Бұрынғыдай болмайды: коронавирус пандемиясынан кейін не өзгереді?

Бұрынғыдай болмайды: коронавирус пандемиясынан кейін не өзгереді?

Бұрынғыдай болмайды: коронавирус пандемиясынан кейін не өзгереді?
ашық дереккөзі
1314
Аты жаман індеттен кейін күллі әлем, адамдар өзгереді. Өйт­ке­ні бұрынғыдай еш алаңсыз, уайым­сыз жүретін кез келмеске кетті. Осы­ған дейін адамзат жеке өмірі, жеке құ­қығы үшін күресіп келсе, ендігі жерде ден­саулық мәселесін басты орынға қой­мақ. Құндылықтарды өзгерткен карантин жағдайы маман­дыққа деген көзқарасты және оған деген еңбек нарығындағы сұра­ныс­ты өзгертті деген болжамдар жиі айтыла бастады. Індет кезінде әлем халқы ең алдымен білікті дәрі­герлердің, кіші қызметкерлер мен санитарлардың жетіс­пеу­шілігін сезінді. Италия, Ұлыб­ри­та­ния, Германия, Чехия сынды да­мыған елдер зейнеттегі дәрі­гер­лер­ді жұмысқа қайта шақырып, ме­дициналық факультеттің студент­терін еңбек нарығына ерте араластыруға мәжбүр болды. Сол сияқты мұғалім, психолог, ком­мунал­дық – су, жылу, жарық, ин­тернет қызмет түрлерін ұсынатын мамандарға сұраныс жоғарылады. Карантин жағдайы күн­де­лікті өмірде өзіміз мән бере бермейтін, тіпті кейде елемейтін курьер қызметіне қажеттілікті анық сезіндірді. Халық азық-түлік, тұрмыстық техника, киім-кешек, дәрі-дәрмекті курьерлік қызмет арқылы сатып ала бастады. Әлем елдерінде енгізілген карантин жағдайы тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық санын арттырып отырғанын айтып БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш да­был қаққан болатын. Қазақ­стандық мамандар карантин режимі енгізілгелі бері физикалық және моральдық қысымға ұшырап ха­барласатын әйелдер саны 2-3 есе­ге артқанын айтады. Яғни бұл жағ­дай денсаулық мамандарына де­ген, жалпы кәсіби даму мен отба­сылық психологтардан онлайн кеңес алу қызметіне және  cаll-орталықтарда жұмыс істейтін мамандарға сұранысты арттырады. Тәжірибе көрсеткеніндей, ендігі жерде онлайн режимге ауысқан барлық сала дамиды, ал осы са­ланың мамандарына деген сұра­ныс карантиннен кейін де арта бер­мек. Ал карантин жағдайында балалар мен қарттар күту­ші­сі, үй қызметшісі, кондуктор сын­ды қызмет түрлеріне жүгіну азай­ды. Адамдардың еңбек нары­ғының сұранысына қалай жауап беретіні әзірге белгісіз, бірақ бұл жағдайға да тез бейімделіп, тиімді шешімдерді қабылдайтыны анық. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:

Карантин әлемді бұрынғы әдетінен өзгертті

– Адамзат төртінші өнеркәсіп­тік революцияға қадам басты. Бі­рінші өнеркәсіптік револю­ция­ның пайда болуы бу машиналарымен, екін­ші революция жарықтың пай­д­а болуымен (Т.Эдисон, Тесла), үшін­ші революция бұл өткен ға­сырдың 50-60 жылдарынан бері пайда болған компьютер, интер­нет, компьютерлік технологиялар, ұялы телефондардың пайда болуы­мен байланысты. Ал төртінші өнер­кәсіптік революция бұл авто­мат­тандыру, роботтандыру, жасан­ды интеллект, «ауқымды мәлімет­тер» алмасу. Жыл сайын Швейцарияның Давос қаласында дүние­жүзілік экономикалық форум өтеді. Саясат және қоғам қайрат­кер­лері, ғалымдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері бірлесіп өткен жылды саралап, әр мемлекет қалай да­мыды және әлем келесі жылы қалай дамуы керек деген мәселе­лер­дің негізгі траекториясын сы­зады. Дүниежүзілік экономикалық форумның төрағасы Клаус Шваб 2012 жылдан бастап «Әлем төр­тінші өнеркәсіптік революцияға қадам басты, мұны біз қазір білу керекпіз. Егер төртінші революция­ны зерттеп дайын болмасақ, онда әлемнің жаңа талаптары мен сын-қатерлеріне дайын болып үлгермей қаламыз» деп, осы мәселені сан мәрте көтеріп келе жатыр. Ал Қазақстанда бұл мәсе­ле­нің көтеріле бастағанына 3 жылға жуықтады. Осы бағытта алда­ғы уақытта біраз мамандықтар жойылады және жаңа мамандық­тар пайда болады. Сол мамандық­тарды игеруге дайын болуымыз ке­рек деген мәселе төңірегінде қа­зір көп ой-пікірлер айтыла бас­та­ды. Ал әлемді жайлаған індеттің жә­не карантин жағдайының ен­гізілуіне байланысты бұл мә­селе­нің өзектілігі артып отыр. Өйт­кені карантин жағдайы әлемді бұрынғы әдетінен өзгертті. Үйде отырып қашықтықтан білім алуға, маман­дық игеруге, жұмыс істеуге бола­тынын көрдік. Бұрын неге үйден жұмыс істемейміз деп көп айты­ла­тын, бірақ ешкім аса мән бер­мейтін. Ал қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Осылайша жаңа әдетке айнала бастаған сияқты. Карантин, әсіресе фрилансерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Кең­седе бастыққа бағынышты болып жұмыс істегеннен, үйде отырып та бірнеше тапсырысты орындауға болатынын байқадық. Жасанды интеллекттің пайда болуымен біраз ма­мандықтар  жойылады. Өйткені олар адамнан да нақты болжамдар жасай алады. Бұрын ертегідей көрін­ген дүниелер шындыққа айна­ла бастады. Мысалы, есепші­лер, қаржыгерлердің орнын жасанды интеллект алмастыруы мүмкін деген болжам бар. Өйткені Нью-Йорктегі қор биржасының ең  мықты қаржыгерлері  жасанды интеллект қаржылық бағалау, ана­лиз жасап берген кезде өздеріне «мен 20 жыл бойы бұл саланы не үшін оқыдым?» деген сұрақ қояды. Сонымен қатар келешекте такси қызметі, дәрігер мамандығына сұра­ныс азаюы мүмкін. Жасанды ин­теллект арқылы адамдарға диаг­ноз қоятын күнге де жетеміз және біз осыған дайын болуымыз керек. Қазақстан қаншалықты осы процеске дайын бола бас­та­ды деген сұраққа жауап беретін бол­сақ, дайындығымыз өте нашар. Тіпті, орташа деңгейге де жетің­кіремейді. Сондықтан да бұл мемлекеттің баса назар аударатын негізгі мәселелерінің бірі болуы керек. Қарапайым мысал, карантин кезінде интернеттің өте нашар жұ­мыс істейтінін көрдік. 4G мүм­кіндігін толық пайдалана алмай отыр­мыз, ал әлем қазір 5G-ге өтіп жатыр.   Роза ӘШІРБАЕВА, онлайн оқыту бойынша маман, инфобиз­несмен, коуч:

Ең басты мамандық – өзіңді табу

– Шыны керек, карантин жағ­дайы енгізіліп, мұнай бағасы түсіп, дағдарыс басталған кезде менің де ойым­да «Ертең не болады?» деген сұ­рақ тұрды. Бір аптадай осы мә­се­ле жайында ойландым, уайым­дадым. Бірақ ойлап қарасақ ертең не болатынын ешкім болжай ал­майды, білмейді. Карантинде Аушвиц концлагерінде 3 жыл пси­холог болған Виктор Франклдың «Сказать жизни «Да!» деген кітабын оқуды бастадым. Түсінгенім адам кез келген жағдайға бейімделеді. Өйткені өмірде әртүрлі жағдайлар мен  факторлар болуы мүмкін. Ең бас­­ты­­­­­сы бұл дағдарыста өзіңді және өзіңе деген сенімді жоғалтпау, өмір­ден түңілмеу. Өзін жоғалтқан адам бірінші ұтылады. Карантин жағдайы адам­дар­дың құндылықтарын өз­гер­тетіні сөзсіз. Карантинмен бірге бүкіл әлем тоқтады. Бәріміз үйде отырып бір жан-жағымызға қарап, өз-өзімізге осы уақытқа дейін қай­да жүгіре бердік, нені іздедік, не нәр­с­еге көңіліміз толмады, бақыт­ты болу үшін бізге не керек деген сұрақтарды қойып, өзіміздің құндылықтарымызды бір түгендеп алған сияқтымыз. Меніңше, карантиннен кейін бір мәселе анық. Адам дағдарыс болсын, болмасын қай кезде өзінің қабілетіне сен­бейінше, талабы мен талантына сай мамандықты таңдамайынша өзін бақытсыз адам сезіне береді деп есептеймін. Өйткені кез келген дағдарыста, былайша айтқанда жоқшылықта адам бірінші өзінің материалдық құндылықтарын жоғалтып алады. Мысалы, жұмыс­сыз, табыссыз, үйсіз қалады деген сияқ­ты. Бірақ адам нағыз іскер, білікті, кәсіби маман, өз ісін сүйіп іс­тейтін, сұранысқа ие қызметкер бол­са, дағдарыста да өзін жоғалт­пай­­ды деп ойлаймын. Нағыз ма­ман кез келген дағдарыста өз-өзін оңай ретке келтіреді. Сондық­тан ең бас­ты мамандық – өзіңді табу және тап­қан салаңда білікті маман болу. Карантин жағдайы он­лайн жұмыс істеуі мүм­­кін емес де­­ген ірі кор­порациялар мен үлкен ком­пания­лар­дың өзін қа­шық­тан жұмыс істеуге кө­шірді.  Теле­ме­­дици­на­ның қанша­лық­ты маңыз­ды жә­не ұтым­ды биз­­нес екені бі­лініп жатыр. Негізі, барлық биз­­нес он­лайн ре­жим­ге өтті де­сек те бо­ла­ды. Қазіргі кез­де биз­нес орта­лық­тары­нан ғима­рат немесе кеңсе жал­дау өзектілігін жоя бас­тады. Егер сіздің командаңызда мықты маман бар болса, ол мейлі ауылында, үйінде жүр­се де, шетелде демалып жатса да жұмысын істей береді. Қазір шет­елдік мекемелердің көбісінде осындай тәжірибе бар. Мысалы, америкалық IT компаниялардың қыз­меткерлері негізінен Үндістан­да, Таиландта, Қытайда, Сингапур­де тұрады. Шетелде ондайн жұмыс істейтін қазақстандық мамандар да бар. Интернеттің дамыған за­манында ендігі жерде кеңсеге ба­рып-келіп жұмыс істейтін маман­дықтарға сұраныс азаяды. Жалпы, мамандыққа деген ешқандай қызығушылы­ғың, талабың мен талантың бол­маса, осы жұмысты істесем ақшалы бола­мын деген стимулмен жүрсең, ол жұмыстан жалығып кетесің. Қай салаға қызықсаң, содан нәти­же шығара алсаң, сөзсіз сол сала­ның маманы бола аласың.  

Серіктес жаңалықтары