333
Мемлекеттік қолдаудың маңызы
Мемлекеттік қолдаудың маңызы
Дүние жүзіне тараған індеттің алдын алуға Қазақстан да алғашқылардың бірі болып кірісті. Үкімет тарапынан індеттің етек алып кетуіне барынша жол берілмей, тиісті сақтандыру шаралары жасалды.
Елімізде төтенше жағдай жариялағаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салықтық жеңілдіктер мен жергілікті деңгейдегі қолдауларды есептемегенде, дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржының жалпы көлемі 4 триллион 400 миллиард теңге немесе 10 миллиард долларды құрайтынын айтты.
Қосымша әлеуметтік төлем – 42 500 теңге
Мемлекет басшысы төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айрылған қазақстандықтарға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (42 500 теңге) жәрдемақы тағайындауды тапсырды. Алғашында мұндай көмекке жұмыс берушісі ақысыз демалысқа жіберген 1,5 миллион адам ілінуі тиіс еді. Алайда Президент осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырып, нәтижесінде ресми және бейресми жұмыс істегендер де жәрдемақы алуға мүмкіндік алды. Соңғы есеп бойынша аталған жәрдемақыны 4 миллионнан астам қазақстандық алып үлгерді. Карантиннің алғашқы айында – 3 млн 727 мың теңге әлеуметтік төлем төленсе, екінші айда – 418 мыңнан астам қаражат аударылған. Карантин мерзімі ұзартылған сайын жәрдемақыға өтініш берушілер саны да артып отырғанын байқадық. Осы уақытқа дейін 42 500 теңге алуға 8 млн 21 адам өтініш берген. Соның ішінде 3 млн 585 мың өтінімге төлем тағайындаудан бас тартылды. Әлеуметтік жәрдемақы алуға ең көп өтініш білдірген өңірлер: Алматы облысы, Түркістан облысы, Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қаласы.Зейнетақы мен жәрдемақыны 10% индексациялау
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 сәуірден бастап инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырды. Аталған санаттағы азаматтардың (зейнеткерлер, мемлекеттік жәрдемақы алушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар) табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Осылайша 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері 40 441 теңгені құрайтын болды. Ал мамыр айынан бастап 2,2 миллионнан астам қазақстандық зейнетақыны жаңаша есеппен алады. Қайта есептеу автоматты түрде жүргізілетіндіктен, азаматтарға қандай да бір құжаттар өткізіп, бұл үшін басқа жерге жүгінудің қажеті жоқ.Коммуналдық төлем – 15 000 теңге
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев карантиндік қалалардың тұрғындары үшін коммуналдық төлемдерді төмендету бойынша кешенді шешім қабылдауды тапсырды. Президент бүгінгі таңда қазақстандықтардың үштен бір бөлігі толықтай оқшауланған қалаларда өмір сүріп жатқанын және карантинге жабылған өңірлерде тұратын азаматтардың жекелеген санаттарына коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңгеден берілетінін айтты. Осылайша карантин енгізілген өңірлерде әкімдіктер тұтынушылардың дербес шоттарына 2 ай бойы ай сайын 15 мың теңгеден жіберіп отырады. Мемлекет басшысының тапсырмасының нәтижесінде елімізде шамамен 1 млн 600 мың адам коммуналдық қызметтерді төлеуге көмек алады. Бұл туралы өткен аптада Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов мәлімдеді. Коммуналдық төлемге 1, 2, 3 топ мүгедектері; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; көп балалы отбасылар; Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар; мемлекеттік және қоғамдық міндеттерін, әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары; ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер ие бола алады. Ол үшін жоғарыда көрсетілген санаттағы азаматтар жергілікті әкімдікке жүгінулері тиіс.Бір реттік 50 мың теңге
Коронавирус індетіне байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қорынан халықтың әлеуметтік әлсіз санатына жататын жандарға бір реттік 50 мың теңгеден көмек берілді. «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында еліміздің патриоттары да көмекке мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп жатыр. Мамыр айының басында акцияның екінші кезеңі басталады. Оның аясында 6 мың адамды азық-түлік себетімен қамтамасыз ету жоспарланған. Екінші толқын аясында 28 073 адам көмек алады, оның ішінде барлық АӘК алушылар, 2-топ мүгедектері және басқалар бар. Birgemiz қоғамдық қоры бүгінгі таңда жалпы сомасы 723 млн 900 мың теңгеге 14 478 адамға қаржылай көмек көрсетті.Азық-түлік себеті немесе 4 АЕК
Төтенше жағдай барысында Президент Үкіметке халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекет қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде азық-түлік жиынтығын ұсынды. Алғашқыда азық-түлік себеті 460 мың адамға берілсе, кейін 800 мың тұрғынға таратылды. Ал бүгінде мұндай көмек алатын адамдардың саны 1 миллион 243 мыңға жетіп отыр. Бұл көмекті көпбалалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған азаматтар, мүгедек баланың күтімімен отырған ата-аналар мен жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар алып жатыр. Көмекке мұқтаж азаматтарға еліміздің барлық өңірінде осы азық-түлік жиынтығы немесе азық-түлік жиынтығына арналған қаражат түрінде (4 АЕК көлемінде) беріліп жатыр.Дәрігерге – үстемақы, полицияға – жоғары жалақы
Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын ерекше бақылауға алып, дәрігерлердің еңбегін көтермелеуді міндеттеді. Медицина қызметкерлерінің еңбекақысына 3 ай бойы үстемақы төленеді. Инфекциялық ауруханалар мен реанимациялық орталықтардағы коронавирус диагнозы расталған пациенттермен тікелей жұмыс жасайтын медицина қызметкерлеріне – 850 мың теңге үстемақы; провизорлық стационарларда коронавирус симптомдары бар, бірақ диагнозы әлі расталмаған пациенттермен жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне – 425 мың теңге үстемеақы; карантиндік стационарлардың дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері, ауруды анықтайтын зертханалардың қызметкерлері, өткізу пункттеріндегі карантиндік тәртіпті қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлеріне – 212,5 мың теңге үстемеақы төленді. Коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандардан бөлек, халықтың қауіпсіздігіне жауапты полиция қызметкерлерін де Президент назардан тыс қалдырмады. Блок-бекеттерде кезекшілікте тұрған, коронавирус жұқтырғандарды емдеп жатқан медициналық мекемелердің күзеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлер бір айлық жалақы көлемінде үстемақы алды. Бұл мақсатта мемлекеттен жалпы сомасы 6 млрд теңге қаражат бөлінді. Президенттің әлеуметтік шаралар пакеті – халықтың әл-ауқатын қазіргі күйде сақтап қалуға бағытталған ауқымды әрі маңызды шаралар. Өз уақытысында қабылданған маңызды шешімдер өз нәтижесін бере бастады. Табыс көзінен айырылып тарыққан халықтың әлеуметтік жағдайын мемлекет дер шағында тиісті шараларды жауапкершілікпен жүзеге асыру арқылы сақтап қалды. Әйгерім ЖАҚЫПБЕК, әлеуметтанушы:Пандемия халықты қаржылық ұқыптылыққа бейімдеді
– Әлемді жаулаған пандемияның салдары дамушы елдер санатындағы Қазақстанның экономикалық жағдайына өте қатты әсер етті. Үкімет тарапынан халықты қолдау шаралары қабылданды, мемлекеттен мұндай көмектің болуы орынды. Өйткені төтенше жағдайда халықты қолдау үшін белгілі бір мөлшерде әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс. Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға 42 мың теңге көлемінде жәрдемақы, дағдарыстан шығу үшін кәсіпкерлерге қолдау, карантинге жабылған өңірлерде тұратын азаматтардың жекелеген санаттарына коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңгеден беру, қазақстандықтарға несиені кейін төлеу мүмкіндігінің қарастырылуы отандастарымыздың әлеуметтік жағдайын тұрақтандыруға сәл де болса ықпал еткені анық. Халыққа экономикалық тұрғыдан жәрдем беру турасында олардың несиелерін үш айға шегеруге рұқсат берілді. Осы жағдайда біз халыққа шынайы көмек көрсетуге ұмтылған және керісінше көмек көрсете отырып, үстемеақыларын көбейткен банктерді байқадық. Банк секторында да арнайы бақылаудың жоқ екеніне тағы бір рет көзіміз жетті. Жалпы, пандемия халықты қаржылық ұқыптылыққа үйретті. Бір несиесін екінші несиемен жауып жүрген немесе мойнында бірнеше несие бар азаматтарға бұл жағдай үлкен сабақ болды. Мемлекет тарапынан дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне жасалған қолдау жоғары дәрежеде болды деуге негіз бар. Себебі бөлінген қаржы көлемімен есептейтін болсақ, дәрігерлерге де, полиция қызметкерлеріне де өздерінің атқарған жұмыстарына сай сыйақы берілді. Алайда дәрігерлердің жалақы мөлшері әлі де төмен екені мәлім, болашақта осы мәселе де шешімін табуы тиіс. Төтенше жағдай барысында еліміздің денсаулық сақтау және білім беру саласында біршама қордаланған мәселелердің бар екеніне көз жеткіздік. Алдағы уақытта жаңа бағдарламалар қабылдар кезде осы мәселелерді ескеруіміз қажет.