Медициналық сақтандыру жүйесіне орай, қазақстандықтар емханадағы дәріханалардан тегін дәрі-дәрмек ала алады. Бұған қоса, кәмелетке толмаған балалар үшін де бұл жағдай енді қол жетімді болмақ.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бұрын біздің медициналық жүйеміз бойынша жеке дәріханаларда тегін дәрілер берілетін еді. Аталған жайт үшін ондай дәріханалар мемлекеттен 25%-дық үстемақымен қаражат талап ететін. Осы жүйе 2015 жылға дейін сақталған еді. Менің ойымша, бұл ақша түсірудің амалы ғана. Сол үшін осы 25%-ды расымен де халыққа пайдасын тигізізетіндерге ұсыну туралы бастаманы қолға алдық. Ал негізі біз кез келген дәріханадан тұрғын өзіне қажетті дәріге оңай қол жеткізетін жүйені қалыптастырғымыз келеді", -деді Біртанов.
Бұған қоса енді дәріханалар арасында тендер ұйымдастырылмайды екен. Егер науқастың қолында қажетті дәрі туралы дәрігер нұсқаулығы болса, ол кез келген дәріханаға барып ала алады.
"Бұл жүйеде де шикілік болуы мүмкін. Мысалы кейбір дәріханаларда дәріні тегін беруден бас тартуы мүмкін. Сол себепті мұндай жағдайдың алдын алу үшін электронды нұсақаулық енгізбекпіз. Бірақ осы жүйені құрастыру үшін екі жылға жуық уақыт кетеді", - деп қосты министр.
Бұған қоса шенеунік кейбір созылмалы ауруға шалдыққан азаматтардың алыс жерде орналасқан емханаға баруға мәжбүр екендігін атап өтті.
1 қаңтардан бастап онкологиялық, ВИЧ, туберкулез, қант диабеті, В және С вирустық гепатиті, артериалдық гипертензия және т.б ауруларға берілетін тегін дәрілердің тізімі өзгертілмепті. Бұрындағыдай бұл препараттар мемлекет тарапынан тегін таратылады.