1495
Әл-Фараби және Елбасы кітапханасы
Әл-Фараби және Елбасы кітапханасы
Биыл әлемнің «Екінші ұстаз» атанған ғұлама, философ, математик, астролог, музыка теоретигі Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толып отыр.
Шығыстың ұлы ойшыл ғалымы 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы.
Өз заманының талабына қарамастан, білім мен ғылымды тануға ұмтылған жан. Әбу Насыр Әл-Фараби Орталық Азия, Парсы, Ирак және араб елдерінің қалаларына сапар шегіп, көптеген ғалымдар, ойшылдар, ақындар, қайраткерлермен танысады. Философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салалары бойынша 150-ден аса трактаттар жазған ғалым.
Әбу Насыр Әл-Фараби өзінің барлық ғылым салаларында, әсіресе математика, астрономия, физика және жаратылыстану ғылымдары саласында көп мұра қалдырды. Ол «Ғылыми тізбек» жұмысында ғылымды бес салаға бөліп қарастырады: лингвистика және оның тараулары; логика және оның тараулары; математика және оның тараулары; физика және оның тараулары, метафизика және оның тараулары; азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және дінтану.
Ұлы ойшыл Әл-Фараби жан, рух мәселесін тек философияда ғана емес, музыка және басқа да салаларда атап өткен. Оның еңбектерінен ойшыл-ақынды «жан» мәселесі көп толғандырғанын аңғаруға болады. Сонымен қатар, ақын адамның жүрек мәселесі мен рақымшылық, шапағат, мораль, адамгершілік, имандылық, ізгілік пен өзге де қадір-қасиеттерді сипаттаған. Мұның бәрі оның көрнекті еңбектерінде көрініс тапқан. Мысалы: «Хауас», «Үш құю», «Әділет», «Шапағат», «Жә уан мәрелік». Әл-Фарабидің көптеген ой-толғауларын Абайдың шығармашылығы мен қара сөздерінен де кездестіруге болады. Екі ұлы тұлға да адамның «жан» мәселесіне ерекше мән беріп, көптеген ойларын жазып қалдырған.
Әл-Фараби «Табиғат ғылымдарының негіздері», яғни космогония жайлы еңбегінде жалпы хауасқа, әсіресе, оның хауаси хамса заһири деп аталатын сыртқы сезім мүшелеріне ерекше назар аударған. Ғалым өзінің философиялық көзқарастарында үш негізгі саланы айқын көрсетті: ол әлемнің мәңгілігін мойындады, білімнің болмысқа тәуелділігін растады және интеллект туралы ілімді талдады. Сондай-ақ ұлы философ Орта ғасырларда медицина мен философияның дамуына және «Медициналық Каноны» және басқа да еңбектердің дамуына елеулі үлес қосты.
Қазақстанда Әбу Насыр Әл-Фараби мұрасын түбегейлі зерттеу тек 1960 жылдары бастау алды. Бұл бастаманы қолға алған ғалымдар Ақжан Машанов пен Қаныш Сәтбаев болды. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1100 жылдығына орай ЮНЕСКО шешімі бойынша жарияланған халықаралық конференция 1975 жылы Алматыда өтті.
Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін маңызын жоғалтқан жоқ.
1991 жылғы 23 қазанда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің шешімімен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне ұлы ғалым, ойшыл және энциклопедист ғалым, «Шығыстың екінші ұстазы - Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді.
Жетекші ұлттық университетке әл-Фараби есімінің берілуі бұрынғы ата-бабаларымыздың мәдениеті мен тарихи ғибраттарын студент жастарды тәрбиелеуде және барлық жас ұрпаққа Отанға деген сүйіспеншілік рухында білім беруде аса зор мәнге ие.
Республикалық әл-Фараби ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталығы 1993 жылы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің бұйрығы мен Ғылыми Кеңес шешіміне сәйкес ашылды.
Орталықтың негізгі қызметі әл-Фараби және басқа да көрнекті қазақ ғалымдары мен ойшылдарының еңбектерін жан-жақты зерттеу және ол шығармаларды оқу үрдісі мен ғылыми зерттеулерде кеңінен қолдану тұрғысында жұмыстар жүргізу болып табылады.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 993 Жарлығымен әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы және әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтары бекітілді. Жарлықпен бекітілген Ережеге сәйкес Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы және Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы ғылым, техника, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін жоғары тану болып табылады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев өзінің 2018 жылғы 21 қарашада жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек», - деген болатын.
Ал 2019 жылы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдауында «Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек» - деді.
Осыған сәйкес, жыл басында Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресми ашылу салтанаты ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевтың қатысуымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Студенттер сарайында өтті.
Мемлекеттік хатшы Шығыстың ұлы ойшылының мерейтойы ЮНЕСКО-ның Атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енгенін және ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен әлемдік мәдени алаңдарда кеңінен атап өтілетінін айтты.
Әл-Фарабидің мерейтойы аясында Париждегі ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде, Нұр-Сұлтан қаласында және Түркістан облысында ғылыми симпозиумдар өткізу, оған әлемнің 40-тан астам елінен фарабитанушы ғалымдардың қатысады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, халықаралық экспедициялар ұйымдастырылады, тарихи мәдени нысандар жаңартылады, ғұламаның ғылыми еңбектері қайта басып шығарылады және аударылады, деректі фильмдер циклін түсіріледі, шетелдерде Әл-Фараби орталықтары ашылады.
Қазіргі таңда Елбасы кітапханасы қорында оқырман қауымға жол тартқан ұлы ойшылдың және отандық авторлардың бірқатар еңбектері бар.
Жиырма томдық «Әлемдік философиялық мұра» сериясы бойынша жарық көрген Әл-фараби мен Ибн Сина философиясы. Құрастырушы авторлар: Т.Ғабитов, Ғ.Құрманғалиева. Бұл антологияда алғаш рет қазақ тілінде Ислам Реннессансының көрнекті өкілдері, ортағасырлық Орта Азия философиясының негізін қалаушылар Әл-фараби мен Ибн Синаның басты философиялық еңбектері жинақталған.
Бас редакторы экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын болып табылатын «Әл-Фараби» кітабына ұлы ғалымның әлем әдебиетінің асыл мұраларының бірі болып саналатын «Философилық трактаттары» енген. Онда жалпы адам баласын ғасырлар бойы толғандырып келген ізгі мұралар, моралдық-эпикалық мәселелер қамтылған.
«Тандамалы трактаттары» Әбу-Насыр Әл-Фараби. Құрастырушылар: Ә.Нысанбаев, Ғ.Құрманғалиева, Ж.Сандыбаев. Бұл еңбекте ғұлама ғалымның бұрын орыс тілінен аударылған туындыларына қоса, араб тілінен тәржімаланған «Азаттық саясат», «Бақытқа жету жайында», «Теология», «Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз», «Музыка туралы үлкен кітап» секілді трактаттары енген.
Халықаралық Абай клубының президенті, жазушы Роллан Сейсенбаевтың құрастыруымен әл-Фараби асыл мұрасының қазақ және орыс тілдерінде жеті томдығы, ағылшын тілінде бір томдығы жарық көрген. Бұл туындылар да Елбасы кітапханасы қорында сақтаулы.