465
Омархан Өксікбаев: Бірліктің алмайтын қамалы жоқ
Омархан Өксікбаев: Бірліктің алмайтын қамалы жоқ
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезіндегі халықты қолдауға арналған шаралар тізімін көрсетіп, әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруды тапсырды. Мұны Елбасы қолдап, сол саясатты ары қарай жалғастырып, мұқтаж жандардың барлығы назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Бұл еліміздің әрбір тұрғыны мемлекет қамқорлығында болатынын, олардың әрқайсысына жағдай жасалатынын және мұндай жағдай жасауға мемлекетіміздің мүмкіншілігі бар екенін көрсетті.
Карантинге байланысты кәсіпкерлік те тоқтады. Кәсіпкерлік тоқтағаннан кейін кәсіптің төңірегінде жұмыс істеп жүргендер табыссыз қалды. Міне, осылардың барлығын қолдап, ертең аяғынан тік тұрып кететіндей жағдайға келу үшін мүмкіндік туғызу – қазіргі Үкіметтің және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына соңғы Жолдауында айтқандай көрсетіліп отыр. Сондықтан Елбасы бірінші еліміздің Тұңғыш Президенті ретінде жағдайды бақылап, қадағалап және біліп отырғанын айта отырып, осы жағдайда өзінің мемлекет басында болған жылдарында экономиканы қалыптастырып, халықаралық қатынастарды жандандырып және сол экономиканың өсімі бар кездерінде тиісті Ұлттық қордың құрылғанын, сол қордағы қаражатты кезінде популистер «халыққа таратып жіберейік» дегенде бермей, бүгінге дейін сақтап, пайдаланатын мүмкіндіктің туындап отырғанын жеткізді.
Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары мемлекетімізді тапшылық жағдайдан алып шығуға мүмкіндік береді. Ендігі жағдай әрине, сол бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуы. Осы жағдайды пайдаланып, қазір жасыратыны жоқ, жоқ жерден бағаны қолдан өсіріп, сұранысқа ие тауарлардың бағасын аспандатып, аяқастынан пайда тапқысы келіп, халықтың жағдайын емес, жеке басының бас пайдасын ойлайтындар көбейді. Алаяқтармен күресті Nur Otan партиясының жанынан Сыбайлас жемқорлықпен күресетін қоғамдық кеңеспен партиялық бақылау тобы айналысып жатыр. Себебі 90 млрд доллар – орасан зор қаржы. Ал енді сол қаржының көзін тауып, тиісті орнына баруы бұл біздің экономикамыздың жылдам аяққа тұрып кетуіне әсерін тигізеді. Бүгінгі халқымыздың таршылық көріп отырғаны, әсіресе әлеуметтік көмекке мұқтаж халқымыздың еңсесін түсірмей, аштық пен тапшылыққа ұрындырмай, мемлекеттің назарынан тыс қалмайтындай жағдай туғызу – бұл соның төңірегінде айналысып жүрген азаматтардың бүгінгі таңдағы елшілдігін, бауырмалдығын, мемлекеттік қызметке адалдығын көрсетеді.
Елбасы өзінің үндеуінде осы жағдайда ең бастысы тәртіп керек екенін, тәртіп болмай ештеңе оңалмайтынын атап өтті. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзін бекем ұстанғанымыз жөн. Содан кейін барып халқымызға керегі бірлік. Өйткені береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды.