401
Қытайдан шыққан хантавирустен қауіп бар ма?
Қытайдан шыққан хантавирустен қауіп бар ма?
Қытайдың Ухань қаласынан өршіген қатерлі коронавирус індеті дүниежүзін түгелдей шарпып, барған сайын шеңгелін батырып барады. Барлық статистикалық мәлімет көз алдымызда. Адамзат бір сәт естен шығарып алатыны болмаса мұндай ірі індеттер үнемі жер бетінде жүретіні, әлдебір мутация кезінде қайта бас көтеретіні жайлы айтады мамандар.
Кешеден бері әлемнің кейбір бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек, Қытайдың Юньнань провинциясында коронавируcтан бөлек тағы бір індет шыққан. Кенет қайтыс болған адамның диагнозын дәрігерлер тез арада анықтып, хантавирустан шығатын кардиопульмональді синдром екенін анықтаған. Ол адамның қасында болған 32 адам карантинге жатқызылды. Әзірге олардың арасында вирус жұқтырғандар туралы мәлімет жоқ.
Хантавирус – қазақшалап айтқанда тышқанвирус деуге де болады. Себебі бұл вирус кеміргіштер арқылы адамға жұғатын ауру.
АҚШ-тың жұқпалы ауруларды бақылау орталығының мәліметтері бойынша, бұл вирусты жұқтыру қаупі тіпті дені сау адам үшін де өте жоғары. Хантавирус симптомдары көптеген респираторлық аурудың белгілеріне ұқсас. Бас ауруы, әлсіздік, жөтел, ас қорытуда қиындық, құсу байқалады. Хантавирусты емдейтін вакцина әлі жоқ дейді.
Ал Оңтүстік Кореяның Hallym халықаралық медицина университетінің түлегі және Hallym ауруханасының білікті дәрігері Айымбек Ұлықпан аталған хантавирус соншалықты үрейлі емес екенін айтады.
– Хантавирус өте сирек кездесетін вирус. Бұл вирустың қазірге 12 түрінен 1 түрі ғана адамнан адамға жұққаны байқалған. Басқа түрлері адамды тістеу немесе шағу кезінде жұғады. Кеміргіштердің сілекейі, зәрі немесе кеміргіштердің нәжісімен ластанған заттардан (тістеу, шағу арқылы) жұғады. Бұл вирус жүрек тоқтауына алып келеді және науқастардың шамамен 36-40 пайызын өлімге апарады, бірақ ол адамнан адамға таралмайды. Дегенмен кейбір мәліметтерге қарағанда адамнан адамға жұққаны байқалды, – дейді дәрігер.
Қандасымыз Айымбек Ұлықпан – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Алтай елдімекенінде дәрігерлер отбасында туған. Айымбек Ұлықпанның айтуына қарағанда, әзірге бұл індеттен қауіп аз. Есесіне, мейілінше коронавирустан сақтану қажет дейді.
Бақытбек ҚАДЫР