700
Көші-қон заңы отбасы тұтастығына қайшы келе ме?
Көші-қон заңы отбасы тұтастығына қайшы келе ме?
Халқымыздың «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидасы қай кезде де өз маңызын жойған емес. Мемлекетті дамытатын, демографиялық ахуалды арттыратын тек қана саламатты және толық отбасы екені баршаға мәлім. Сол себепті алдымен отбасы институтын, отбасы құндылығын, отбасының толықтығын мемлекет тарапынан қолдауға қандай шара қолданды деген мәліметтерге мән берсек.
Айталық, отбасы саясатын қолдауға 2017 жылғы республикалық бюджеттен 149,7 млрд теңге қаржы қарастырылған және ол жыл сайын кемінде 15 пайызға артып келеді. Алайда мемлекет тарапынан бөлген қомақты қаржы көмекке зәру отбасыға дәл жетіп жатыр ма, жергілікті атқарушы билік істі қай деңгейде жүзеге асыруда деген сұрақ туындайды.
Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда некеге тұрған әр үшінші отбасының біреуі ажырасады екен. Мысалы, қазіргі ресми мәліметтерге қарағанда, қалалық жерлердегі ажырасу көрсеткіші 40 пайыз болса, ауылдық жерлерде 27 пайызға жеткен. Соңғы бес жылда еліміздегі тіркелген некенің саны азайып, керісінше ажырасу жиілеген. Бұдан толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40 мыңнан асып отыр.
Еліміздегі әртүрлі әлеуметтік және отбасылық мәселеге байланысты ажыраған жұптардан бөлек, мәжбүрлі жағдайда бөлінген отбасылар бар, олар жайлы не білеміз?
Неге мәжбүрлі? Қазіргідей өркениетті қоғамда отбасынан мәжбүрлі түрде ажырау мүмкін бе? Мүмкін. Әрине, сөзіміз құрғақ шықпас үшін біз нақты кейіпкерлердің қиын да қилы тағдырынан мысал келтірдік. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, мұндай қоғамның жарасын жасырмай, дер кезінде айтып, қалай сауығуға болатынына ел болып «ем» іздеген жөн шығар.
«Мәжбүрлі бөліну» деп отырғанымыз – шетелден көшіп келген қандастардың отбасы мүшелерінен ажырап қалуы. Қазір мұндай мәжбүрлі жағдайда отбасы мүшелерінен бөлініп қалған азаматтар жайлы нақты дерек жоқ. Бірақ кейбір бейресми деректерге қарағанда, еліміз бойынша 300-дей отбасы бар көрінеді. Бұдан бөлек, осы жақтағы отбасынан бөлініп, шетелге депортацияланғандар жайлы естіп, абдырап қалғанымыз бар.
Заң елдің мүддесін қорғай ма, қорлай ма?
БҰҰ-ның халықаралық конвенциясында отбасы құндылығын жоғары қойған. Кез келген әділеттілік салтанат құрған елде ең бірінші сол ел қабылдаған халықаралық заң, одан кейін елдің Конституциясы, құқықтық заңдар, сосын барып Үкіметтің қаулысы мен ведомствоның бұйрығы тұрады. Өкінішке қарай, біздің елде бұл құқықтық жіктелімдердің барлық жағдайда сақтала бермейтіні рас. Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де ондай жағдай кездеседі. Қандастардың отбасынан бөлініп қалуына екі түрлі жағдай себеп. Бірі кейбір отбасы мүшелерінің Қазақстан тарапынан депортациялануы болса, екіншісі отбасы мүшесінің жартысы шетелде қалып қоюы. Әрине, мұның да әртүрлі себептері бар. Елден депортациялау мәселесі жиі талқыланып жүр. Көші-қон туралы жаңадан толықтырылып жетілдірілген заң жобасында бұл бап алынып тасталатын болды деп қандастарымыз қуанды. Себебі бұрынғы заң бойынша қандастардың Қазақстанда жүріп-тұру құжатының мерзімі белгілі себептермен өткен жағдайда айыппұл төлеп, депортацияланатын. – Қазақстанның Көші-қон туралы заңындағы көші-қон заңы бұзылған жағдайда депортациялайтын бап әлі өз күшінде. Бірақ жаңадан жасалған өзертулер мен толықтыруларда бұл бап алынып тасталған. Жаңа заң күшіне енсе, бұл баптан құтыламыз, – дейді заңгер мамандар. Моңғолиядан көшіп келген Нұржайна Құмырзақ есімді азамат тарихи Отанына келген соң, Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққан. Құжаттарының барлығын өткізіп, оралман мәртебесін алған. Енді ықтиярхатқа тапсырып, азаматтық алайын деген кезде Қазақстанда жүріп-тұру құжатының мерзімі бір күн өтіп кетуіне байланысты Павлодар облыстық Көші-қон полициясы Моңғолияға депортациялаған. Жолдасы болса Қазақстанда. Жаңа құрылған бір отбасы осылайша екі елде қалуға мәжбүр. Әрине, заңның аты – заң. Оны орындау – ортақ міндет. Десе де, Халықаралық конвенциядағы отбасы құндылығы, тұтастығы секілді баптарға сүйене отырып, мұндай отбасыларға қарасуға болмас па еді?! Кешірілмейтін қылмыс жасаған болса, тыңшылық етсе, сөз басқа. Отанына келіп, отбасын құрып, еңбек етіп, ұрпақ өрбітіп, елге ел қосып жатса, несі айып?! Мұндай «шаш ал десе бас алатын» баптар отбасы тұтастығының бүлінбеуіне, шаңырақтың шайқалмауына алып келмейтініне кім кепіл?! Әрі-беріден соң заң деген елдің, әрбір азаматтың мүддесін қорғауы тиіс емес пе?Жолдасының жолын тосқан аналар
Газетіміздің №51-52 санында «Күйеуі Қытайда қалған Қарақат Әбдеш құзырлы мекемелерден көмек сұрайды» атты мақала жарияланған болатын. Онда жалғызбасты ана Қарақат Әбдештің тұрмыстық жағдайының қиын екені жазылған. Біз бұл мәселені газетке жазып қана қоймай, Сыртқы істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жазып, көмектесуін де сұраған едік. Ол құзырлы мекемелерден заң шеңберінде жауап та алдық. Онда жұмыспен қамту орталығы Қарақат Әбдеш орталыққа барып, тіркелсе жұмыс тауып беруге көмектесетінін жазған. Алайда қандасымыз Қарақат жұмысқа шығуға бірінші денсаулығы жарамсыз, екінші балаларына қарайтын ешкім жоқ. Ал мемлекет тарапынан жәрдемақы ала алмайды. Себебі түсінікті, Қарақаттың жолдасы Қытай елінде. Олар заңды ажырасқан жоқ және жолдасы аман-есен. Яғни, жалғызбасты ана ретінде жәрдемақы алу үшін ажырасқан немесе жолдасы қайтыс болды деген анықтама беруі қажет. – Мен ҚХР Санжы Хизу автономиялы облысы Манас ауданынан 2019 жылы қараша айында атажұртқа көшіп келдім. Қазір Қазақстан азаматымын. Қызым екеуміз пәтер жалдап тұрамыз. Үйде маска тігіп сатамын. Басқа табыс жоқ. Жұмыспен қамту орталығына бардым. Орысша білмегендіктен мені жұмысқа алмады. Жолдасым Қытайда қалды. Оның келетіні, келмейтіні әлі белгісіз. Қазір жалғызбасты анамын. Елден ешқандай көмек болмай отыр, – дейді Сара Рай. Мұндай мәжбүрлі түрде ажыраған отбасылар, әсіресе Қытай елінен келген қандастар арасында көп десе болады. Қытайдағы ішкі саяси мәселеге байланысты біраз этникалық қазақтар сыртқа шыға алмай қалған. Қазір оның үстіне әлемге жайылған коронавирустың салдарынан карантин жарияланды. Ал елімізде қаншама жалғызбасты ана (отбасы) көмекке зәру. Мұндай аналар ешқандай заңды әлеуметтік топқа жатпайды. Сондықтан олардың нақты санын анықтайтын арнайы комиссия құрылуы қажет. Ал нақтыланғаннан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы қаулы шығарып, әлеуметтік статус берумен қатар қолдау көрсетпесе бұл мәселе күрделене бермек. Елім деп келген ағайынды, жолдасының жолына қарап көзі талған аналарды, жылаған сәбилерді дер кезінде жұбата алмасақ, елдігімізге сын емес пе?! Мұндай жағдайда ана мен баланың құқығы тапталып жатқан жоқ па? Бұл тұралы мамандар не дейді? Бөлініп қалған отбасы мүшелерін қосуға бола ма? Бұл ретте біз білікті ғалым, қоғамдық сарапшы Молдияр Ергебеков пен халықаралық заңгер Әйгерім Құсайынқызының пікірін білдік. Сіз не дейсіз? Молдияр ЕРГЕБЕКОВ, қоғамдық сарапшы:Дамыған елдерде некесі қиылған жұптың шетелдік жұбайына ықтиярхат береді
– Мен 2003 жылы көктемде Түркияда магистратураны бітіріп, дәл сонда докторантураға түсуге бел байладым. Ал докторантураның емтиханы қыркүйек айында еді. Сондықтан да мен мамыр, маусым, шілде, тамыз және қыркүйекті қосқанда 5 ай Түркияда заңсыз түрде қалуыма тура келді. Өйткені Қазақстанға келіп-кетуге ақша болмады әрі сол жерде қалып, емтиханға дайындалу тиімді болды. Қыркүйек айында докторантураға түстім. Қазан айында докторантураға түскенім туралы құжаттарды алып, Көші-қон полициясына көрсетіп, құжатымды реттеп алдым. 1995 жылы қабылданған шетелдіктердің құқығын қорғайтын заң бар. Одан кейін де көптеген өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ол жерде шетелдіктермен қазақстандықтар үйленуге және қазақстандықтардың шетелдіктермен үйленуіне, Қазақстанда тұруына құқылы делінген. Бірақ Қазақстанда тұруға байланысты рұқсат қандай да бір нақты бап қарастырылмаған. Бұл мәселе толықтырылуы керек еді. Жалпы, дамыған елдерде некесі заңды түрде қиылған азаматтар міндетті түрде зайыбын сол елдің азаматы болуы себепті ықтиярхат ала алады. Яғни бұл барлық дамыған елдерде бар тәжірибе. Оның біздегідей елден шығып келуі де керек емес. Күйеуі немесе әйелі сол елдің азаматы болғандығы үшін отбасын бұзбау мақсатында құжаттандырып береді. Сондықтан отбасының белгілі бір мүшесі депортацияланбауы керек. Бұл жерде отбасы құндылығы сақталуы керек. Отбасы – халықаралық құқық бойынша да, жалпыға ортақ этика тұрғысынан да зорлықпен бөлінбеуі тиіс бір бүтін институт. Сол себепті де «сіз біздің елдің азаматы емессіз, ықтиярхатыңыздың уақыты бітіп қалды» деп депортациялауға қандай да бір елдің хақы болмауы керек. Бұл жерде сіздер «тек аналардың құқығы бұзылды» деп қарамаңыздар. Өйткені отбасында бала болатын болса, ол әкесіз немесе анасыз қалады. Сондықтан ең бірінші балалардың және әкелердің, жалпы адам құқығы бұзылып отыр. Тіптен бала болмаған күннің өзінде депортацияламай-ақ, ескерту беруге, айыппұл салуға болар еді. Мысалы үшін Түркияның заңына қараңыз, шетелдік азамат түркиялық азаматпен үйленген кезде Түркия мемлекеті ол шетелдік азаматқа 5 жылға ықтиярхат береді және оның мерзімін 4 рет ұзартып алуға болады. Негізінде 5 жылдан кейін Түркиядан онсыз да сол елдің азаматтығын ала аласың. Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, халықаралық заңгер:Мемлекет азаматтарға түсіністікпен қарап, отбасы құндылығын қорғауы қажет
– БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда № 217 А (III) қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 12, 25 баптарына сәйкес, ал 16-баптың үшінші тармағына сәйкес, «Отбасы қоғамның табиғи және негізгі ұясы болып табылады және қоғам мен мемлекет тарапынан қорғалуға құқылы». 1966 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық фактінің 17-бабына сәйкес, «Әрбір адам жеке және отбасылық өмiрiне өзгелердiң өз бетінше, немесе заңсыз араласуынан, өз бетінше немесе заңсыз озбырлық жасап, баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғылуынан, ар-намысы мен абырой-беделiне нұқсан келтiрiлуiнен қорғалуы тиiс». Халықаралық еңбек ұйымының N143 конвенциясы барлық еңбекші-мигранттардың және олардың отбасы мүшелерінің құқығын қорғау туралы Халықаралық конвенция да еңбекші-мигранттар отбасыларының қайта қосылуына жәрдемдесу жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін көздейді. Қазақстан бұл заңдардың барлығына қол қойған және оларды орындауға міндетті. Бірақ Қазақстанның ұлттық заңнамасына сәйкес, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 2-бабына сәйкес, «Азаматтардың неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарындағы құқығы тек заң негізінде және бұл тек конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқығы мен бостандығын, халықтың денсаулығы мен адамгершілік құндылықтарын қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, сол шамада шектелуi мүмкiн» делінген. «Бірі шетелдік азамат, бірі Қазақстан азаматы болған жағдайда және олар Қазақстанда жүріп-тұру мерзімін, визаның уақытын өткізіп алған жағдайда отбасының бұзылуына әкеле ме, депортациялау дұрыс па?» дегенге айтарым: әрине құқық қорғаушы ретінде мұндай бапты қолдамаймын. Бірақ еуропа елдерінің заңдарына қараңыз. Егер сіз Көші-қон заңын бұзсаңыз, отбасылы екеніңізге қарамайды. Кез келген мемлекет ұлттық саясатты және ұлттық қауіпсіздігін жоғары қояды. Сол себепті де отбасының жауапкершілігі жеке азаматқа беріледі. Алайда қазір мемлекеттер заңға гуманизация бағытында өзгерістер мен толықтырулар енгізуде. Қазақстанда адам өмірін жақсарту жағын көздеу керек. Қазақстанның Көші-қон туралы заңында дәл осындай жағдай, яғни отбасы мүшелерінің жүріп-тұру мерзімін өткізіп алған жағдайда бірден депортацияламай, бірінші ескерту, екінші айыппұл, одан кейін айыппұл мөлшерін көбейту секілді жеңілдетілген тәсілге жүгінеді деп ойлаймын. Жеке азамат ретінде, депортациялау және қандастарымыздың отбасы мүшелерінен бөлініп қалуына қарсымын. Себебі бөлініп қалған отбасы мүшелері психологиялық, моральдық зардап шегеді және отбасының күйреуіне себеп болуы мүмкін. Мемлекет отбасыларға қатал тәртіппен емес, түсіністікпен қарап, ең бастысы отбасы құндылығын, балалардың құқығын қорғауы керек. Сондықтан да бұл саладағы заңға өзгерістер мен толықтырулар қажет. Болашақта бұл заңнамалар жақсы бағытқа қарай өзгереді деген сенімдемін.Бақытбек ҚАДЫР