574
Ұлт саулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – егіз ұғымдар
Ұлт саулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – егіз ұғымдар
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген тақырыптағы мақаласы кеше баспасөзде жарияланды.
Дәл қазіргі таңда бүкіл әлем жұрты алаң көңілмен күн кешіп жатыр. Жаһанды жайлаған қатерлі індет біздің елді де айналып өтпесі белгілі еді. Бүгін, ертең болмағанымен, бұл індеттің де емі табылары сөзсіз. Ол күнге аман жету үшін бізге төзімділік пен тәртіп, сақтық пен тиянақтылық ауадай қажет екенін уақыттың өзі ұғындырып жатыр. Мұндай қиын сәтте қарапайым халық үшін мемлекеттің қамқорлығы айрықша керек. Ондай қамқорлық пен атқарылуға тиісті шараларды мемлекет дер шағында қолға алып, кешенді түрде іске асырып та жатыр. Күрделі кезде әрбіріміз не атқаруға тиісті екенімізді ел басшылары айтудай-ақ айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген тақырыптағы халыққа арналған үндеуі мұндай қиын сәтте әрбір қазақстандық үшін үлкен демеу болары сөзсіз.
Қатерлі дерттің кесірінен уақытша болса да тоқтап тұрған қаншама жұмыс ел тұрғындарын алаңдатып отыр. Бірақ мұндай күрделі кезеңде біздің ел азаматтары үшін мемлекет барынша көмек қолын созуда. Егер карантин талаптарын дұрыс сақтап, індеттің тиылуына қолғабыс жасасақ, мұндай дағдарысты да жеңіп шығуға біздің елдің экономикалық қуаты жетеді. Бұл жөнінде Елбасы өз мақаласында былай дейді: «Қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді». Расында Н.Назарбаев айтқандай ретімен, үнемді пайдалансақ, бұл қордағы қаржы уақытша қиындықтан еңсемізді тік ұстап өтуге негіз болары рас.
Осы бір ауыр кезде көмекке мұқтаж жандарды қамқорлықсыз қалдырмау бүкіл халқымыздың асыл борышы болмақ. Қарттар мен науқас азаматтарға еріктілер барынша қолғабыс жасауда. Бұл істің басында Nur Otan партиясы тұрғаны сөзсіз. «Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымыз-ға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек. Халқымыздың бойындағы ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді», – дейді Елбасы өз сөзінде.
Азғантай уақыт ішінде адамдар қауіптен сақтану үшін барынша сол бір кезеңнің талабына мойынсұнуда. Мемлекет те дер шағында халықты үлкен індеттен аман алып қалу үшін барлық мүмкіндікті пайдалануда. Оқудың барлық түрі онлайн форматқа көшіп, өндіріс пен өнім шығарушы мекемелерді қоспағанда көптеген жұмыс қашықтан атқарылуда. Бұл жайында Н.Назарбаев өз мақаласында былай дейді: «Кез келген қиындық адамды тығырықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалыптасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келеді. Бүгінде еңбекті ұйымдастырудың креативті әдістері, тіпті жаңа кәсіп түрлері шыға бастады. Қазір адамдар біртіндеп қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Осының бәрі бір кезде алдын ала жоспарланып, кеңінен ойластырылған шаралардың арқасында ғана мүмкін болып отыр».
Расымен де, карантин бізді жаңа технологияның көмегіне көбірек жүгінуге мәжбүрледі. Сын сағатта бәріне даяр болуға итермеледі. Сонымен қатар алда қай саланы қай бағытта дамыту жөнінде де нақты тәжірибе болды. Мұның барлығы уақытша қиындықтар деп білеміз.