548
Абайды атақ үшін зерттемейміз
Абайды атақ үшін зерттемейміз
Абайдың төл өлеңдерінің саны қанша? Қазіргі таңда «170» делінуде. Егер оны үш жұмбақ өлеңімен үстесек, жиыны – 173 өлең. Дерек көздері, мәселен, Абайдың соңғы 1995 жылғы екі томдық толық жинағы осы санды бекітеді. Шындығында, бүгінгі күнгі көрсеткіш – 192 өлең. Жаңағы «170» деген – ескірген, кешегі күнгі сан. Яғни абайтануға да даму, өзгеру тән. Ол, кейбіреулер қалайтындай, мұз боп қатып, тоңы мәңгі сірескен өлі ғылым емес. Кез келген ғылым саласы сияқты жанды құбылыс.
Бұлай ескертуімнің мәнісі мынау. Таяуда «Жаңа закон» өлеңі – анық Абайдікі!» атты зерттеуім абай.кз сайтында жария болған еді. Соның астында Сәмет, Қазақбай, Мақсат деген блогерлер жазбасына қайран қалдым. Олар: «Өлең Абайдікі емес, бабайдікі!», «Атақ алуға Абайды хобби қылғандар көбейді» деп шүйліккен екен. Қолжазбаларда жоқ Абай өлеңдерін Мұхтар Әуезов өзі жинап, тұңғыш толық жинақты байытқаны екінің біріне аян. Соны да білмеген «сыншының» бірі: «Мүрсейіт қолжазбаларында бар ма, бар болса ғана мойындауымыз керек!» деп қойып қалыпты. Пәлі! Е-е, Құдайым-ай, кім не жазбайды дейсің деп селқос қала алмадым. Неге десеңіз, бұл арада Абайға деген қазіргі көзқарас, оны танып-білу деңгейіміз атойлап тұр. Өстіп, өлеңдер саны жайлы тақырыпты айналып өтейін деген әуелгі ойымды өзгерттім. Жаңағы дәлелсіз пікірлерге берер жауабым осы мақалада.
Тағы айтайын, өзгермейтін ғылым ғылым емес. Абай төл өлеңдерінің жиынтық саны 192-ге жетіп, жиырмаға тақау өлеңге толыққаны заңдылық. Жаңағы үшеу азар да безер болып отырған «Жаңа закон» – соның бірі ғана.
Шыны керек, «жинақты толықтырды» делінген өлеңдердің басым көпшілігі жұртқа таныс. Мәселе олардың осыған дейін жинақтан сырт қалғандығында болып отыр. Оның себептері түрліше (Абайдікі деуге күмәнді көрінген, жазылған жылы белгісіз болған, саясат салқыны тиген және т.б.).
Қайсысы қайдан? Осыны жеткізу оңай болуы үшін оларды төрт топқа жіктемекпін. Бірінші топта – жаңа айтқандай, көзі қарақты оқырманға бұрыннан таныс, бірақ «Абайдікі емес» деген күдікпенен ұмытылған, қағаберісте қалғандар. Бұл топқа «Бүркіттің сыны», «Қызғалдақтай қызықты өмір», «Ақылды әдет жеңбегі» сияқты шебер, мықты өлеңдер кіреді. Кезінде абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметханов түсінік жазып, жария еткен, бірақ жинаққа кірмеген. Неге? Сол баяғы үрку, секемдену әрі датасы, яғни жазылу мерзімі мәлімсіз болуы себеп болған.
Екінші топқа екі, кейде үш өлең әу баста бір шығарма делініп басы біріктірілген, сол қателік түзетілмей, трафаретті түрде бір жинақтан екінші жинаққа көшіріліп келген өлеңдер кіреді. Абайдың «Бөтен елде бар болса» өлеңі – осының жарқын мысалы. Аталған өте ұзақ өлең мәтінін тереңдеп тексеру, талдау кезінде оның бір емес, үш тақырыптан екендігі анықталды. «Кеселді болып бітеді, Жақсыға біткен жақындар» деп басталатын ортаңғы бөлігінде – Абай ағасы Тәңірбердіні сынға алған (бұл ол күнде алақанға салғандай аян жайт-тұғын). Сол себептен Кәкітай, Тұрағұл оны екі өлең арасына сыналап салған. Жасырып жапқан, бүркемелеген түрі ғой. Әрине, үш өлеңнің аражігін ашып, бөлектеуімізге тура келді.
Үшінші топта – әу баста аударма делініп, сол қателік трафаретті түрде бір жинақтан екінші жинаққа көшіріліп келген өлеңдер. Мысалға «Есек» деген мысал өлең әлі күнге аударма делінеді. Шындығында, ондай туынды орыс поэзиясында жоқ. Демек, ол – Абайдың төл туындысы. «Лашын мен Шымшық» деген кейіннен табылған мысал өлең де өзінікі. Жаңағы «Есек» пен екеуін Абай 1880-1881 жылдары Крыловқа еліктеп жазғаны шүбәсіз.
Енді «Онегиннің өлердегі сөзі» және «Жүрегімді қан қылды» деген жырларға келейік. Алдыңғысы – Абай Онегинге ақырғы сөз беріп, оған өлім тілеткен өлең. Өлең аударма емес, неге десеңіз, Пушкин жазған «Евгений Онегин» романында Онегиннің өзіне өлім тілегені туралы ешқандай сөз жоқ. Кейінгісі – Лермонтовтың «Ал, сенейін, сенейін» деген өлеңінің соңғы екі шумағының еркін аудармасы. Түпнұсқамен тек сарыны ғана ұқсас. Абай оны еркін аударып қана қоймай, өз жанынан бір шумақ қосып байытқан. Міне, осы үш шумақты Кәкітай Абайдың төл өлеңдеріне қосқан. Әділеттілік пе? Әділеттілік. Байронның «В альбом» деген өлеңі бойынша Лермонтовтың өзі де осы аттас өлең жазған. Бірақ Лермонтовтікі аударма емес, Байрон тектес, сонан туған үлгі деп саналған. Тұп-тура сол сияқты, жаңағы үш шумақ мазмұны – Абайдың өз өмірі, жеке басының қасіреті. «Көңілдің күйі тағы да» деген он жол өлеңді де Лермонтовтікі деп келдік. Негізі, еркін аударма әрі:
Жанымның жарық жұлдызы,
Жамандық күнде жарымсың.
Сөз болсын есті әр сөзі,
Кейінгіге қалынсын, –
деген соңғы қорытынды шумақты Абай өз жанынан қосқан. Осы он жол өлеңді Мұхтар Әуезов Абайдың төл туындысы ретінде 1945 жылғы 100 жылдық тойында жасаған баяндамасында келтіреді. Мұхаң өлең жайында былай дейді: «Бұл анық келешектің ыстық, мейірлі күнін жоқтаған, кейінгіге сырын ашқан ұлы ақынның арыздасу сөзі, соңғы бір өсиеті еді» (М. Әуезов. Шығ. 50 томдық толық жинағы. – Алматы. – 2014 жыл. 44-том. – 24 бет).
Төртінші топта – көпшілікке беймәлім, ғылыми айналымға кешірек түскен туындылар. Олардың ең ірісі – «Жаңа закон» өлеңі. Өзгелері көлемі үш шумақтан аспайтын шағын өлеңдер. Мысалға «Ой жүгіртіп қарашы, Мағаш бала» деп басталатын қос шумақты семейлік ғалым Амантай Исин 1997 жылы Абай музейі қорынан, ал «Тоқ, татуды сыйламай» деп басталатын төрт жолды тараздық ізденуші Әлімбай Найзабаев Шәкәрімнің мақаласынан тауып алып, ғылыми айналымға қосты. Сол сияқты Абай музейі қорынан алынған «Күнәйім көп Иллаһи» өлеңінің орны ерекше. Себебі ол Абайдың өлер шағында айтқаны. Айтпақшы, естелік арқылы жеткен «Тағат деген не тағат Хақ жолында» деген бір ауыз өлең де бар. Ол да мені қайтіп ұмытасың дегендей жадыңда жатталып қалатын құнды дүние.
Қорыта келгенде, Абай мұрасы жиырма шақты өлеңге толықты.
Өзімнің байқағаным, әдебиетші қауым Мұхтар Әуезовтің 1940 жылғы шағын мақаласын басшылыққа алады, соны қалқан етеді. Бірақ ол заман мен бұл заман бір емес, қарақтар. Соғысқа дейін Абайдың көзін көрген, өлеңдерін жатқа білетін көне көздер, иә, көп-тін. Сол могиканның соңғы тұяғы 1951 жылы Абайдың бес-алты өлеңін Қайым Мұхаметханов қолына табыстаған Мәди Тастамбеков деген ақсақал болды. Сонан бері өткен жетпіс жылдай уақытта «міне, Абай өлеңі» деп тапсырған кісің кәне? Ондай адам болды ма? Жоқ, болған жоқ. Сондықтан сәл-пәл сезікті көрінсе: «Абайдікі емес!» деп ат-тонды ала қашуға асықпайық. Қолда бардың қадірін білейік. Сондай-ақ өлеңнің өзегі, идеясына емес, түрі мен ұйқасына басымдық беруге үйреткен Кеңестік цензура машығынан айығатын уақыт та жеткен сияқты.
Айта өтері, былтыр Абайдың жаңа үлгідегі екі томдық толық жинағы дайындалып, жүз данасы баспадан шықты. Жинақтың басты ерекшелігі – Абай мұрасы алғаш рет Кеңестік шаблон мен цензурадан толықтай арылды. Абайдың төл өлеңдері екі томдықтың бірінші томында жекелей топталды. Әрбір өлеңге түсінік беріліп, әр тұрғыдан дәйек-деректер келтірілді (ілкіде қысқа ғана шолу жасаумен шектелген себебім сол).
Жоғарыда сөз болған жиырма шақты өлеңдерге қатысты мен атқарған іс-шаралар – олардың дәлді датасы мен туылу тарихын анықтау болды. Сөйтіп, олардың баршасы өздерінің заңды орнын тапты. Енді «жазылған жылы белгісіз» дейтін шығарма Абайда қалған жоқ, ағайын.
Қорытынды: Абай мұрасы – халықтың тәрбие құралы, оны таныту –қоғам санасы серпін алуының кепілі. Бұл мәселеге атүсті қараудың салдары ауыр, сондықтан мемлекет тарапынан нақтылы қадамдар жасалуы тиіс! Неге десеңіз, рухани жаңғыру сонда ғана іске аспақ, әйтпесе жоқ.
Асан ОМАРОВ,
зерттеуші.