282
Салықтан жалтарғандар қазынаға 15 триллион теңге төлемеген
Салықтан жалтарғандар қазынаға 15 триллион теңге төлемеген
Оңай олжаға құнығып, салықтан жалтарғандар ақыл-есі кемдер мен онкологиялық дертке ұшырағандардың атынан біркүндік, яғни, жалған кәсіпорын ашудан тайынбаған. Кейбір жекеменшік банктер жалған кәсіпорындардың заңсыздығына көзжұмбайлықпен қарауды әдетке айналдырыпты. Ал мемлекет қазынасына қыруар шығын келтіргендерді құрықтауға құзырлы органдар құлшынбай отыр.
Жалған кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны биыл алты есеге артыпты. ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың айтуынша, 2011 жылы салықтан жалтарғандардың тізімі 438 қылмыстық іспен шектелсе, 2015 жылы ол көрсеткіш 2626-ға күрт өскен. Оның себебі, былтыр Мемлекеттік кіріс комитетінің құрылуы мен қылмыстық тексерудің жаңа тәртібінің енгізілуі: «Қылмыстық әрекеттер үздіксіз жиілеп келеді. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында жалған кәсіпкерлікке қатысты 628 қылмыстық іс тіркелді. Ал былтырғы көрсеткіш 261 іс болатын».
Соңғы кездері жалған кәсіпкерлікке қатысты сотталғандар да көбейген. Мәселен, 2011 жылы 40 адам істі болса, 2015 жылы олардың саны 110-ға жеткен. Осының салдарынан ел экономикасына орасан зор көлемде шығын келтірілуде. 2011-2015 жылдар аралығында төленбеген салықтар кесірінен мемлекеттік қазынаға 242 миллиард теңге көлемінде шығын келген. Өкінішке қарай, бұл шығынның шын мәнісінде бірнеше есеге дейін өсуі мүмкін екендігін Бас прокурор да жасырмайды. Қаржыға қатысты түйткілде жекеменшік банктердің де «үлесі» бар. «Қылмыстық істердің материалдарында кейбір екінші деңгейлі банктердің заңсыз жолмен табылған қаражатты заңдастыруда құқықтық ережелерді ескермегені анықталды», – деген Асхат Дауылбаев құзырлы органдар тарапынан да кемшіліктер кездесетінін жеткізді: «Салық комитеті мен қаржы полициясы өз әлеуеттерін ортақ шараларда толық пайдаланбай отыр. Әсіресе, контрагенттерге қатысты жұмыстарда құзырлы органдар әлсіздік танытады». Оның айтуынша, 2010 жылы небары 7 болған контрагент болса, олардың саны 2015 жылы 400-ге бір-ақ шарықтаған. Жоқ кәсіпорынды қағаз жүзінде бар деп көрсететін контрагенттер қылмыстық әрекеттерде пайдаға шаш-етектен кенелетіндер қатарында. Өкінішке қарай, салық комитеті мен қаржы полициясында жемқорлыққа ұрынғандардың барлығы салықтан жалтаратындардың көбеюіне сеп. Сондықтан мемлекет пен құзырлы органдар жалған кәсіпкерлікпен айналысатындарды құрықтаумен шектелмей, салықтан жалтаруға мүмкіндік бермейтін заңнамалық құжаттарды кең ауқымда қабылдау қажет.
«Жекеменшік банктер масылдыққа ұрынады»
Ал соңғы бес жылда мемлекеттік қазынаға түспей қалған салықтарды санмен сөйлетер болсақ, 15 триллион теңге! «Жыл сайын төленбей қалған салықтар тізімі өсіп келеді. Қазір 15 триллион теңге. Бұл қаражатқа Астанадан 15 ЭКСПО қалашық салуға болар еді. ЭКСПО – бүгінде еліміздің ең қымбат жобасы», – деп мәлімдеді А.Дауылбаев. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожиннің айтуынша, кез келген қаражат банктер арқылы қолма қол ақшаға айналдырылады: «Яғни, есепшотқа түскен ақша банктердің көмегімен қолға тиеді. Банк бұл процеске әрқашан араласады. Банктердің ұстанымы әлі күнге масылдық психологиядан арылмай отыр. Өркениетті елдерде барлығы тұтас бір қоғам мүддесін клиенттердің мүддесін қорғаудан жоғары қоюға көшкен». Басқаша айтқанда, қазақстандық жекеменшік банктердің кейбірі қолға тиетін пайдадан қағылмас үшін жалған салықтан жалтаратындардың заңсыздығына көзжұмбайлықпен қарайды. Былтыр 28 банктің небары 8-і өздеріне келген күдікті ақша операциясы туралы құзырлы органдарға хабар беріпті. «Мәселен, Центр Кредит банкінде 77 миллиард теңге қолма қол ақшаға айналдырылған. Бірақ банктен бірде бір рет күдікті операцияларды тоқтату туралы талап қойылмаған», – деп мәлімдеген Асхат Дауылбаев Қаржылық мониторинг жөніндегі комитет өкілдеріне екінші деңгейлі банктермен жұмысты және заңды бұзғандарға қатысты қолданылатын шараны күшейту керектігін айтты: «Осы мақсатта, Ұлттық банкке қаржылық мониторинг жүргізу, клиенттерге қатысты тексеру жұмыстарының тиімді тәсілдерін түзу, «Өз клиентіңді таны» халықаралық стандарттарының орындалуы т.б. қайта қарастыру ұсынылды». Ал дамыған елдердегі банктер керісінше, түсетін кірістен гөрі беделі мен абыройын жоғары қояды. Сонымен қатар 2015 жылы үстінен қылмыстық іс қозғалған 2600 жалған кәсіпорынның 527-сі қылмыскерлердің атына ашылыпты. Бұл туралы Дәулет Ерғожин: «Компаниялар негізінен салық төлемейді. Оларға тиесілі ешқандай мүліктері мен жұмысшылары, есепшісі жоқ. Сонымен қатар олардың кейбірі бірнеше рет сотталған немесе адамгершілік құндылықтарға қайшы келетін әрекеттерге барғандардың атына ашылған», – дейді. Сорақысы сол, аты бар да, заты жоқ біркүндік кәсіпорындардың 60 пайызы ақыл-есі дұрыс емес немесе онкологиялық дертке ұшырағандардың атында екен. Дәрігерлік құпияға сүйенетін денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіндегілер олардың ауруы туралы құзырлы органдарға ашық мағлұмат беруге құлшынбайды. Бірақ соңғы кездері мемлекеттің инвестиция тартуға талпынған белсенді әрекеті заңсыз қаржыны шекара сыртына асыруға кедергі болуда. Жалған кәсіпорындардың банктердегі есепшоттары тұтқындалып, 3 миллиард теңгеден астам ақша тәркіленіпті. Ал былтыр «көлеңкедегі» қаржының небары 1 пайызы ғана мемлекеттік қазынаға кері қайтарылған.Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ