304
Мақтааралдықтар көмексіз қалмайды
Мақтааралдықтар көмексіз қалмайды
Өткен аптада Өзбекстанның Cырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгеттерінің бірі жарылып, Түркістан облысы Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланған болатын.
Тұрғындарының саны 6 127 адам болатын 5 елді мекен – Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары толығымен су астында қалған. Бүгінгі таңда 14 елді мекеннен 31 606 тұрғын эвакуацияланды.
Аймақта жарияланған төтенше жағдайға байланысты арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Оны Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр басқарады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен құрамында орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары бар жұмыс тобы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін жеткізді.
«Қазақстан Президенті Мақтаарал ауданының судан зардап шеккен бірде-бір тұрғыны көмексіз қалмайтынын айтты. Сол себепті сіздерге тек түсіністік танытуды сұраймын. Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі. Президент Үкіметке Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан су басқан ауылдардың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсетуді тапсыр-ды», – деді Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр.
Үкіметтік комиссия келтірілген шығынды шұғыл түрде есептеу жұмыстарын жүргізеді. Ең алдымен тұрғын үйлер қалпына келтіріледі.
Күні кеше Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасына сай Мақтаарал ауданындағы су тасқыны салдарын жою үшін көмекке Өзбекстан азаматтары мен арнайы техникалар келіп жетті.
Апат болған аймақтағы жедел штабтың ақпараттық бөлім маманы Қанат Байсовтың айтуынша, көрші елден 42 арнайы техника мен 200 адам келген. Техникалардың арасында су сорғыш, бульдозер және бөгет салуға қажетті түрлері бар. Сондай-ақ өзбекстандық жасақ елді мекендерге жайылған суды тазалау мен су сору жұмыстарын жүргізбек. Сонымен қатар тұрғын үйлердің құрылысына да атсалысады.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан тұрғын үйлердің мүлкін қорғау үшін 8 блокпункт орнатылып, Полиция департаментінің жеке құрамынан 303 қызметкер, 53 көлік жұмылдырылды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды.
Елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу үшін Нұрлы жол, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінде бөгеттер салынып, Мырзакент бағытында Фирдоуси елді мекені аумағында коллектр орнатылды. Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданының аумағынан ағын суды тез арада шығару мақсатында Өзбекстан тарапынан Жетісай ауданы Қоғалы елді мекенінің маңынан Орталық Бетпақдала коллекторы арқылы автожол көпірін айналып өтетін канал қазылды.
Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспановтың айтуынша, қазірдің өзінде 3 601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдары су астында қалған. Алдын ала болжам бойынша, шығын көлемі – 404 млн теңге.
Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметінің дерегінше, әсіресе, Жаңажол, Еңбекші ауыл округтеріне қарасты Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдарындағы алқаптар көптеп зардап шеккен. Су астында қалған егістік алқаптың 85 пайызы мақта егістігі болса, қалғаны жоңышқа мен жүгеріге тиесілі екені анықталған.