1133
Қандастар ғылымға қаншалықты үлес қосты?
Қандастар ғылымға қаншалықты үлес қосты?
1991 жылдан 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін 313 256 отбасы немесе 1 057 280 этникалық қазақ тарихи Отанына оралған екен. Бұл тек «оралман мәртебесі» құжатын алғандардың саны. Ал Көші-қон комитетінің мәліметіне сәйкес, қандастар Қытайдан – 41,5 пайыз (7 326 адам), Өзбекстаннан – 40,1 пайыз (7 074 адам), Түркіменстаннан – 6,5 пайыз (1 152 адам), Моңғолиядан – 6,2 пайыз (1 095 адам), Ресейден – 1,8 пайыз (313 адам) және 3,9 пайыз (701 адам) басқа елдерден келген. Еңбекке жарамды жастағы қандастардың білім деңгейіне келсек, 13,6 пайызы – жоғары білімді, 25,2 пайызы – орта арнаулы білімді, 46,7 пайызы жалпы орта білімді екен. Ал тарихи Отанына оралған 85 ғылым докторы, 226 ғылым кандидаты өз саласындағы ізденістерін жалғастырып, қазақ ғылымының дамуына үлес қосуда. Бұл тек шетелден ғылыми дәрежесімен келгендердің саны. Ал көшіп келген соң қаншама қандастар ғылыммен айналысып, ғылыми дәреже қорғады. Әрине, олардың нақты қанша екені белгісіз. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып, білімін жетілдіріп жатқандары да бар.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркітану және Алтай ғылыми-зерттеу орталығының директоры, белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы және тағы да осы оқу орнының Шығыстану факультеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлы қатарлы ғалымдар ел үшін елеулі қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар Дөрбетхан Сұраған, Әлібек Ыдырысұлы секілді жас ғалымдар да нақты ғылым саласының дамуына өз үлесін қосуда.
Заң ғылымдары. Нағашыбай Шәйкенов – Ресейдің Орынбор облысы Новороссийск ауданында туып, атажұртта еңбек еткен заң саласының білгірі. Ол – заң ғылымының докторы, профессор, мемлекет қайраткері. Мемлекеттік жоғары лауазымдармен қатар Қазақ мемлекеттік заң университетінің ректоры болып қызмет атқарды. Нағашыбай Шайкенов Қазақстандағы құқықтық реформаның авторы ретінде танылды. Сонымен қатар заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ Моңғолияның Налайқы ауданында туып, атажұртта елеулі қызмет атқарып келеді. Қазір Конституциялық Кеңестің мүшесі.
Этнография. «Рухани жаңғыру, ұлттық код» деген жай ғана ұран емес. Әлбетте, бұл – ұлттық болмыстың ерекшелігі және ұлттық идеология. Сондықтан да бұл саланың маңызы зор. Этнограф ғалымдардың ішіндегі шоқтығы биігі – Жағда Бабалықов. Ол туралы кезінде белгілі этнограф, тарихшы, жазушы ғалым Ақселеу Сейдімбектің өзі жоғары бағалаған еді. Жағда Бабалықов – Қытай елінен көштің алғашқы легінде келді. Көптеген этнографиялық ғылыми еңбегі жарық көрді. Сондай-ақ Моңғолия елінен де Қазақстанға көптеген этнограф ғалымдар қоныс аударып, қазақ ғылымына өз үлесін қосты. Айталық, Бабақұмар Қинаятұлы («Саятшылық» және құрастырушы ретінде қатысқан «Қазақ халқының ұлттық киімдері» (2007) атты этнографиялық жинақтардың авторы), Досымбек Хатран («Ақым және о дүние» 2015) және фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшан (Халықаралық Түркі академиясы ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты) қатарлы этнограф ғалымдар кейінгі ұрпақ ұмытып бара жатқан ұлттық этнографияны насихаттап келеді. Сонымен қатар әйелдерге қатысты, әсіресе ұлттық қолөнер, тоқыма, терме секілді этнографиялық бұйымдарды жасап қана қоймай, оның атауының мәнін түсіндіріп, ұрпақ санасына жеткізіп жүрген Бұлбұл Кәпқызын атап өтуге болады.
Дінтану. Дін адамзат үшін қашанда маңызды платформаның бірі. Оны ғылыми тұрғыда зерттеп қарамаса соқыр догма, әсіре діншілдік немесе әсіре дінсіздік қоғамды адастыратынын адамзат басынан кешті. Хакім Абайдың «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды»» деген сөзі қазақ үшін айқын темірқазақ. Осы ретте атажұртқа келген ағайынның арасында дінтану саласына, соның ішінде исламтануға өзіндік үлесін қосқан дін мамандары бар. Әуелі Құранды алғаш қазақша аударған исламтанушы, хафиз Халифа Алтай (Түркия) ақсақалдың орны ерекше. Сонымен қатар дінтанушы ғалым, PhD докторы Мұртаза Бұлытай (Түркия), исламтанушы ғалым Әшірбек Муминов (Өзбекстан) және Моңғолиядан көшіп келіп еліміздің дін саласына елеулі еңбек етіп жүрген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты, теолог ғалым Кеңшілік Тышқанұлының жөні бөлек.
Тарих. Тарих ғылымдарын түркология, археология, деректану және шығыстану қатарлы салаға бөліп қарастыруға тура келеді. Өйткені бұл салада ғалымдар айтарлықтай көп.
Жошы ұлысы және Қазақ хандығын зерттеп жазған тарихшы ғалым, саясаткер Зардыхан Қинаятұлы қазақ тарихына мол үлес қосты.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтің (Ресей) Омбы жеріндегі Алаш арыстарына қатысты тарихи тың деректерді елге жеткізудегі еңбегі ерекше.
Түркология. Түркология ғылымы Моңғолия қазақтарына етене жақын. Оның басты себептерінің бірі Түркінің көне мұраларының көбі бітік жазулары және балбал тастар Моңғолия жерінде сақталуымен де байланысты болса керек. Сондықтан да түркология десе бірінші белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы еске түседі. Қазақтың белгілі ғалымы Әлкей Марғұлан батасын берсе, академик ғалым Рымғали Нұрғали: «Мен қазір М.Өтелбай мен Қ.Сартқожаұлын ғана ғалым деп айтамын», – депті бір сұхбатында.
Қаржаубай Сартқожаұлы Орхон бойындағы көптеген тарихи мұраларды қайта жаңғыртқан ғалым. Көптеген ғылыми монографиялар мен атластардың авторы.
Сонымен қатар Нәпіл Бәзілхан да Түркі мұрасын, ежелгі көшпенділердің тарихы мен археологиялық мұраларды зерттеген көрнекті түрколог ғалым.
Шығыстану. Ислам Жеменей – Иран елінің Горган қаласында туып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елге келген ғалымдардың бірі. ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Pen клуб мүшесі, Мәдениет қайраткері. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.
«Ислам Жеменейдің білімі мен біліктілігін дұрыс пайдалана білсек, оның әлі берері көп. Ислам елімнен алсам, пайда көрсем деп емес, Отаныма берсем, пайдам тисе, жұртыма қиналған кезде көмегім тисе дейтін азамат. Исламның сан салалы білімге қол жеткізгені заман талабы еді. Қазақ тарихының бір дәуірінде Алаш қайраткерлері барлық ғылыми саланы барынша дамытуға атсалысты. Біз мақтандық. Ислам да барын салып, жан-жақтылықпен бір кеміміздің орнын толтыруға талпынып келе жатқан абзал жан», – дейді шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі.
Парсы тілін ана тіліндей білетін ғалым ортағасырлық көптеген ірі еңбектерді аударуда қажырлы істер атқарды. Атап айтсақ, «Тарих-и-Рашиди» терең таным мен білімді талап ететін туынды. Оның тереңіне сүңги білу үшін қасиетті Құран, ислам тарихы, ислам философиясы, ортағасырлық түркі тарихы мен әдебиеті, парсы тарихы мен әдебиеті, парсы һәм түркі мен араб тілі, ортағасырлық араб графикасы, шығыс психологиясының шығыстық құндылықтарынан хабардар болуы қажет екені анық. Осылайша Ислам Жеменей жан-жақты біліктілігімен «Тарих-и-Рашидиді» ана тілімізге аударып, зерттеп, отандық шығыстану іліміне үлкен үлес қосты.
Қытайтану. Бұл да еліміз үшін ең қажетті салалардың бірі. Кез келген көршілес елдердің тарихын, мәдениетін, ұлттық ерекшелігін зерттейтін ғалымдары болмай, еліміз ол елдермен саяси қарым-қатынас жасауы қиын. Осы ретте қытайтану саласымен айналысып келе жатқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шығыстану кафедрасының меңгерушісі, 2010 жылдан аталған оқу орнындағы қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлын айрықша атауға болады.
Сонымен қатар белгілі жазушы, қытайтанушы Тұрсынхан Зәкенұлы және Бақыт Еженхан, Әлімғазы Дәулетхан, Нәбижан Мұқаметхан секілді қытайтанушы ғалымдармен қатар Шығыс Түркістан тарихын терең зерттеп жүрген жас шығыстанушы Елдес Орданның да ғылыми ізденістері Қазақстан тарихы үшін маңызы зор.
Нақты ғылымдар
Биохимия. Президенттік жастар кадрлық резервіне 300 азамат енген болатын. Оның ішінде шетелден тарихи Отанына қоныс аударған қандастарымыз да бар. Бірнеше кезеңнен тұратын сынақтан сүрінбей өтіп, жастар кадрлық резервіне кірген, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіндегі Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры, биолог ғалым Әлібек Ыдырысұлы. «Биомедицна өз ішіне профилактикалық іс, өмір салты, дұрыс тамақтану, иммунология, гендік анализ, хрономедицина, медициналық биофизика, фитотерапия, биомассаж т.б. көптеген саланы қамтиды. Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы Жолдауында елімізде биомедицина саласын дамыту туралы атап өткен болатын. Өйткені соңғы онжылдықта Нобель сыйлығы иегерлері осы саладан шығып жатыр. Аталған саланы дамыту халықтың денсаулығын жақсартуға және ғылым мен білімді дамытуға негіз бола алады», – дейді биохимик Әлібек Ыдырысұлы.Дөрбетхан сияқты жастарымыз көбеймей жатыр
Моңғолиядан көшіп келген қандасымыз Дөрбетхан Сұрағанұлы халықаралық The Ferran Sunyeri Balaguer Prize марапатына ие болған. Аталған сыйлықты Азия елдерінен тұңғыш рет алып отырған ең жас ғалым. PhD, қауымдастырылған профессор (доцент). БҒМ ҒК «Математика және математикалық модельдеу институты» РМК бас директорының орынбасары, жетекші ғылыми қызметкері болып қызмет істейді. Математик Дөрбетхан Сұрағанұлы PhD дәрежесін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 2013 жылы қорғаған. Сонымен бірге Лондон Корольдік колледжінің теориялық физика магистрі (үздік белгімен) дәрежесі бар. Назарбаев университетіне келгенге дейін ол Лондон Империал колледжінде математика кафедрасында ғылыми қызметкер, Математика және математикалық модельдеу институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Оның қазіргі ғылыми қызығушылығына Ли топтарындағы талдау, қолданбалы математика (математикалық физика), дербес туындылы теңдеулер, потенциалдар теориясы және спектрлік геометрия кіреді. 2013 жылы жаратылыстану ғылымдары саласындағы ең үздік жұмысы үшін жас ғалымдарға арналған (Қазақстанда) Қонаев атындағы сыйлықпен марапатталды. 2018 жылы Ferran Sunyer i Balaguer Prize сыйлығын жеңіп алды. Сыйлық математикадағы белсенді зерттеліп жатқан заманауи салалар бойынша көрнекі сипатқа ие математикалық монографияға маңызды үлес қосқаны үшін берілген. Дөрбетхан Сұрағанұлы (Лондон Империал колледжі профессоры Михаил Ружанскиймен бірге) «Біртекті Ли топтарындағы Харди теңсіздігі (Харди теңсіздігіне 100 жыл)» атты монографиясы үшін осы сыйлыққа ие болды. Жас ғалым Дөрбетхан Сұрағанұлы жайлы және басқа да шетелден көшіп келген ғылыммен айналысып жүрген жастар туралы қазақтың әлемге әйгілі математигі, физика-математика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаев Turkіstan газетіне берген сұхбатында өз пікірін білдірген болатын. «Қандастарымыз орысша жақсы білмейді, сондықтан компанияларға жұмысқа кіре алмайды-ау деймін. Сосын ғылыммен айналысып жүр. Қытайдан келген бір шәкіртім де тәп-тәуір математик болып жүр, бұйыртса жақсы жұмыс істейтін сияқты. Дөрбетхан Сұрағанұлы деген Моңғолиядан келген математик жігіт бар. Ал Қазақстанның оңтүстігінен, Өзбекстаннан келген балалардың да біразы өте жақсы математик болып өсіп келеді. 1990 жылы Қытайда өткен математиктердің Дүниежүзілік конгресінде әлем бойынша көрнекті математиктердің тізімі жасалды. Сол тізімге қазақтың 15-20 математигі енген болатын. Бұл деген біз үшін өте жоғары көрсеткіш. Адам басына шаққанда біз Еуропаның талай халықтарынан, орыстардан да озып кеттік. Ал қазір кенжелеп қалдық. Математикамен айналысатын Дөрбетхан сияқты жастарымыз көбеймей жатыр», – дейді математик ғалым Мұхтарбай Өтелбаев.Бақытбек ҚАДЫР