264
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Өмірдегі басты нәрсе – өз отаныңа адалдық
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Өмірдегі басты нәрсе – өз отаныңа адалдық
Өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің батыс өңірлерін аралады. Жұмыс сапары барысында Президент Орал қаласында өткен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біздің күшіміз – бірлікте!» атты форумы мен елдің жігерлі жастарын Ақтөбе төріне жинаған «Жастық! Жігер! Еңбек!» республикалық жастар форумына қатысты.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біздің күшіміз – бірлікте!» республикалық форумына 3000-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым, жастар бар. Елбасы форум қатысушыларына арнаған сөзінде бүгінде еліміз бойынша 962 этномәдени бірлестік жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті.
– Осының бәрі барлық азаматтар үшін Қазақстанның туған үйіндей болып саналатынын айғақтайды. ХХ ғасыр баршаға, соның ішінде Қазақстан жерінде пана тапқан қоныс аударушылар мен күштеп жер аударылғандарға қиын тиді. Былтыр жыл бойы аталып өткен Ассамблеяның 20 жылдығы біртұтас Отанымыздың және балаларымыздың болашағын Қазақстан халқы бірге қалыптастырып жатқанын көрсетті. Бірге өмір сүре отырып, біз бір-бірімізді рухани тұрғыдан байыта түсеміз. Біздің халқымыз татулық пен келісімнің бірегей саясатымен, достық негіздегі көршілестікке бейімдігімен, тұрақтылық пен тыныштыққа ұмтылысымен мақтана алады, – деді Қазақстан Президенті.
Осы орайда, 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында барлық өңірлерде ел бірлігін танытып, тату-тәтті тірлігін көрсететін шаралар бірлігіміз бен ынтымағымызды арттыра түскенін атап өткен жөн. Қазақстанда биыл алғаш рет атап өтілген Алғыс айту күні де ұлттар мен ұлыстардың достығы – «Мәңгілік елге» айналудың негізгі алғышарты екенін тағы бір мәрте ұқтырды. Өзге ұлт өкілдері кезінде өздерін құшақ жайып қарсы алғаны үшін қазақ халқына ризашылығын білдірсе, қазақ та қазіргі тыныштық салтанат құрып отырған бейбіт өміріміз үшін бауырлас халықтарға алғысын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 100-ден аса этнос пен 17 конфессия өкілдерінің жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған заманауи әрі қауіпсіз ортақ шаңыраққа айналуын Қазақстанның стратегиялық артықшылығы деп атады:
– Олар ана тілі мен тарихын оқиды, өз діндерін ұстанады, ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтайды. Біздің газет-журналдарымыз 15 тілде шығады, ал театрларымыз 7 тілде сөйлейді. Барлық облыста кіші Ассамблеялар тиімді жұмыс істейді. Қазақстандықтардың татулығы мен келісімі – қоғамды ұйыстырушы күш. Көпұлттылық елдің стратегиялық артықшылығы екенін біз іс жүзінде дәлелдедік. Ассамблеяның жастармен жұмысқа көбірек көңіл бөле бастағаны өте маңызды. Нақ осы жастарға өмірлік айқын бағдар беру керек, оларды күмәнді идеялардың ықпалынан қорғау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Форум барысында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы да сөз болды. Елбасымыз Орал қаласын еліміздің жарқыраған жақұтына теңеді. «Батыс Қазақстан облысы Еуропа мен Азия арасын байланыстырушы өңір ретінде біздің экономикамызда әрдайым маңызды рөл атқарып келеді. Өңір орасан зор транзиттік әлеуетке ие, біз оны дамыта түсетін боламыз. Бүкіл Қазақстандағы сияқты мұнда дағдарысқа қарсы жұмыс жақсы жүріп жатқанын көріп отырмын. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық жағдайында облыс әлеуметтік маңызы бар 33 тауардың 24 түрін өндіріп отыр. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында 32 жоба жүзеге асырылып, 2 мың жұмыс орны ашылды. Сіздердің өңірлеріңізде Орал трансформатор зауыты, «Квант» жиһаз фабрикасы, «Батыс Марка Ламб» ет өңдеу кәсіпорны сияқты ірі кәсіпорындар бар. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тағы 40 жоба жүзеге асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан халқы Ассамблеясының және оның жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшыларының сөзімен жалғасын тапқан шара этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертімен қорытындыланды.
Мемлекет басшысының жұмыс сапары әрі қарай Ақтөбе облысына ұласты. Нұрсұлтан Назарбаев әуелі облыс орталығындағы «Ақтөбе жылыжай» ЖШС жылыжай кешеніне атбасын тіреп, көкөніс өсіру технологиясымен танысты. Мамандар Елбасына Ауыл шаруашылығын дамытудың өңірдегі негізгі бағыттары, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар, облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен әңгімелесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев ғылыми тәсілдерді қолданудың маңыздылығына тоқталып, ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін арттыру қажеттігін айтты. Өндірушілерді мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге және озық халықаралық тәжірибелерді игеруге шақырды.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Ақтөбе мұнай жабдықтары зауытында да болды. Бұл – елдегі мұнай кәсіпшілігіне арналған кешенді жабдықтар шығаратын мамандандырылған машина жасау кәсіпорнының бірі. Қазақстанда насос штангаларын шығаратын бірден-бір зауыт саналатын кәсіпорын ел нарығының 80 пайыздан астамын қамтамасыз етеді және Өзбекстан мұнай компанияларына жабдықтар жеткізеді. Зауыт қызметкерлері Президентке зауыттың жаңа өнім үлгілерін көрсетіп, мұнай жабдықтарын шығарудың технологиялық үдерісін таныстырды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысын көзімен көрген Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы кәсіпорындарда жұмыс орындарын сақтаудың, өндірістік үдеріске инновациялар енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Елбасының Ақтөбе облысына сапарының мән-маңызын арттыра түскен шара – «Жастық! Жігер! Еңбек!» атты республикалық жастар форумы. Іс-шараға елдің барлық өңірінен үш мыңдай жас қатысып, «Гүлдене бер, туған ел!» жалпыұлттық марафон-эстафетасының басталғанын салтанатты түрде мәлімдеді. Мемлекет басшысы Ақтөбе төріне ел үміт артқан ең талапшыл жастар жиналғанын айтып, жастардың жігерін арттырды, мәртебесін асқақтатты.
– XXI ғасырды біз жаһандық сын-қатерлер дәуірі ғана емес, жас, қуатты және талантты адамдардың дәуірі деп те атаймыз. Қазақстанда бүгінде әрбір төртінші азамат – жас ұрпақтың өкілі. Мені сіздердің білімдеріңіз, шетел тілдерін игергендеріңіз, инновацияға ашық болуға талпыныстарыңыз қуантады. Араларыңызда ақылы мен білімі қазірдің өзінде Отанымызға пайдасын тигізіп жатқан жастар аз емес. Әлем жұрты көп ұзамай жаңа қазақстандық ғалымдар, дәрігерлер, инженерлер, музыканттар мен спортшылар туралы естіп-білетініне сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент жастарды жаңа заман ұсынып отырған мүмкіндіктерді барынша пайдалануға шақырды: «Біз заманауи білім беру жүйесін, зияткерлік мектептер, Астанада халықаралық университет аштық. Жыл сайын мыңдаған студентті әлемнің үздік университеттеріне жібереміз. Өмірдегі ең басты нәрсе – білім, жоғары кәсібилік және өз Отаныңа адалдық, мен сіздерді осыны есте ұстауға шақырамын. Сіздерде зор күш-қуат пен шығармашылық әлеует бар. Осының бәрін өмірлеріңіздегі ең басты мақсатқа жетуге бағыттаңыздар!».
Мемлекет ел жастарының әлеуетін дамытуға қажетті жағдайдың бәрін жасауда. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жастарды қолдауға бағытталған нақты шаралар қарастырылса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел» жобалары жарты миллионнан астам қазақстандық жасты қамтыды. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында жас отбасыларға 3,5 мыңнан астам пәтер берілгенін айтпай кетуге болмас. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалмақ емес. 2017 жылдан бастап әрбір орта мектеп түлегі мемлекет есебінен алғашқы мамандығын меңгеріп шығатыны да – еліміздің жаһандық дағдарысқа қарамастан жастарды ынталандыруға, еңбек адамын қолдауға айрықша назар аударып отырғандығының белгісі. Сондықтан жастар өздеріне артылған жауапкершілікті сезіне білуі керек. Елбасы елімізде қолға алынып жатқан инновациялық жобалардың болашағы өскелең буынның еншісінде екенін баса айтты.
– Сіздердің тың идеяларыңыз бен жастық жігерлеріңізді қажет ететін жүздеген, мыңдаған жұмыстар бар. 200 мыңдық сарбазы бар «Жасыл ел» акциясы нағыз ерлік болды, олар 10 жылда 115 мың гектар аумақта 50 миллион ағаш отырғызды. Осы игі миссияны жалғастырып, Қазақстанды жасыл әрі болашақ ұрпақ үшін таза өлкеге айналдыру керек. Сіздер Универсиада мен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу ісіне белсене қатысатындарыңызға сенімдімін. Осының бәрі сіздер үшін, сіздердің болашақтарыңыз бен еліміздің болашағы үшін жасалуда. Жастарымыз мемлекет қамқорлығына үздік оқумен, спорттағы және шығармашылықтағы табыстарымен, Отанына қызмет етуімен жауап береді деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елдің келешегі – жалынды жастардың асқақ арманы, биік мұраты барда Қазақстанның қуаты кемімесі кәміл.