Ән ұрлаушылар оңай ақша табуды ғана ойлай ма?

Ән ұрлаушылар оңай ақша табуды ғана ойлай ма?

Ән ұрлаушылар оңай ақша табуды ғана ойлай ма?
ашық дереккөзі
793
«Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» сынды еңбектер жазып, қазақтың музыкасын әлемге әйгілеген орыстың атақты этнографы, музыкатанушысы Александр Затаевич «Маған күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай сезіледі» деп халқымыздық ұлық өнеріне жоғары бағасын берген еді. Ғалым қазақтың сахнасында, жиын-тойларында «ән» деп әспеттеліп жүрген бүгінгі шығармаларға құлақ түрсе, мұндай пікір білдірмес пе еді, кім білсін? Өйткені қазір өзге тұрмақ, өзімізге күллі қазақ даласы шетелдің әнін салып тұрғандай сезіледі...

Ән төңірегінде дау неге көп?

«Плагиат» ұғымы бұрындары шығар­машылық адамдарының сөздік қорындағы термин болса, бү­гінде оның анықтамасын еңбек­теген бала да жатқа айтып береді. «Пәленшенің шығармасы түгеншенікі болып шықты» деген қаңқу сөзді өнер немесе әдебиеттен ауылы алыс кез келген адамның аузынан естісек, таңғалмайтын болдық. «Ұрлықшы» атанғандар да ел таққан мұндай айдардан арланбайтын болған. Ғылымдағы, әдебиет пен журналистикадағы пла­гиат­қа көндіккен жұрт музыкадағы барымташылыққа да үйреністі осы күні. Қазағымдікі деп тамсана тыңдап жүрген ән өзбектікі немесе қырғыз бен кәрістікі болып шықпасына көзі жетпейді. Өйткені қазір шетелдің әніне «жиендік жасамаған» әнші саусақпен санарлық. Отандық шоу-бизнестің даудан арылмай тұрғаны сондықтан. 2015 жылы жарыққа шыққан Ғаділбек Жанайдың «Ханшайым» әні аз уақыттың ішінде тыңдарманның жүрегіне жол тауып үлгерген еді. Жастар жағы жаттап алып, жиын-тойларда гитараға қосылып шырқап жүргенін де талай көрдік. Жуырда Ғ.Жанай бұл әнді армян әншісінен ұрлап алған деген ақпарат кең тарады. Ақпараттың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін Армения әншісі Рипсимэ Акопян (Hripsime Hakobyan) орындайтын «Tarorinak» (Біртүрлісің) әнін ғаламтордан біз де тыңдап көрдік. Бір әннің екінші бір әуенге ұқсастығы құлаққа ұрып тұрған соң, арнайы музыкалық білімнің қажеті де болмайды екен. Сондықтан «Ханшайым» армян әнінен ұрланған болуы мүмкін деген пікірді музыка мамандарынан бұрын белгілі блогер Эльвира Ерғалинаның білдіруі таңғаларлық құбылыс емес. «Ғаділбектің «Ханшайымына» қарағанда мына əн əдемі, жұмсақ, əсерлі. Ғаділбектің ұтқаны – мағыналы мəтіні. Армян əнші Hripsime Hakobyan 2012 жылы бейнебаян түсірген «Tarorinak» (Біртүрлісің) əнінің мағынасы «Ханшайымдікіндей» емес. Қыз жігітінің бірде бар, бірде жоқ, бірде жақын, бірде алыс екенін айтып, түсініксіз қатынасты жырлайды. Бейнебаяны да, əні де ұнады», – деп жазды блогер әлеуметтік желідегі жазбасында. Алайда «Ханшайымның» авторы әрі орындаушысы Ғаділбек Жанай әннің өзгеден көшірілгенін жоққа шығарды. «Әннің бірінші шумағы ұқсайды дегенді естідім. Күніне қаншама ән шығып жатыр, кім біледі, естіген ән болуы да мүмкін. Сондықтан ұқсап кетіп жатады кейде. Менің әнімде армянның аталмыш әніне ұқсайтын кейбір аккордтар бар екені рас, бірақ айна-қатесіз көшірілген деген пікір негізсіз. Бір-біріне ұқсайтын әндер көп қой», – деп түсіндірді әнші. Белгілі продюсер Баян Есентае­ваның жаңа жобасы – төрт жігіттен құралған «Алау» тобының әзіл-қалжыңға құрылған «Гүл әпше» әні де жарық көре салып дауға қалды. Бұл ән 30-жылдары румын әншісі Мария Лэтэрэцу шырқаған әннің көшірмесі екенін байқаған Gakku арнасы «Алаудың» «ұрлығын» жалпақ жұртқа жайып салды. Әннің авторы Румыния композиторы Рихард Штейн екен. «Гүл әпшені» көшірме емес, румын әнінің «кавер» нұсқасы деп мәлімдеген Баян Есентаева музыкалық арна тілшілерін «кәсіби деңгейі төмен» деп айыптап, өзінен кешірім сұрауын талап етті. Қызметкерлеріне айып тағылған соң Gakku арнасы мәселенің мән-жайын тереңірек зерттеп, Баян Есентеваның заңбұзушылыққа барғанын дәлелдеуге кірісті. Ең алдымен, телеарна «кавер» ұғымының анықтамасын ұсынды: кавер – белгілі бір орындаушы немесе топтың авторлық музыкалық композицияны өз нұсқасында орындауы. Дегенмен, әннің маңдайына «кавер» деген айдар соғу орындаушыларды жауапкершіліктен құтқармайды. Белгілі бір әнді өз нұсқасында орындау үшін, сөзін аударып, қандай да бір өңдеу жасар алдында орындаушы автордан рұқсат алуы тиіс. Мәселен, бір кездері румын әнін өз нұсқасында орындаған атақты әнші Эдит Пиаф әр орындаған сайын Рихард Штейнге қаламақы төлеп отырған. Ал «Алау» тобы ән иесінің алдынан өтпеген. Мұны Румын мәдени ұйымының төрағасы Николай Плушкин растады. ??Ол – осы әнді Қазақстан аумағында орындауға рұқсат алғандардың бірі.«Біз бұл әнге рұқсатты 2013 жылы алдық. Сол кезде алғаш рет орындадық. «Алау» тобының директоры Назымға хабарласып, заңбұзушылық жасап отырғандарын ескерттім. Соған қарамастан олар әннің бейнебаянын Youtube-қа жариялады», – дейді Николай Плушкис. Оқиғаға заңгерлер араласса да, Баян Есентаева жетекшілік ететін продюсерлік топ ағаттығын мойындаған жоқ. Десе де, Gakku телеарнасы отандық шоу-бизнестегі плагиат әндермен күресті жалғастыра беретінін мәлімдеді. Тіпті, музыкалық арна алдағы уақытта «барымталанған» әндерге түсірілген бейнебаяндарды өз эфирінен көрсетпеу мәселесін де қарастырмақ ниетте. Егер арна басшылығы мұндай шешім қабылдар болса, Gakku арқылы көпке танымал болған талай ән ротациядан қағылғалы тұр.

Шетел әнін «барымталаған» кімдер?

Талантты төрт жігіттен құралған «Меломен» тобының орындауындағы «Неге жылайды ару?» әнін тыңдар­мандар кореялық Wonder girls тобының «Nobody» деген әніне қатты ұқсатты. Кімнің кімнен көшіруі мүмкін деген сауалға жауап іздеп, әндердің жарық көрген мерзіміне назар аудардық. «Nobody» 2009 жылы шықса, «Неге жылайды ару?» әні 2012 жылы көпшілікке ұсынылды. Осыған қарап-ақ, қорытынды жасай беріңіз. Жуырда Nur.kz порталы өзге авторлардың әнін өзімдікі деп шырқап жүрген отандық орын­дау­шылардың атын жіпке тізіп берді. Шығармашылық ұрлыққа барғандарын біле тұра, автордың рұқсатын алып, туындының түп нұсқасына сілтеме жасамайтындардың қатарында сахнаға енді ғана шығып жүрген жастар да, көптің ықыласына бөленіп үлгерген әншілер де бар. Мәселен, Әлішер Кәрімовтің орын­дауындағы «Келемін саған» әні – түрік әншісі Gülben Ergen шырқап жүрген «Bay Doğru» әнінің қазақша нұсқасы. Өткен жылы белгілі әнші әрі композитор Нұрлан Еспанов жас орындаушы Индира Елемеске өзінің «Тыңдашы әнімді» атты шығармасын ұсынған еді. Жаңа ән өзбек әншісі Согдиананың орындауындағы «Синее небо» әніне қатты ұқсайтынын бір тыңдағаннан-ақ байқауға болады. Продюсер Ерік Тастембековтің қол астында жұмыс істеп жүрген әнші Санданың орындауындағы «Асқақ арманым» әні Иса Омаркуловтың «Суйуу жазы» әнінің көшірмесі екенін тыңдарманнан жасыру мүмкін болмады. 2012 жылы қазақстандық әнші Марсель «Асыл жаным-ай» әніне бейнебаян түсірді. Ал Марсельден үш жыл бұрын қырғызстандық әріптесі «Кундор жанырат» туындысының тұсауын кескен болатын. Салған әнінің бәрі «хитқа» айна­лып шыға келетін әнші Қайрат Нұр­тастың орындауындағы «Сұранамын» әнінің авторлық құқығы қырғыз музыканты Мирбек Атабековке тиесілі екені туынды халықтың құлағына әбден сіңісті болғаннан кейін ғана белгілі болды. Бір кездері той-томалақтың көрігін қыздырған «Шоқ қыздар» әнін рұқсатсыз орындағаны үшін Бейбіт Қорған да қырғыз әншісі Иляз Абдыразақовқа ат-шапан айыбын төлеген еді. Әріптестерінің қателігін қай­та­­лап, көптің алдында ұятқа қал­мас үшін соңғы кезде отандық орындау­шы­лардың біразы шетелден алғанын алдық деп бірден жариялап жүр. Атап айтсақ, «Қимадың» әнінің тұсаукесер салтанатында Ділнәз Ахмадиева мен Мақпал Исабекова тыңдармандарға жаңа туынды алжирлық Zaho есімді әншінің «Dima» атты әнінің қазақстандық нұсқасы екенін жарыса жеткізді. Шетелдің бір емес, бірнеше әнін қазақ тілінде шырқап жүрген дуэт – Беркут пен Аиша да шетелдік әндердің авторларын ел алдында жариялауды міндет деп біледі. Олардың орындауындағы «Бәрі жақсы болады» (Andrea Sahara – Iskam teb), «Титтей» (Galena feat. Costi – Chik Chik) және «Тау-тау сезім» (Аndrea feat. Costi – Neblagodaren) әндері – жатжұрттық туындылар. Өзгенің шығармашылық мен­шігіне «жиендік жасағаны» тайға таңба басқандай көрініп тұрса да, мойындағысы келмейтіндер де баршылық. Жуырда отандық телеарнадан «Азия» тобының алғашқы есеп беру концерті көпшілік назарына ұсынылды. Кеш барысында топ Қайрат Нұртаспен бірге орындайтын «Шағала қыз» атты жаңа әндерінің тұсауын кесті. Құлаққа бірден таныс болып естілген ән армениялық поп әнші Лилиттің орындауындағы «GNCHU» әні болып шықты. Жігіттер ән авторынан рұқсат алды ма, әлде ешкім білмей қалады деп меншіктеп ала салды ма – ол жағы белгісіз. Әйтеуір әннің мәтінінен басқа ештеңесі өзгермеген. Түптамыры Арменияда жатқан ән жайлы сұраған тілшілерге «Азияның» мүшесі Ербол Шәріпов: «Біріншіден бұл плагиат емес, ұрлық емес. Ұрлап алатындай біз әннің қайырмасын бөлек, шумағын бөлек құрастырып алған жоқпыз. Екіншіден, біз бұрыннан бар әнге тек мәтін жазып қазақ халқына ұсындық. Онда тұрған не бар?», – депті. Демек, топ өзгенің туындысын рұқсатсыз орындауды заңбұзушылық деп есептемейді. Бірақ заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын ұмытпаған жөн. «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» ҚР Заңына сүйенсек, теледидарда, радиода, ғаламторда, тіпті дәмхана мен мейрамханаларда орындалатын әндер үшін әншілерге, оның сөзі мен әнін жазған авторларға қаламақы төленуі шарт. Алайда әр әнші, әр автор мұның бәрін бақылай алмайтыны анық. Сондықтан олар үшін бұл жұмысты авторлық ұйымдар атқарады. Олардың негізгі мақсаты – қаламақыларды жинап, авторларға үлестіріп беру. Қазір еліміздің ойын-сауық орталықтарынан бастап, демалыс орындарына дейін шетелдік әндердің көптеп қойылатыны белгілі. Сондықтан Қазақстанның авторлық ұйымдары шетелге де қаражат аударып тұрады. Біздің елімізден көбінесе, ресейлік, ұлыбританиялық, германиялық және америкалық авторлар сыйақы алады екен. Мәселен, 2013 жылы «Қазақстанның авторлық қоғамы» республикалық бірлестігі шетелдік ұйымдардың шотына 50 миллион теңгеге жуық қаламақы аударған. Аталмыш мекеме деректеріне қарап, Ресейден Игорь Крутой, Илья Резник, Игорь Николаев, Стас Михайлов, ал шетел авторлары ішінен Майкл Джексон, Пол Маккартни және Джон Ленноның өкілдері қаламақының уақытылы аударылуын қадағалап отыра­тынын білдік. Шетелден келетін қаламақыдан отандық авторлардан құралақан емес. Олардың есебіне Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, тіпті Жапония мен Испаниядан қаламақы түсіп тұратын көрінеді. Сырттан келетін қаражат әуелі авторлық ұйымдардың шотына аударылады, одан кейін ғана ақын-әншілердің жеке есеп-шоттарына жіберіледі.

Қазақ әніне де қол сұғушы көп

Қазақ әндерін өз меншігі деп көрсетіп жүргендер де жоқ емес. Соңғы кездері Қытай ұйғырларының қазақ әндерін меншіктеп алуы жиілеп барады. Бұл мәселені арғы бетте тұратын ағайындарымыз біраз уақыттан бері көтеріп келеді. Мәселен, белгілі композитор Марат Ілиясовтың «Мен саған өкпелемеймін» және «Мерекем сен» атты екі әнін ұйғырлар өз атымен жариялап жүр екен. «Менің әндерімнен басқа да көптеген әндеріміздің ұрланғанына Үрімшіде болғанда анық көз жеткіздім. Бірде асханада тамақ ішіп отырғанымызда, біздің жас әншілеріміздің көптеген әндері ұйғыр тілінде айтылып жатқанын естідік. Ең сорақысы, Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» деген әні де бұрмалауға түскен», – дейді композитор. Жатжұрттықтардың қазақ әндеріне қиянат жасауына белгілі әнші Рамазан Стамғазиев те наразы: «Осыдан бір жарым жыл бұрын Қытайда гастрольдік сапармен болып, Тоқтар Серіктің «Жүрегің жүрегіммен егіз бе еді» деген әнін үлкен мейрамханада тыңдадық. Ол жердегі қазақтардан сұрастырсақ, «бұлар қазір ештеңеге қарамайды» дейді. Мысалы, біз Қазақстанда концерт берсек, 3 күннен кейін сол концерт Қытайдағы қара базарда сатылып жатады. Олардың мұны қалай жазып алғанын біз білмейміз. Кезінде «Дудар-ай» әнін сол жердегі бір ұйғыр азаматы ұйғырдың әні деп айтқан екен. Сонда сол елдегі белгілі әнші, генерал ағамыз Хами Ысқақ араға түсіп, арашалап алыпты. Қазақтың ұлттық әнін кез келген мемлекет жүнін жұлған тауықтай қылып тартып алып, меншіктеп жатса, ертеңіміз не болады? Бұл дегеніңіз – қазақ өнерінің күре тамырына балта шабу», – дейді әнші. Төл өнеріне қазақтың өз жаны ашымаған соң, өзгеден не құрмет күтесің? Жаны ашыса, бір композитор екінші бір композитордың әніне «менікі» деп жармаса ма? Өнердің өскенін көксейтіні рас болса, мүйізі қарағайдай ақын аты шыға қоймаған үзеңгілесінің өлеңін меншіктеп ала ма? Алаштың ардақты азаматтары авторлық құқықтың кімге тиесілі екенін анықтай алмай қызылкеңірдек болып дауласып жатқан соң жастарды ұрлық жасадың деп жазғыру қиын. Осыдан 4-5 жыл бұрын үш композитор – Марат Iлиясов, Мұратхан Егiнбаев пен Алтынбек Қоразбаев арасындағы дау сотқа дейін жеткен еді. Алтынбек Қоразбаевтың «Қызым, саған айтамын» әні одан 11 жыл бұрын жарық көрген Мұратхан Егінбаевтың «Аңсағаным – ауылым» әнінен, ал «Сарыарқа» Марат Ілиясовтың «Сарыарқа сазы» әнінен көшірілгені анықталды. Әділдікке көз жеткізуі үшін құрылған сараптау кеңесі «Ілиясов-Қоразбаев әнінің сәйкестігі 80 пайыз», «Егінбаев-Қоразбаев әнінің сәйкестігі 70 пайыз» деген қорытынды жасаған еді. Музыка мамандарының айтуынша, әннің ұқсастығы туындыдағы 5 нотадан-ақ байқалады. Бір әннің екінші әнге 5 немесе одан да көп нотасы ұқсап тұрса, онда екінші ән біріншісінің көшірмесі болып есептеледі. Анығында, қазақ эстрадасында 5 нотасын былай қойғанда, әуені қаз-қалпында сақталып, тек мәтіні ғана өзгеріске ұшырап жүрген әндер жетерлік. Шығармашылық меншікке қол сұғушылар қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқовты да ұры атандыра жаздады емес пе? Шәмшінің М.Шахановтың сөзіне жазылған «Ақсудан ұшқан аққуым» әні 2014 жылы «көкпарға» түскен еді. Мұхтар Шахановтың айтуынша, 1968 жылы жазылған әнді көп жыл бұрын Құдаш Мұқашев деген азамат өзіне меншіктеп алған екен. «Оның туыстары, жақындары Шәмші екеумізді ұрыға айналдырыпты. Егер ән 1968 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 13 сәуір күнгі санында жарияланып кетпегенде, шынында да, сондай «абырой» иеленуіміз мүмкін еді. Ақырында, бізге жала жапқан адамдардың барлығы телеарна мен баспасөз арқылы Шәмші рухынан және менен кешірім сұрауға мәжбүр болды», – дейді ақын.  

Анар ЛЕПЕСОВА

P.S: Қазір тойға барсаң да, теледидар немесе радионы қосып қалсаң да шетелдің мағынасыз әндерінен құлақ тұнады. Қазақта мәнді ән жазатын композитор қалмады ма деген ойға қаласың. Әлде әншілер авторға қаламақы төлегеннен гөрі, біреудің «хит» болып қойған дайын туындысына «жиендік жасағанды» оңай жол көре ме? «Нағашы» кешірер, бірақ «ұрлықшы» атану абыройлы атақ емес.   

Серіктес жаңалықтары