244
Тараздағы «Блогқұрылтайдан» не түйдік?
Тараздағы «Блогқұрылтайдан» не түйдік?
2010 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Блогқұрылтай» шарасы биыл киелі Әулиеата топырағында өтті. Бұған дейін Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Талдықорған қалаларында өткен әр басқосудың өзіндік ерекшелігі, елең еткізер жаңалығы болғаны даусыз. Десе де, Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келген Тараздағы жиынның тағылымы бұрынғыдан өзгеше болды десек, қателеспеспіз. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған блогерлер үш күн бойы қазақтілді интернеттің күрмеуі көп мәселелерін қаузап қана қоймай, 2000 жылдан астам тарихы бар көне шаһарды тануға, Қазақ хандығының қазығы қағылған қасиетті өлкенің бүгінгі тыныс-тіршілігін көзбен көруге мүмкіндік алды.
Тарихи қаладағы алғашқы күн
Қойнауына тарих тұнған тараздың Наурыз мейрамы кезінде блогерлер астанасына айналғанын естімегендер көп. Жамбыл облысы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының қажырлы еңбегінің арқасында «Блогқұрылтай-2016»-ның межелі мақсаттары толық орындалды деуге болады. Шараның Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаевтың айтары мен жазары мол блогерлерді қабылдауынан басталуы бейресми басқосуға ресми реңк беріп, маңызын арттыра түсті. Жиынның ұйымдастырылуына аймақтың атүсті қарамағанын ә дегеннен-ақ аңғардық. Шараның бірінші күні «Тараз-Арена» спорт кешенінде блогерлер әр түрлі спорттық ойындар бойынша сынға түсті. Аяқ допқа икемі барлар кіші футболдан жолдастық кездесу өткізсе, өзге блогшылар волейболдан, шахмат пен үстел теннисінен бақ сынады. Жанкүйер болуды құп көргендер үшін кешен қызметкерлері арнайы экскурсия ұйымдастырып, көпфункциялы спорт сарайының жұмысын таныстырды. Құрылысы 2011 жылы басталып, 2013 жылы пайдалануға берілген кешен – өңірдегі ең ірі спорт сарайы. 7,7 гектар аумақты алып жатқан «Тараз-Аренаның» жалпы ауданы – 10,6 мың шаршы метр. Заманауи спорттық жабдықтармен жабдықталған 13 залы бар кешен спорттың 18 түрі бойынша тәулігіне 2 жарым мың адамды қабылдауға қауқарлы екен. Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбрайымов, Бақтияр Артаев, Ақжүрек Таңатаров сынды даңқты спортшыларды тәрбиелеген өңірден алдағы уақытта әлемдік додаларда қазақтың атын шығарар талай саңлақ шығарына шүбә жоқ. «Блогқұрылтайдың» алғашқы күні облыстың спорттық әлеуеті мықты екеніне көзімізді жеткізді.Бейресми жиынның ресми бөлімі
Шараның екінші күні блогерлер қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебіне жиналды. Қонақтар «Біздің өлке» атты Тараз қаласы мен аудандарының көрмесін тамашалап, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құрметіне жайылған ақ дастарқаннан дәм татты. Еліміздің барлық өңірінде дәстүрге айналған «Домбыра патиға» кезек беріліп, күмбірлеген күй, әсем ән тыңдалды. «Блогқұрылтай-2016» жиынының ресми ашылуы Назарбаев зияткерлік мектебінің үлкен залында өтті. Шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, «Асыл арна» телеарнасының басшысы Мұхамеджан Тазабеков, белгілі журналист Қанат Әуесбай, «Қазақстан КВН одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен қатысты. Жиынды ашып, блогерлерге құттықтау сөзін арнаған аймақ басшысы: «Ұлыс күні қарсаңында Қазақ хандығының туы тігілген қасиетті өңірге қош келдіңіздер! «Блогқұрылтай-2016» шарасының биыл тарих тұнған өңірде өтуі бекер емес. Өйткені адамзат баласы өткенін білмей, болашағын бағдарлай алмайды. «Біздің өлке» атты көрмеден ежелгі Жібек жолы бойында орналасқан көне шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныс болдыңыздар. Өткен жылы қасиетті Әулиеата топырағында тарихи санамызды жаңғыртқан айтулы шара – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткенін білесіздер. Сол торқалы той қарсаңында ашылған нысандарды, қаланың тарихынан сыр шертетін тарихи ескерткіштерді аралату да осы шара бағдарламасына арнайы енгізіліп отыр», – деді. Аймақ басшысы өңір өрісін кеңейткен кешенді шараларға тоқталды. Тараздың туристік әлеуетін арттыруға, халықаралық ЭКСПО-2017 шарасы барысында шежірелі қаланың тарихи ескерткіштерін әлемдік брендке айналдыру бағытында талай іс қолға алыныпты. Әкімнің облыстың жетістіктерін таныстыруын қазақ интернетінде беделі мен ықпалы бар блогерлер арқылы еліміздің білімді әрі іскер жастарын осы өңірге тарту мақсатынан туған деп түсіндік. Желідегі жұртты сөзіне ұйыта алатын азаматтар Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктері жайлы қаузап жазар болса, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға аз да болса үлес қосылары анық. Кәрім Көкірекбаев елдің қоғамдық-саяси өмірінде әлеуметтік желінің, блогерлердің ықпалы артып келе жатқанын айтты: «Қазақстандық блогшылар үлкен қоғамдық күш болып қалыптасып келеді. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде көптеген қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелер туралы сенімді ақпарат таратуда және азаматтық қоғам қалыптастыруда блогшылардың орны ерекше. Әсіресе, мемлекеттік тілді дамыту, дін мәселелері назарларыңыздан тыс қалған емес. Осы орайда, сіздердің жас ұрпаққа оң бағыт беру, оларды саяси тәрбиелеу жұмыстарына қосып жүрген үлестеріңіз зор екенін айтуға тиіспіз», – деді облыс әкімі.Интернеттен кіріп, ойды алған...
Жиын тізгіншісі, «Еуразия» арнасының дикторы, белгілі журналист Маралтай Сағынғанов айтқандай, «Блогқұрылтайдың» түпкілікті мақсаты, ел көріп, жер танудан, ғаламтордағы достармен желіден тыс жолығып, әңгіме-дүкен құрудан әлдеқайда ауқымды. Бұл шараның негізгі көздегені – еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін арттыру жолдарын қарастыру. «Блогқұрылтайға» арнайы келген тәжірибелі мамандар ақпарат әлемінің қыр-сырына қанығып үлгермеген жастарды ғаламдық желіде дұрыс сөйлеп, дұрыс жазуға үйретуді кәсіби һәм адами парызымыз деп білді. Әсіресе, сөзінің кіріспесін «Бұрын құлақтан кіріп бойды алса, қазір интернеттен кіріп, ойды алатын заман болды» деп бастаған «Асыл арна» телеарнасының директоры, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабековтың салмақты ұсыныстары мен тұщымды пікірлері көпке ой салды. «Блогшылар – интернет, әлеуметтік желілер арқылы бұқарамен, әсіресе, жастармен тікелей байланысқа түсіп отыратын қауым. Қазір қазақтың дәстүрлі ақпарат алу, тарату арналары жаңа құралдармен алмасқан. Бұрын «Қайдан естідің?» дегенде: «ұзынқұлақтан естідім» дейтін жұрт бүгінде «комментарийден оқыдым» деп әлеуметтік желіде жазылған пікірлерге сүйенеді. Сондықтан қазір жаңа ақпараттық ағымның аясында өмір сүріп жатырмыз деуге болады. Мемлекетіміздің халықаралық құжаттармен бекітілген шекарасы бар, қазығымыз қағылған, керегеміз керілген. Оны қасық қаны қалғанша қорғауға әзір ерлеріміз де бар. Бірақ кез келген елдің мемлекеттік шекарасынан бөлек, ақпараттық шекарасы болатынын да ұмытпаған жөн. Бүгінгі таңда қанша қырағылық танытқанымызбен, оның қауіпсіздігіне, тұтастығына кепіл болу қиын. Оң-солымыздан енген ақпараттар сапырылысып, мидай араласып жатыр. Осы үрдіс тереңдей түскен сайын біз оның соңынан қуғаннан гөрі мүмкіндігінше алдынан шығуға ұмтылуымыз керек. Сонда ғана біз мемлекеттік және ұлттық мүдде тұрғысынан ұтылмаймыз деп ойлаймын. Қазақ тілді блогшылардың ауызбіршілігі, ұйымшылдығы артса, қай істе де мақсатымызға жетеріміз анық», – деді М.Тазабеков.Министрмен диалог
Бұл «Блогқұрылтайдың» маңызын арттыра түскен тағы бір оқиға – блогерлермен кездесіп, пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау үшін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Таразға арнайы келуі. Блогшылардың ортасына министрлерге тән әдеттегі сән-салтанатсыз, құрмет-қошеметсіз-ақ кіріп келген бас мұғалімнің қарапайымдылығы таңғалдырды. Министр әдемі сөзбен уақыт создырмай, келген мақсатын бірден түсіндірді. Қазақ тілін дамыту, мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіруге байланысты бастамаларын таныстырып, ақпараттық технология, журналистика, педагогика саласының білікті мамандарының (блогерлердің көпшілігі осы салалалардың өкілдері) кеңесіне құлақ түрмекші екен. – Жүз жылдың ішінде жер бетінен 3,5 мыңнан астам тіл жойылған. Тағы да жүздеген ұлттың тіліне жойылып кету қаупі төніп тұр. Сондықтан әлемнің көптеген елі өзінің мемлекеттік тілінің қолданыс аясын кеңейтуге барынша күш салуда. Қазақ тілінің тұғырын биіктету үшін бізге де атқаруға тиіс шаруа көп. Елімізде ағылшын, орыс тілін 4-5 айдың ішінде меңгеруге мүмкіндік беретін әдістемелік құралдар кең таралғанымен, қазақ тілін оқытатын сапалы әдістеме жоқ. Қолданыстағы құралдар қазақ тілін үйретуде тиімсіздік танытып отырғандықтан бізге жаңа әдістеме жасап, мектептердің, тіл оқыту орталықтарының бағдарламасына енгізу керек. Бұл үшін білікті ұстаздарды жыл сайын «Болашақ» бағдарламасы арқылы Гарвард сынды шетелдің озық универсиеттеріне оқуға жібермекпіз. Олар тіл үйретудің тиімді тәсілдерін меңгеріп, оны Қазақстанның білім беру жүйесіне енгізуге атсалысатын болады, – деді министр. Ведомство басшысы өз жобаларын таныстырып қана қоймай, құрылтай қатысушыларының да білім мен ғылым саласын дамытуға қатысты тың ұсыныстарын тыңдауға әзір екенін көрсеткен соң, блогерлер оқшау ойларын іркілмей ортаға салды. Көп ұсыныстың ішінде сүйектісі әрі көкейге қонымдысы – химия пәнінің мұғалімі Аятжан Ахметжанның ойларын көпшілік бірауыздан қолдай кетті. Министрдің ашық диалогқа дайын екенін көрген ұстаз бір емес, бірнеше ұсынысын қарастыруды өтінді. «Ең әуелі, бастауыш сыныптан бастап оқушыларға қазақ тілін қазақ тілінің маманы оқытса деген ұсынысымды жеткізгім келеді. 1-сыныптың табалдырығын аттаған балаға орыс тілін орыс тілінің маманы, ағылшын тілін де сол тілдің жілігін шағып, майын ішетін өз маманы үйретеді. Ал қазақ тілін бастауыш сынып педагогикасы бойынша білім алған мұғалімдер оқытады. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруді осы олқылықты түзетуден бастау керек деп ойлаймын. Екіншіден, еліміздегі білім мен ғылымның сапасын арттыру үшін мұғалімнің мәртебесін көтеру амалдарын қарастыру керек. Мен мұның үш жолын ұсынар едім. Біріншіден, педагогикалық мамандықтарға бөлінетін гранттар саны артқанымен, мұғалім болғысы келетін жастардың саны азайып барады. Жастарды педагогикалық мамадықтарды меңгеруге ынталандыру үшін олардың шәкіртақысын арттырған жөн. Екіншіден, қазір мұғалім оқушыдан қорқатын күйге жетті. Шәкірттердің ұстазға деген құрметін жоғарылату үшін мұғалімдер құқығын қорғайтын заң қабылдануы тиіс. Үшіншіден, мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқарып, жұмыстарының бәрін ақпараттық технологияға көшірсек жөн болар еді», – деді күллі ұстаздар қауымының тілегін жеткізген Аятжан Ахметжан. Қазақ тілі маманы Назгүл Қожабекованың ұсынысы да көптің көкейіндегісін дөп басты. Филолог «Алматыкітап» баспасынан шыққан бастауыш сынып оқушыларына арналған әдебиет оқу кітабының атауын түзетуді өтінді. Оқулықтың мұқабасындағы «Әбедиеттік оқу» деген атау орыс тіліндегі «Литературное чтениенің» калька аудармасы екенін айтқан маман мұндай қателіктер мектеп бағдарламасындағы көптеген оқулықтардың ішінен кезіктіруге болатынын жеткізді. Министр министрлік жанынан арнайы комиссия құрып, барлық оқулықтардың мазмұнын сүзгіден өткізу мәселесін қолға алуға уәде берді. Блогерлер жоғарғы білім беру жүйесіндегі кейбір жүйесіз стандарттар, магистранттар мен докторанттардың ғылыми ізденісіне қойылатын қисынсыз талаптарға қатысты ойларын да ортаға салды. Ведомство басшысы құрылтай қатысушыларының талап-тілектері мен ұсыныстарының бәрін қағазға түртіп алды. Қарастыруға болатын мәселелерді қарамағындағылармен бірге талқылап, тезге салуға, түзетуге көнетін жайттарды реттейтініне сендірді. Облыс, қала әкімдері, депутаттар, мемлекет және қоғам қайраткерлері арнайы келіп қатысты демесек, бұрын-соңды «Блогқұрылтайға» министр атаулы бас сұғып көрмеген. Білім және ғылым министрімен сұхбаттасуға мүмкіндік алған блогерлер өзге жұмыстарын ысырып қойып, Тараздағы жиынға келгендеріне өкінбегені анық. «Блогқұрылтайдың» үшінші күні тарихпен танысуға, танымды кеңейтуге арналды. Блогшы қауым «Шежірелі Әулиеата – мекенім» атты экскурсия шеңберінде өңірдің тарихи-мәдени ескерткіштерін, соңғы жылдары бой көтерген нысандарды аралады. Қабырғалары ХІ ғасырда қаланған Айша бибі, Бабаджа хатун, Қарахан кесенелерін көрді, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі биік төбеде орналасқан қасиетті орын – Тектұрмас кесенесіне аялдады. Шаһардың орталығындағы жаңадан бой көтерген «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы жәдігерлермен де танысты. Айтулы шарадан естелік ретінде блогерлердің осы орталық аумағына ағаш отырғызуын жақсылықтың нышанына баладық. Бірлік бар жерде тірлік бар. Тірлік бар жерде көгеру, көктеу болмақ. Блогшылардың ауызбіршілігін көрсеткен жиынның түйіні – осы. Әйгерім Әлімжан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің аға оқытушысы:«Блогқұрылтай» – білгеніңді бөлісетін алаң
Тараздағы «Блогқұрылтай» медиа саласындағы мамандардың басын біріктірген үлкен жиын болды. Танымал блогерлер, журналистер, әр саланың мамандары қатысқан шарада әркім өзіне қажеттісін алды деп ойлаймын. Осындай бірлігі жарасқан медиа алаңдардың жылына бір рет ұйымдастырылып тұрғаны құптарлық. Шара барысында кім немен айналысып жүр, қандай маңызды жобалар жүзеге асырылуда деген сауалдарға жауап алып, ақпарат әлеміндегі жаңалықтарға қанықтық. Бес жылдан бері факультет студенттеріне қазақтілді интернеттің дамуы жайлы дәріс оқып жүргендіктен, жиын барысында «Интернеттегі жанрлар. Медиасауаттылық мәселелері» тақырыбында тренинг өткіздім. Өйткені интернет-журналистиканың жанрларын, блог жүргізудің этикасын меңгермеген жастар тек рейтинг қуалап, киберкеңістіктегі жұтаң тілмен жазба жазуға машықтанып барады. Осыдан келіп медиасауаттылық түйткілдері туындауда. Блог жүргізу – журналистер үшін алғашқы баспалдақ қана, яғни веб-журналистиканың бастауын әріптестеріміздің көбі блогерліктен бастайды. Тәжірибе көрсеткендей, біздің студенттеріміз Massaget.kz, Aitaber.kz, Kerekinfo.kz, Blogtime.kz, Wordpress.com, Blogspot, Yvision.kz блогтұғырларында жеке блогтарын ашып, өз бағыт-бағдарларын айқындаған соң веб-менеджер, веб-редактор, веб-журналист ретінде әртүрлі БАҚ-та жұмыс жасауда. Демек, блогосфера – жастарға мотивация беретін орта. Жуырда ғана жарық көрген «Мультимедиалық журналистика» оқу құралында осы тақырыпты тереңірек қаузауға тырыстық. Алдағы уақытта «Блогқұрылтай» шарасында ресми кездесулерден гөрі тәжірибе алмасуға көбірек көңіл бөлінсе деген ұсынысым бар. Басқосуға алғаш рет қатысып отырған блогер болса да, оған бір салада немесе белгіленген тақырып аясында жазба жазу тапсырылуы керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, өздерінің қызығушылықтарына қарай мәдени ошақтардан өзге өндіріс орындарына барып, белгілі бір саланы зерттеп жазу тапсырылғанда шынымен блогосфераға қатысы бар адамдардың жиналғанын сезінер едік. Тәжірибелі мамандар жастардың артықшылықтары мен кемшіліктерін сараптап, дұрыс бағыт-бағдар сілтеп жіберсе, кері байланыс орнар еді.Анар ЛЕПЕСОВА