299
Білім беру ұйымы қызметінің сапасын бағалау
Білім беру ұйымы қызметінің сапасын бағалау
ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Алматы облысының Білім саласындағы бақылау департаменті және «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен 2016 жылдың 5 наурызы күні Алматы полиграфиялық колледжінде «Білім беру ұйымы қызметінің сапасын бағалау: КРИТЕРИЙЛЕР мен ДЕСКРИПТОРЛАР» атты бірлескен облыстық семинар өтті.
Семинардың теориялық бөлімінде Алматы облысының Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Досматова Салтанат Жұманқызы «Ішкі бақылау процедураларының нәтижелері бойынша білім сапасын арттыру мәселелерін талдау» тақырыбында баяндама жасады.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Дюсебаев Ханат Әлімжанұлы: «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты білім беру ұйымдарымен бірлесе атқаратын іс-шараларының жоспарын нақтылап, түрлі шараларды өткізуге дайындық жасауда. Білім беру ұйымдарының білім беру сапасын жетілдіру бағытында институт ұжымы мектеп директорлары мен мектеп директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған 5 курста дәрістер оқытуды ұсынып отырмыз. Сонымен қатар білім беру ұйымдары қызметін аттестаттауға қатысты білім беру мәселелері төңірегінде әдістемелік құрал дайындау қарастырылуда. Мұның барлығы Алматы облысындағы білім беру ісінің дамуы, білім сапасының артуы үшін маңызды болмақ», - деп өз баяндамасында институт қызметіне кең түрде тоқталып өтті.
Облыстық семинарға БСБД басшысы мен өкілдері, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мен аудандық (қалалық) әдістемелік кабинеттердің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Семинар соңында қазіргі білім беру сапасын бағалаудың жаңа құрылымдары, критерийлері, дескрипторлары туралы жан-жақты сөз етіліп, білім сапасын бақылау нәтижесінде туындаған мәселелерге сараптама жасалды.