Жұмысы тоқтағанмен, кірісі тоқтаған жоқ  

Жұмысы тоқтағанмен, кірісі тоқтаған жоқ  

Жұмысы тоқтағанмен,  кірісі тоқтаған жоқ   
ашық дереккөзі
326
Елімізде төтенше жағдай режиміне байланысты та­бы­сынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем төңі­регінде шу әлі де басылар емес. Бүгінде 42 500 теңгені алуға 4,5 миллионнан астам адамнан өтініш түскен. 14 сәуір­дегі дерек бойынша, әлеуметтік төлем 2,3 миллионға жуық аза­матқа тағайындалды.  Қалған өтініштер қаралуда. Әуелде Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі өті­ніштер 3 күн ішінде қарала­ты­нын айтқан еді. Алайда жол­данған өтініштердің тым көптігі әрі кейбірінің бірнеше қай­тара жіберілуі мамандардың қолын байлап, әлеуметтік тө­лем та­ғайын­дау мерзімін кешіктіруде. Қаншама күннен бері 42 500 тең­гені сарыла күтіп отырғанда­рын айтып шағым­дан­ған аза­мат­тардан кешірім сұраған ми­нистр Біржан Нұрымбетов мән-жайды түсіндірді. «Әлеуметтік төлемдер неге кешігіп жатыр деген сұрақтар туын­дауда. «Мен бір апта бұрын бер­­генмін», «4-5 күн өтіп кетті» де­­­­гендер көп. Бұл ретте мен сіз­дер­дің алдарыңызда министр ре­тінде кешірім сұраймын. Біз осы күндері үлгермедік. Оның бір­неше себебі бар. Біріншіден, біз өзімізге 3 күн белгіледік. Бі­рақ одан да көбірек уақыт қажет еді. 42 500 теңге бюджеттен емес, мемлекеттік сақтандыру қоры­нан төленеді. Сол қор ақша бере­ді, сол қор әлеуметтік төлем та­ғайын­дайды. Ол бөлек мекеме», – деді министр. Біржан Нұрымбетовтің ай­туын­ша, елімізде бүкіл төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» кор­порациясы арқылы банктер­ге жіберіледі. Ал банктер азамат­тар­дың есепшоттарына аудар­а­ды. Ал өтінішті қабылдап жатқан Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі оларды тек­середі. Яғни, табысынан айы­рыл­ған аза­маттарды мемлекеттік көмекпен толық қамту ісіне үш ме­кеменің қызметкерлері жұ­мыл­дырылған.

 Жәрдемақы кімдерге беріледі?

Әлеуметтік төлемнің тағайындалу талаптары құзырлы органдар тара­пынан жіті  түсіндіріліп, ақпарат құрал­дарында сан мәрте айтылса да, оның ай­на­ласында әлі де сұрақ толастар емес. Онлайн брифингте министр жиі қойылатын сауал­дарға жауап берді. Біржан Нұрымбетов бұл әлеуметтік төлем ресми және бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдай жа­риялануына байланысты жұмысы шек­телген, табысынан айырылған адамдарға та­ғайындалатынын еске салды. Олар кім­дер? Бірінші, жалдамалы қызметкерлер. Бұл – шағын және орта бизнесте жұ­мыс істеген азаматтар. Егер оларды мәж­бүр­лі түрде жұмыстан қысқартып немесе ақы­сыз еңбек демалысына жіберсе, мін­детті түрде мемлекет тарапынан әлеуметтік тө­лем алады. Олардың қатарына ком­мер­циялық емес ұйымдардың ақысыз дема­лыс­қа кеткен жұмысшылары да кіреді. Екінші, өз бетінше жұмыс істеген же­ке тұлғалар. Яғни, ресми және бей­ресми жұмыс істейтіндер. Ресми деп отыр­ғанымыз – жеке кәсіпкерлер. Оған адвокат, но­­тариус, сот орындаушы, медиаторлар, аза­маттық құқықта жұмыс істеп жүрген фри­лансерлер жатады. Олар төтенше жағ­дайға дейін тиісті әлеуметтік жарна аудар­са, 42 500 теңге ала алады. Ал бейресми жұм­ыс істейтіндер – күнделікті табыспен от­басын асырап жүргендер. Олар бұған дейін бірде-бір рет салық, әлеуметтік, зей­нетақы төлем аудармаған болуы мүм­кін. Сондықтан мұндай азаматтар қоғамдағы мәртебесін рәсімдеуі керек. Мәртебені рә­сімдеу дегеніміз – бірыңғай жиынтық тө­лем (БЖТ) төлеу деген сөз. Оның мөлшері қала үшін 1 АЕК мөлшеріне тең, ал ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК. Яғни, сәйкесінше, 2 651 теңге және 1 325 теңгені құрайды. Атал­ған төлемді төлегеннен кейін ғана бей­рес­ми жұмыс істеп жүрген азаматтар мем­лекеттік жәрдемақыға өтініш бере ала­ды. Төтенше жағ­­­­дай ре­жи­мі­нің жа­рия­лануы­на байланысты жұмы­сы тоқ­тап, табы­сы­нан айырылған­дар­дың бірі – Алматы қа­ласының тұр­ғы­ны Аягөз Абай. Карантин жария­лан­­ғанға дейін қаладағы тігін шебер­хана­ларының бірінде тігінші болып жұмыс істеген оны басшысы ақысыз ең­бек дема­лысына жіберуге мәжбүр бол­ған. Бейресми жұмыс болғандықтан, бұған дейін мем­ле­кетке салық, әлеуметтік, зей­нетақы төлем­дері аударылмапты. Сон­дықтан біріңғай жинақтық төлемді төлеп,  мемлекеттік жәрдемақы алуға өтініш бер­ген. «Жұмысымыз тоқтайтынын естігенде әрі-сәрі күйге түстік. Осы жұмыстан басқа табыс көзім болмағандықтан әрі күрделі ке­зеңнің қанша уақытқа созылатынын біл­мегендіктен сары уайымға салындым. Пә­терақы төлеу керек, күнделікті ас-суы­мыз бар дегендей. Табысынан айырыл­ған­дарға әлеуметтік төлем тағайындалатынын естігенде, жұмыстағы әріптестеріммен бірге қатты қуандық.  42500.enbek.kz пор­талы арқылы 42 500 теңге алуға өтініш жі­бердік. Бастапқыда бізге төленбей қалар ма екен деген күдік болған. Бірақ көп ұза­май, әлеуметтік төлем тағайындалғаны жө­нінде хабарлама келді. Жәрдемақы бар қа­жетімізді өтей алмаса да, айтарлықтай кө­мек болды. Мемлекеттің қамқорлығын сезін­дік. Үкімет бізді қиын жағдайда қал­дырмайтынына көзіміз жетті», – дейді Аягөз Абай.

Декреттегі аналар әлеуметтік төлемге өтініш бере ала ма?

Бала күтіміне байланысты үйде отыр­­ған аналарға баласы бір жасқа тол­ғанша жәрдемақы төленетіні белгілі. Сон­дықтан олар 42 500 теңге ала алмайды. Алай­да үйде отырғанына бір жылдан асып кеткен аналардың төтенше жағдай кезінде жұ­мысына қайта оралуға мүмкіндігі жоқ. Осыған орай  мемлекет оларға да бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы жәрдемақы алуға жағдай жасады. Үш баланың ана­сы Жа­дыра Сәбит­қы­зы 2018 жылы бала күтіміне бай­ланыс­ты демалысқа шық­қан. Бала­лар­дың тәр­­биесімен айна­лысу үшін жұмысқа шығуға асықпаған ке­ліншек өткен жылдан бері түрлі тәттілер пі­сіріп, қолөнер бұйымдарын жасап, үйде отыр­ып табыс тапқан. Төтенше жағдай режиміне байланысты тапсырыстан қағылған ана көппен бірге өтініш беріп, мем­лекеттік жәрдемақыға ілінді. «Бастапқыда декреттегі аналар жәрде­мақы алмайды дегенді естіп, көңіліміз түс­кен. Кейіннен декретте отырғанына бір жыл­дан асқан аналар да  әлеуметтік тө­лем­ге өтініш бере алады деп хабарланды. БЖТ тө­леп, өтініш жібердім.  Үш күннен соң ха­бар­лама келді. Отбасымызбен қатты қуан­дық. Балаларымыздың несібесі шығар. Қауіпті індет өршіп тұрған шақта тұр­ғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жәрдемақыны үйде отырып-ақ рәсімдеуге мүмкіндік жасады. Құжат жинап сенделген жоқпыз. Тіпті, есепшоты жоқтарға банктер онлайн қызметтер ұсынып, жай күндері күрделі боп көрінетін шаруаларды аз  уақытта оңтайландырды. Өз кезегімізде біз де карантин талаптарын бұлжытпай орындап, құзырлы орган­дар­дың ескертулеріне құлақ асқанымыз жөн. Мұның бәрі біздің қауіпсіздігіміз үшін жа­салып жатқанын ұқсақ екен», – дейді Жадыра Сәбитқызы. Бір айта кетерлігі, бала күтімімен үй­де отырған мемлекеттік қызмет­тегі әйелдерге 42 500 теңге берілмейді. Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау ми­­нисті Біржан Нұрымбетов олардың мә­се­лесі бөлек қарастырылып жатқанын жет­кізді. «Төтенше жағдайға байланысты мем­ле­кеттік органдардың, қызметтердің жұ­мысы шектелген. Сондықтан біріншіден, Президенттің тапсырмасы бойынша 80, тіп­ті 100 пайызға дейін қашықтан жұмыс іс­теп жатыр. Екіншіден, декретте отырған ана­лар БЖТ төлей алмайды. Себебі мем­лекеттік қызметкерлер кәсіпкерлікпен ай­налыса алмайды, заңмен тыйым салын­ған. Мұндай жағдайда декретте отырған мемлекеттік қызметшілер қайтадан жұ­мыс­қа шыға алады. Яғни, мемлекеттік ор­ган оларды қайтадан қашықтан жұмыс іс­теуге алып, жалақы төлеуі қажет. Біз бар­лық мемлекеттік органдарға «бала күтіміне бай­ланысты үйде отырған әйелдердің жағ­дайын шешіңіздер»  деп хат жолдадық», – деді ведомство басшысы.

Зейнетақы, жәрдемақы алатындарға 42 500 теңге беріле ме?

Төтенше жағдайға дейін жұмыс іс­те­ме­ген зейнеткерлер мен мемлекет­тік жәрдемақы алушылар әлеуметтік төлем алмайды. Онлан брифингте осы санаттағы азаматтардың бірі қойған сауалға жауап берген министр: «Сіздерге мемлекеттің та­ра­пынан ай сайын зейнетақы мен мем­лекеттік жәрдемақы төленіп келеді. Олар төтенше жағдайға байланысты тоқтаған жоқ. Қайта мөлшері артып жатыр, индек­са­ция жасалды. Оны мамыр айында көбей­ген мөлшерде аласыздар. Сондықтан сіздер бұл төлемге ие бола алмайсыздар», – деп тү­сіндірді. Алайда зейнеткер немесе мем­ле­кет­тік жәрдемақы алып жүрген азамат  тө­тенше жағдайға дейін ресми түрде жұ­мыс істеген болса, министрлік оны ес­ке­реді. «Егер төтенше жағдайға дейін бірыңғай жиын­тық төлемін төлеп қойған болсаңыз, қо­сымша ештеңе төлеудің қажеті жоқ. Өті­ніш берсеңіз, біз оны көреміз. Жұмыс істе­ге­ніңіз расталып тұрса, жасыңызға, жәр­демақы алып жатқаныңызға қарамай тө­лемді береміз. Ал төтенше жағдайға дейін рес­ми түрде жұмыс істемесеңіз, бірыңғай жиын­тық төлемін төлеп әуре болмаңыз­дар», – деді Біржан Нұрымбетов. Министр атаулы әлеуметтік көмек алу­шылар да еш кедергісіз 42 500 тең­геге өтініш бере алатынын айтты. Егер мұн­дай азаматтар төтенше жағдайға дейін рес­ми, бейресми жұмыс істеп, режимге бай­ланысты кірісінен айырылса, онда әлеу­­­меттік төлем алуға құқылы. Егер бей­рес­ми жұмыс істеген болса, өтініш берер алдында бірыңғай жиынтық төлем төлеуі қажет.

Табысынан айырылған студенттердің мәселесі қалай шешіледі?

 width= Елімізде студенттердің көбі оқудан бө­лек, жұмыс істейтіні белгілі. Ата-ана­сына салмақ салғысы келмейтіндер шә­кіртақыға қоса қосымша табыс тауып, өз шығынын өзі жабуға ұмтылады. Олар­дың көпшілігі әдетте шағын және орта биз­нес кәсіпорындарында жалданып іс­тей­ді. Бірі сатушы, бірі даяшы болып табыс та­бады. Төтенше жағдай режиміне байла­ныс­ты мұндай кәсіп иелерінің көпшілігі ақы­сыз демалысқа жіберілді. Кейбірі тіпті жұ­мысынан босатылды. Сондықтан шә­кіртақы алатыны-алмайтынына қара­мас­тан, студенттерге де жәрдемақы тағайын­далады. «Төтенше жағдайға байланысты 42 500 тең­ге төлем беруде студенттер деген санат жоқ. Олар – еліміздің кәмелет жасқа тол­ған азаматтары. Еңбек заңы бойынша 16 жас­тан бастап жұмыс істеуге болады. Сту­денттер шәкіртақы ала ма, алмай ма, оған қа­ра­мастан олардың жұмыс істеуіне еш­қан­дай кедергі жоқ. Ондай шектеу қойыл­майды. Сондықтан көп студент жастар оқу процесіне кедергі келтірмейтін уақытта жұмыс істейді. Оның ішінде ресми немесе бей­ресми жұмыс істейтіндері бар. Сонд­ық­тан студенттердің өтініші де жалпы бар­лық азаматтарға ортақ талаппен қара­ла­ды», –  деді министр. Әлеуметтік тө­­лем алған сту­­денттің бірі – Қаз­ҰУ-дың 4-курс бі­­лімгері Бексұл­тан Бауыржан. Са­бақтан тыс уа­қыт­та канцеляриялық тауарлар дүке­нінде сатушы болып істе­ген студент бір айдан бері табыссыз қалған. «Біздің топтағы студенттердің көп­ші­лі­гі сабақтан бос уақытта жұмыс істейді. Ақы­лы бөлімде оқитындар арасында оқуының ақысын құю үшін демалыссыз  ең­бектенетіндер бар. Өзім мемлекеттік грант арқылы оқуға түскем, шәкіртақы алам. Бірақ шәкіртақы барлық шығыныма жет­пейді. Өз қажеттіліктерімнен бөлек, ата-анама көмектескім келеді. Сондықтан 3-курстан бері бейресми жұмыс істеп ке­лемін. Қатерлі індет елімізге жетіп, төтенше жағ­дай режимі жарияланғанда көппен бір­ге біздің дүкен де жұмысын тоқтатты. Таб­ысымнан айырылғаным рас болса да, жәр­демақыға өтініш беруге асықпадым. Өйткені шәкіртақым кедергі болатын шы­ғар деп ойладым. Кейін мән-жайды түсін­ген­нен кейін ғана БЖТ төлеп, өтініш бер­дім. Мынандай күрделі уақытта кірісінен айы­рылғандар басқа жұмыс іздесе де, таба алуы екіталай. Ақпараттық технологияның ті­лін білетіндер бір амалын табар, алайда өмір бойы физикалық еңбекпен шұғыл­да­нып келе жатқан, қашықтан жұмыс істеп көрмеген үлкен кісілерге қиын. Әзірге ін­деттің ауыздықталғанын күткеннен басқа амал жоқ. Шарасыз шақта мемлекет та­ғайын­даған жәрдемақы көп отбасының көңіліне медеу, тұрмысына көмек болды», – дейді Бексұлтан Бауыржан.

«Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы»

Жоғарыда әлеуметтік төлем алуға 5 миллионға жуық өтініш түскенін айттық. Олардың арасында мемлекеттің қолдауына мұқтаж азаматтар ғана емес, қара бастың қамын ойлайтын ынсапсыздар да бар екен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетовтің ай­туын­ша, айына 500 мың, 1 млн теңге табыс таб­а­тындар да 42 500 теңге алуға өтініш берген.  Ең сорақысы, қайтыс болған аза­маттардың атынан өтініш жолдауға арланбағандар да бар. Мейлі, өтініш берсін делік, деректер базасы арқылы олардың заңсыз әрекеті бәрібір әшкере болатыны анық. Десе де, оңай олжаға кенелгісі ке­ле­тіндердің ашкөздігі қиындыққа тап болған азаматтардың қамы үшін таңнан кешке дейін жұмыс істеп жатқан мамандардың уақытын ұрлайтыны өкінішті. Қисынды-қисынсыз жолданған өтініштердің көптігі мемлекеттік органдардың онсыз да маша­қа­ты көп жұмысын қиындата түседі. Сал­да­рынан мемлекеттің көмегіне шын мұқ­таж­дар жәрдемақыны сарыла күтіп қалды. «Екінші жұмыста істеп, тұрақты жала­қы алып жүрген, оның ішінде мемлекеттік қыз­метте жүрген азаматтар арасында да өті­ніш бергендер бар. Бұған қоса, зей­нетақы, жәрдемақы алып жүргендер, тө­тен­ше жағдайға дейін жұмыс істемегендер, табыстарын жоғалтпай, қайта табыстары артып жатқан кісілер бар. Біз мұның бәрін тексеріп жатырмыз. 500 мыңнан астам адам осындай өтініш берді. Одан кейін «біз ресми мекемеде жұмыс істедік, жеке кә­сіпкерлікпен айналыстық, салық, бірыңғай жиынтық төлем төледік» деп өтініш бер­гендер бар. Бірақ тексеріс кезінде олардан соңғы 12 айда бірде-бір төлем түспегені анықталды. Миллионнан астам адам осын­дай өтініш берген. Өкінішке қарай, қайтыс болған адамдардың атынан, шетелде тұра­тын, Қазақстан азаматтығынан айырыл­ғандардың атынан да берілген өтініштер кездесті. 378 адамның атынан осындай өтініштер түсті. Заңсыздыққа жол бермеу үшін біз 4 миллион 900 мың өтініштің бәрін ақпарат жүйелері арқылы тексеріп шығуымыз керек. Соған көп уақыт кетіп, жұ­мысымыз кешеуілдеп жатыр», – деді Біржан Нұрымбетов. Елбасы «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында: «Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпба­лалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек. Халқымыздың бойындағы ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді», – деді. Адамгершілік деген ұғымның әлі де салмағы бары рас бол­са, қазақтың жанашырлық деген әдемі сөзінде қасиет қалған болса, қара бастың қамын ойлайтын эгоны қоя тұрайық. Дәл қазір өзгелердің игілігі үшін жасайтын ең ізгі ісіміз сол болмақ.   Мұхамедияр ДҮЙСЕНҒАЛИ, заңгер:

Жәрдемақы «жыры» халықтың цифрлық сауаттылығы төмен екенін аңғартты

– Қазір дағдарысқа тап болмаған мем­­­­лекет кемде-кем. Ақпарат құрал­дары арқылы қай ел тығырықтан шығу үшін қандай амал жасауда, тұрғын­да­ры­ның әлеуметтік мәселесін қалай ше­шіп жа­тыр екен деп бақылап оты­ра­мын. Бай­қа­ғаным, Қазақстан сияқты тұр­ғын­дарының денсаулығы мен әлеу­меттік жағдайын қатар ойлаған мем­ле­кет көп емес. Біздің ел індеттің та­ралуын шектеу шараларын дер кезінде қол­ға алып қана қоймай, қиындыққа тап болған аз­а­маттарын материалдық тұр­ғыдан қол­дау­ды да жедел қолға ал­ды. 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік тө­леммен бастапқыда 1,5 млн адам қам­тылады деген болатын, кейіннен 3 млн адамға беру туралы шешім шығарылды. Бар­лығы жіті түсіндірілді. Десе де, жәр­демақы «жыры» ел тұрғындарының цифрлық, қаржылық сауаттылығы тө­мен екенін көрсетті. Қалада тұратын, ин­тернетті күнделікті пайдаланып жүр­ген азаматтардың өзі банктердің онлайн қыз­метін пайдалануды білмейтін болып шық­ты. Өз есепшотының нөмірін қай­дан алу керегін, бірыңғай жиынтық тө­лемді қайда төлеу керегін білмей сан­дал­ғандар көп. Шалғай елді мекендерде тұратын, интернетке қолы жете бер­мей­тін кісілердің жағдайы айтпаса да тү­сі­нікті. Ел арасында «42 500 теңге қай қаже­тіміз­ді өтей алады?», «Неге жәрдемақыны ел­дің барлық тұрғынына үлестіріп бер­меске?» деген сүреңсіз сөз көп. Бірін­ші­ден, ел тұрғындарының барлығы бірдей тұрақты табысынан айырылған жоқ. Қа­шықтан жұмыс істеуге көшірілгендер еңбекақыларын толық алып жатыр. Мем­лекеттік қызметте істейтін азамат­тардың жұмыс орны сақтаулы, табысына да қауіп төнген жоқ. Әлеуметтік төлем төтенше жағдайға байланысты кірісінен айырылған азаматтарға бағытталғанын ұғуымыз қажет. Әрине, 42 500 теңге аза­мат­тардың бір айдағы қажеттіліктеріне то­лық жетеді дей алмаймын. Дегенмен бұл ойдан шығарылған сома емес. 42 500 теңге – еліміздегі ең төменгі жалақы мөл­шері. Ел басына қиын-қыстау күн туған­да, әр отбасы өз шығындарын ба­рын­ша азайтып, берілген жәрдемақыны ең негізгі қажеттіліктерін өтеуге жұм­са­ғандары дұрыс. Үкімет алдағы уақытта әлеу­меттік міндеттемелерін толық орын­дайтынын, зейнетақы мен жәр­демақыға 10 пайыз үстеме қосылатынын айтты. Жылдың екінші жартысында жағ­дай түзелмесе, Үкімет тағы да ин­дексация жүргізуі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары