Джакартадағы қазақ ғалымы: Қазақстан әлем қазақтарын магнитше тартып тұрады
Джакартадағы қазақ ғалымы: Қазақстан әлем қазақтарын магнитше тартып тұрады
Шетелдегі қазақтардың Қазақстан десе бүйрегі бұрып, елге елеңдеп отыратыны рас. Олардың арасында атажұртқа арнайы ат басын бұрып, ізінше көшіп келуге ықылас танытып жүргендері баршылық. Ал Қазақстанға тіпті табаны тимей, сыртынан тілекші болып жүргендер қаншама. Сондай қандасымыздың бірі – Құрмет Қаукен. Қытай еліне қарасты Баркөл ауданында туып-өскен ол қазіргі таңда Индонезия астанасы Джакартада Индонезиядағы Sinarmas Бүкіләлемдік академиясындағы жаратылыстану ғылымдары бөлімінің жетекшісі. Робототехника бойынша сан мыңдаған шәкірттің шеберлігін шыңдап, мұнымен қоса, бүкіләлемдік олимпиадаларға қазылық етіп, әйгілі Кэмбридж, Оксфорд университеттеріндегі емтихандық комиссияның мүшесі қызметін атқарған. Қандасымыз қазіргі таңда өзінің маңызды жұмысынан бөлек, қазақ мұғалімдеріне де көмектесуге уақыт тауып жүр. Алдағы уақытта тек сырттан ғана қол ұшын созып қоймай, елге келіп еңбек еткісі келетін қандасымызбен етене танысу мақсатында хабарласқан едік.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда көптеген жарыстарда алдына жан салмай, топ жарып келген оқушыларыңыздың фотоларын көзім шалды. «Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейінді келеді» демекші, мұндай бейілді ұстаз болуды қайдан үйрендіңіз?
– Бейілді ұстаз болу ата-анамнан дарыған қасиет деп ұғамын. Өзім Қытай еліне қарасты Баркөл қазақ автономиялы ауданында қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Әкем сол Баркөл өлкесіндегі қазақтарды ағарту ісінің негізін қалауға көп үлес қосқан, елге абыройлы болған кісі. Сан мыңдаған оқушы тәрбиелеп, бар ғұмырын тәлім беру ісіне сарп еткен жан. Анам да әкеме ілесіп, отыз жыл қатарынан ұстаздық еткен жан. Қазір зейнетте. Мұндай ортада тәрбиеленген соң, олардың ізін қумау мүмкін емес. Өзіме келер болсам, жергілікті мектепті үздік бітірген соң, Шыңжаң педагогикалық университетінің физика пәнінің мұғалімі бойынша оқуға түстім. Мұны тәмамдаған соң, Бейжің, Гуанчжоу, Гонконг қалаларында инженер болып жұмыс істедім. Сол уақыт аралығында білімімді шыңдауға септігін тигізетін ағылшын тілін меңгеріп, 2006 жылы Малайзиядағы Малайя университетінің магистратура бөліміне қолданбалы физика бағыты бойынша оқуға түстім. Көптеген халықаралық мектепте ұстаздық қызмет атқардым. Тек ұстаздықпен тоқтап қалмайын деп, көзге көрінген мүмкіндіктің түгелін қолданып, оқи бердім. Алдымен Ұлыбританиядағы Кэмбридж университетінде мұғалімдерге арналған алты айлық курс оқыдым. Бұдан бөлек, АҚШ-тағы Гарвард университетін, сосын Ұлыбританиядағы Нотингем университетінде үш айдан қосымша білім алғаным тағы бар. Енді алдағы қыркүйек айынан бастап Лондондағы UCL (University College London) университетінде технология және білім беру бойынша магистратура бөлімінде екі жыл тағы оқымақпын. 2014 жылдан бастап Индонезиядағы Sinarmas Бүкіләлемдік академиясында еңбек етіп келемін. Қазір мұнда жаратылыстану ғылымдары бөлімінің жетекшісімін. Жетекшілігімде бес пән бойынша ғылыммен айналысып жүрген ұстаздарға бағыт-бағдар беріп отырамын. Бұдан бөлек, былтыр Оксфорд қаласында орналасқан Pamoja Education компаниясы іріктеу арқылы алдымен жүз, сосын жиырма, ең соңында үш маманды жұмысқа таңдап, бағым жанып, сол үшеудің қатарынан табылдым. Сөйтіп, қазіргі таңда қосымша сол жерде онлайн режимде математика пәні бойынша сабақ беретін шетелдік ұстаздардың кеңесшісі қызметін атқарамын.
–Тағы сол суреттерден байқағанымдай, робототехникадан халықаралық олимпиадалардың қазылар алқасына да мүшелік етеді екенсіз. Жалпы, робототехникаға деген қызығушылық қайдан басталды?
– Иә, қазылық ететінім де бар. Негізі жыл сайын робот жасаудан ұйымдастырылатын бүкіләлемдік олимпиадаға (World Robot Olympiad) шәкірттерімнен құралған командамды апарып тұратынмын. Шыны керек, жүлдесіз қайтқан емеспіз. Бұл біліктілігімді ұйымдастырушылар байқаған болуы керек, кейін ара-тұра сол қазылар алқасында отыруға өзімді шақыратын болды. Қазылық ету демекші, бұдан бөлек Халықаралық бакалавриат ұйымы шеңберінде физика пәні бойынша емтихан қабылдаушы және модератор қызметін атқарғаным бар. Сондай-ақ Ұлыбританияның негізгі емтихандық комиссиясы саналатын OCR-де (Oxford, Cambridge and RSA) емтихан қабылдаушы және бағалаушы маман болып жұмыс істегенмін. Қызығушылықты сұрасаңыз, бала күнімнен техника құрастыруға қызықтым, әсіресе велосипедтің құрал-сайманын мың мәрте ашып, құрайтынмын. Оның үстіне, жастайымнан физика мен математикаға әуес болдым. Әлгі бірдеңені шұқылау, түзеу секілді хоббиім мен жаратылыстану ғылымдарына деген ынтам мені осы бағытқа адастырмай алып келді. Сөйтіп, бұл қызығушылығым күннен-күнге ұлғая беріп, бар білген-көргенімді шәкірттеріме аянбай әрі дөп жеткізуіме көп көмегі тиді.
– Білімге ұмтылу, біліктілікті арттыру, үнемі ізденісте жүруді көксеген сіздің ұл-қызыңыздың да ғылым жолына неліктен түскені түсінікті болды. Десек те, бір емес, екеуін бірдей ғылыми техникалық прогрестің дамуына оқушы кезінен мән беруге баулу қиынға түспеді ме?
– Өз заманының заңғар тұлғасы Альберт Эйнштейн «Қиял күші білімнен де маңызды» деген. Сол себепті қазіргі таңда таразының басында білім емес, креативті дағды мен адамның қиялына қанат бітірудің салмағы әлдеқайда маңызды. Соны түсінген мен ұл-қызымның қиялын еш шектеген емеспін, керісінше қолдап, қолпаштап келемін. Кішкентай кезінен Lego ойындарын құрастыртып, қағілез болуын қадағалаудамын. Қазіргінің ата-аналары секілді алдына әкеліп құры бере салмай, қастарында отырып, құрастыру амал-айлаларын бақылап, бағыт-бағдар беріп отыратынмын. Содан бері екеуі де осы салаға әуестеніп, небір нәрселер құрастырып, түрлі жарыстарға қатысып келеді. Әжесі Ботагөз, анасы Алиса деп атаған қызым қазір 17 жаста, ал ұлым Айдын 7-сынып оқиды. Екеуі де өзім жұмыс істейтін халықаралық академияда білім алады. Айта кетерлік жайт, екеуі де мен секілді бар білгенімен бөліскенді жақсы көреді. Айдын TEDx Talks-тың жастарға арналған алаңында «Неліктен роботехниканың білім беру бағдарламаларының бүкілінде маңызды орынды иеленуі тиіс?» деген тақырыпта көпшілік алдында өз ойымен бөліссе, жуырда қызым тура сол алаңда «Технология мен инновациядағы өсуді барынша жылдамдату» тақырыбында өз идеясын ортаға салды. – Әлеуметтік желідегі парақшаңызда балаларыңыздың жетістігімен құттықтаған қандастарыңызға жауап ретінде «Қазақ бауырлары мен әпке-қарындастарының үлкен қолдауы арқылы көп нәрсеге қол жеткізіп, оны қайтадан біздің Отанымызға қайтарамыз деп үміттенеміз» деген пікір қалдырыпсыз. Мұны қазірден бастап біліммен қуаттап жатқан балаларыңызды болашақта Қазақстандағы технологияның даму көшіне ілестіруді көздеп жүргеніңіз болар деп ұғындым...
– Дұрыс ұғыныпсыз. Қарға тамырлы қазақпыз. Ұлтым қазақ бола тұра, мұндай ойды есепке алмаймын десем ағаттық болар. Болашақта балаларым үлкен маман иесі атанып, Қазақстанның ілгерілеуіне үлес қосамын десе, құба-құп. Оның үстіне екеуі де Қазақстан жайлы көп біледі.
– Жоғарыда айтып өткендей, халықаралық олимпиадаға оқушыларыңызды қатыстырып немесе қазылық етіп жүргеніңізде Қазақстанның намысын қорғап барған қара домалақ қандастарыңызды да байқап қалған боларсыз. Жалпы, Қазақстандағы робототехниканың аяқ алысын бақылайсыз ба?
– Алғаш рет Қазақстаннан келген оқушылар командасын 2013 жылы Джакартада өткен бүкіләлемдік олимпиадада кездестіргенмін. Бастапқыда олардың Қазақстаннан екенін білген жоқпын. Сосын бір жақтан балалардың қазақ тілінде әңгімелесіп тұрғаны құлағыма ерекше естіліп, жүрегім елең ете қалды. Қастарына барып, хал-жағдай сұрасам, Павлодар өңірінен келген өзіміздің бауырлар екен. Ереже бойынша олимпиадаға тіркелу бір ай бұрын аяқталған, мұны білмеген олар жыларман болып, жарысқа қатыса алмайтынына қапаланып тұр екен. Сөйтіп, қазылар алқасындағы өкілеттігімді пайдаланып, тіркелуіне көмектесіп, рұқсат алып бергенмін. Сол кездегі қуанғанын көрсеңіз. Сол сайыста әлемнің әр бұрышынан жүзден астам команда қатысса, жаңылыспасам, соның ішінде олар он сегізінші орынға табан тіреді-ау деймін. Сосын іс-шара соңында олар алғысын жаудырып, естелік суретке түскенбіз. Ал Қазақстанның бұл бағыт бойынша жағдайын сөз ететін болсам, бір-екі баланы сыртынан бақылап жүремін. Өзіме Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білім алатын оқушылардың бағыт-бағдары ұнайды.
– Осы уақытқа дейін еліміздегі сол зияткерлік мектептердің бірінен немесе жоғары оқу орындары тарапынан жұмысқа шақыру туралы ұсыныстар түсті ме?
– Иә, түсті. Бірінші болып әлгінде Джакартада мен көмектескен Павлодардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшылығы жұмысқа шақырған болатын. Ол уақытта балаларым кішкентай, бас тартуға тура келді. Сосын өткен жылы тамыз айында Алтайға жақын орналасқан Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшылығымен онлайн режимде сұхбаттастым. Өзіме жұмыс реті келгенімен, балаларыма шарт-жағдайы, оқу тәртібі қолайсыз болды. Сөйтіп, амал нешік, тағы да бас тарттым. Десек те, директорға «1-2 жылдан соң, міндетті түрде барып жұмыс істеймін» деп уәдемді бердім.
– Жұмыс бабымен болмаса да, Қазақстанға бұрын-соңды саяхаттап келгенсіз бе?
– Жоқ (күліп). Орайы келмеді. Әлі табаным тиіп көрген жоқ. Қазақстанға әсіресе келіншегім барғысы келіп жүр. Қазақстанға қазір бару керек десе, менен бұрын ұшып кететін түрі бар. Ол кісімен 2003 жылы Малайзияда оқып жүргенде танысып, артынша көңіліміз жарасып, шаңырақ көтердік. Мамандығы – адвокат. Есімін қазақшалап «Шапағат» деп атаймын (күліп). Қазақстанға бармасақ та, Қытайдағы өзім туған ауылға барғанбыз. Содан көргені бар, кітаптан оқығаны бар, ол кісінің Қазақстанға деген қызығушылығы зор. Оның үстіне Қазақстан туралы тарихи киноларды көп көреді. Содан «Қазақ деген батыр, текті халық екен ғой» деп кинодағы әр кейіпкерді талқылап, тарихи оқиғалардың фактілерін ортаға салып отырады. Жұмысыма қатысты «Қазақстаннан қандай да бір ұсыныс түссе қарап көрші, өз атажұртың, барып көрелік» деп үнемі қолдап-қолпаштап жүреді. Бармасам да, тарихи Отан десе бүйрек ерекше бұрады, сол себепті үнемі сыртынан бақылап, алаңдап, тілекші болып отырамын. Жақында оңтүстік өңірде болған су апатына алаңдаулымын. Себебі қазіргідей күн жылы болғанмен, түні суық көктемгі жағдайда үйдің жылуынан айырылып қалу оңай емес. Дегенмен кеше жан-жақтан жіберіліп жатқан көмек пен Өзбекстанның өзінен автобус арқылы көмек күшін жібергенін көріп, қуанып қалдым.
– Қазіргідей күллі әлемнің оқытушылары онлайн оқытуға мәжбүр болған жағдайда сіз YouTube платформасындағы парақшаңызға қазақ мұғалімдеріне арнап Zoom және OneNote жүйесінде оқытудың қыр-сыры туралы қазақ тілді видео орналастырыпсыз. Бұл сұраныс қайдан туындады? Елден біреу қолқа салды ма әлде өзіңіз бастамашы болдыңыз ба?
– Қай өңірден екенін ұмытып отырмын, елдегі аймақтардың бірінде тұратын бір ер мұғалім хабарласып: «Біз келесі аптадан бастап Zoom-ды қолданғалы жатырмыз. Қалай қолдану керек екенін көрсетіп жіберіңізші, толық білмейміз» деді. Бастапқыда тек оған арнап жасағанмын. Сосын ол мұны WhatsApp-тағы мұғалімдер тобына жариялап, артынша сұраныс арта түсті. Сосын бәріне қолжетімді болсын деген оймен екінші видеоны Youtube арнасына жүктедім. Мұндай қиын жағдайға тап болған елдегі ұстаздар көп нәрсені қалай жасау керек екенінен бейхабар. Соған көмектескім келіп тұр. Бұған қоса пандемияның қайталану қаупі болса, бірінші ретте білмеген мұғалім келесі кезде онлайн оқытуды жаңғақша шағуы керек. Сондықтан алдағы уақытта қазақ тілінде тағы да видеолар жасамақшымын.
– Қазақстанға бірде-бір рет табаны тимеген, сөйте тұра қазақ мұғалімдері мен оқушыларына сырттан жанашырлық танытып, қол ұшын созып жүретін сіздің бұл ниетіңіз қит етсе, елден көшуге асығып, өзге тіл үйрене сала өз тілін менсінбейтін қандастарымызға үлгі боларлық дүние. Байқағаным, атажұрттан шалғайда қазақтар көп шоғырланған аймақта өсіп-өнген қандастарымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі Қазақстанда туып-өскен бізден артық болмаса, кем емес секілді...
– Иә, мен мұны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Көзге көрінбей, іште менмұндалап тұратын сүйіспеншілік. Бұл кәдуілгі магнит секілді ғой, магнитті бөліп, үгіте берсең, бәрібір тіпті үгітіндісіне дейін жабысып, бір-біріне тартылып тұрады. Мейлі кейбірі Түркияда өмірге келсін, енді бірі Пәкістан немесе Иранда өссін, келесі бірі мен секілді Қытай аймағында дүниеге келсін, барлығымыздың арамызда магниттік байланыс бар. Қазақстанға тартады да тұрады. Ойламай жүре алмайсың. Көзге көрінбейді ол, бірақ іште бар. Мұны жоя да алмайсың. Қазақша айтқанда «қанда бар» деген сөз ғой. Қаным қазақ болған соң, қазақпен байланыстының барлығы маған ыстық. Әсіресе, қазақша өлеңдер тыңдағанды ұнатамын. Қолым қалт еткенде туған ауылыма барып мауқымды басып қайтамын. Ауыл демекші, ауылыма қонақ болып барған шетелдік достарым біздің мейірімді, ашық, қонақжай ұлт екенімізді сан қайталап айтты. Өзім бармасам да, Қазақстанға барған шетелдік достарымның бірінші көзге көрінетіні – халықтың мейірімділігі. Сосын олар жоғарыда тізіп өткен оқу орындарына жанталасып тапсырып жүргенімді көріп, қажырлы мінезімізді тағы атап айтады. Сол қажырлылық, табандылықты жарыстарға қатысып жүрген оқушылардың бойынан да байқадым.
– Жоғарыда мектеп директорына берген уәдеңізге сәйкес, 1-2 жылдан соң Қазақстанға келіп тұрақтау туралы ұсыныс өз күшінде ғой?
– Әрине (күліп). Балаларым өсіп қалды, келер жылы немесе одан кейінгі жылы шақырту келсе міндетті түрде барамын. Десек те, жоғарыда атап өткендей шарт-жағдайы қолайлы, осындай халықаралық мектептерге маман немесе жалпы STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) бойынша ментор және балалар мен жастарды робототехникаға баулуға қатысты ұсыныстар болса мен ашықпын. Істеймін деген сенім бар. Дәл қазір бар білген-түйгенімді, оқығаным-тоқығанымды қазақ балаларына және мұғалімдерге үйреткім келіп жүр. Ғылымға ұмтылған баланы халықаралық деңгейге сай етіп әзірлемесең мұғалімнің ісі бекер. Сол себепті халықаралық дәрежеде жинаған тәжірибемді бауырларым үшін сарп етуге әзірмін. Сөз соңында айта кетерлік жайт, шетелде өз ісінің маманы болып, өз ортасында абыройлы еңбек етіп жүрген талай қазақты көрдім. Елге шетелден мамандар шақырып жалдағанша, сол өзіміздің қазақтардың басын қосып, керекті салаға жұмылдырса, шіркін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ