Ұялы телефон ұстаған бала тиянақты білімге қол жеткізе ала ма?

Ұялы телефон ұстаған бала тиянақты білімге қол жеткізе ала ма?

Ұялы телефон ұстаған бала тиянақты білімге қол жеткізе ала ма?
ашық дереккөзі
1123
  Жақында ғана министрлер мен әкімдер бастаған мемлекеттік шенеуніктерге қызмет барысында ұялы телефон ұстауға тыйым салынғаны белгілі. Іле-шала бұл шектеу МАИ қызметкерлеріне де қойылды. Ал, ұстаз қауымы да ұялы телефонның оқушының білім алуына кері әсерін тигізбей қоймайтынын көптен бері айтып келеді. Наурыз айының басында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім беру мекемелеріндегі бірыңғай киім формасына қойылатын талаптарды бекіткен болатын. Аталған талаптар «білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған» деп көрсетілген. Бүгінде осы талаптарға қатысты жекелеген азаматтар тарапынан сыңаржақ пікірлер білдірілуде. Қоғам талқысына түскен осы мәселе төңірегінде өз ойымды білдіріп, оны халқымыздың қыз баланы тәрбиелеудегі өнегелі ұстанымымен байланыстыра қарауды мақсат тұтып отырмын. Білім және ғылым министрлігі білім мекемелерінде смартфон қолдануға тыйым сала ма? Бұл мәселе ұстаз қауымын көптен бері мазалап жүр. Әңгімені әріден бастасақ, тәрбиенің негізі қаланатын жер – білім мекемелері. Бүгінде бесіктен белі шыққан бүлдіршінге дейін заманауи құралдың тілін жетік меңгерген. Бұрынғы «аттың құлағында ойнайды» дегеннің орнын «ұялы телефон мен интернеттің құлағын тең ұстаған» деген теңеу басқан тәрізді. «Заманына қарай адамы» деген тәмсілді ескерсек, мұның артықшылығы да бар. Көштен қалмай, жаңа дүниенің тілін білгенге не жетсін? Алайда «таяқтың екі ұшы» бар дегенді қаперге алатын кез жеткен сияқты. Заман ағымына ілесудің жөні осы екен деп, ұлттық тәрбие жағын ақсатып алған жайымыз бар. Әсіресе, білім ұяларындағы көптеген оқушылардың түрлі бейәдеп әрекеттерге бой алдырып жатқанын жасырып қайтеміз. Бұған кімді кінәлаймыз? Уақытын білімнен гөрі, интернеттегі «қызықтарды» тамашалауға жұмсайтын ұрпақтың тәрбиесіне кім жауапты? Бүгінгі ата-ана мен ұстаздың көңілін күпті еткен жайт осы. Демек, мемлекеттік шенеуніктерге смартфонды пайдалануға салынған тыйымды білім мекемелеріне де енгізу қажет. Осы мәселе бойынша тілші қауымы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаевадан сұрап көрген. Ол: «Ақпараттандыру жөнінде» ҚР Заңының 55-бабына сәйкес, электронды ақпарат ресурстары, ақпараттық жүйе мен ақпараттық-коммуникациялық құрылымдарды қорғау шарасына байланысты смартфондарды жұмыс барысында қолдануға салынған тыйым мемлекеттік қызметкерлерге ғана қатысты» деген болатын. Дұрыс делік. Бірақ министрлік ұялы телефонның білім сапасына қаншалықты кері әсерін тигізіп отырғанын білмей ме? Ал кейбір білім мекемелеріне министрліктің бұйрығы қажет те емес көрінеді. Мәселен, таяуда «Екібастұз балабақшалары ата-аналарға мекемеге смартфон ұстап кіруге тыйым салды» деген ақпарат тараған еді. Бұл әр білім ошағының ішкі тәртібі болса керек. Ал оқушыларға сабақ үстінде ұялы телефон қолдануға жаппай тыйым салу үшін министрліктің нұсқауы қажет. Әзірге құзырлы министрлік оқушыларды талап пен тәртіпке шақыратын амал-әрекетке бара алмай отыр. Шынтуайтында, мектеп те білім беретін мемлекеттік мекеме. Ондағы ұстаздың білім беру әдіс-тәсілі, жалпы білім ошағының өмірі жұртқа жария бола бермеуі керек. Егер оқушы мектептің ішкі тіршілігін түсіріп, сыртқа шығара берсе, не болмақ?! Қазір кез келген оқушының қолында смартфон бар. Кейбір оқушылар сабақ үстінде де әлеуметтік желіге кіріп, көңілін басқа нәрсеге бұрып жатады. Мұны мұғалім білмейді емес, біледі. Бірақ соған қарамастан оқушының қолындағы смартфонды тартып алуға құқығы жоқ. Себебі қазіргі балалар қит етсе, бейнеге жазып, әп-сәтте ғаламтор «жұлдызы» етіп жіберуі ғажап емес. Ғаламтор демекші, бірер күн бұрын Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева Астанадағы №81 «Astana English School» мамандандырылған гимназиясы мұғалімдері және оқушыларымен кездесу барысында: «Мұғалімдер балаларға қатысты өздерінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланбауы тиіс. Бұдан былай әр оқушы ұстазының теріс әрекетін интернетке жариялай алады», – деген ол әрі қарай ойын былайша сабақтады. «Өкінішке қарай, бұқаралық ақпарат құралдарында өздерінің өкілеттілігін асыра пайдаланатын мұғалімдер жайында жағымсыз материалдар көптеп кездеседі. Яғни, мұғалімдер оқушыларға қатысты өкілеттігінің шегінен шығып жатады. Әрқайсыларыңыз білулеріңіз керек, бүгінде біздің балалардың қолында смартфондары бар. Атап айтқанда, олардың әрқайсысы сіздердің қызметтеріңізге «тыңшылық» жасай алады. Сіздердің кез келген жақсы немесе жаман әрекеттеріңіз интернетте көрініс табуы мүмкін», – деді Д.Назарбаева. Оның сөзінше, бұндай «шаралар» министрліктің немесе әкімдік тарапынан жасалған бұйрықтар мен нұсқауларға қарағанда тиімдірек тәртіпке салады. «Бұл жайында әрдайым естеріңізде болған жөн» дегенін естіген ұстаз қауымының ойы сан-саққа жүгірген. Сонда қалай, мұғалім оқушыны тәрбиелей ме, әлде оқушы мұғалімді жөнге сала ма? Мектеп – білім ордасы. «Мұғалім – мектептің жүрегі» десек, біз қазіргі қоғамда ұстаздың беделін көтеруден бұрын, түсіруге бейім емеспіз бе? Мұғалімді шектен шығаратын кім? Әрине, сабаққа ынта-зейінін салмайтын оқушы. Қарсы алдында отырған 30 баланың мінезі 30 түрлі. Олардың әрқайсысымен тіл табысу оңай емес. Білім мен тәрбие беруде барлық жауапкершілік ұстазға жүктеліп отыр. Сөйте тұра, мұғалімнің абырой-беделін түсіруге өзіміз әрекет жасаймыз. Мұнымыз қалай? Данияр Жұмабеков, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе ауылы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:  – Ұялы телефонды оқушыға ұстатуға рұқсат беру арқылы құқық қорғау мен өкілетті мекемелердің жұмысын жеңілдеткісі келетіндей көрінеді. Ұялы телефон ұстаған оқушы сабақ оқитынына күмәнім бар. Мұны жеке тәжірибемнен айтып отырмын. Осы ұялы телефонның арқасында мектеп өмірі қаптаған селфиге толып, оқушы білімі төмендеп жатыр. Ұялы телефон ұстап отырып, кітап оқып көріңізші? Басыңызға түк те кірмейді. Сол себепті белі бос, кеудесі қуыс ұрпақ қалыптасуда. Сосын кім кінәлі? Әрине, бәрін мұғалімге жабады. Ал үйде ата-ана сүттен ақ, судан таза ма? «Мектеп» деген білім ұясынан ұялы телефонның беделі жоғары боп тұр. Қазір оқушыларда басыма білімді жүктеп не қыламын, қалтамда телефоным, интернетім болса болды деген түсінік қалыптасқан. Меніңше, министрлік мұғалімге шүйліге бермей, ата-ананың жауапкершілігін арттыру керек. Балаға білім беріледі, ал үйде қадағаланып негізделмесе, ол далаға кетеді деген сөз. Сондықтан баласының болашағына немқұрайлы қарайтын ата-аналарға айыппұл салып, баласы сабақтан себепсіз қалса, ақша төлетсе екен. Айбек Қуандықұлы, Екібастұз қаласы №25 Қазақ қыздар гимназиясының, тарих және география пәнінің мұғалімі: Жоғары лауазымды қызметтегі адамдар ұстаздың беделінің жоғары болуына қызығушылық таныту керек. Егер елдегі билігі бар азаматтардың ұстазға деген қатынасы төмен болса, ұстаздық қызметтен мән де, сән де кетті. Ертең білімді, білікті жастар ұстаздық қызметке ешқашан жоламайды. Ардақ Бухатова, Риддер қаласы №16 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Ұялы телефон оқушыға көп кедергі келтіреді. Сабақта елеңдеп отырады, үзіліс кезінде келесі сабаққа дайындалудың орнына, телефонмен алысып кетеді. Ал пайдалы жағы орыс сыныптарының оқушылары онлайн сөздікті пайдаланып, онлайн тестерді орындайды. Ал мұғалімнің ерсі қылықтарын түсіріп, ғаламторға салуға түбегейлі қарсымын. Әрине, мұғалім де, оқушы да өзіне қатысты міндеттерді білу керек. Мұғалімнің басты міндеті – баланы оқытып қана қоймай, тәрбие беру. Осы екеуін қатар алып жүру кейде қиын соғып жатады. Мейіржан Темірбек, мұғалім: Оқушылардың «клип» түсіруі туралы әңгіме болып жатыр. Түсірсін, жасыратын ештеңе жоқ. Шенділер сияқты «бұрқыратып» ақша жеп жатқан жоқпыз, жейтініміз – қағаз ғана. Неменеге қорқамыз? Бірақ жанға бататыны, айтқанның жөні осы екен деп заңды белден басуға болмайды ғой. Мұғалім 200 теңгеден жинаса, «коррупционер» болып шыға келеді. Ақша жинамайтын мектеп, ата-анадан көмек алмайтын мұғалім жоқтың қасы. Егерде ақша жинамаса, оқушылардың түрлі сайыстар мен жолдамаларына мектеп не үкімет төлеп отыр ма? Лаура Аяпберген, ата-ана: Оқушының ойы сабақ оқу емес, «ұялы телефонға кімнен хат келді» деп бөлініп отырады. Бәлкім, таңертең оқушылардың телефонын жинап алып, сабақ аяқталғанда қайтарып беру жолын қарастыру керек шығар. Телефонсыз тағы болмайды. Балаңның қайда жүріп-тұрғанын біліп тұру маңызды. Қазіргі кезде балалардың жоғалу деректері көбейіп кетті. Сол үшін ғана телефон ұстатып қоямыз. Әйтпесе, баламнан сабақ үстінде қолданбауын талап етемін. P.S. Білім беру мекемелерінде ұялы телефонға тыйым салу керек пе? Бүгінгі заман балаларының «серігіне» айналған ұялы телефоннан келетін зиян шаш-етектен. Бұл біріншіден, баланың өзіндік ойлау қабілетін төмендетеді. Екіншіден, есеп шығару кезінде логикалық шапшаңдық пен ұтқырлықты бәсеңдетеді. Себебі қазір кез келген смартфоны бар оқушы Photomath бағдарламасы арқылы математикалық есептердің жауабын лезде таба алады. Үшіншіден, оқушы кез келген жағдайда біліміне емес, ұялы телефондағы интернетке сенім артады. Міне, бұл білім сапасы таяздануының алғышарты. Тіпті, ұялы телефонға мүлдем тыйым сала алмасақ, шетелдегі үрдіс бойынша сабақ басталар кезде оқушылардың телефонын жинап алып, біткенде таратып беруді қолға алғанымыз жөн. Әзірге басқа амал жоқ.  

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары