279
Қиын кезде қамқорлықтан шет қалмады
Қиын кезде қамқорлықтан шет қалмады
Дүниежүзін шарпыған COVID-19 вирусының кесірінен бейбіт өмірдің ырғағы бұзылды. Індеттің алдын алуға байланысты барлық жерлерде төтенше жағдай режимі жарияланды.
Қазақстанның ЖОО-да білім алу үшін келген қандастардың саны жылдан-жылға артып келеді. Ол жастардың біразы Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқиды. Карантин режимі басталғалы унверситеттің №3 жатақханасында Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей елдерінен келген 50 студент тұрып жатыр. Аталған жатақханадағы студенттердің жағдайы жақсы, сабақтарын студенттер үйінен шықпай оқуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар академиялық ұтқырлықпен келіп, еліне қайта алмаған 3 студент те осы жатақханаға орналастырылған. Олардың да жағдайы жақсы.
Ата-аналарының аялы алақанынан алыс жүрген қандастардың тұрмыс-тіршілігі мен күнделікті азық-түлік алуына қамқорлық танытып жатқан азаматтар да бар. Атап айтсақ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Арман Сүйіндіков пен «Отандастар қоры» жанынан құрылған қандастарды ақпараттық қолдау орталығының СҚО бойынша фронт-кеңсесі.
Арман Сүйіндіковтің бастамасымен облыстағы жаны жайсаң, кәсіпкер азаматтар Бүркіт Жұмабаев, Ерлан Сұлтанбеков, Ақеділ Жуанышпаев көмек көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жер-жерде қолдау тауып жатқан #BizBirgemiz акциясын теріскейлік азаматтар да қолдайды.
«Осындай қысылтаяң шақта шетелден келген студенттерге қол ұшын созып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатқан Солтүстік Қазақстандағы кәсіпкер мырзаларға және Арман Сүйіндіков ағамызға, «Отандастар қорына» айтар алғысымыз шексіз», – дейді Моңғолиядан келіп оқып жатқан журналистика мамандығының 1-курс студенті Айсұлу Қанат.
«Біз қашанда өз қандастарымызды қолдауға дайынбыз, ата-аналарынан алыс жүрген бауырларымызға қолдау көрсетіп, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармасақ» біздің азаматтығымыз қайда қалады?» – дейді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Арман Сүйіндіков.
«Расында да коронавируспен күрес жағдайында әлеуметтік көмек көрсетіп, қол созу нағыз ержүректердің ғана қолынан келетін іс», – дейді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» Солтүстік Қазақстан облыстық фронт-офисінің сарапшысы Жазира Көкбас.
Сондай-ақ Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» Қарағанды облысы филиалының жетекшісі Меруеш Башай Қарағандыда білім алып жатқан студенттердің хал-жағдайымен бөлісті.
– Қарағандыдағы Экономикалық университет – Қазақстандағы беделді жоғары оқу орнының бірі. Университетте шетелден келген қазақ жастары білім алуда. Қазіргі төтенше жағдайға байланысты осында ақылы білім алып жатқан студент жастар Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қорынан» көмек сұрап өтініш жолдаған еді.
Студенттердің өтінішін ректор Ерқара Аймағамбетов қолға алып, ауқымды көмек көрсетті. Университеттен әр студентке 25 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетіп, 2 айға дейін жатақханада тегін тұруына, сонымен қатар азық-түлік және оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етуге жәрдемдесті. Еліміздегі әрбір университет, колледждерде шет мемлекеттен келіп оқып жатқан қазақ жастарының жағдайын ерекше бақылауға алып, төтенше жағдай уақытында барынша қолдау көрсетілуін сұраймыз, – деді ол.