231
Карантин кімге кедергі, кімге қыруар пайда...
Карантин кімге кедергі, кімге қыруар пайда...
Әлем елдерінде жарияланған карантин кино әлеміне де өз әсерін тигізіп отыр. Абыр-сабыр, у-шу болып жататын түсірілім алаңдары бүгінде қаңырап бос қалған. Ал кинотеатрлар есігін тарс жауып, көрерменмен ұзақ уақытқа қоштасуға мәжбүр болды.
Universal Pictures студиясы өзінің болашақ жобаларын ендігі жерде VoD форматында және үлкен экран арқылы қатар шығаратынын мәлімдеді. Студия өкілдерінің мұндай мәлімдеме жасауына жақында «Тролльдер. Әлемдік тур» мультфильмінің онлайн форматта көрерменге сәтті жол тартып, прокаттан үш апта ішінде 100 млн доллар пайда табуы себеп болып отыр.
Universal Pictures студиясының бұл әрекеті әлем бойынша кино көрсетуші компания иелерінің наразылығын тудырып отыр. АҚШ кинотеатр иелерінің Ұлттық ассоциациясы (NATO) мен UNIC Европа кинотеатрларының ассоциациясы, AMC және Cineworld ірі желілері мұндай шешімді айыптап, Universal компаниясымен әріптестікті тоқтататындарын мәлімдеді.
Ал Қытай билігі кинотеатрларды қолдау мақсатында үлкен экран арқылы көрсетілуі тиіс фильмдердің онлайн форматта көрсетілуіне тиым салып, аталған фильмдердің бірнеше күн кинозалдарда көрсетілген соң ғана онлайн нұсқада шығатынын айтты.
Біздің елімізде де кинотеатрлар мен студиялар арасындағы келіспеушілік қылаң бере бастады. Қазақстандағы Kinopark-Kinoplexx Theatres ірі кинотеатрлар желісі отандық кейбір продюсерлер фильмдерін жаз айларында көрсетуге дайын болса кинотеатрларға үлкен қолдау екенін айтады. Құралай Анарбекова мен Тимур Бақтыбаев қана фильмдерінің тұсаукесерін шілде айының басына қоюға дайын болған. Егер осы екі кино өндіруші болмағанда қазақстандық кинотеатрлар жаз айларында көрермендерге ұсынар ештеңе таппас еді. Ал өзге кино түсірушілер өз мүдделерін ойлай отырып, мәмілеге келместен, кинотеатрларды контенттен ажыратып, фильмдерінің тұсаукесерін күз-қыс айларына ауыстырған. Осыған дейін отандық кино түсірушілерді қолдап келген Kinopark-Kinoplexx Theatres компаниясы алдағы уақытта еліміздегі кино өндірушілермен қарым-қатынасын қайта қарайтынын, тіпті кейбір картиналардың тізімде аз көрініп, ал қалғандарының көрсетілімге шықпайтынын мәлімдеді.
Алпауыт компаниялар мен кино түсірушілер бір мәмілеге келе алмай жатқанда қарапайым халықтың кинотеатрға баруға ынтасы бола қояр ма екен деген заңды сауал туындайды. Кинотеатрлар есігін айқара ашқанның өзінде халық жапа-тармағай кинозалдарға асығады дей алмаймыз. Өйткені көрермен COVID-19 инфекциясын жұқтырудан қорқады. Оның үстіне карантин жағдайында халық табысынан айырылғандықтан, алдағы уақытта көңіл көтеруге жұмсайтын қаржы көлемін қысқартуы да мүмкін.
Карантин жарияланғалы бері еліміздегі театрлар да қашықтықтан жұмыс істеуге көшіп, қойылымдарды онлайн нұсқада ұсынып отыр. Карантин режимі біткенше қойылымдарды залда отырып көруге рұқсат жоқ. Театрлар күнделікті жұмысқа кіріскен күннің өзінде, 1 шілдеге дейін көрермен қабылдай алмайды. Сонымен қатар ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, мейрамханалар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады.