474
Геннадий Шиповских: Экономиканы әртараптандыратын кез келді
Геннадий Шиповских: Экономиканы әртараптандыратын кез келді
– Елбасы мақаласының басты мақсаты – еліміздің бірлігін сақтауға үндеу, халқымызға өзінің рухани қолдауын көрсету. Елбасы өзі айтқандай, әрқашан қиын кезеңдерде шешім шығарар кезде халқымен ақылдасты. Қазір де халықпен бірге екенін және де қолынан келгенін жасайтынын мәлімдеді.
Еліміз енді-енді аяққа тұрып, әлемге танымал бола бастаған кезде Ұлттық қор құрылғанын білеміз. Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ долларын үнемді пайдалана алсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді.
Біз бүгінгі таңда экономиканы әртараптандыру мақсатындағы бағытты ұстануымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешенін, орта және шағын бизнесті дамыту, импортты азайтып, экспортты көбейту, басқа да қаржы көздерін тарту маңызды. Өйткені мұнай бағасы біресе көтеріледі, біресе түседі, тұрақтылық жоқ.
Елбасы өз сөзінде аға буын, зиялы қауым өкілдеріне халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, салауатты өмір салтын ұстануға үндеуге шақырды. Себебі зиялы қауымға қарап біздің жастар бой түзейді, көзқарасы қалыптасады.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша біздің көптеген жастарымыз шетелге барып өзінің білімін шыңдады. Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталғанын білеміз. Құрамындағы жастар – біздің болашақ ел басқарушылар, көшбасшылар. Еліміз тәуелсіздік алғанда өмірге келген сәби бүгінде отызға таяды. Қазақ «отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» дейді. Сондықтан адал еңбегімен халыққа пайдасын тигізіп жүрген жастардың өзін жақсы жағынан көрсетуге, нақты азаматтық, патриоттық позициясын білдіріп, белсенділігін арттыруға мүмкіндік туды және «Мен еліме не беремін?» деген оймен әрекет ететін кезі келді.