1087
Кестелі тіл, тұлғалы жыр (Н.Оразалиннің поэзиясы туралы)
Кестелі тіл, тұлғалы жыр (Н.Оразалиннің поэзиясы туралы)
Қолыма түсе қалса, бас алмай оқып жүретін жүрегіме жақын, шуақты жырлармен табысқаныма талай жылдың жүзі болды.
Тіршілікте аз адам жұртына аңыз,
бәрімізде болуға ұмтыламыз.
Пендеміз ғой, пендеміз.... Пенделіктің
кейде көніп кетеміз ырқына біз» – деп жазыпты өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында жазылған бір өлеңінде ақын. Ағынан жарылып, жан сырын бүкпесіз айтар осы бір тұғыры биік тұлғалы жырларды оқып отырып, пенделіктен биік тұрған болар санаулыларымыздың бірі, бірегейі де осы
Нұрланның өзі болар-ау деп түйдім...
Ақыры мақала жазуға отырдым...
Қолыма қалам алардан бұрын Қазақстан дейтін киелі жұртқа тәуелсіздікті нәсіп еткен құдіреті күшті Аллаға жүрек тербетер рахметімді айтып, іштей борыштарлығымды білдірдім. Үстелімнің үстінде жайқалып тұрған шоқ гүл өскен тәуелсіз Қазақстан топырағынан бір уысын алдым да, кеудеме басып, құшырлана иіскедім.
Мақаламды ақынның Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласындағы көрнекті баспалардың бірі – «Шынжаң Жас өрендер» баспасы басып шығарған «Ғасырмен қоштасу» атты жыр жинағы негізінде жаздым.
«Ғасырмен қоштасу» «Адамзатқа аманат», «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу» сынды үш кітаптан таңдап құрастырылыпты. Кітап Қытайда өлең оқитын қауым тарапынан үлкен қолдау тапқан болатын. Мен де сол жырқұмар жұрттың бірі ретінде жинақты бір деммен оқып шықтым. Ара-тұра ақынның Қазақстан басылымдарында жарияланған әдебиет туралы мақалаларымен, ақынның өзге де жырларымен таныстым. Өйткені кітап баспа редакциясы: «Ақын ұлы дәуірге тағзым жасай отырып, аламан ойлар мен сұрапыл сезімдерді, киелі ұғымдар мен дүниелік танымдарды өз жүрегінің талғамы арқылы өткізіп, жалпақ жұртқа жария етеді.
Ақын бүгіні мен ертеңін, өткені мен жеткенін жетелі ойлармен кесе сөйлеп, өміріндегі күнгейі мен теріскейі қатар жататын шындықтарды қағыс қалдырмаған» деп толғағаны есімде.
Бұл – редакцияның жалпылық бағасы, ұжымдық ұстанымы. Ал менің айтарым ақынның тәуелсіздік туралы жырларының өрісі мен өресі жөнінде болмақ. Қытай топырағындағы қандас қаламдастарының қалтқысыз, қалқасыз көңілі Нұрлан поэзиясын жоғары бағалап, ақын жырларының оң сипатын барынша көп айтты. Мен де «Ғасырмен қоштасуды» әлденеше аударып-төңкеріп көп оқып, көп ойландым. Оқыған сайын тәуелсіз Отанымыздың дамуы мен болашағы жөнінде поэзия тілімен өрнектелген аса көркем де, кең тынысты ойларды сезінгендей болдым. Ол Қазақстандағы мен оқып, білген ақындардың көбіне ұқсамайды. Бодандықтың апатты бораны құлатам десе де құлата алмаған бәйтерек алдымда тұрғандай елестеді...
Қазақ пенен атын айтып Құдайдың,
Кең даламның амандығын сұраймын... – дейді ақын.
Бұрын соңды естімеген, оқымаған, кездестірмеген, өрісі кең, өзгеше өлең жолдары!
Рас-ау! Қазақтың кең даласын, біріншіден, Алла, екіншіден, қазақ қана қорғап, құтқарып келген жоқ па?. Бұл – бағзыдан келе жатқан мәңгілік ақиқат, бұлжымас шындық! Өшпес тарих пен Мәңгілік Ел арманы осы бір екі жол өлеңге сиып тұр. Дәлелсіз сөз дәрілікке жарамас. Дәмсіз тамақ бойға дарымас. Жүрек әмірін жеткізіп, жетілдіріп айту осындай-ақ болар. Жақында бір ақын «Құдаймен мұңдасамын» деген өлеңінде Тәуелсіздікке ашық тіл тигізді... Басқа да аты бар талайлардың не ойлап, не жазып жүргенін кім білсін?!. Мен Нұрлан жырларын қал-қадерімше солармен салыстыра отырып, оқыдым. Биік жырлар екенін сезіндім. Кеуде қаққанның бәрі нағыз өлең тудыра бермейді. Данышпан Абай айтқандай, «құр айқайдың» бәрі жыр емес. Сондықтан биіктің нарқы арқылы жақсының парқы айқындала түсеріне көз жеткізуге болады. Ол үшін терең таным, биік талғам болуы тиіс.
Жеке басым, Нұрланның өзінен бұрын поэзиясымен таныстығымды айттым. Зәудеғалам кездесіп қалсақ, бас изесіп, сәлемдесуден арыға барған емеспіз. Алайда өлеңде орны – өрде, өмірде үлгісі – төрде тұратын адамды алдымен өлеңдерінен көргеніме іштей ризамын.
Нұрланның ақындығы – азаматтығына, азаматтығы тәуелсіз Отанының игілігіне жұмсалған, адамгершілігі, мейірімділігі, бауырмалдығы, қарапайымдылығы жан біткенге ортақ, жүзі жарқын жанашырлығы қаламының ізінен айшықты көрінеді. Оқып көріңіз:
Тере де жүріп масақты,
Көзімнен тарам жас ақты.
Жас ақты, бірақ көнбедім,
Тағдырға ерік бермедім.
Көк өзен... Желдің өтінде,
Деміккен жердің бетінде,
Жаңа дән арнап өсірдік,
Жесірлер менен жетімге... Ары қарай өлең-толғау мүкіссіз өріледі. Қасымның дәуірінде Қасымның жүрегінен, Мұқағали дәуірінде Мұқағалидың жүрегінен осындай жаз жанды өлеңдерді оқушы едік. Тап қазір... Сондай жырлар Нұрланнан табылады. Табылары хақ. Ол үшін ақынның жұмбағы мен сыры мол әлеміне бойлай білу керек.
Нұрлан «Жас Қазақ» газетіне (13.06.2014ж.) «Тау мінезді тұлға» атты мақала жазып, Аманкелді Дінұлы мырзаның халқына деген мейірімі мен шапағатына баса назар аударған. Көркем мақала. Туған даласы мен ауылының тағдыры үшін күрескен әр азаматқа үлгі болардай әдемі жазылған аламан тақырып екен. Ата-баба өткені, өткен дәуірдің аштығы мен азапты шақтарын тақырып етіп, қалам тербейтіндер қатары жұтаң тартып бара жатқандықтан ба, мақаланы қызығып оқыдым. Мақаланың жанымды тербеткен мына бір тұсы болды... «Алланың несібесі болар, әкесі соғыстан тірі қайтқанымен, әкесі өлген ұлдарға адал дос болған Аманкелді Дінұлының мейірімді, жанының жомарт болуы да осыдан болар?!» деген сөйлемдер төркінінде жатқан кісілік қалып. Сол мейірім мен достық Нұрлан өмірінің де тозбайтын өрнегі болған-ау, сірә! Ел тізгінін ұстағандардың қатарында жүрсе де өз қатарлас-замандасы туралы қалам тербеп, ауылдағы мейірбандықты насихаттағаны маған айырықша әсер етті...
Мейірімді, қамқор жан ғана Отанының Тәуелсіздігін жан-жүрегімен жырлай алмақ. Ағыл-тегіл сезім, адал ой – қай тұста да ақын жанының аққулы айдыны. «Қатем болса...» жырының соңғы екі шумағына назар аударып көріңіз.
«Сендерсіз мен – үйдеймін қаңыраған,
Інгендеймін ботасыз аңыраған.
Сендерсіз мен – жұтаған бақтардаймын,
Көкірегінен көшетін жамырап ән.
Мейлі жайып тастасын төрге кілем,
Мейлі мені көтерсін өрге кілең.
Құр қабықпын сендерсіз, қаудыраған,
Ең бақытсыз адаммын жердегі мен... – дейді ақынның түпкі әлемі. Жарасты жыр! Жарқын ой!
Ақынның ауыл-аймағымен, ұлтымен, Отанымен жаны бір. Нұрлан Оразалиннің өлеңдерін оқып отырып, Кеңестік кер заманның қапас саясатына іштей қынжыласың, налисың. Ол туған халқының қасіретті тарихын, тағдырын, ұлт мұңын өз жырларына арқау етеді. Жауына қарсы тіл-қылышын білеген батыр іспетті. Ақын тәуелсіздіктен бұрын-ақ өзінің арман-ойын айта білген. 1985 жылы қыркүйек айында жазылған 20 шумақты «Оба түбіндегі ой» дейтін толғау өлеңіндегі сымдай тартылған рух тұтастығы айтқанымыздың айғағы. Басын оқыған оқырман аяғын өзі-ақ түсінері шүбәсіз.
Өлмеу үшін өмір атты тасқында,
Жасырынып сексеуілге, тас, құмға
Жатқандайын бір халықтың өткені,
Осы обаның орда тігіп астында.
Қып-қызыл шоқ....
Көңілімде – жан бабам,
Найза ұшында болашағын жалғаған.
Қара обадан қол созардай ашулы,
Ұрпағына оты лаулап жанбаған.
Қатпар-қатпар тарих сынды астары қалың, сыры мол өлең! Кешегі шерлі, бүгінгі нұрлы өлең. Толық оқысаңыз, көңіліңіздің тойынары хақ. Тәуелсіздікті, бостандықты, еркіндікті аңсаған бір халықтың айтар үніндей елес берері, жүрек төрін керней түсері анық.
Мұндай халықшыл, қоғамшыл, әрі-беріден соң ұлтшыл өлеңдер Нұрлан поэзиясының күретамыры десе де болады.
Мына төмендегі шумақтарды ақынның «Нәубет үні» атты өлеңінен алдым.
Жұлқып бойды бір ашу ала бөтен,
Елестейді жұт жылғы дала, мекен.
Бітеу жара..
Шер-шемен....
Бітпес қайғы...
Қайтып сені өзіммен ала кетем?!
Құдай мүлдем атпаса өрлігімді,
Қалай? Қайтып жасырам шер мұңымды?
Қай түрмеге қамаймын, тірі куә:
Аспанымды, Өзен, Көл, Жер, Құмымды.
Айту керек!
Айтпасам, жанып кетем...
Ұрпағыма болармын анық бөтен.
«Мың тірілген» халықтың «бір өлгенін»
қайтып көрге өзіммен алып кетем?! – дейді ақын жүрек. Жырды оқып отырып, өксисің, өкінесің, өртенесің, шерге көмілесің. Осы шумақтардан ақынның тәуелсіздік дәуірінен бұрын-ақ Махамбет ақынша толғанып, тебіренгенін көреміз. Бұл сипат – ақын биіктігінің бір шыңы. Қазақ – дана халық. Бекер айтпайды. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп... Тәуелсіздікті тарсынып, мұң-шер төккіш ақындар Нұрланның ақындығы жайында ақ сөздерін өздері айтып, бағалап, пайымдай жатар. Алаш жұрты аңсаған тәуелсіздігіміз келгенімен, тәуелсіздіктің шапағатын халық әлі толық көре қоймай «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кетіп, ел іші әрі-сәрі күй кешкен кезде де ақынның ақ жарылып сөйлеуі оның кім екенін таныта түседі:
Қараңғы түн.....
Көрінеді жол қашан?
(Жол қадірін білер ме едің тоңбасаң?..)
Туған ауыл қай бөктерде, қай тұста?
Жетемін бе қанатымды қомдасам?
Заты момын, түлігі мол қауымды,
Өгейсітіп өзім туған ауылды
алдым ба әлде?
Адастым ба?
Бұл қалай?
Қара түнде айыра алмай тауымды?!
Қараңғы түн.
Көрінеді жол қашан?
(Түсінер ме есті пенде толғасам?)
Алай-дүлей ақ түтегі ғасырдың...
Өтермін бе қанатымды қомдасам?
Жетермін бе?
Көрінеді жол қашан?..» (1995 жыл)
Қазақстан тәуелсіздік алған күннен-ақ ақын балаша қуанып, данаша толғанып, сенімін – арман, үмітін – қанат етіп, тілеуін тілейді, жоғын жоқтайды. Нұрланның кейбір әріптестері егемендік пен бостандыққа елжірей қуанудың орнына кейде қараспанды төндіріп, қарадай ұрынып шыға келгені ел есінде... Бодандықта болған бағынды өмірді көксейтіндей күй кешкені бізді – ата жұртын аңсап келгендерді. Бабаларымыз сан ғасыр қан төге отырып, енді ғана аузымызды аққа тигізген тәуелсіздігіміздің атына ауыр сөз айтып, тұмандатудың реті жоқ еді ғой. Бұл сұраудың жауабы – жалғыз. Бұл – кешегі басқа-көзге тоқпақтап, тақымға ілігіп, мінілуді даңқ деп ұққан құлдық идеяға әдеттенудің кесірілі қалдығы! Елбасымыз сан айтып, құлағымызға құйып келе жатқан Тәуелсіздікке, Нұрлан жырындағы «Бостандығым-тағдырым бәсіре алған» деп өрнектелген тәуелсіздігімізге тұмсығын шүйіретіндер арамызда жоқ емес деп айта аламыз ба? Әй, қайдам?!
Кеңестік идеологияға құлдық ұрып үйренген сана мен көңіл! Сондықтан болар, кейде болмашыға бордай тозып, тәуелсіздік деген атаудың мәні мен мағынасын әлі толық түсіне бермейтіндердің атүсті сөзі мен аяр пікірлері бізді тіксентеді. Тәуелсіздігіміздің көк туының асқақ желбірегеніне, Қазақстан Республикасын дүниенің төрт бұрышы түгел танып жатқанына қуана алмайтындарды көргенде ішті шоқ қарығандай болады. Осынау тағдырлы күндер мен алауы мол жылдардың жеңісі мен жемісін көре тұрып, көргісі келмейтіндерге қынжыласың.... Көңіл сезбесе, көз көрмесе, керегі қанша? Жаңа ғасырдың мәңгүрттері деп, міне, осындайларды айтуға болады. Жаңа мәңгүрттердің білетіні – көне қожайынның берген дайын ботқасы. Сондықтан олардың көзіне көрінетіні – жаһандану жағдайындағы тәуелсіз Қазақ елінің бір салым тұзының кемдігі. Олар өз жұртының татыңқырамай тұрған асына шым-шым тұз салудың орнына у салғысы келеді... Егер өздері аңсаған кешегі кеңестік диктатура заманында әлгі ақындарымыз бен қаламгерлеріміз, әлгіндей сөздерінің бәрін емес, бірін айтар болса, кәуек басы итжеккеннен бір-ақ шығар еді. Сол «айтқыштар» өткен ғасырда қазақ ұлтының қысқа уақыт аралығында 6 миллоннан 2 миллионға қалай кемігендігін неге ғана ұмытады?! Жаппай қуғын-сүргіннің, ашаршылықтың мақсатты түрде қолдан жасалғанын естен шығаруы қылмыс емес пе? Жаңа, жас адамдардың санасына соны жеткізу бүгінгі біздің міндетіміз емес пе? Тәуелсіздікті қорғаудан, жырлаудан асқан парыз бар ма?
Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн» романында қалмақтар тұтқындағы қазақ батырын мәңгүрт етіп, туған анасын атқызады. Қазір біздің арамызда өзінің өліп тірілген анасы – Тәуелсіздігімізді қарауылға алып отырған батыраш-қотыраштардың мақсаты не сонда? Олар Нұрлан Оразалиннің «Нәубет үні» атты өлеңіне қайта құлақ түрсін!
Айту керек!
Айтпасам, жанып кетем...
Ұрпағыма болармын анық бөтен.
«Мың тірілген» халықтың «бір өлгенін»
қайтып көрге өзіммен алып кетем?
Айырғандар оңбайды көзді ағынан,
От жанады шоқтанып қоз қағынан.
Намысты ердің қақпасын қағады кеп,
Аштық жылы көз жұмған боздақ ұлан.
Сөзден мәңгі көз жұмған шіріп өрде,
Үш миллион Қазағым тірілер ме?
«Ащы сабақ» санадан кетпеу үшін,
Қашау керек ескерткіш...
Тірілерге... (1988 жыл, қыркүйек)
«Мың өліп, мың тіріліп» жүріп, арып-ашып, әзер жеткен тәуелсіздігіміз шұғыласын шашып, бостандықтың есігі енді ашылғанда, «дайын астың иелері» жан-жаққа қарап, гөй-гөйге басып, артық-кем сөйлей бастағаны несі? Тәуелсіз мемлекет құру оңай іс деп кім айтты? Тәуелсіздік атты ұлы мұрат жолында Қазақ халқының ең жақын досы да, ең басты тілекшісі де қазақтың өзі емес пе?! Халыққа осыны ұғындыру ләзім. Кеше қалай еді? Бүгін қалай? Нені жоғалттық? Нені таптық?
Бұл сұрақтарға кестелі жыр тілімен жауап іздеу, жүректен шығып, жүрекке жетер өлең жазу – поэзияның басты парызы. Біз Нұрлан қаламынан осыны аңғарамыз. Ғасырдың арбасқан алмасуында ақын өзінің жырларын Қазақ Елінің көк туына қарап отырып жазатындай елестейді. Ашынса да, толғанса да осы тұрғыдан ашынып, осы тұрғыдан толғанады.
Құм құйылсын өсектің өңешіне,
Арман, ақыл оралсын ел есіне.
Алып шығар ғасырдың дауылынан
Басшы керек замана кемесіне.
.....................................................
Халық деген бір ұлы қалыпшы бар,
Қиналса да бәріне налып, шыдар.
Елім менің күтуде бір асылды,
қиын-қыстау кездерден алып шығар?!» (1991-жыл, 21-тамыз) деген жолдар соның дәлелі емес пе? Тәуелсіздікке сену, елге, халыққа сену деп осыны айтуымыз керек. Жүрек қылын қозғайтын мұндай шумақтарды жинақтан көптеп кездестіруімізге болады.
Тәуелсіздік атты тарихи ақиқаттың табиғатын жасандылықтан ада-күде, адал жырлау, философиялық биікке көтере жырлау оңай емес.
Неге керек көбік сөз?.. Жасыра алман...
Жорға тартып шықпайды ғасыр алдан.
Білетінім: Ертеңім – ұрпаққа сын,
Бостандығым – тағдырым бәсіре алған.
Кие тұтар тұмарым – осы менің,
Анам, балам, жан жарым, досым – елім.
Бостандығым болса аман – баяндымын,
Таға көрмен сондықтан көшіме мін.
Бодан болып несіне шаттанамын,
Кімге керек «тордағы» бақ, таланым?!.
Бостандығым – баян-құс... Ұшса қолдан,
Қалай тарих алдында ақталамын?!
Тәуелсіз мемлекетті табанынан тік тұрғызу үшін барлығына шыдау, барлығына бару керек еді. Нұрлан соны меңзеп, соны айтып отыр. Тарих пен өмірдің шындығы өлең тілінде өзінің өрімін тапқан жерде жыр ойды тербеп, жүректі жаулайды. Шындықты әдемі айту, ұқсатып айту үлкен шеберлікті қажетсінеді. Заман тудырған жемқорлық пен әділетсіздіктің, зинақорлық пен алаяқтықтың төркінінде әркез пенделік әлсіздіктің тұратыны ежелден белгілі. Ақын қаламынан бұл шындық та шет қалмайды. Нұрлан Оразалин поэзиясы осы шындықты өз сүзгісінен өткізе отырып, төзімін – қалқан, сезімін талқан етіп жырлайды. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін әулиелі сөзге құлап, айтарын жасырмай, бүкпей айтады. Бейнелі жыр тілімен көркем өріп, елдің, ердің ары мен намысын қорғап айтады. Адамшылық биікке көтеріліп отырып, қырық қатпарлы көңіл ауанын қозғайды.
Әділдік жоқ. Әділдігің – шартты ұғым.
Күннен-күнге салмағы ауыр тартты, інім.
Дос, дұшпанды қиын болды айыру,
Аярлықтан таяқ жеді мәрттігің.
....................................................
Ақыл, ойдың шайқалуда дарағы.
Сақтай алсақ, жарар еді...
Жарады!
Үміт...
Күдік...
Көкіректе – көк дауыл,
Долы ғасыр қайда әкетіп барады?! (1992 жыл. Наурыз)
Немесе:
Тіл ұшына жағып алып бал кілең,
Жан қорығын сипай берме шалғымен.
Білем анық келер едің жеткізбей,
Аярлыққа бәйге берсе алдымен...
Немесе:
Құл пендеңнің әдеті ғой кешегі –
Бірге жүрер өтірігі, өсегі.
Айта берсін! Айта берсін, сенем мен:
«Ит үреді, керуен алға көшеді..»
Немесе:
Амал бар ма? Көрдік асып-тасқанды.
Жан сауғалап, көрдік пысып – қашқанды.
Жаратқанға жалбарынған пендеңнің,
Жан дауысы жаңғыртты кеп аспанды...
Қазақ елінің көші еңіске емес, өрге тартып, абыройы босағада емес, төрге шығып келеді. Алайда қауіп жоқ емес, бар.... Мұны ақын жүрегі ерте сезіп, ерте байқаған. Қауіптен сақтандыра отырып, ұлт пен ұрпаққа сауалын да төтесінен қояды. Уақытпен бетпе-бет келіп айтылған мына бір ақиқат ардың сөзі, бардың сөзі, нардың сөзі екені күмәнсіз...
1996-жылы желтоқсанда мынадай өлең жазылған екен:
Келер ғасыр....болады қандай ғасыр?
Ойлап соны тірелер таңдайға сыр.
Шығысыма...
Қараймын Батысыма...
Ойсыз күндер ұрпаққа салмай ма асыр?!
Қандай ана тербемек бесігімді?
Қандай дос кеп қағады есігімді?
Кімдер билік айтпақшы төрімді алып,
Көздің құртын кемірген осы күнгі?!
Уайымым осы шын, жасыра алман,
Тілім аман қалар ма бәсіре алған?!.
Дінім аман тұрар ма?
Келер ұрпақ!
Сені қандай күтеді ғасыр алдан?! Ақындар, адамдар ел тағдырын уайымдаса, дәл осылай – Нұрланша уайымдасын. Қазірге дейін тәуелсіздік жырын Нұрландай айтқан, айтса да шын жүрегімен егіліп, езіліп жырлаған ақындар қатары көп деп айта алмаймын... Көсемдік деген де, шешендік деген де, азаттық жыры, азаматтық жыры деген де осы.
Қазақтағы қазіргі таңдағы ұлт жанына батар қара қайғының бірі – тіл жетімдігі мен тілдегі алашұбарлық ауруы. Діні бұзылғандардың тілі де, ділі де бұзылады. Ұлт тілінің өз өрісі жоқ жерде ұлттың мәдениеті де, әдебиеті де, ұлттың рухын танытар, дәйектер қасиеттердің барлығы да болмақ емес. Осы тұрғыдан қарағанда Нұрлан Оразалиннің поэзиялық тілі – нағыз тәуелсіз көркем тіл, құлдықтан құтылған өрнекті тіл. Ақынның мен білетін сыни мақалалары мен еңбектерінде («Иесі – халық, Киесі – елдің рухы» сырлы кітаптарды оқып көріңіз) шұбар тіл мүлде қолданылмайды. «Ғасырмен қоштасу» атты таңдамалы жыр кітабы 255 беттен, 122 өлеңнен, 18 мың сөзден тұрады. Мен осы кітапты талай аударып, төңкерсем де жат терминді, бөтен сөз, бөгде теңеуді көре алмадым. Екі өлеңінің бірінде Алла, әруақ, ұлт деген киелі ұғымдар ақын аузынан түспейді. Қазақтың өңі-түсі, салт-дәстүрі, мінез-құлқы, өзгелерге ұқсамайтын болмыс-бітімі, бір сөзбен айтқанда, халықтық қалыбы, жаны, жаратылысы толық көрінеді.
Нұрлан Оразалин ақынның поэзиядағы ой тереңдігі, тіл байлығы мен тілді қолданысқа түсіру шеберлігі, поэзия жөніндегі білімі, көркемдік бояуы оқырман жанын баурауда. Тақырып ауқымы да алуан түрлі гүлдер сияқты. Отаншылдық рух, қоғам, өмір, махаббат, адамдардың мінез-құлқы, ұлттың табиғаты, талғамы толық қамтылады. Мұндай үлкен ауқым бір мақалаға сыймайтын болғандақтан, бұл тақырыпты қозғауды кейінгіге қалдырдым. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» деп білдім. Сонда да жақсы өлеңдері оқу – оқырман үшін бір ғанибет емес пе?!.
Түнгі дауыс....
Қандай сұсты?
Үрейлі....
Әлде біреу ойдың мұңын күрейді.
Желтоқсанның жетеді үні талықсып,
Жететіндей бір ой қуып бір ойды
Немесе:
Тасаттығын жасады ма текке елі?
Заман неге құбылып тұр өтпелі?
Көлбеңдейді көз алдымда мына түн,
Аспан кезген әруақтайын көктегі.
(«Түнгі дауыс», 1992 жыл, желтоқсан)
Немесе:
Құлын-ой...
Құлын-сезім құрақ ұшып,
Көлімнің аққу-қазы жырақ ұшып,
Сағынған сәттерімде сұлулықты,
Жөңкілер саған қарай жылап ұшып.
(«Атажұрт», 1992 жыл, наурыз)
Немесе:
Айым аман, күнім аман – төбемде,
Арқамда – тау, өзендерім – төменде.
Өз еркімде – қайғырам ба, күлем бе,
Ортаям ба?
Ойдан азап шегем бе?
немесе
Кеспе жолды!
Үзбе сезім сүреңін!
Еркін толғап, еркін өмір сүремін,
Дәуірлердің дүбірлетем қойнауын,
Ойым еркін, еркін миым, жүрегім.
Өрім аман...Төрім аман...
Жыр – қанда...
Өзеуреме! Өзектеме! Ұрланба!
Еркіндігім – өзімменен мәңгілік
Елім аман....
Жерім аман тұрғанда... («Айым аман...» 2001 жыл, сәуір) – деген жолдарды оқып отырып, оқырман ретінде қанаттанғанымды, рухани ләззат алып, Тәуелсіздік атты киелі де қасиетті ұғыммен рухтанғанымды жасырғым келмейді. Менің ойымша, бұл – жазу үшін ғана емес, жазбауға болмаған соң жазылған, Мұқағали айтпақшы, «құлаққа келген құдіретті «сыбырдың» жемісі.
Осылай жыр жазған ақынды тауелсіздіктің тау тұлғалы ақыны деп айтуға толық хақымыз бар.
Жә!
«Битке өкпелеп, тонын отқа салып» жүрген аңқаулар мен жалқаулар, сатқындар мен қашқындар, надан кеудесіне нан піскен асқандар мен тасқандар – «...қара албасты басқандар» Тәуелсіздіктің қадірін қайдан білсін?! Отансыздықтан үлкен қасірет жоқ. Мұны Отанынан алыс жүргендер жақсы біледі. Қайталап айтамын, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп біздің халық бекер айтпаған. Азаттықты аялап, Тәуелсіздікті тұмар тұту – ұрпақ тәрбиесіндегі ең маңызды дүние. Алла Тағала бізге көп ғасырлық азап пен мехнаттың қайтымы ретінде, халқымыздың көз жасы мен төгілген қанының өтеуі ретінде Тәуелсіздікті маңдайымызға бұйыртты! Тәуелсіздікті сақтау, қорғау – ұлтқа сын, ұрпаққа – парыз. Біздің мемлекетіміз мәңгілік! Елбасы айтатын Тәуелсіздігіміз де мәңгілік. Ақын кеудесін кернеген жыр да мәңгілік жыры! Нұрлан поэзиясы – қазақ халқының көпғасырлық сол мәңгілік жырының жалғасы...
Әдебиетіміздің абыздарының бірі Әбділда Тәжібаев Мұқағали жөнінде «...Осындай тарихи кезеңде, адамдарымыздың да, ұлттарымыздың да іріленген дәуірінде әдебиетімізде Мұқағалидың «Реквиемі» тумауы мүмкін емес еді. Ондай поэзия туғыза алмаған қазақ халық та болып жарытпас еді» – депті. Ендеше өз Тәуелсіздігін қорғай алмаған ұрпақтың да, ұлттың да өмір сүруі қиын. Өз тәуелсіздігін жырлай алмаған ақын да ақын болып ел көгінен көрінуі екі талай...
Әр ғасыр, әр дәуір өз тұлғаларын жаратады. Әр ғасыр, әрбір тарихи кезең өз шындығын толғайтын ақындарын тұлға ретінде шыңдайды. Халық жүрегінен орын алар мұндай жырларға Мәңгілік деген анықтама қосарлана айтылып, өлеңнің де, елдің де әруағын көтереді. Нұрланның жырлары осындай «иесі-халық, киесі елдің рухы болған» сөз өнерінің, Абай тілімен айтқанда, «Сөз патшасы болған» өлең дүниесінің біздің дәуіріміздегі алыстан көз тартар ақ шаңқан биігі екені анық.
Бостандықтың бой көтерді дарағы,
Бір ғасырдың жабылуда парағы...
Ой қайысты...
Елдің жүгі салмақты,
Сол салмақты көтере алсақ жарады.
(1996 жыл. Қараша)
Терең, түпсіз дегенім жайдақ екен,
Пана болар жүрекке қайда мекен?
Өлең – өзім ...
Талқаным таусылғанша,
Өзім қашып өзімнен қайда кетем?! – дейді Нұрлан ақын.
Өлең осылай жазылуға міндетті! Мәңгілік жырдың өрімі де осылай өріліп, осылай төгілсе керек. Тұғыры биік, татымды жыр дегеніміз осылай болса керек.
Нұрмұқан Жанұзақұлы