Мектеп басшылығы оқушылардың жаппай астан ұшынғанын жасырмақ болған

Мектеп басшылығы оқушылардың жаппай астан ұшынғанын жасырмақ болған

Мектеп басшылығы оқушылардың жаппай астан ұшынғанын жасырмақ болған
ашық дереккөзі
224

Семейдегі №47-мектептің басшылығы оқушыларының  жаппай астан ұшынғанын бір апта бойы жасырып келген. Түскі астан кейін өздерін жайсыз сезіне бастаған бастауыш сынып оқушыларының жағдайы қазір дәрігерлердің бақылауына алынса, мектеп директоры мен асхана басшылығы прокуратура алдында жауап беруде. Бұл туралы «КТК» арнасы хабарлады. Өткен жұмада мектеп асханасындағы түскі астан кейін №47-мектептің бастауыш сынып оқушылары өздерін жайсыз сезіне бастаған. Сабақтан соң үйлеріне оралған бүлдіршіндерді ата-аналары жедел жәрдеммен дереу ауруханаға жеткізіпті. Дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсеткен соң үйлеріне жіберген. Бірақ балалардың беттері неден қызарып, неліктен сулана бөрткенін дөп басып айта алмаған. Ата-аналар балаларының ұшынғанына мектеп асханасын кінәлап отыр. Олар бар кесір сол күні тұтынған күріш пен сусыннан болды деген пікірде. Бір қызығы, бас-аяғы үш күннің ішінде 55 бала ұшынса да, түк болмағандай мектептің асханасы қызметін жалғастыра берген. Тіпті болған оқиға мектеп басшылығын да алаңдатпаған сияқты.«15-і күні мен бұларды сотқа бердім. Содан бастап мұнда шу басталды. Әйтпесе, бір күн жабылса да, қайтадан бәрі ашылған. Мен барып ІІБ-на арыз түсіргенде, олар маған бірінші рет естіп тұрғанын айтты», – дейді Семей қаласының тұрғыны Гүлнәр Жамилова. Балаларының денсаулығына алаңдаған жұртқа мән-жайды түсіндіретін жан табылар емес. Кеше де асханаға тексеріс жүргізіп, артынша жұртпен кездеспекші болғандар төбе көрсетпеген. 50 шақты ата-ананы тар бөлмеге тыққан мектеп директорының өзі орнында болмапты. Қоластындағылар оның әкімдікке кетіп, қайтар жолда көлік таппағанын айтып ақталған. “Қазір дамыған заман ғой. Такси бар. Келе алмаймын деген сылтау емес”, – дейді мектеп ұжымынан әбден түңілген ата-аналар. Мектеп директоры да, асхана басшылығы да балаларының денсаулығы үшін жауап беруді талап еткен ата-аналардың алдына келіп, жауап бере алмады. Есесіне, олар құқық қорғау органының алдында жауап бермек. Прокуратураның тергеу жұмыстары аяқталған соң оқушылардың неден ұшынғаны белгілі болады.

Серіктес жаңалықтары