374
Н. НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті: Әйелдер – тәуелсіздіктегі ең сенімді серігім
Н. НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті: Әйелдер – тәуелсіздіктегі ең сенімді серігім
Көңілдерге көктем сыйлап жететін 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі қыз-келіншектер мен аналарды айтулы мерекелерімен құттықтады. «Көктем шуағы» деп атаған мерекелік кездесуде Елбасы Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары іргетасы енді қаланған жас мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызуға аянбай еңбек еткен әйелдер қауымы екенін ескертіп, барлық қыз-келіншектер мен аналарға алғысын айтты.
Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы жолында әйелдердің орасан зор көлемде үлес қосқанын айтқан Елбасы әйелдер қауымына ізгі тілегін жеткізді. «Көктем шуағы» тақырыбымен ұйымдастырылған мерекелік кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Араларыңызда көпбалалы аналар, бизнес өкілдері, әскерилер, ғалымдар, дәрігерлер, педагогтар, мәдениет пен спорт қайраткерлері, журналистер бар. Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды. 25 жылдағы барлық жетістіктеріміз сіздердің белсене атсалысуларыңыздың арқасында ғана мүмкін болды. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар», – деді.
Елбасының жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған мерекелік кездесуіне ҚР Мемлекеттік хатшысы, Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Г.Әбдіқалықова, Парламент Сенатының депутаты Б.Әйтімова, ҚР Экономикалық интеграция министрі Ж.Айтжанова, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарушы директоры М.Егімбаева, шаруа қожалығының басшысы Т.Құшманова, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Р.Боранбаева, «Қазақ оюлары» ЖШС директоры Т.Елекбаева, жиһаз фабрикасының басшысы Е.Левина, Қарағанды облысындағы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының директоры М.Нұрмағанбетова, «Қазақ қызы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қ.Әбден, әнші Т.Жанқұл, «Деловой мир Астана» ЖШС директоры, бас редакторы Ш.Сыздықова, ақын А.Дәулетбаева, көпбалалы ана Ж.Байжолдинова, «Астана Опера» театрының солисі Ж.Ғабдуллина, «Астана Балет» театрының бас режиссері М.Абубахриева, биолог ғалым Д.Қанаева, ауылдық округ әкімі П.Оралбаева, «Отырар сазы» Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің бас дирижері, актриса Д.Тілендиева, зымыранды артиллериялық кеме әскери бөлімінің радио байланысшысы Ж.Ыбыраева, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жөндеу-механика цехының темір кесушісі А.Кенесарина, Қостанай облысы, Сарыкөл ауданындағы «Жастар бастамасы орталығының» басшысы Е.Данилова, ауыр атлетикадан ҚР еңбек сіңірген шебері Ж.Жаппарқұл, актриса Д.Бақтыбаева, студент Л.Митрохина қатысты.
«Көктем шуағына» жиналған қыз-келіншектер Елбасыға өз жетістіктері туралы әңгімелеп, жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық саясатқа көңілдері толатынын жеткізді. Олар әсіресе, еліміздегі ана мен балаға қамқорлық жасау, отбасылық құндылықтарды нығайту бағытында жүргізіліп жатқан саясат үшін алғыс айтты. Сонымен қатар халықтың және әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын жақсарту және қамтамасыз ету жолында жүргізіліп жатқан бағдарламаларды үздіксіз жүргізу өте маңызды екеніне тоқталды. Кездесуді көңілді өткізуге тырысқан Нұрсұлтан Әбішұлы қыз-келіншектерден әдемі әзілін де аямады. Әсіресе, көп балалы аналарға қатысты сөз қозғалғанда Елбасы анекдот айтты: «Бір әйел алты баласымен бірге автобусқа мініпті. Есіктен алдымен анасы кіреді, сосын бірінші баласы кіреді, сосын – екінші баласы, сосын – үшіншісі, сосын – төртіншісі... Ал автобус болса, әлі тоқтап тұр. Сол жерде отырғандардың бірі қатты асығып отырса керек, шыдамай, әлгі көпбалалы әйелге: «Балаларыңның жартысын үйге қалдырып кетуге болмас па еді?!», – деп ренжіңкіреген ғой. Сөйтсе, әлгі әйел де еш саспастан: «Мен өзім де солай еткенмін», – деп жауап беріпті...». Президенттің орынды қалжыңын әйелдер қауымы да жылы қабылдады.
Осылайша, отырғандар түгел арқа-жарқа болған басқосуда Елбасы кез келген әйелдің басты парызы ана болу екенін ескертті: «Ананың тәрбиесі мен махаббатын әсіресе бала кезінде көрген адам аман-есен өсіп, жақсы азамат болады. 25 жылда 7 миллиондай кішкентай қазақстандық дүниеге келді. Елімізде әрбір сағат сайын 45 немесе жылына 400 мың бала туады. Осының бәрі береке мен ертеңгі күнге деген сенімнің арқасында болып отыр. Қазақстанның болашағы – жаңа ұрпақ. Биыл мен баланы қорғаудың кепілі ретінде Қазақстандағы бала құқығы жөніндегі уәкіл туралы жарлыққа қол қойдым. Отбасы күнін мерекелеу және «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық конкурсын өткізу дәстүрге айналды».
Сонымен қатар 2016 жылдың 1 наурызында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын қабылдау туралы жарлыққа қол қойғанын айтқан Президент еліміздің болашағы – балалар мен жастар үшін жасалатын игі істер алдағы уақытта көп болатынын жеткізді. «Бағдарламада жақсы жаңалықтар аз емес. Мектепте оқытудың мемлекеттік білім стандарттары әлемдік стандарттар негізінде жаңартылады. Әрбір түлек алғашқы кәсіптік біліктілікті тегін игеру мүмкіндігіне ие болады. Біз балаларды мектепке дейінгі оқумен 100 пайыз қамтуға ұмтылып отырмыз. Келесі жылдан бастап үш тілді білім беру ісін біртіндеп енгізе бастаймыз. 2020 жылға қарай 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу қамтамасыз етіледі. Ғалымдардың болжамынша, 2020 жылға қарай жер жүзіндегі халықтың 50 пайызын «цифрлы балалар» құрайтын болады. Әңгіме мектептерімізді ақпараттандыру туралы болып отыр, 2019 жылға қарай олардың барлығы жылдам интернетке қол жеткізуге тиіс. Ақыры біз Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымымен ықпалдасып жатыр екенбіз, демек осыны да жүзеге асыру керек», – деген Нұрсұлтан Әбішұлы бала тууға қабілетті әйелдерге мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктер мен жағдайдың жыл сайын жақсарып келе жатқанына тоқталды. Мәселен, соңғы 10 жылда бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы – 6,3 есеге артса, бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін төленетін жәрдемақы 4 есе өскен. Бүгінгі таңда Қазақстанда көпбалалы саналатын жарты миллионнан астам отбасы мемлекеттік жәрдемақыны алып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға әлеуметтік келісімшарттар арқылы атаулы көмек беруге 1,5 миллиард теңге бөлінеді. «Қоғамның, әрбір отбасының амандығы тікелей әйелдің аман-саулығымен байланысты екенін әрдайым айтып келемін», – деген Мемлекет басшысы әйелдер қауымын Көктем мерекесімен тағы да ағынан жарыла құттықтап, олардың барлық бастамаларына табыс, өздеріне мол шаттық тіледі.