50925
Франциядағы қазақ дәрігері Димаштың шетелдік жанкүйерлеріне қазақ тілін үйретіп жүр
Франциядағы қазақ дәрігері Димаштың шетелдік жанкүйерлеріне қазақ тілін үйретіп жүр
Әлемдегі ең қадірлі мамандық дегенде, дәрігер мен мұғалім есімі қатар аталатыны белгілі. Оның үстіне, қазіргідей коронавирус індеті өршіп тұрған заманда бұл маман иелеріне деген құрмет пен мақтаныш еселене түскендей. Осындай құрметке бөленіп, шетелде әрі дәрігер, әрі мұғалім атанып жүрген бір қандасымыз бар. Қытайдың Үрімші өлкесінде өсіп-өнген Құрманбек Дәуітхан қазіргі таңда Франция астанасы Париж қаласынан 20 шақырымдай қашықтықта орналасқан Версаль қаласының орталық ауруханасында дәрігер қызметін атқарады. Мұнымен қоса, Құрманбектің қазақтың жарық жұлдызы Димаш Құдайбергеннің өнеріне тәнті француздарға қазақ тілін үйретіп жүргеніне бір жылға жуықтапты. Қазіргідей қиын-қыстау кезде тынбай еңбек етіп, мұнымен қоса қазақ тілін насихаттап жүрген қазақ жігітімен хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Құрманбек, сіздің Францияның Версаль қаласында орналасқан орталық ауруханада еңбек етіп жүргеніңізден хабардармыз. Әңгімеміздің әлқиссасын алдымен бұл салаға және бұл қалаға қалай келгеніңізден бастасақ...
– Туған екі әпкем медицина саласында білім алған мамандар. Сол себепті олардан естіп-біліп жүрген соң, менің де осы салаға ынтам ауып, қызығушылығым арта түсті. Негізі, өзім Үрімші қаласының тумасымын. Осында қазақ орта мектебін тәмамдаған соң, Шыңжан медицина университетінде клиникалық емдеу мамандығы бойынша білім алдым. Мұны бітірген соң, жергілікті емханада жедел жәрдем қызметінде жұмыс істедім. Сосын бір орында тұрып қалмайын, әрмен қарай дами түсіп, тәжірибемді шыңдап көрейін деген мақсатта екінші әпкеммен бірге шетелде білім алуды көздедім. Сөйтіп, 2012 жылдың қыркүйегінде Франция еліне табан тіредім, ал әпкем Ұлыбританияға аттанды.
– Таңдауыңыз неліктен Францияға түсті?
– Маған Францияға шығу оңай болып көрінді (күліп). Оның үстіне, басқа елдерге бірден шығу үшін тілді білу деңгейің жоғары болуы керек екенін растайтын сертификат қажет. Мен де мұнда келе салып, бірден оқу я жұмыс бастап кеткенім жоқ. Алдымен тілдік курс оқыдым. Сосын мұндағы Руан қаласында орналасқан университеттің магистратура бөліміне биомедицина саласы бойынша оқуға түстім. Мұны бітірер уақытта аталған қаланың орталық емханасына мамандығым бойынша маман қажет екенін естідім. Осылайша, айым оңынан туып, жолым болып, сол орталық емханаға қызметке орналасып, мұнда клиникалық зерттеу бағыты бойынша біраз уақыт жұмыс істедім. Десек те, өзіңіз білесіз, зерттеуші мен дәрігердің қызметі алуан түрлі. Дәрігердің аты – дәрігер. Сөздің шыны керек, зерттеу жұмысы мені аса қызықтыра алмады. Сосын өзімді тағы бір сынап көрейін деп түйіндемемді жан-жаққа жібере бастадым. Нәтижесінде, 2018 жылдың қыркүйек айында қазір Версаль қаласында өзім еңбек етіп жатқан емхана әкімшілігі хабарласты. Мұнда жұмысқа қабылдауға қажетті сынақтың бәрінен өттім. Осылайша, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап осы жерде дәрігер қызметін атқарудамын.
– Демек, бұрын жедел жәрдем қызметінде жұмыс өтіліңіз болса, қазір де сол бөлімге қайта келдіңіз бе?
– Жоқ, мен мұнда жүйке жүйесі тозған, депрессияға шалдыққан, психиатриялық көмекке зәру науқастарды емдейтін бөлімде еңбек етемін. Десек те, былтыр жедел жәрдем қызметінде дәрігер тапшы болған кезде, екі жұмысты да қатар алып жүргенім бар. Бірақ кейіннен психотерапия бөліміне қайта ауыстым. Сөйтіп, қазір мұнда алдыңғы шептегі дәрігермін. Коронавирус індетінің өршуіне байланысты қазіргі жағдайды өзіңіз білесіз. Емхананың барлық қызметкері жұмыста. Мен мұнда бес күн бойы толық жұмыс істеймін. Арасында кезекшілікке түсіп, 24 сағат жұмыс істеп, ал келесі 24 сағат демаламын.
–Қазіргі жағдайға байланысты ақ халатты абзал жандарға деген құрмет арта түскені айтпаса да түсінікті. Әлеуметтік желілерден Еуропа халқының дәрігерлерді ерекше қолдап жатқанын байқаймыз...
– Иә, мұнда дәрігерге деген құрмет өте ерекше. Тіпті, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мұндай құрметті бұрын-соңды байқамағанмын. Өзіңіз білесіз, біз жақта дәрігерді көкке көтергеннен гөрі, көп жағдайда кәсібінен кінә іздеп кетеді. Десек те, мына жағдайдан кейін оң көзқарас қалыптасатыны айдан анық. Қазіргі кезде жергілікті тұрғындар күн сайын Франция уақыты бойынша кешкі сағат 20:00-де коронавирустың алдын алу үшін аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлерге құрмет көрсету үшін балконға шығып, ду қол шапалақтайды, өлең айтады. Әртүрлі жолмен ризашылығын білдіріп жатады.
– Ал Қазақстан медицинасының хал-ахуалымен таныссыз ба? Мұнда іссапар немесе тағылымдама бойынша жол түспеді ме?
– Қазақстандағы медицина жағдайымен аз-кем таныспын. Онда мамандар тапшы екенін білемін. Қытайда жұмыс істеп жүргенімде қалталы адамдардың Қытайға емделу үшін арнайы баратынын жиі байқадым. Десек те, Қазақстан – жас мемлекет. Болашақта барлығы орнығып, мамандар саны толыға түседі деген сенімдемін.
– Сөзіңіз аузыңызда, осыдан үш-төрт жыл бұрын берген сұхбатыңызда алдағы уақытта Қазақстанға тұрақтауды көздеп жүргеніңізді айтыпсыз. Қазір де сол ойда жүрсіз бе, әлде?
– Әлде дейтіндей дәнеңе жоқ, қазір де осы ойдамын (күліп). Алдыңғы қойған сұрағыңызға «Сол мамандар қатарын толықтыру үшін Қазақстанға болашақта ораламын» деп айтқалы жатқанмын негізі (күліп).
– Әлде дегенде күдіктенгенім емес, «әлі де тәжірибе жинақтай түсу үшін уақыт қажет пе?» деген сауалды қойғым келген.
– Түсіндім. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, бөгде жұрт бәрібір өз еліңдей болмайды. Біле білсеңіз, Еуропаның менталитеті суық. Біз, қазақ халқы – ашық, аңқылдақ, қонақжай халықпыз. Ал еуропалықтардың бойынан мұндай тұтасқан мінезді байқай алмаймын. Осы тұрғыда көп алаңдаймын. Себебі бұл да әсер етпей қоймайды. Оның үстіне сыртта жүріп жалғызсырайды екенсің. Елді сағынасың. Қандастарыңды іздейсің. Қазақстанда дүниеге келмесем де, қазақы ортада тәрбиеленіп, мектепте қазақша оқыдым. Содан соң болар, түбі Қазақстанға тартады да тұрады, Қазақстан десе елең ете түсемін. Әркез аңсап жүремін. Мұны айтып та жүремін. 2013 жылдан бері жыл сайын жазда тек Қазақстанға барып демаламын. Өткенде бір кісі «ана тауда тұрып, Алатаудың шөбін аңсағанша, өз орныңды атажұртыңнан тап» деп ақылын айтып жатыр. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақал маған қатысты айтылғандай. Сол себепті мұнда әбден тәжірибе жинақтап алған соң, алдағы уақытта Қазақстанға білікті маман ретінде барып, жұмыс істегім келетінін жасырмаймын. Мұнымен қоса, артымда із қалдырар шәкірт тәрбиелегім келеді.
– Шәкірт демекші, Димаш Құдайбергеннің өнеріне тәнті екі француз әйелге қазақ тілін үйретіп жүр екенсіз. Олармен қалай таныстыңыз?
– Бірде осында Димаштың концертіне барғанмын, сол кезде оның жанкүйерлерімен таныстым. Сол танысқан адамдардың көпшілігі кейіннен хабарласып, «Французша біледі екенсің, сенен қазақ тілі және Қазақстан туралы мәлімет алайықшы» деп қолқа салды. Жалпы, мойындау керек, Димаштың қазақ тілін халықаралық аренада танытуға қосқан үлесі орасан. Оның қазақша өлеңін жатқа айтқысы келетін шетелдіктер қазақ тілін үйренгісі келіп әрі жай үйреніп қоймай, мән-мағынасына бойлағысы келеді. Осындай ниет танытып, Димаштың өнерін бәрінен жоғары қоятын орта жастағы екі француз әйеліне 2019 жылдың қаңтар айынан бастап қазақ тілін үйретіп жатырмын. Былтыр екеуі бір топ француздармен бірге Димаштың Нұр-Сұлтанда өткен «Арнау» концертіне барып қайтты. Бастапқыда базалық деңгейде үйретіп, сол концертке барарда «Ақорда қайда, Хан шатыр қайда, қандай автобус барады, қонақүйге қалай жетсем болады?» дегендей сөйлем құрылымдарын сұрап, жазып, жаттап алған. Негізі, шетелдіктерге қазақша тіл сындыру оңай емес, себебі қазақ тілі – олар үшін күрделі тіл. Десек те, әлгі екі шәкіртім бой бермей, зейін аударып, ізденуін тоқтатпай, әлі күнге дейін үйреніп жүр. Қазақстаннан келген соң, көрген-білгендерін маған жеткізіп, жарыса мақтай жөнелгенін көрсеңіз. Қала берді, әлеуметтік желідегі парақшаларына «Нұр-Сұлтан, сені сағындық!» деп суреттерін іліп, әлі күнге дейін естеліктерімен бөлісіп жүр. Оларды қатты таңғалдырған нәрсе – сіз бен бізге етене таныс қазақ халқының қонақжайлығы, мінезінің ашықтығы, мейірбандығы. Мәселен, қонақүйден концерт залына, тағы басқа жерлерге жалдаған такси жүргізушілері ақша алмай, тегін жеткізіп салыпты. Қыдырған жерлеріне де, тегін кіргізіпті. Танымаса да, тіл білмесе де, шетелдіктерге жол-жөн көрсетіп жүрген қазақтарға көптеп кездесіпті. Жоғарыда атап өткенімдей, еуропа халқының мінезі суық. Қазақстаннан келген соң, екі халыққа тән сипатты салыстыра келе, олар маған: «Біз расымен суық екенбіз ғой, сен қалайша бұған сегіз жыл бойы көніп келе жатырсың?!» дейді (күліп). Осыдан соң, Қазақстанға тіпті ықыласым ауып, ынтыға түскенім рас.
– Жергілікті қазақтардың жиі бас қосып тұратынын білеміз. Білгім келетіні, мұнда қазақ отбасыларының арасында қазақы дәстүр қаншалықты сақталған?
– Иә, мұнда жиі бас қосып тұрамыз. Елшілік тарапынан ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысып тұрамыз. Одан қалды, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылатын концерттердің ешбірінен қалмаймыз. Жыл сайын Еуропа қазақтарының құрылтайына да барып тұрамыз. Сыртта жүрген соң, қазақилықтың иісі аңқыған ортаны көп іздейсің. Көпшілігі көк байрақты иығына тағып алып, суретке түсіп жүреді, одан қалса біреудің қазақша сөйлеп жатқанын естісе, жүрегі жібіп сала береді. Мұнда тұратын қазақтардың үйі қамшы, тақия, шапан, ер тоқым мүсіндері, ою-өрнекті көрпешелер және Қазақстанға қатысы бар небір кәдесыйға толы екенін байқайсың. Ерекше риза боласың. Осыдан-ақ шетелде тұратын қазақтардың ұлтжанды екенін байқай беріңіз. Әсіресе, осында тұрақтап қалған Түркия қазақтарының арасындағы қарттар бізді қонаққа шақырып, бізбен қазақ тілінде әңгімелесуге асығып, бала-немерелеріне қарап: «Шіркін, баяғыда әке-шешеміз бізбен қазақша осылай зуылдап сөйлесетін еді... Қайран уақыт!» деп айтып, оларға үлгі ретінде көрсетіп отырады. Десек те, сол ата-әжелердің балаларына көп алаңдаймын. Себебі олардың тілінде шұбарлық басым. Қазақша сөйлем бастағанымен, арасына французша немесе немісше болмаса түрікше сөздер қосып жібереді. Бізбен сөйлескенде әбден қиналып, әуре-сарсаңға түседі. Мұны ескеріп, құрылтайға қатысқанымда шетел қазақтарының өзінің кім екенін, мәдениеті қандай екенін танып-білу мақсатында қазақ тілін үйретуге басымдық берсе деген тілегімді жеткізген болатынмын. Шетелде туып-өскен жас қазақтардың арасында қазақ тілін үйренгісі келетіндері баршылық. Кей кезде хабарласып: «Мына сөйлем дұрыс па? Анау сөзді қазақшаға қалай аударса болады?» деп сұрап тұрады.
– Әңгімеңізге рақмет! Қазақстанға оралу арманыңыз тезірек орындалып, сол күні арнайы Turkistan халықаралық газетінің оқырмандары үшін тағы сұхбаттасуға жазсын өзіңізбен!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ