Нұржан Бияқаев: Төлемді кейінге қалдыру – несие тарихын бұзбауы керек

Нұржан Бияқаев: Төлемді кейінге қалдыру – несие тарихын бұзбауы керек

Нұржан Бияқаев: Төлемді кейінге қалдыру – несие тарихын бұзбауы керек
ашық дереккөзі
404

16 наурыздан 15 маусымға дейін екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушының несиелерін кейінге қалдырып отыр. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері қай уақытта өтініш берген күніне қарамастан, дағдарысқа ұшыраған барлық кәсіпкерлер мен тұтынушыларға қарыздарды үш айға дейін кешіктіріп беруіне түсіністікпен қарай алады.  Бұл шаралар несиелердің барлық түріне қатысты бола ма, жоқ па, несиелік мекемелер  олармен байланысқан тұтынушылардан қандай жағдайда  бас тарта алады? Сауалымызға жауап іздеп  банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев мырзаға қоңырау шалған едік. Нұржан Темірғалиұлы, сәлеметсіз бе? Елдегі болып жатқан жағдайға байланысты несиені кейінге қалдыру бағытында оқырмандарымыздың атынан өзіңізге біраз сауал жолдасақ... – Сәлеметсіздер ме? Жақсы, жауап берейін... – Жеке, сондай-ақ  шағын және орта бизнес өкілдерінің несие  төлемдерінің кешіктірілуі кредиттің  барлық түріне қатысты ма, жоқ әлде қандай да бір ерекшеліктері бар ма? – Қазақстан Республикасы Қаржы саласын реттеу және дамыту агенттігінің  26.03.2010 жылғы № 167 бұйрығына сәйкес жеке және ШОБ субъектілеріне ҚР екінші деңгейлі банктері мен өзге де шағын қаржылық ұйымдары берген несиелердің барлық түрлері үшін  төлем мерзімі ұзартылған. Олардың қатарында ломбардтар, интернет-компаниялар, несиелік серіктестіктер де бар. Бұл шара төтенше жағдай кезінде жұмыс істемейтін немесе қайта құру және тарату үшін құжаттарды ұсынған несиелік мекемелерде де қолданылады. Қолданыстағы құжат бойынша банктік несие түрлерінде ешқандай да ерекше жағдайлар болмауы керек. Бұл талаптар осы бұйрықтың 3-тармағында көрсетілген. – ҚР Қаржы саласын реттеу және дамыту агенттігінің   құжаттарында несиені кейінге қалдырудың қалай жасалатыны туралы айтылмаған екен.  Несие мерзімін ұзартқанмен, кейінгі кезеңдерде төлемдер көлемі ұлғайып кетсе, бұл  мәселе қарыз алушы мен несие беруші арасында қалай шешіледі? – Шынында да, агенттіктің бұйрығында кейінге қалдырудың нақты механизмі көрсетілмеген. Ол дегеніміз, несие мерзімін ұзартпай, үш айлық төлемнің сомасын қалған несие шарттарына пропорционалды түрде бөлу арқылы іске асырылмақ. Нақтырақ айтсақ, қосымша несие айларына аудару арқылы жүзеге асырылады. Егер агенттік кейінге қалдырылған төлемдердің түрлерін нақты бөлу үшін осы бұйрыққа өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет деп санаса, онда бұл несиелік ұйымдардың жұмысына сәйкес болады. Оның ішінде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың да дұрыс  түсінуі үшін де қажет. «Банктер және банктік қызмет туралы» ҚР Заңының 34-бабының 3-тармағында: егер банк банктік қарызға беру шарттарының талаптарын жақсарту болып саналатын кейінге қалдыруды ұсынса, оны қарыз алушыға біржақты тәртіпте, яғни қарыз алушының өтінішінсіз беруге құқығы бар деп көрсетілген. Бұл жағдайда банк сізге өзгерістер туралы өздері хабарлайды. Өз кезегінде, қарыз алушы 14 күнтізбелік күн ішінде қарыз шартына ұсынылған өзгерістерден өз еркінше бас тартуына да болады. Мұндай жағдайда көрсетілген мерзім ішінде тұтынушы тарапынан бас тарту болмаса, қарыз алушының  банктік қарыз шартына өзгерістер енгізуге келісімі болып саналады. – Ипотекалық несиенің кешіктірілуіне келсек, мұнда қандай да бір халыққа арнайы түсіндіруді қажет ететін тұстары бар ма? – Ипотекалық несие туралы айтсақ, жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес жеке қарыз алушылар кейінге қалдыруға өтініш бере алады. Банктер және басқа да  ұйымдар «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 221 Заңының 7-бабына сәйкес қарыз алушылардың өтініштерін кез-келген түрде, яғни қолмен жазылғанда да, мобильді қосымшалар арқылы да, электронды пошта арқылы да қабылдауға міндетті. Осы Заңның 8-бабының талаптары бойынша жеке тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімі күнтізбелік 15 немесе 10  жұмыс күнін құрайды. Тағы бір ескеретін жайт,  2020 жылдың 24 ақпанынан бастап, банктер шетел валютасындағы ипотекалық қарыз алушылардың қалған бөлігін қайта қаржыландыру, сонымен қатар Ұлттық банктің 2019 жылғы 23 желтоқсандағы № 250 шешімі аясында әлеуметтік осал топтар өкілдері мен  проблемалы қарыз алушылар санатын қайта қаржыландыруға  өтінімдерді қайта қабылдау жұмыстарын жүргізгенін де ұмытпауымыз керек. Бұл сондай-ақ кепілзат қойған және банктердің балансында қабылданған қарыз алушыларға да қатысты. – Соған қарамастан, екінші деңгейдегі банктер мен ШҚҰ, егер олар тұтынушының қаржылық жағдайы нашарлаған жоқ деп санаса, қарыз алушыға несиені кейінге қалдырудан бас тартуы мүмкін бе? Мүмкін болған жағдайда олар нені басшылыққа алады? – Иә, мен жоғарыда айтқан бұйрықтың 5-тармағында, карантинге байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығы бар, жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген, жұмыстан босатылған азаматтардың қаржылық жағдайының нашарлауы туралы ақпарат болған жағдайда ғана банк қарызды қайтаруды 3 айға кейінге шегере тұру туралы шешім қабылданатындығы ескертілген. Демек, тек арнайы осы айтылған санатқа кіретін тұтынушылар үшін ғана мемлекет тарапынан жасалып отырған жағдай бұл. Ал,  тұрақты табысынан қол үзбеген, әлеуметтік жағдайы айтулы санаттар қатарына жатпайтын тұтынушылар несиесін төлеуді бұрынғысынша  жалғастыра берсе, уақыт жағынан өздері де ұтады. – Несие мерзімі кейінге қалдырылған жеке немесе заңды тұлға кейіннен жаңа несиеге қайта қол жеткізе ала ма, немесе мемлекеттік несие бағдарламаларына қайта қатысуға мүмкіндігі бар ма? – Арнайы бұйрықтың 7-тармағынан төлемдерді тоқтата тұрудың, яғни кешіктіруді ұсыну қарыз алушының несие тарихының нашарлауына және ол туралы теріс ақпараттың кредиттік бюроға берілуіне себеп болып табылмайтындығы айтылған. Сонымен қатар, 17 наурызда сөз сөйлеген ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова қаржы институттары үшін пруденциалдық нормативтерге қойылатын талаптарды төмендету бойынша қабылданған шаралар жүзеге асырыларда қиындық-кедергілердің болмайтындығын атап өткен болатын. – Түсінікті, сұхбатыңызға рахмет! Сұхбаттасқан Әсел Жақсыбай

Серіктес жаңалықтары