256
Нью-Йорк қаласында түркілер бас қосты
Нью-Йорк қаласында түркілер бас қосты
Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар ұйымының штаб-пәтерінде Түркі Академиясының ұйымдастыруымен, «2030 Жоспары үшін Жібек жолы бойындағы синергия» атты халықаралық симпозиум өткізілді.
Симпозиумның ашылу салтанатында ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың симпозиум қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Аталған құжатта Мемлекет басшысы шараның маңыздылығына тоқталған: «Құрметті Симпозиумға қатысушылар! Таяуда қабылданған «Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бағдарламасы» бейбітшілікті, адамзаттың өсіп-өркендеуін, қоршаған ортаны қорғауды мақсат еткен және кедейлікті түбегейлі жоюды көздейтін міндеттерді қамтиды. Адамзаттың ортақ мүддесі үшін Қазақстан да өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Біз азаттықтың алғашқы жылдарынан бері ядролық қару-жарақтан бас тартып, қауіпсіздік мәселелері бойынша көптеген бастамалар көтердік. Қазіргі алмағайып кезеңде әлемнің кейбір өңірлерінде терроризм мен экстремизмнің белең алғаны баршаға белгілі. Сондықтан адамзатқа төнген жаңа қауіп-қатерлердің алдын алу, оған бірлесіп қарсы тұру – баршаға ортақ міндет. Бұл орайда қоғамдық ұйымдар мен ғалымдар, сарапшылар мен мамандар күш жұмылдыруға тиіс. Осы ретте Біріккен Ұлттар Ұйымында Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырып отырған алқалы басқосу өркениеттер мен халықтар арасындағы келісімді, өзара сенімділікті одан әрі арттыра түседі деп сенемін. Симпозиум жұмысына табыс тілеймін!».
Симпозиумға жиналған қауым «Жібек жолында және одан тысқары аймақтарда әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту; трансұлттық қауіп-қатер мен экстремизмге қарсы әрекет ету» және «Жібек жолын қайта жаңғырта отырып, мәдениеттерді жақындастыру арқылы тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру» тақырыбын қаузады. Шараның соңына қарай Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Нобель сыйлығының иегері Әзиз Санжарға, әлемдік деңгейдегі тарихшы әрі түрколог Кемал Карпатқа Түркі Академиясының Алтын алқасын табыстады.
Кең ауқымды қамтыған алқалы жиынға БҰҰ-ның жауапты тұлғалары, дипломаттар, танымал ғалымдар, халықаралық ұйым басшылары мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Симпозиумды ұйымдастыруға Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) мен Түркия Премьер-министрі жанындағы Шет елдегі түріктер және туыс халықтар жөніндегі Басқарма қолдау көрсеткен.
Нәзия Жоямергенқызы