807
Қандастарға арналған білім гранты
Қандастарға арналған білім гранты
1991 жылдан бері Қазақстанда жыл сайын жоғары оқу орындарына студент қабылдаған кезде шетелден келген ұлты қазақ жастарға да квота бөлініп келеді. Тіпті, тәуелсіздіктен де бұрын 70-80-жылдары шетел қазақтары Қазақстанда білім алуына мүмкіндік жасалды. Білім іздеген қазақ баласы қай кезде де қазақ топырағынан білім нәрін алуға жол тапты.
Көшіп келген қандастарымыздың арасында жоғары білімді 53 843 адам, орта білімді 122 058 адам болса, олардың әрқайсысы шетелде жиған ілім-білімі мен тәжірибесін Қазақстанның өркендеу жолына арнады.
Көші-қон туралы заңға (5-тарау 30-33-баптары) сәйкес, Білім және ғылым министрлігі қандастарға орта кәсіптік және жоғары оқу орнына түсуге белгілі мөлшерде квота бөледі. Министрліктің жергілікті департаменттері мектептерде және балабақшаларда қандастарды қабылдауға жауапты.
Қазақстанға көшіп келген соң қандастар балаларын мектепке орналастыру барысында көптеген кедергілерді кездестіреді. Әсіресе, олар балаларын орыс тілінде емес, ана тілінде оқытқысы келеді. Мұндай проблемалар қазақ мектептері аз солтүстік аймақтарда жиі ұшырасады.
Қытай, Иран, Ауғанстан қатарлы елдерден келген қандастардың дені қазақ тілінде сөйлегенімен, кириллица ғарпімен жазып, оқу кезінде қиыншылыққа кез болады. Себебі бұл елдерден келген қандастар төте жазу үлгісінде жазады. Қазақ тілінде де, орыс тілінде де оқытатын мектептерде білім берудің айырмашылығы бұрын көшіп келген елдердің білім беру жүйесінен анағұрлым өзгеше.
БҰҰ ХКҚҰ-ның зерттеулеріне сүйенсек, оңтүстік аймақтағы мұғалімдер бастапқы кезде дүниетанымы мен діни наным-сенімдегі ерекшеліктеріне байланысты кейбір қандастар (Ауғанстан, Иран, Пәкістан қазақтары) ер және қыз балалардың бір сыныпта оқуына қарсылық білдіргенін айтады. Зерттеу барысында мектепке бармаудың көптеген себептері анықталған, соның ішінде денсаулығының болмауы және қаржылық қиындықтар.
«Білім-Орталық Азия» білім беру орталығының зерттеулеріне сәйкес, мектеп бітіргендердің 46 пайызы жоғары білім алуға талпынады. 40 пайызы әлі шешім қабылдамаған. Ал 14 пайызы кәсіптік немесе техникалық колледждерде оқығысы келетінін айтқан. Ата-аналардың ішінде 54 пайызы балаларының жоғары білім алғанын қаламайтын көрінеді. Өйткені қаржы тапшылығы және балаларының үйден кеткенін дұрыс деп санамайды.
Ал Білім және ғылым министрлігі жоғары білім алуға ниетті қандастардың санын көбейтуде белгілі жұмыстар атқарып келеді. Мемлекеттік грант алуда жеңілдіктер бар. Атап айтқанда, бұрын 2 пайыз болса, соңғы екі жылдан бері 4 пайыз қандастарға арналған мемлекеттік грант қарастырылған. 2003-2004 жылдары ел бойынша 183 000 талапкер ЖОО-ына түсті. Соның ішінде 153 000 ақылы түрде (өз қаржысымен), 16 000 мемлекеттік білім гранттары есебінен, 10 000 мемлекеттік білім кредиттері есебінен білім алған. Мұнда мемлекеттік көмек арқылы оқып жатқандар саны 26 000 адам болса, оның 520-сы басқа мемлекеттерден келген қандастарымыз.
Foundation пайдасы
Тәуелсіздіктен бұрын білім шартымен келген этникалық қазақ жастары 1991 жылдан бастап ЖОО-ның қабылдау бөлімінде даярлық курсын оқи бастады. Жыл сайын қандастарға арнайы 2 пайыз квота бөлінді. Көші-қон саясатындағы бұл ең тиімді стратегиялық жобаның бірі. Бұл игі бастама екі үлкен нәтиже берді. Ең бірінші, шетелде тұратын қазақтар тілін сақтап қалуы және жоғары білім алуы. Диплом алып, жұмыспен қамтылуы. Екінші пайдасы, шетелдегі қазақтарды елге тартуға ең тиімді жолдың бірі осы болды. Әуелі жастар келіп, диплом алып, жұмысқа тұрған соң, ата-анасын атажұртқа әкелгендер көп. Жастары осы жақтан оқып, тілін, менталитетін үйренген соң, өз үйлерін көшіріп әкелгенде, құжат алу кезінде делдалдарға ұрынбай өздері шешті. Мұның тиімді тұсы осы. 2011 жылы Білім және ғылым министрлігінің №554 бұйрығымен университеттерде этникалық қазақ жастарын жоғары оқуға түсіруге даярлайтын арнайы дайындық бөлімдері факультет болып өзгерді. Бірақ оған дейін де шағын бөлімдермен қатар дайындық факультеті бар университет те болды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті және Семейде Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің жанындағы Еуропа мен Азиядағы қазақтардың басын қосқан алғашқы халықаралық дайындық факультеті. Семейдегі дайындық факультетінің құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. Осынау жылдарда көптеген қазақ жастарын елге тартты, білім берді. Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылы шығарған №554 бұйрығы 2014 жылдың қазан айында елімізде толық жүзеге асты. Еліміздің 20-дан астам жоғары оқу орындарында шетелдік қазақ жастарын Foundation факультеті болып құрылды. Бұл бөлімнің мақсаты – Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерді жалпы білім беруге дайындау және деңгейін арттыру. Сонымен қатар Қазақстанда өмір сүруге бейімдеу. Осы уақытқа дейін мемлекеттік грант негізінде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Иран, Түркіменстан, Ауғанстан, Қырғыз Республикасы және Еуропаның біраз елдерінен қазақ жастары келіп, білім алды. Мәселен, 2013 жылы мемлекеттік гранттың арқасында әлемнің 9 елінен келген 1 101 ұлты қазақ талапкер емтиханнан өтіп, дайындық курстарына түсті. Өзбекстаннан – 557, Қытайдан – 282, Моңғолиядан – 186, Түркіменстаннан – 17, Қырғыз Республикасынан – 10, Ресейден – 2 және Австрия, Түркия, Иорданиядан бір-бір студент келген. 900-дей талапкер оқуға түсіп Қазақстанда тұрақтап қалса, кейін Қазақстан азаматтығын алған. – Білім және ғылым министрлігі республика бойынша дайындық бөліміне жыл сайын 1 мыңға жуық грант бөліп келеді. Атап айтсақ, 2018-2019 оқу жылы 1 200 грант бөлініп, 992 қандасымыз оқуға келген болатын. 2019-2020 оқу жылына 1 000 орын бөлген еді. Дайындық курсына түсу үшін арнайы онлайн тіркелген қатысушылардың саны жылдағыдан әлдеқайда көп болғандықтан, конкурсқа өтініш білдірген 1 238 қатысушының тек 1 000-ын ғана өткізуге тура келді. Конкурстан мүлде өтпеген талапкерлердің мәселесі бойынша «Отандастар Қоры» атынан Білім және ғылым министрлігіне хат жолданып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы Үкімет отырысында сол кездегі вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың алдында қандастардың осы мәселесін көтерді. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен елге келіп, білім аламын деген қандастардың үміті ақталды. 238 талапкердің барлығы елде қалып, білімін тегін жалғастыруға мүмкіндік туды. Бұл «Отандастар Қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қандастар алдындағы сәтті атқарылған кезекті міндеттерінің бірі деп санаймыз, – дейді «Отандастар Қоры» Білім бағытының жауапты қызметкері Нұрымжан Жұмағазиев.Биылғы білім жағдайы
Биыл еліміздің 24 жоғары оқу орындарындағы дайындық бөлімінде қандастарымыз білім алып жатыр. Барлығы 1 300-дей талапкер. Қазір бұрынғыдай КТА (кешенді тестілеу) деген жоқ. Талапкерлер каңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында ҰБТ ғана тапсырады. Соның тек маусым айындағы ҰБТ-ның сертификаты ғана мемлекеттік грантпен оқуға түсуге жарайды. Ал қалған айлардағы ҰБТ-ның сертификатымен тек ақылы бөлімде оқуға болады. Foundation факультетінде оқып жатқан қандастар осы маусымдағы ҰБТ-ға қатыса алады. ҰБТ 20 маусым мен 2 шілде аралығында болады. Өтінішті қабылдау қазір онлайн түрде басталып та кетті. Өтініштер 20 мамырға дейін қабылданады. – Мен шетелден келетін қазақ жастарын жоғары оқуға дайындап жатқаныма екі жыл болды. Былтыр да талапкерлеріміздің 90 пайызы грантпен еліміздің жоғары оқу орындарына түсті. Көбі осы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде қалып оқып жатыр. Шетелден талапкерлерді оқытудың жауапкершілігі жоғары. Олардың артында ата-аналарының зор үміті бар. Егер осы балалар оқуға түссе, ертең солардың көбінің ата-анасы елге көшіп келеді. Біз осы талапкерлерді шетелге арнайы барып, ел-елді аралап жүріп, аманаттап әкелеміз, – дейді Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Foundation факультетінің деканы Алмагүл Абдолхан.Бақытбек ҚАДЫР