Тұңғышбай Жаманқұлов, Халық артисі: Күйкі тірлік қазақты індетіп барады

Тұңғышбай Жаманқұлов, Халық артисі: Күйкі тірлік қазақты індетіп барады

Тұңғышбай Жаманқұлов, Халық артисі: Күйкі тірлік қазақты індетіп барады
ашық дереккөзі
1095

Ол өнерді, өнердегі тазалықты бәрінен биік қояды. Сахнаны қасиетті тұғырым деп біледі, оның айналасында тек ақ пен адалдың жүргенін қалайтыны сондықтан. Саф өнердің сарбаздары ғана шыққан киелі төр бүгінде «қаптап кеткен жарықшақ «жұлдыздардың» мінберіне айналғаны жанына батады. Өткенге жиі үңілетіні, кешегіге қайта-қайта қарайлайтыны содан. Бүгінгінің өткен күнге ұқсамайтыны секілді, ертеңгінің де қазіргіден мүлдем бөлек боларын білсе де, өмірлі өнер үшін күреседі. Тозбайтын таланттарды тәрбиелеу, тат баспайтын тақырыптарды қозғап, құлдырамайтын құндылықтарды қалыптастыру үшін алысады, арпалысатын сәттері де аз емес. Белгілі актер, режиссер, ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұловпен сәті түскен сұхбатымыз респонденттің көкейінде көптен бері қордаланып жатқан ойларын көзі қарақты оқырманға жеткізуді көкседі.  

– Сәбит Оразбаев ағамыз сұхбаттарының бірінде сіздің өнерге келуіңізге Асқар Тоқпановтың себепкер болғанын айтқан еді. Ол кісі сізді Тараздың гидромелиорация институтында көріп қалып, Алматыға шақырмағанда басқа саланың түтінін түтетіп жүрер ме едіңіз, әлде бойдағы дарын түптің түбінде дегенін істемей қоймас па еді?

Ол рас. Әйтсе де, «іште жатқан жылан» бар-ды. Тек ол «жылан» ұйқыда болатын, оятуға үркетінмін. Әуелден өнер әлемін биікке қоятынмын, «саған не жоқ, ол ерек жаратылғандардың әлемі» деп. Әлі де сол ойдамын. Кейде өзіме де, төңірегіме де көңілім толмай, «біз осы не істеп жүрміз» деп қарадай күйінем. Қаптап кеткен жарықшақ «жұлдыздардың» іс-әрекетін, арзан сахнасын, әрсіз әндерін, саяз сөздерін естіп-көргенде, одан сайын қорланам. «Қайран да менің Ас-екем-ау, қайдан ғана жолығып едің, сол техникалық оқуымды оқып жүре бермедім бе» деп шайнай-шайнай шынтағым қызыл ала қан болған кездерім аз емес... Қасиетті сахнада селтең-селтең еткен, арзымайтын арзан сөз айтып, орынсыз ыржаңды өнерге балап, өздерін соның қырандары санап жүрген інілерімді былай қойғанда, ата сақалы аузына түскен алқам-салқам ағекеңдердің өздері қарамағына қарақты сөз айта алмай, аярлықты айналсоқтап, әділеттен аулақтап, ішмерез-іштарлыққа бой ұрып, қулық-сұмдықты сапырып, қара жерге қарататынын қайтерсің? Хош деңіз, бұл бір базынаға бергісіз бәлдір-батпағым... Сұрағыңа ойысайын.. Әрине, басқа салада жүрер едім. Өнер өксік болып іште жата берер ме еді, кім білген?.. Бірі кем дүние дағы... Ол кезде өнердің осыншама ойыншық боларын, оны өмірбақилық өзегім, бала-шаға асырар бәсірелі нәпақам деп басыбүтін бағдаршамға айналдыруға  болмайтынын ақылымның аздығынан білмеппін... Бір білетінім, арзанға алданбас едім, айқайы көп концертке, төрі жақын, өрі пәс, шындықтан гөрі шырмауы мен алдауы көп театрларға бармас едім деп ойлаймын.

– Өткен жылдың соңында «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты Халықаралық театр фестивалі екінші мәрте дүркіреп өтті. Қазақтың ғана емес, өзбектің, қырғыз бен тәжіктің кіл жүйріктерін жинадыңыз Әулиеатаға. Бұл – перзенттің туған жер алдындағы парызының өтемі ме?

Өтемі емес, тотемі. Төтесі. Тараз таланттарға бай өлке. Тарихы да тереңде, арманы да аспанда. «Таразға шақырған фестиваль» – өнер деген әлемнің әлеуеті бөлектігін, бүгіндегі ақшаны ғана ойлап, шақшадай басы шарадай боп жүрген қазаққа ұғындыру емес-ау, санасына мығымдау десем, қалай болар екен?... Нан табудан басқа да қам бар. Ән бар, сән бар... Ақшадан басқа да бау бар, бақша бар... Күйкі тірлік қазақты күйретіп барады десем артық шығар.  Індетіп барады, дұрысы. Айнала базар, төңірек түртпегі көп арзан күлкі мен мардымы аз «мария-магдалена», уытын жайған у-шу. Таза өнер мен базар өнер шатасып, аңғал қазақтың талғамы азып, қымбаты тозып, арзаны аспандап, астаң-кестеңі шығып барады. Соны естияр елдің естеріне салудың далбасасы, нағыз өнердің ойшыл болатынын, хас өнерпаздың мұңшыл болатынын, соны шынайы өнердің өрелі тілімен өрнектеудің өрмегі... Өнер – ду қол шапалақтау үшін ғана емес екендігін еске салу... Ол – шарықтау, ол – ұшу! Көрерменмен бірге терең ойға бату, тәтті мұңға шому. Тазару. Биіктеу. Талқан болған атадан қалған асыл талғамды іздеу. Орынсыз ыржаңды орнына қою. Әрісі –  өзге елдің өрелі өнерімен сусындау. Бір қазанның ғана сорпасын малдана бермей, айналаңның «алты малтасының» да дәмін білу, өзіңнің өнердегі өре-қарымың мен бағыт-бағдарыңды бажайлау. Берісі – туған өлкем Таразды мақтан ету, тарихына табындыру, тазалығына тамсандыру, төңірегіне таныту. Өнерімен. Тал-терегімен, қорегімен, фосфорымен ғана емес.

– Өзіңіз қызмет ететін М.Әуезов театрының бүгінгі репертуары көрерменнің іздегенін ұсынып отыр ма? Не жетіспейді, басы артық дүние қайсы? Өресі биік, талғамы жоғары спектакльдердің үлес салмағы қандай?

Ойбой, түп етектен алдың ғой. Бұл ұзақ әңгіме. Бәлелі тақырып. Шынын айтсаң – шикілерге жақпайсың, өтірігің өзіңе дерт. Алдыңғы онжылдықта кәкір-шүкірі көбірек болғанмен, азды-кем қорғасындай қою қойылымдар да болды. Бәрі де театрдың «төбесіне», әр кезеңінің «қазаншысының» еркі мен өресіне, талғамы мен біліміне байланысты. Қойған сұрағыңа орай, көрерменнің іздегенін табу онша оңай шаруа емес. Әркімнің көңілі жоғары – бірі «жүрегін ауыртпауды» ойласа, бірі «үмітін үзбей» үйкүшіктеніп әлек, бірі «сағыныш пен елестің» сағымында жүр. Енді бірі «келіншегін тендерге түсіріп» ботадай боздағанға мәз. Қағынан жерімегендер «Қазақтарға», тарихын тәрк етпегендер «Томириске» тәнті. Оған да шүкір. Ал, кезінде «Абылайдың» арманы мен «Абыл-Қабылдың» заманын аңсайтын арда көрерменнің «азабын» репертуардан алып тастап,  артқа тастаған «қазаншыға» не дерсің? Өзінің таңсығын өзгенің қаңсығына айырбастаған да уақыттар болды, қайсыбірін айтайын. Осы жерде тоқтай қалайын. Кейін келген басшыларға базына жоқ, маған шәкірт екенін кісәпірлер кінә етіп етегінен тартпай, жаңа басшының өзі де өзгенің өңмеңді кеңестеріне ессіз шұлғи, еріксіз ескере бермей, аға мен ақсақал бола алғандардың ат теппеген азын-аулақ ақылын алғанының артықтығы жоқ, сірә...  Уақыт көрсетер, үмітсіз – шайтан...

– Биыл қазақ өнерінің қара шаңырағы 90-ға келіп отыр. Оның дамуына, әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елең-алаң шақтан сүрінбей өтуіне сіңірген еңбегіңіз зор. Қай ұжымда болмасын, сипатты белгілеріне қарай әр басшының басқарған кезеңіне түрлі атау берілетіні белгілі. Сіз басшылық еткен 1993-2001 жылдар әріптестердің жадында несімен сақталды деп ойлайсыз?

– Бұл әзірге жабулы тақырып. Айтқанның аузы жаман. Қайсыбір телесұхбатта, құдайға қараған бір актер театр тарихындағы менің азын-аулақ көрнекті болмаса да, көмескі тізгін ұстап, ескегін ескеніме шүкірлік білдіріп еді, менен кейін тізгін ұстаған бастық ол хабарды экраннан көрсетпеңдер деп тележүргізушіге доқ көрсетіпті. Демек, әлдекімдердің әлі де іші кеңімеген, әділеттік әлі де ауа жайылған, «жарасы» жазылмаған. Ол кезеңді (мен төрелік еткен) театр тарихынан сызып тастауға атсалыс әлі тоқталмаған.  Әуезов театрына «сіз басшылық еткен тұста» деген тіркесті қоспай сұраңыз, өйткені ол ұмытылған, санадан сызылған. Ондай уақыт болмағандай; 1993-2001 жылдары Әуезов театры өмір сүрмегендей; ешқандай жақсылық болмағандай; ол жылдары театрға көрермен келуі сап тиылып, залдары бос тұрғандай; он жыл бойы ешбір қалаға гастрольдік сапар ұйымдастырылмағандай; жылына жаңадан он бір спектакль қойылмағандай; Шотландияға (Англия) Эдинбург фестиваліне үш жыл қатарынан шақыру алмағандай; театр қызметкерлері қырық сегіз пәтерге, алты жатақханаға қол жеткізбегендей; Құман Тастанбеков, Гүлжан Әспетова, Шайза Ахметова, Әнуар Боранбаев, Әшірәлі Кенжеев, Тілектес Мейрамов ҚР халық артисі; Мәнуара Абдуллина, Баян Имашева, Салиха Қожақова, Шәмшәгүл Меңдиярова, Уайыс Сұлтанғазин, Төлеубек Аралбаев, Жұмагүл Мейрамова, Нұрзада Тәшімовалар ҚР еңбек сіңірген артисі атағын менің кезімде емес, тоқсаныншы жылдың басында, не екі мың біріншінің соңында алғандай; өкімет бір тиын қаражат бөлмесе де, он алты жыл бойы сылақ көрмей шіріп, казарма сынды «қоршауда» тұрған театр ғимараты үкіметтік жоспарда затымен жоқ қаражатқа ағымдық жөндеуден өтпегендей; ұжым мүшелері айлап-жылдап жалақы ала алмай қор болып, аш-жалаңаш жүргендей; халықпен жұмыс істеудің жаңаша түрі «Көрермен» агенттігі құрылмағандай; ине мен түймеге көк тиын бөлінбей «жылап ішіп, шыңғырып дәретке барып» жүрсек те, жыл сайын 27-наурызда өтетін «Театр көктемі» атты М.Әуезов театрының өз фестивалін «Пушкин тіріліп келіп» жасағандай; Болат Атабаев, Қайрат Сүгірбеков өздері аспаннан түсіп, ғайыптан тайғандай суреткерлік сарайлары ашылып, атақ-даңқтары жайылғандай; тарихымызды біздің дәуірімізге дейінгі 5-ғасырдан бастап тірілтпегендей, сақтар мен ғұндарды, Еділ патша мен Томиристі, Абылай мен Үкілі Ыбырайды, тіпті Адам Ғалаймссәләм мен Хауа Ананы, Абыл мен Қабылды «сөйлеткен» спектакльдер театрдың сахнасында емес, көрерменнің түсінде болғандай… Хо-ош деңіз... Театрларда сондай, кезінде болған жеңіс пен жанкешті істі «көзапара ұмыту», еңбегіңді еш қылып, құмда ізін, сайда санын қалдырмау, барды жоққа, оқты зорға балау үрдістері әбден қанға сіңген, амал қанша… Жаңа басшылық келісімен, жаңа ма, ескі ме – өз талғамы мен білгенін «тыққыштайтыны» жөн бе – емес пе, арасын айырып беретін ешкім жоқ. Бәлкім ол да дұрыс шығар, менікі ғана дұрыс дейтін даңғойлықтан құтылудың бір жолы осы болуы бек мүмкін… Мәмбетов – Мадиевскийдің, Гольдблаттың, Мажурин мен Утегановтың; Обаев – Байсеркеновтің,  Жаманқұловтың, Сүгірбеков пен Атабаевтың; Теменов – Сейітметовтің, Мен Дон Уктың, Жақыпбаевтың қойылымдарын «тарихқа жіберіп-тазалап» отыратын басшылық-командалық «әдет» қыр соңымыздан қалмайды, ал қайтесіңдер?! «Ұнамайды» оларыңыз, ал не қыласыңдар?! Басқа бастық келді, басқа көже пісірілді, басқа қасық таратылды, табақ пен талғам өзгерді! Көнсең де осы, көнбесең де солай болады! Көжеге таласуға ұят, ал талғамға талас жоқ деген!!! Ақ етек ишан болмай-ақ қояйын, мен туралы сол кездерде жазылған ұзынсонар табалау мен қаралауға құлақ қойсам, өзім де солай болған шығармын деп қалам! Қарапайым халық тасқа түскеннің бәрін шын көреді ғой... Сұрағыңыздың төте жауабын әл-әзірге әділеттің аулынан алшақтай қоймаған әріптестерімнен сұрарсыз. Сауларынан. Алжымағандарынан. Жағымпаздық дерт пен немкетті әдетке шалдықпағандарынан. Бастысы – адалдығы мен батылдығы бойында әлі де сақталғандардан...

«Режиссер деген шеге қағатын ағаш ұстасы, не кірпіш қалауды ғана білетін құрылысшы емес» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Кешегі режиссер мен бүгінгі режиссерге қойылатын талап бір ме, әлде заман алмасқан сайын режиссердің де функциясы өзгеріп отыра ма?

Режиссер бастық емес, актердан асқан ақылгөй де емес. Актерлардың жүйріктерін айтамын. Кейбірінің, режиссерлерді айтамын, ақылы демей-ақ қояйын, білімі көп актерлардан төмен келеді. Режиссер – ең алдымен суреткер. Драманың сюжетіне ілесіп, «сен анда бар, ал сен бері келіп сөйле» дейтіндей күлдібадам мизансцена құрушы емес. Ол – актерлармен бірігіп, тандем құрып, пьесаның негізінде, сөйте тұра одан мүлдем бөлек сахналық көркем шығарма тудырушы. Астын сызып айтамын, ойнаушы емес, Тудырушы! Ал шынайы суреткердің талғамы өсуі, жанын жеген жегісі, заманға қарай тақырыбы ауысуы, жаңаруы бек мүмкін, ал функциясы өзгермейді. Функция дегенде мен профессионализмді айтамын. Өзіме өзім қарсы келейін: режиссура профессия, яғни мамандық емес. Ол ұстаным. Ол – Қадам!

Кешегі режиссер өмір көрген, саяси һәм біліми көзі ашық, ақылы терең, жаны сұлу, айналасы мен кезеңіне жайбарақат емес, ортадан сөз тастай алатын, ой айта алатын, соңынан жұртты ерте алатын Суреткер, Тұлға болатын. Бүгінгілер белгісізде жүр, түк бітірмей мансапқор, тегеурінсіз айқайшы. Актер бола алмай бордай тозғандар режиссер екенбіз деп екіленеді. Қысқасы, әл-әзірге бөлек форма-қалып іздеп әлек боп жүрген шантрапалар жетіп артылады. Өз жолын, елден ерек қалыбын табуды қалаған дұрыс-ау, алайда қалып пен мазмұн үйлесе ме, жоқ па, оған бас қатырып жатпайтындары жетерлік. Бір ғана қойылым қойып-ақ, бірлі-жарым рөлді «төңіректеп-ақ», «қазаншыға» жұғысып, министрдің ық жағына ығысып жүріп «еңбегі сіңген қайраткер» болып алғандары да бар. Ойхой, бұл жағына келгенде біздің министрлік «көреген» ғой! Күні ертең ұлы болатынын «біліп» отыр да! Ақыры алатын атақты созбалақтатып қайтеміз дейтін шығар... Министрдің ойы мен орманы, өзі мен көзі жетпейтін жырақта талай тарландардың арзан атақты армандамай-ақ тау қопарып жүргендерінен бейхабар. Атақ пен алқа «таратушы» министрліктегілердің санамалы  «сарабдалдығынан», көзапара «көрегендіктерінен» Станиславскиіңіз бен Товстоноговыңыз тоғайда, Мәмбетовыңыз далада қалады.

– Қателеспесек, театрда соңғы қойған спектакліңіз – Ш.Мұртазаның «Ай мен Айшасы». Көрдік, көптің ойын, мамандардың бағасын білу үшін айтылған пікірлерді, жазылған рецензияларды оқыдық. Театр сыны мазмұн баяндау деңгейінен аса алмағандай көрінді. Келісесіз бе?

– Көңіліңізге келмесін, мен сіздердің журналистік өреңізге баға беріп, «жақсы, я жаман» деп айта аламын ба? Ендеше неге сіздер «бәрін біз білеміз» деп көкірек қағасыздар. Өзін тіпті мәдениеттанушы санауға дәті шыдаған қазақтың бір атасының ғана жоқтаушысы боп жүрген Қыртымбайлар сын айтып, оны айтасыз, кейде қазылық жасауға ұялмайды. Әлбетте, ол жарықтықтарды театрдың бүгінгі бағыт-бағдарына уәж айтсын деп қолқа салып отырған біздегі былдырықтар да сол атаның баласы болмаса да, ақыл-естері әлгі «күлтүрологтың» ар жақ бер жағында... Әр нәрсенің өз маманы бар-ды. Сіз «сынады» деп ауыз толтырып айтып отырғандарыңыз театр теориясынан мақрұм, тисе терекке, тимесе бұтаққа жармасатындар, мазмұн баяндағаннан басқа не айта алушы еді... Қақпағы жабық қазанның ішінде не қайнап жатқанын, сол қазанға не салғанын түсі болмаса да иісінен білетін аспаз емес пе? Театр өнерін, жалпы актер, режиссерлерді кім көрінгеннің атқа жеңіл телпекбайы етуді сірә, қоя алмайтын шығармыз. Баяғыда Әлкей Марғұлан «бірнәрсе білген соң айтамын да, білмесем не айтушы едім» деп кішілік көрсетеді екен. Ал ол кісі Академик болатын. Музыка академигі Ахмет Жұбанов та театрда туған күйеу баласы бастық болып тұрса да, бірде бір қойылымдарға сын айтпаған, өзінің музыкасымен ғана болған. Н.Г.Белинский деген білгірді естігеніңіз бар ма? Сол пірадар орыстың айсберг актері В.Качаловтың Гамлетін он төрт мәрте көргенін білесіз бе? Сан үшін емес, суреткердің сарайын тану үшін! Он төртінші спектакльді көріп отырып, «Качалов – ғұлама актер екен» деген тұжырымға келген. Бізде бір көріп билік айтатын бәдәуилер бар.

«Ай мен Айшаға» келсек, прозадан сахналық көркем шығармаға айналған қойылымның шын бағасын айта алатын теоретик аз. Даттайын десе – дұрыс сияқты, мақтайын десе білім-пішімі, я кісілігі жетпейді. Мені «өгіз-тентек» деп күлерсіз, дей тұрғанмен соғыстың дүмпуі болмаса, күңкілі қолқаны қапқан, тіпті порохтың иісі жаз жайлауын жайлаған алыстағы қазақтың бір-екі отбасы мен кішкене ғана ауылының қорлықты қасіретінің типтік трагедияға көтерілгенін көрмеу – көрсоқырлық! Есті басылым «Егемен Қазақстан» осыны ұғып, ойлы һәм әділ мақала жариялады. Одан асырып жаза алатындар жоқтың қасы болғандықтан, үнсіздіктің ауылында жүр. Меніңше, жазылады әлі, ал «апырмай» деп ризашылық айтылуы әр жерден естілуде.

«Драматургия бар, бірақ қазаққа жалын ұстатпай жүр» дейсіз. Жаңа есімдерді қашан естиміз?

Драматургия асау. Қамшылар жағы қиын. Қаламақы жоқ десе болғандай. Жастардың жалаңаяқ жүріп, патриот болғысы келмейтінін министрлік түсінбей-ақ қойды. Қолдау жоқ. Қайсыбірін айтайық.

– Бір тиынды бір тиынға жалғап, кейде жоқтан бар жасап, Театр қайраткерлері Одағының жұмысын ілгерілетіп келесіз. Бір кездері фестивальдар мен байқаулар кезінде ғана болмаса, бұл ұйымның аты ауызға алына бермейтін. Қазір ше? Министрлік театр саласына қатысты жаңа жобаларын, бастамаларын сіздермен ақылдаса ма?

Жоқ. Біздің министрлік – музыка министрлігі. Театрды білмейді, менсінбейді, осы күнге дейін бір театрдан  бір қойылым көргенін естіген емеспін. Елбасының шығармашылық одақтармен тығыз байланыста болу керек деген тапсырмасын орындауға қолы тимей жүр. Оны айтасыз, былтырғы Парламентте қарала бастаған театр өнері жайындағы заңға өзгерістер енгізу жайындағы жұмысшы органға мүше болып қатысқаным бар. Сол отырыстарға министрліктің адамдары да қатысып, кейбір баптарға азар да безер болып қарсылық көрсетті, қысқасы, министр мырза ол заңға өз «қағидаларын» кірістіруге барын салды.  Менің білгенім, заңдағы баптарды өз ыңғайына келтіріп алуға, депутаттардың өзіне билік айтудан тайынбайтынын білдік. Ақыры ол заң не болғанын білмей де қалдық, сол екіарада Парламент тарап кетпесі бар ма...

Ал театр фестивальдардың өткізілуі өнер ұжымдарының дамуын анықтайтын маңызды іс-шаралардың бірі. Бәсекелестікпен өтетін бұл өнер жарысы шығармашылық ізденіс пен жаңа жетістіктерге бастайды. Біздің республикада осы өнер мерекесі бас қалалар Алматы мен Астанада және жекеленген облыс орталықтарында өтіп келеді. Республикалық, аймақтық, халықаралық деңгейде өтетін бұл фестивальдар көркемдік деңгейі де әр қалай. Көрші Ресейде 256 тұрақты фестиваль жұмыс істейді, соның 50-і Мәскеуде өтеді. Біздегі осындай фестивальдарды өткізуді жалғастыра отырып, кейінгі жастар шығармашылығын дамытатын, жаңашыл экспериментальді ізденістерге қозғау салатын, ұлттық драматургия мен ұлттық театр дәстүрін жаңа белестерге көтеретін нақтылы мақсаттар көздеген, қазақ сахна өнерінің дамуына жаңа серпін берер фестиваль-жобаларды батыл қолға алу керек. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын осы бір маңызды шараларды өткізу құқығы Мәдениет министрлігі тарапынан «Қазақ әуендері», кейін «Рухани даму қоры» т.б. атауларымен театрға қатысы жоқ делдал ұйымдарға берілуі күдік тудырады. Бұл шараны, осы секілді жалпы республикадағы театрларға қатысты шығармашылдық шаралардың барлығын арнайы кәсіби мамандары бар республикадағы бірден-бір кәсіби ұйым – Қазақстан Театр қайраткерлері одағының құзырына беріп, облыс деңгейіндегі, аймақтық фестивальдар да тікелей Одақтың қатысуынсыз өтпеуі тиіс. Театр мәселесіне байланысты министрліктің барлық жұмыстарында Одақтың рөлін, өкілеттілігін, мәртебесін театр туралы жасалатын жаңа заңнама қабылдау арқылы көтеру қажет деп деп жүргеніміз жоғарыда айтылғандай болды...

Шығармашыл мамандарға деген сұранысты қанағаттандыру мақсатында негізгі салалар бойынша сараптама жасап, алыс-жақын шетелге режиссура, театр менеджменті, дирижер, суретші, театр ғылымы т.б. мамандықтар бойынша оқыту, кәсіби біліктілігін арттыру, мастер-класстар мен семинарларға қатыстыруды тұрақты жүзеге асырып отыру керек-ақ. Мұны да Ресейдегі, Ұлыбританиядағы, Франциядағы және Қытайдағы осы тақылеттес ұйым-одақтардағы әріптестерімен достық қарым-қатынас орнатып, тығыз байланыста жүрген Қазақстан Театр қайраткерлері Одағы жасамаса, министрліктің қолы қысқалық етеді. Несін айта берейін, біздің Одаққа өзінің бұрынғы Желтоқсан көшесіндегі «Актерлер үйі» деген үлесті ғимаратын қайтарып беру ісі жайында Елбасынан тапсырма алған министрлік әзірге «шөп басын да сындырған» жоқ. Ұят болды – Парижден, Пекиннен, Лондоннан, Нью-Йорктен келген театр теориясы мен тәжірибесінің мәшһүр  мамандарын «босағадан» да қарсы ала алмай қормыз...

– Осыдан екі жыл бұрын Үкімет отырысында мәдениет қызметкерлерін дайындау ісін сала министрлігінің құзырына беру туралы мәселе көтерген едіңіз. Өткен жылдың басында өнер саласындағы 9 жетекші білім ордасы Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына өтті. Содан бері кадр даярлау ісінде оң өзгерістер бар ма?

Жоқ. Сол мәселені көтеруін көтеріп алып, қазір бармағымды тістеп жүрмін. Рас болса, министрлік ол оқу орындарын жекешелендірумен айналысып жатқан көрінеді.

– Көрермен қазақ киносының мақтанышы деп білетін «Қыз Жібекті» бір кездері тым әсіре суреттелген деп бағалағаныңыз есте. Ол уақыттың техникалық һәм эстетикалық мүмкіндіктерін есепке алғанда мұндай сын орынсыз емес пе? ­­­­­­­­­С. Қожықов, Ғ.Мүсірепов, Г.Ысмайылова, Н.Тілендиевтің шығармашылық одағынан туған туынды сыныңызға іліккен соң, кәсіби маман тұрмақ, қарапайым көрерменнің үдесінен шыға алмай отырған бүгінгі тарихи фильмдер туралы пікіріңізді сұрауға батпай тұрмын...

Қысылмаңыз, бас жарылса – бөрік ішінде... Айтқаным – айтқан. Қағылез ағамыз С.Қожықов қазақтың ұлы эпосын сол кезде солай, ертегіге ұқсатып түсірмеске амалы болмаған... Осы күйінде де қаншама «таяқ» жегенінен хабарыңыз жоқ-ау, сірә... Болмаса, эпос деген болған оқиғаның баяны ғой, ұлттың тарихы ғой, парқы мен нарқы ғой. Сол кездегі саясат бойынша орыс ұлтынан басқалар «қоңыз теріп», ешнәрсеге басын қатырмай, үлде мен бүлдеге оране-еп жүре беруі керек те. «Туды әкетті-ііі!» деп тұяқ астында топалаңы шыққан Төлеген, Қособадан оқ атқан Бекежан қыл жабыспақ тұрмақ, қыры кетпеген киіммен қалмақтармен «соғысып» жүр... Қазақтың елдігі жайында «жыр» айтқан жырынды Жириновскийді еске алыңыз.

– Былтыр «Қазақстанды масқаралап» жүрген фильмдердің қара тізімі жарияланды. (Эмир Байғазиннің «Үйлесімділік сабақтары», «Риэлтор», Әділхан Ержановтың «Қожайындар»). Өкінішке қарай, Мәдениет және спорт министрі  санамалап берген сол фильмдердің ешқайсысын көре алмадық. Жалпы, өзіміз көрмегенді өзгенің назарына ұсыну, тек жүлде үшін кино түсіру үрдісінің белең алуына жаһандық құбылыс деп көз жұма қараған жөн бе?

«Келгенде, Жиенқұлға шықпайды үнім!» дегім келіп тұр. Ол фильмдерге мен білгенде ақшаны министрлік емес, меценаттар бөлген. Уысында болмаған қаржының есебін біле алмаған соң, ренжіп жүрген шығар. Мен де көре алмадым. Бізде прокат та жоқ қой. Шетел фильмдерінің «әскерлері» санамызды баяғыда жаулап алған. Басшының «ақ тізіміндегі» фильмдердің қаншалықты қатқан боп шығатынын көрген соң айтайық. Лауазымдылар басты рөлге кімді түсіруге, қай кадрды қалай түсіруге қанша ақша жұмсау керектігіне «команда» беретінін керең болғыр құлағымыз шалып қалып еді, тағы айтайын, «естіген құлақта жазық жоқ». Ақ тізімдегі «Қазақ елі» деген он сериялы фильмге бөлінген бір жарым миллиард ақша таусылып, жетпей жатыр екен, осымен екі-үш рет тоқтап қалыпты деп естідік, тағы да сол – «естіген құлақта жазық жоқ». Ведомство басшысының осы мәселеге қатты жаны «ауырады екен» деп те естідік. «Қазақфильмді» айына кем дегенде екі рет айналсоқтап жүреді дейді... Қайтсын, ақшаға қожа болмаса болмайды, кетіп қалады ғой...

– Соңғы кездері әннен алшақтап кеткен сияқтысыз. Эстрададан көңіл қалды ма, әлде жастарға орын беруді жөн көрдіңіз бе?

Ән  көңілдесім сияқты. Қазақ қатырып айтады – «оттан ыстық» деп. Қазіргінің ыңғайымен ән жазу қыруар қаражат талап етеді. Той-томалаққа барып, қаламақы күтіп, мөлиіп ырбаңдамаған соң, өтеуін табу оңай емес. Әншілерден сұрасаңыз бұл мәселенің құпиясын ашып айтып береді. Айызыңыз қанатынына шүбәм жоқ.

– Актер, режиссер, менеджер (жетекші-ұйымдастырушы), әнші, ұстазсыз. Бәрінің басын бір қазанға сыйдырып тұрған қандай ұстаным?

Ұстаным деп үлкен сөз айтпай-ақ қояйын. Сіз тізбелегеннің бәрі де қолымнан келгендіктен. Білмейді екенсіз, мен оларға қоса ғылым кандидатымын. Диссертациямды өзім жазғанмын, өзім қорғағанмын. Сондықтан «ғалым да екенсіз ғой» дей салыңыз...

– Қазақтың өткені мен бүгіні һәм ертеңі туралы ойланғанда жаныңызды жадырататын не, көңіліңізге кірбің ұялататын не?

Тарихымыздың тереңде қалғаны мұңға батырады. Таза, кәсіби өнердің бағасын біліп, қадірін көтере алмай жүргеніміз шер байлатады... Ал, елдік бағымыз ашылып, көк байрағымыз желбіреп, Жаманқұл атам көрмеген «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды орнатқан Елбасым мен Елімнің бақуатты арманы аспанға шаншыла орындалғаны жанымды жадыратады. Аман болайықшы!

Әумин! Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан  Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары