Отандық дәрі-дәрмек өндірісі неге дәрменсіз?

Отандық дәрі-дәрмек өндірісі неге дәрменсіз?

Отандық дәрі-дәрмек өндірісі неге дәрменсіз?
ашық дереккөзі
505
Әлемді шарпыған коронавирус індеті Қазақстанды да айналып өтпеді. Төтенше жағдай жарияланып, ірі қалалар карантинге жабылды. Шекарадағы өткізу бекеттері бекітіліп, қарым-қатынас тоқтатылған. Жай күндері құны 25 теңгелік медициналық бетпердеге сұраныс артып, тауардың тапшылығы ерекше байқалады. Жалпы алғанда, бетперде тағу жұқпалы кеселден қаншалықты сақтайды, осыған бір ой жүгіртіп өтсек. Мамандардың айтуынша, әдетте маска киген адам өзін қауіпсіз сезініп, қол гигиенасын ұмытып кетеді екен. Ал коронавирус қол арқылы жұғуы да әбден мүмкін. Ең дұрысы жеке бастың тазалығына мән беріп, көпшілік жиналатын жерге бармаған жөн. Барлық мемлекеттер  шекараларын тарс бекітіп, сақтық шараларына көшкен кез­де, әрбір елдің экономикасы қан­ша­лық­ты қуатты екені сыналатын сәт келді. Эко­но­миканың негізі өндіріс десек, бұл сала Қа­зақстанда қаншалықты дамыған, өзі­міз­ді азық-түлікпен, тұрмыстық қажетті тауар­­лармен, әсіресе дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз ете аламыз ба деген сұрақ көпшілік кө­кейіндегі сауалдардың бірі.  Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде бір реттік қолданылатын ме­ди­циналық бетперде өндіретін бес компания бар екен. Толық көлемде жұмыс істеп жат­қан аталған мекемелер сұраныстың бар­лы­ғын бірдей қамти алмай отыр. Оның үстіне ши­кізаттың Қытайдан келетінін, кеден бе­кеттерінің жабықтығын ескерсек, бұл са­лада біраз қиындықтардың бар екеніне көзіміз жетеді. Кейбір тігін цехтары киім-кешек тігуді тоқтатып, матадан жасалған бет­перде тігуді жаппай қолға алуда. Бұған дейін шетелден, Ресей, Қытайдан әкелінетін мас­калар өз елімізде де өндірілуі қолға алыну­­­да. Қазақстандағы тауар нарығы алып­са­тар­лыққа негізделгені бүгінгі күннің ең өзек­ті мәселелерінің бірі. Тауар шетелде өн­­­діріледі, дистрибьюторлар арқылы соң­ғы тұтынушыға жетем дегенше 2-3 қолдан өте­ді. Осыған сәйкес баға да қымбаттайды. Әсіресе, дәрі-дәрмек бизнесі – ең табысты саланың бірі. Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Елімізде жа­рия­ланған төтенше жағдайды ескерсек, дәрі-дәрмектің тапшылығы артары сөзсіз. Себебі нарық импортқа тәуелді. 2018 жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес Ден­сау­лық сақтау министрлігі бірқатар шараларды іске асыра бастаған. Ауруханалар мен ме­дициналық мекемелерге дәрі-дәрмек жет­кізіп беруші бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» мемлекеттік сатып алуда отандық өнеркәсіптің үлесін көбейтуді қолға алған. Ресми сайттың мәліметінше, 2024 жылға қарай өнімді 80 пайызға жет­кізу­ді жоспарлап отыр. Ал қазірше жергі­лік­ті өндірушілердің салмағы – 30 пайыз, шет­елдік өндірушілермен тікелей келісім – 21 пайыз, өзге тауар жеткізушілер – 49 пайыз. Көріп отырғанымыздай, 70 пайыз дәрілік тауар шетелден келеді екен. Доллар бағасының күрт жоғарылауын  есепке алсақ, бағаның қымбаттамаса, арзан­дамайты­нын түсінеміз. Себебі импорттық тауар­лардың құны теңгемен емес, доллармен белгіленетіні баршаға мәлім. Отандық бірыңғай дистрибьютордың өзі 49 пайыз дәрі-дәрмекті өзге дистрибьюторлардан алады екен. Доллардың шарықтауын қос­саңыз дәрінің құны қаншама есе қым­баттайтынын түсінуге болады. Соңында қарапайым тұтынушылардың қалтасына едәуір салмақ түсері анық. Импортқа тәуелділіктен, бағаның қым­бат­тауынан құтылудың бір жолы – отан­дық өнеркәсіпті дамыту. Мемлекет тарапынан қолдау білдіріп, жағдай жасалса, дәрі-дәрмек өндірісінің де қарқындап кетері сөз­­сіз. Қазақстанда  жүзден астам фар­ма­цев­­­тикалық зауыт бар екен. Арасында 138 жыл­дық тарихы бар Шымкент қаласын­да­ғы АО «Химфармның» бәсі биік. Халық­ара­лық GMP талаптарына толық жауап беретін зауыт модернизациядан өткен. Оған поль­шалық Polpharma компаниясының ин­вестиция құюымен қол жеткізілді. Forbes Kazakhstan сайтында жариялан­ған  ҰҒА академигі, химия ғылымдарының док­торы, профессор, «Фитохимия» халық­ара­лық ғылыми-өндірістік холдингінің бас­қарма төрағасы Серғазы Адекеновтың ма­қаласынан үзінді келтірсек: «Тәжірибелі мамандарсыз отандық фармацевтиканы дамыту, халықаралық талаптарға сай ету мүмкін емес. Алдымен инженер-технологтар және орта буындағы мамандар керек. Олар­ды дайындау үшін медициналық кол­ледждердің, дәрілік өсімдіктер өсіретін агроном дайындайтын ауылшаруашылық колледждердің мәселесін шешу қажет. Жо­ғары оқу орны шәкірттерінің дуальді жүйе­де білім алып, оқу мен өндірісті үйлестіруге мем­лекеттің қолдау көрсетуі талап етіледі. Отандық өндіріс көлемін ұлғайту өндіріс пен ғылым-білімнің тығыз интеграцияда жұмыс істеуіне байланысты. Қазақстандық ға­лымдардың еңбектері мен жаңалықтары  ғана республикамыздың денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге қабілетті бола алады». Қорыта айтқанда, тауарға деген сұра­ныс­ты шетелден әкеліп қанағаттандыру мем­лекет үшін оңтайлы жол болғанымен, ел басына күн туып, төтенше жағдай орнай қал­са жағдайдың қиын болатынын корона­вирус пандемиясы айқындап берді. Ғылым мен білімді дамытып, мамандар дайындап, инвестиция тарту, отандық өнеркәсіпті дамыту бүгінгі күннің маңызды мәселесі бо­лып тұр.  

Асылхан МАДАЛИЕВ

Серіктес жаңалықтары