278
Стратегия қайта пысықталады
Стратегия қайта пысықталады
Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейне конференция форматында өткен кезекті отырысына қатысты.
Онлайн саммитке Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин және Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова Республикасының президенті Игорь Додон, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.
Жиынның күн тәртібінде 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық дамуы туралы мәселе талқыланды. Отырыс барысында Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын, соның ішінде, Кубаға Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру мәселесін қарастырды.
Қазақстан Президенті өз сөзінде «2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжаттың жобасына ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл маңызды құжатты қабылдау идеясын қолдай отырып, стратегияның кейбір бөлімдерін қайта талқылап, әлі де пысықтай түсу керек екенін айтты.
Қазақстан Президентінің айтуынша, интеграциялық жұмыс ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескеруге тиіс әрі ұлттық заңнаманы үйлестіру және біріздендіру мәселелерін қарастыру кезінде «жеткілікті қажеттілік» қағидатын ұстануы керек.
– Стратегияда ұсынылған заңнаманың «үйлестіруге және біріздендіруге» қатысты құқықтық жауапкершілік орнату бөліміндегі әкімшілік және қылмыстық, кеден ісі, техникалық реттеу, тұтынушылардың құқығын қорғау сияқты бірқатар сала біздің пікірімізше, ақылға қонымды жеткіліктілік қағидатына әлі де толық жауап бермейді. Ал бұл ұлттық қоғамдық ой-пікірдің стратегияны қабылдамауына алып келеді. Өйткені стратегия Үкіметтер мен Парламенттердің дербес құқығын шектейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өзара сауда, бизнесті қолдау, цифрландыру және көліктік логистика салаларындағы ықпалдастық мәселелерін одан әрі нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Біріншіден, Қазақстан Президенті пандемия кезінде пайда болған барлық шектеулер мен кедергілерді кезең-кезеңімен алудың жоспарын жасау қажет деп санай-ды.
– Біздің денсаулық сақтау, санитарлық, ветеринарлық және өзге де бақылаушы ведомстволарымыз дағдарыстан сабақ алып, сондай-ақ бір жағынан азаматтарымыздың денсаулығын сақтайтын, екінші жағынан тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ететін ықпалдастықтың тиімді механизмдерін ұсынуы қажет. Пандемияға қарсы күрес кезінде, одан кейінгі шектеулер алынған кезеңде де көлік құрылымдарының, санитарлық қызметтердің, шекаралық ведомстволардың жұмысы жүйелі болуы маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екінші мәселе ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың ақпараттық жүйесін біріктіру жұмыстарын қолға алудың маңызын айтты.
– Мемлекеттік органдарымыздың ықпалдастық орнатқан негізгі аспектілерін цифрландыру арқылы біздің елдеріміз бизнес-процестерді жеңілдетуге, өзара тауар айналымын арттыруға, бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға қол жеткізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үшіншіден, Қазақстан Президенті көлік-логистика қызметін дамыту қажет деп санайды.
– Аталған бастама аясында біз ұлттық тауар өткізу жүйесін құруды бастап кеттік. Ол 2022 жылға қарай 24 көтерме-тарату орталығынан тұратын болады. Бұл 5 миллион тонна ауылшаруашылық өнімін сақтап, өңдеп, таратуға мүмкіндік береді. Одаққа мүше мүдделі елдердің арасында тауар таратудың ортақ жүйесін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Саммит қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжат негізінен мақұлданғанымен, қабылданған жоқ. Одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен комиссияға стратегияны пысықтау тапсырылды.
«Еуразиялық бестіктің» көшбасшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысын 2020 жылдың күзінде Минск қаласында өткізуге уағдаласты.