324
Түркістан: апаттан келген шығын көлемі есептелуде
Түркістан: апаттан келген шығын көлемі есептелуде
Мақтарал ауданында орын алған жағдайға байланысты 2 243 азамат қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Н.Жүнісовтің айтуынша, судан қауіп төнген Нұрлы жол мен Фердоуси ауылдарынан 415 үйдің 3 200-ден астам тұрғыны қауіпсіз аймаққа шығарылды. Жалпы осы сәтке дейін 5 400 тұрғын қауіпсіз жерге орналастырылған.
«Жалпы су тасқыны аудан бойынша 4 елдімекенге қауіп төндірді. Бұл дегеніміз 4 624 халқы бар 868 үй су астында қалуы мүмкін еді деген сөз. Алайда, қазір дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында қауіптің беті қайтты. Төтенше жағдайға байланысты 18 эвакуациялық орындар дайындалды. Олар Атакент, Мақтарал, Жамбыл елдімекендерінде орналасқан. Апаттан құтқару жұмыстарына 630 адам, 2 су көлігі және 56 техника жұмылдырылды. Қажетті шаралар тиісті деңгейде атқарылып жатыр», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Н.Жүнісов.
Мақтарал ауданының әкімі Б.Асанов қауіп сейілді екен деп арқаны кеңге салуға болмайтынын айтты.
«Эвакуацияланған ауыл тұрғындары мектептерге жайғастырылды. Коронавирус індетінің таралуының алдын алу үшін эвакуацияланған азаматтарға медициналық бетперде мен автисептиктер таратылды. Қазіргі таңда төтенше жағдайдан келген шығын көлемін есептеу жұмыстары жүргізілуде», – деді Б.Асанов.
Атап өтейік, мамандар егер су тасқынынан келетін қауіп қайта күшейетін болса, сол аймақтағы азаматтар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге эвакуациялау шаралары ұйымдастырылатынын жеткізді. Мұндай жұмыстарға көрші жатқан Келес, Жетісай, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімшілігі атсалысатын болады. Қазіргі таңда осы бойынша халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жағдай бақылауда, қауіп толығымен сейілгеніне көз жеткізілсе, эвакуацияланған барлық азаматтар үйлеріне жіберілетін болады.