөлуге болады. Аталған кезеңдердегі оқиғалардың өрбуі мен нәтижелері әрине тарихи объективті себептермен қатар, субъективті себептерге, әсіресе әр заманда ел тізгінін қолға ұстаған тұлғалар – қазақ хандарының қайраткерлігіне, тарихи рөліне де тікелей байланысты болды.
Хандардың тұлғалық қасиеттері, болмысы, жүргізген саясаты сол заманның келбетін айқындады. Зерттеуші монографиялық еңбегінде хандық дәуірде билік құрған бас аяғы 17 ханның тұлғасын талдаған. Қазақ хандарының тарихи келбетін сомдау барысында ең алдымен белгілі бір кезеңде билік құрған тұлғалардың дәуіріне қатысты тарихи талдау жасалған.
Қазақ хандығының құрылу кезеңі Керей мен Жәнібек хандардың қызметі арқылы ашылған. Хандықтың күшею кезеңіндегі билеушілер ретінде Бұрындық хан мен Қасым хан тұлғасы айшықталған.
Қазақ хандығы тарихындағы ауыр кезеңдердің бірі – «уақытша әлсіреу» кезеңі болды. Қасым хан қайтыс болғаннан кейін билікке келген Мамаш, Тахир, Бұйдаш, Ахмет және Тоғым хандар заманында күрделі тарихи оқиғалар орын алды. «Уақытша әлсіреу» кезеңінің нәтижесін ортағасырлық тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз тіпті «930 жылы (1523-1524 жж.) қазақтардың саны миллион адамға жеткен еді, ал 944 жылы олардың жер бетінде ізі де қалмады» деп сипаттады. Б.Кәрібаевтың зерттеулеріне сүйенсек, елдің елдігі мен ертеңі сынға түскен шақта билік құрған хандардың ұстанған саясаты мен болмысы тарихи тағдырының бедеріне айналғанын көреміз. Мысалы, зерттеушінің пайымынша Қасым ханнан кейін билікке келген Мамаш хан билік үшін болған күрестің бірінде қаза болған. Бұл өз кезегінде хандықтың ішіне іріткі салған қауіпті тенденцияны күшейте түсті. Мамаштан кейін келесі бір орта ғасырлық автор Хайдар ибн Әли Хұсайын Разидің жазуынша «қазақтар деп аталатын Дешті Қыпшақтың сұлтандары бір-бірімен ұзақ соғысты. Ақырында билікке Тахир хан келеді». Бұл билеуші тарихта сәтсіз дипломатиясымен, шексіз қаталдығымен, және әділетсіздігімен есте қалды. Б.Кәрібаевтың көрсетуі бойынша «Тахир хан өз елінен қуылып, өмірінің соңын қырғыз тайпалары арасында өткізеді. Ақырында сонда жүріп, мүшкіл жағдайда қайтыс болады». Осыдан кейінгі кезеңде қазақ хандығының әр аймағында бір-біріне тәуелсіз бірнеше билеуші бас көтереді. Керей мен Жәнібек кезінде туын қадап, Қасым тұсында атағы шартарапқа жайылған қазақ ордасының жағдайы барынша нашарлап, ыдыраудың алдында ғана тұрды.
Дегенмен Қасым ханның кіші ұлы Хақназар ханның билікке келуімен Қазақ хандығының тарихында «қайта өрлеу» кезеңі басталады. Хақназар хан ішкі қатынастарды реттеуге күш салып, батыс бағытта ноғайлармен қарым-қатынастарда белсенділік танытады. Ноғайлармен күресте өзінің түпкі мақсаты – Еділ мен Жайық өзендерінің аралығын иемдену екенін ашық білдіреді. 1570-ші жылдары Хақназар хан Сарайшықты иеленеді. Хақназар хан Ноғай Ордасына қарсы күрес барысында Қырым ханымен байланыс орнатады.
Қазақ хандығының солтүстіктегі шекарасын қамтамасыз ету барысында Сібір ханы Көшіммен байланыс орнатады. Ол қатынас көбінесе әскери сипатта өтеді. Мәскеу патшасы IV Иван Көшімге қарсы күресте Хақназар ханмен байланыс орнатуға мәжбүр болады.
Хақназар хан оңтүстік бағытта Бұхара мен Ташкент билеушілері арасындағы қайшылықтарды пайдаланып, Сырдария бойындағы қалаларды иемдену үшін күрес жүргізеді. Бірақ осы жолда 1580 жылы Ташкент билеушісі Баба сұлтанның опасыздығынан қаза табады.
Б.Кәрібаевтың зерттеу еңбегін одан әрі парақтаған сайын қазақ хандарының қилы тағдыры мен тұлғалық бейнелері оқырманын тарих қатпарларына жетектеп кете береді.
Монографиялық зерттеуде Қадырғали Жалайырдың жазуынша «әрқашан батырлығымен мәлім, мәшһүр болған» Шығай ханның «хикаясы», одан әрі бір ғана жарлығымен бүкіл қазақ жерінен 120 сұлтанды атқа отырғызып, жүз мыңнан аса әскерді бастап Орта Азияға жорыққа аттанған мемлекетшіл хан Тәуекелдің де айбынды бейнесі зерделенген.
Б.Кәрібаев елдік, мемлекеттік мүддені алдыңғы қатарға қойған тұлғаның жарлығына сәйкес Мауереннахрға қарсы бағытталған жорыққа 120 қазақ сұлтанының атқа қонуы – ел ішінде саяси бірліктің орныққанын көрсетеді. Ал оның 1584-1585 жылдардан 1598 жылға дейінгі Орыс мемлекетімен жүргізген дипломатиялық саясаты, Мауереннахрдағы шайбанилық әулет басшысы II Абдулла ханға қарсы жорықтары, қарақалпақтар мен қалмақтарда өз әулетінің өкілдерін билікке отырғызуы, Шығыс Түркістанның саяси өміріне белсене араласуы – Орталық Азия аумағына танымал болған тарихи тұлға болғандығын дәлелдейтіні туралы тұжырым жасайды.
Халық жадында «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған Есім хан заманында хандық тарихындағы ішкі саяси дағдарыс орын алды. Б.Кәрібаев «текетірес жылдары» деп атаған бұл кезеңдегі Есім хан мен Тұрсын хандардың тарихы да жан-жақты сипатталған.
Еңбекте XVII ғасырдағы қазақ хандығы тарихындағы белгісіз болған тұлғалардың есімдері ерекшеленген. Солардың бірі XVII ғасырдың екінші жартысында билік құрған Есім ханұлы Жәнібек хан. Зерттеуші осыған дейінгі кезеңдегі Т.Сұлтанов, И.Ерофеевалардың зерттеулері мен 2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан «История Казахстана в русских источниках» атты жинақтың 1-ші томындаға бұрын еш жерде жарияланбаған бірнеше тың материалдарға сүйене отырып, Жәнібек ханның тарихи тұлғасын анықтап, толықтырған. Зерттеуші Салқам Жәңгір ханнан кейінгі кезең, яғни Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген 1680 жылға дейінгі 28 жылдық кезеңде хандық тарихында кімнің тақты иеленгені әлі анықталмағанын атап өтіп, шартты түрде осы аралықты «белгісіз жылдар» кезеңі деп атайды. Зерттеу еңбегі Қазақ хандығының «алтын ғасыры» немесе Тәуке хан кезеңімен аяқталады.
Б.Кәрібаевтың зерттеу еңбегінің басты ерекшелігі – ұлттық рух пен болмыстың шеңберінде жазылғаны дер едік. Себебі көптеген зерттеушінің еңбектерінде төл деректеріміздің үлкен тобы ауыз әдебиеті үлгілерінің жеткіліксіз пайдаланылуы немесе кейбір авторлар тарапынан қазақ тілін білмегендіктен мүлде назарға алынбауы – басты кемшілік. Қазақ хандарының тұлғалық бейнелері, әсіресе жыраулар поэзиясына арқау болды. Себебі XV ғасырдың екінші жартысында құрылған Қазақ хандығының аймақтағы елеулі саяси күшке айналуы мемлекеттік тізгінін қолға алған ұлы хандардың жыраулар поэзиясының басты кейіпкері ретінде сомдалуына негіз болды. Түркілер мемлекеттілігін құрып, оны нығайтқан Білге, Бумын және т.б. тұлғалар тәрізді қазақ хандарының да тарихи қызметі дала дәстүріне сәйкес мадақ жырының маңызды мәйегіне айналды. Дегенмен қазақ жырауларының шығармаларында ел қорғаны болған билеушінің азаматтық бейнесімен қатар, билеушінің теріс әрекеттері, қате ұстанымдары, жеке басының кемшін тұстары да халық атынан ашық айтылған. Бұл дала демократиясына сүйенген қазақ халқының билік жүйесіндегі хандардың орны мен қызметін бағалай отырып, сөз бостандығын әрқашан сақтап отырғандығын көрсетеді. Сондықтан жырауларда да басқа қоғам мүшелері тәрізді «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген принципті қатаң ұстанды.
Дегенмен хандық дәуірде елінің басын біріктіріп, халқы үшін қыруар іс тындырған ел билеушілердің өзіндік ерекше қасиетке ие тұлғалық бейнелері, атап айтқанда олардың билеуші ретіндегі өзіндік харизмасы жан-жақты сипатталды. «Харизма» – гректің «тәңір сыйы» деген сөзінен шықса, қазақ түсінігінде құт, береке әкелетін «киелі тұлға» деген ұғымды білдіреді. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов мынандай түсініктеме береді: «Қазақтар киеге үлкен мән береді... Осы аталғанды (көшпелі тұрмысқа қажеттіктерді) құрмет тұту... адам баласына байлық пен бақыт-құт әкеледі деп түсінеді» – деп, «құттың» семантикасын аша түседі. Ғалымның бұл түсініктемесінен «құттың» «хан» ұғымына да тікелей қатысы барын аңғару қиын емес. Көшпелі мәдениетті қалыптастырушылардың іргелі өкілінің бірі болып саналатын дәстүрлі қазақ қауымы өздері таңдап сайлаған хандарды бақыт, байлық, тыныштық, құт-береке иесі түрінде қабылдап, үлкен үмітпен «Жаратушының сыйын» күткен.
Сондықтан белгілі ғалым Б.Кәрібаевтың бұл ғылыми еңбегі тарихи деректердің түрлерін кешенді әрі салыстырмалы түрде пайдалана отырып жазылған, ұлтымыздың ұйытқысы бола білген тұлғаларымыз – хандар тарихының портретін жаңаша тұрғыдан пайымдаған сүбелі еңбек.
Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА,
Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің деканы