50829
Ресейдегі режиссер қазақ қызы: Еуропаны емес, елді аңсаймын
Ресейдегі режиссер қазақ қызы: Еуропаны емес, елді аңсаймын
Жанына жақын кәсіпті игеріп, жүрегі қалайтын сүйікті мамандығын табу жолында төрт университет, төрт мамандық ауыстырған Гүлназ Балпейісова есімді жерлесіміз қазіргі таңда Мәскеудегі Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық театрында режиссер болып қызмет етеді. Мәскеу сахнасынан бөлек, Вильнюс, Будапешт, Алматы театрларында қойылым қойған, сондай-ақ алдағы уақытта қазақтың тарихи, эпостық туындылары мен ертегілері негізінде спектакль қоюды мақсат тұтып отыр. Режиссура секілді күрделі кәсіптің қыр-сырын меңгеріп әрі бұл тек ерлердің ісі деген стереотипті теріске шығарып жүрген Гүлназбен әңгімелескен едік.
– Еліміздің батысындағы қарапайым ауылда дүниеге келген Гүлназдың не себепті Ресейге көшуді ұйғарғанын білгіміз келіп отыр.
– Бес жасыма дейін Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау ауылында тұрдым, сосын анам қалада өсіп, өнсін деген мақсатпен Ақтөбе қаласына көшіріп әкелді. Бастапқыда мені қазақ мектебінде оқытуды қалаған екен, алайда енді тәуелсіздігімізді алып жатқан сол уақытта қазақ тілінен гөрі, орыс тілі үстемдік құрып тұрған кез. Сол себепті орыс мектебінде оқуға мәжбүр болдым. Әуелгіде орыс тілін білмегеннен қиналдым, себебі ол уақытта орыс тілін білмеу ұят еді. Тіпті, мазақ болатындай көрінетін. Басқа сабақтардан үлгерімім орташа болса да, сурет салу өнері мен дене тәрбиесінен ғана жақсы баға алатынмын. Себебі бұл сабақтарда орыс тілін білудің қажеті шамалы еді (күліп). Сол кезден бастап сурет салу өнеріне қызыға бастадым. келешекте суретшілік кәсіппен шұғылданамын деп шештім. 7-сыныптан соң орта мектептен көркемөнер мектебіне ауысып, бұл өнер түрін үйрену ісіне шындап кірістім. Сөйтіп, Ұлыбритания астанасы Лондонда орналасқан Сент-Мартинс өнер және дизайн колледжінде білім алуды мақсат еттім. Алайда анам екеуміз мұның бізге оңай соқпасын білдік, себебі мұндағы оқу бағасы өте қымбат болды. Сосын 10-сынып оқып жүргенде анам екеуіміз Санкт-Петерборға он күнге қыдыруға бардық. Сол кезде мектеп бітірген бойда дәл осы қалада білімімді шыңдағым келетінін түсіндім. Сөйтіп, Ақтөбедегі көркемөнер мектебіндегі ұстаздарым мені Санкт-Петерборға оқуға түсуге жан-жақты әзірледі. Сосын мен оқуға тапсыру үшін осында келдім.
– Сіздің мамандық таңдау жолыңызға қарап таңғалып отырмын. Бірнеше оқу орнын аяқтамастан тастап кете беріпсіз. Бұл қалай?
– Бастапқыда Санкт-Петербордағы А.Штиглиц атындағы мемлекеттік көркем өнеркәсіп академиясына дизайнер-модельер мамандығы бойынша оқуға түстім. Мұнда екі жарым ай оқыдым да, артынша бұл оқудан шығу туралы шешім қабылдадым. Себебі курста оқитын әрқайсымыз екі жүзден астам эскиздер сызып алып келетінбіз. Бұған жауапты оқытушы оның төртеуін ғана қабылдап, қалғанын көз алдыңда жыртып тастайды. Ал сол уақытта әр салған суретім мен үшін алтынмен тең болатын (күліп). Сосын «Мұнда ешқашан келмеймін!» деп тәкаппарлығым ұстап, кетіп қалдым. Мұны анама хабарлағанымда: «Неғылған мінез бұл?! Студент атанбайынша хабарласпа!» деп кесіп айтып, тұтқаны қоя салды. Жаңа оқу жылының екі айы енді өтті, басқа ешқайда тапсыра алмаймын. Сөйтіп, келесі оқу жылына дейін туризм бойынша менеджер болып жұмыс істедім. Сосын костюмердің оқуына тапсырамын деп ойланып, осы бағыт бойынша дайындалып жүрдім. Кейіннен «Неге мен басқа біреуді киіндіруім керек? Неге өзім сахнаға шықпасқа?» деп, ол ойымнан бас тарттым. Оның үстіне костюмер мамандығына тапсыру үшін алдымен колледжді бітіруің керек екен. Сөйтіп, Мәскеуге барып, мұндағы Ресей мемлекеттік театр өнері институтына (ГИТИС) әртістің оқуына түстім. Бұл оқу барысында режиссер болғым келетінін ұқтым. Ал режиссура бөліміне ауысу мүмкін емес. Қайтадан басынан тапсыру керек екенін білген кезде екінші курста бұл оқудан да шығып кеттім. Осыдан соң режиссураға түсуге барымды салдым, алайда бірінші конкурстан өте алмай қалдым. Содан Санкт-Петерборға қайтып оралып, мұндағы Ресей мемлекеттік сахна өнері институтының (ГАТИ) театр сыншысы оқуына түстім. Бірінші курс оқып жүргенімде әйгілі театр режиссері, мықты маман Римас Туминастың курс жинап жатқаны туралы хабарламаны оқып, бірдеңені сезгендей, тура сол жерде жылап алғаным бар. Сөйтіп бұл мүмкіндікті мүлт жібермейін деп, өнер институтындағы оқуымды тастап, Мәскеуге қайта келіп, мұндағы Б.Щукин атындағы Мәскеу театр институтының режиссер оқуына, соның ішінде Римас Туминастың курсына түстім. Сөйтіп мұнда бес жыл оқып, диплом алып шықтым.
– Әдетте мамандығына деген сүйіспеншілігін сезбейтін адамдар соңына дейін оқып шығып, артынша диплом бойынша жұмыс істемей, басқа кәсіпті игеріп кетеді. Мұнымен қоса төрт университет түгілі, бір университет ауыстыруға жүрегі дауаламайтындар да бар. Ал қалауы мен таңдауы дөп келмегенше оқу ауыстыра берген сіз мамандық таңдаудың машақатын бір кісідей көрген екенсіз...
– Иә, «оқуды орта жолдан тастап кету – ұят» деген стереотип, наным-сенім ата-анамыздың бойына әбден сіңіп қалған ғой. Десек те, қазіргі таңда мұндай келіспеушіліктер сирек болатын секілді. Өз басым әр университетке түсуге барған сайын өзіме: «Мұнымен өмір бойы шұғылдана аламын ба? Өзімді бақытты сезіне аламын ба? Бұл маған қажет пе?» дегендей сұрақтар қоюмен болдым. Ойлана келе, көңілім соқпаған соң құжаттарымды алып, шығып кете беретінмін. Режиссерлікті оқып жүргенде де кетемін деп байбалам салған сәттер болды (күліп). Алайда маңайымдағы мені білетіндер бұл ойымнан айнытып, бұл мамандық мен іздеген кәсіп екенін түсінуіме себепші болды. Оның үстіне екінші курстан бастап режиссердің көмекшісі қызметін атқару арқылы бұған деген ынтам арта түсті. Сізге мынаны айтайын, мынадай бейбіт заманда өз ісімізді табуымызға, іздеуімізге, мұны таппағанша тау мен тасты қопаруымызға құқымыз бар. Қазір өз жолыңды таба алмай жүрсең, ерте ме, кеш пе, түбі бір арнаға түсетінің белгілі. Кейбір адамдар тіпті қырық беске тақаған жаста басқа бағыттағы пойызда келе жатқанын түсініп, орта жолдан бұрылып, өмірін түбегейлі өзгертіп жатады. Сол себепті өзіңді қолайсыз сезінетін жерде тұрып қалмай, басқа жылы жерге жайғасып, сол жылудың рахатын көргенге не жетсін?!
– Қоғамда «режиссер болу – әйел адамның қолынан келмейтін, ырқына көнбейтін іс» деген пікір тағы бар. Мұны сіз оқу барысында сезген де боларсыз?
– Әлбетте. Негізі, мен оқыған курсқа түсу үшін үлкен конкурс болды, бір орынға жүзден астам үміткер тапсырды. Сол жүздің ішінде тек жетеуіміздің бағымыз жанып, оқуға түссек, соңында төрт адам ғана абыроймен тамамдап шықтық. Айта кетерлік жайт, сол төртеуінің ішінде мен жалғыз қыз режиссермін. Жалғыз қыз болған соң, маған сыни көзбен қарайтыны түсінікті жағдай. Оқу барысында бәрі де болды, өздерін мықты жағынан көрсетіп, менің әлсіз тұстарымды тауып, мысымды басып тастағысы келетін кездер болды. Менсінбей қараған сәттер де жоқ емес. Десек те, уақыт өте келе көзқарасы түзеліп, тең қарай бастады.
– Жаңа бір сөзіңізде «екінші курстан бастап режиссердің көмекшісі қызметін атқардым» дедіңіз. Демек, Мәскеудегі бүгінде өзіңіз қызмет етіп жүрген Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық театрға сол уақытта жұмысқа орналастыңыз ба?
– Иә, бірінші курс аяқталған соң, Римас Туминас мені жұмысқа шақырды. Жоғарыда айтып өткендей, «Әйелден режиссер шықпайды» деген пікірді теріске шығару үшін бірінші курста тынбай еңбек еттім. Шүйліге қараған өзгеге өзімді дәлелдегім, мойындатқым келді. Оның үстіне бұған дейін түрлі оқу орнын ауыстыра жүріп, бірдеңе үйренуді «сағынып» қалған менің сол уақытта оқуға деген ынтам мен құлшынысым тасып тұрды. Сөйтіп, ұстаздар бір ғана тапсырма берсе, мен мұны екі есе істеп келетінмін. Қосымша тапсырмаларды орындаудың қажеті жоқ болса да, түгелін қалдырмай жасап келетінмін. Мұны байқаған режиссер өзінің көмекшісі ретінде жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Айта кетерлік жайт, режиссердің көмекшісі болуға қазақы менталитетімнің пайдасы көп болды. Әдетте режиссер белгілі бір спектакльді сахналау процесінде көңіл күйі құбылып, өзін еркін ұстайды. Қаласа дауыс көтереді, нұқып жеткізеді. Мұндайда бала кезімізден қанымызға сіңіп кеткен «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген бір ауыз сөз маған қатты көмектесті. Бізде үлкендеріміз ашуланса да, дауыс көтерсе де алдына кесе-көлденең тұрмай, қарсы шықпаймыз ғой. Тіпті, «Барып кел, шауып кел, алып кел, жүгір, отыр» десе де, бас изей жүріп барлығын орындаймыз. Бұл – біз үшін қалыпты жағдай. Ал театрдағы басқа ұлттар осылайша режиссер мені кемсітіп жатыр деп ойласа керек. Оларды жұмсап, бірдеңе талап етсе болғаны «Неге біз істеуіміз қажет? Неге көп жұмсай береді? Неліктен дауыс көтереді? Біз адам емеспіз бе?» дегендей келіспеушілігін білдіріп, ашуға бой алдыратын. Ал мен бұдан ашуланатындай дәнеңе таппай, қиынсынбай орындайтынмын. Сөйтіп жүріп тәжірибе жинап, артынша өзімнің жеке спектакльдерімді қоя бастадым. Қазіргі таңда И.Буниннің
«В Париже», А.Стриндбергтің «Фрекен Жюли», А.Грибоедовтың «Горе от ума», С.Цвейгтің «Цвейг.Новеллы/Лепорелла», Т.Манның Manno Laime («Мое Счастье – Счастье Манна») мен «Дорога», Н. Садурдың «Всё будет» және И.Куприннің «Аллез» атты спектакльдерін сахналадым.
– Режиссерліктен бөлек, Михаил Булгаковтың «Бег» атты спектаклінде ойнайды екенсіз. Режиссер бола тұра, бұл рөлге қалай шақыртылдыңыз?
– Бастапқыда бұл спектакльде әртіс емес, режиссер Юрий Бутусовтың көмекшісі болуым керек болатын. Бірде ол кісі келіп: «Онегин» спектаклінде ассистент болған кім, сол кісі менің спектаклімде ойнауы тиіс» деген талап қойды. Бұл рөлді ойнағым келмей, барынша құтылып кеткім келген. Оған режиссер көнбеді. Мұнда ойдан құрастырылған театр адамының рөлін ойнаймын. Ашығын айтсам, таразының басын әртіс емес, режиссерлік қызметім басып тұр.
– Қоржыныңыздағы өзіңіз атаған сегіз туындының ішінен «Всё будет» спектаклін Венгрияға, «Аллезді» Литваға барып қойсаңыз, «Горе от ума» қойылымын Қазақстанда, соның ішінде Алматыдағы М.Лермонтов атындағы орыс драма театрының шақыртуымен сахналапсыз. Еуропаның театрында қойылым қою бір бөлек, десек те Алматыдағы театрсүйер көрерменнің жөні тіпті бөлек екені айтпаса да түсінікті. Алматыда атқарған жұмысыңыздан қандай әсер алдыңыз?
– Алматыдағы жұмыс барысында қатты қобалжыдым. Туған жердің сахнасына алып шыққалы тұрған алғашқы туындым болған соң, бұл қобалжуым заңдылық. Десек те, басқа театрлармен салыстырғанда кәсіби дайындық өзгеше болды. Оның үстіне менталитет те ықпал етпей қоймады. «Біздің қыз әрі жас, әрі режиссер бола тұра бізге ақыл айтады» дегендей пікірлер айтылды, мұндайда «Онда несіне шақырдыңыздар?» деп айтқым келді. Сөздің ашығы керек, жас мамандардың бағасын кеміту, оларға мұрынын шүйіру, жас деп санаспау бізде әлі де бар екен. Алайда бастапқыда басқаша қараған олар ақырында түсіністік танытып, спектакльдің сәтті шығуына зор үлес қосты.
– Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген бұл жұмысыңыздан кейін отандық театрлар тарапынан қойылым қою туралы ұсыныс түсіп те жатқан болар...
– Иә, ұсыныстар бар. Алайда олар заманауи драматургияға сай спектакльдер қойғанымды қалайды. Ал бұл маған жақын емес, мен қазақ тілінде баллада немесе эпостық туынды не болмаса ертегілеріміздің кейбірін сахнаға алып шыққым келеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, орыс мектебінде оқығаным бар, соңғы он бес жылда орыстілді ортада жүргенім бар, мұның барлығы ана тілімді білу деңгейімді төмендетіп алуыма септігін тигізді. Қазақ тілінде сөйлеуге қысыламын. Әсіресе, күрделі сөйлемдерді дұрыс құрай алмайтын болыппын. Алдағы уақытта қазақтілді спектакль қою мақсатымды жүзеге асыру үшін қазақ тілін қайта оқып жатырмын. Бүгінде елдегі театрдың бірінде әртіс болып жұмыс істейтін Жанел Серғазинадан қазақ тілін қайта үйреніп жатырмын. Өткенде ол екеуміз С.Қожықовтың «Қыз Жібек» киносын қазақ тілінде тамашаласақ, жуырда А.Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» киносын көрмекшіміз. Сәтін салса, келешекте қазақтілді аудиторияға қазақ тіліндегі спектакльдерді ұсынатын боламын.
– Өнердегі ұстазыңыз әрі сіз еңбек ететін театрдың көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер Римас Туминас осыдан үш жыл бұрын берген бір сұхбатында сізді көзінше мақтамайтынын, ал былайынша мақтан тұтатынын, сондай-ақ атқарып жүрген ісіңіздің қандай маңызды екенін қазір түсінбесе де, кейін түсінетініңізді айтыпты. Ал қазір мамандығыңыздың маңызын түсіне алдыңыз ба?
– Бар болғаны өнерді халыққа таратушы, жеткізуші екенімді жақсы түсінемін. Режиссер екенмін деп көкірегімді кермеймін. Мәскеудегі ерекше ортада жұмыс істеп жатқаныма масайып, «жұлдыз ауруына» шалдыққан түгім жоқ, шалдықпаймын да. Сыртта жүрген соң, көпшілігі мені «Еуропаға бет бұрып кетті, бітті, өзгерді. Қазақстанды қайтсін?» дегендей ой түйеді екен. Шындап келгенде, тіпті де олай емес. Маған елде жұмыс істеген қызық. Қазіргі таңда әртүрлі елдің сахнасына барып, спектакль қою мүмкіндігі бар. Сол әр елдің театр мәдениетінен өзіме керегін алып, тәжірибе жинақтап, алдағы уақытта мұны елге көрсеткім келеді. Әрбірден соң, мен қарапайым ауылдан шыққан қызбын ғой. Несіне өзгерейін?!
– Ауыл демекші, шетте жүрсеңіз де, сөз арасында ауылдың тұрмыс-тіршілігіне алаңдайтыныңызды байқап қалдым. Шыңғырлауға қаншалықты жиі барып тұрасыз?
– Жиі барып тұрамын. Оған себеп әкем мен үлкен әжемнің қабіріне барып құлшылық жасаймын. Бес жасымнан бастап үйренген соң, өзім Құран оқимын. Барған сайын жеңілдеп, ерекше тылсым күш-қуатқа толып қайтамын. Алысқа кетсем де, ауылға тартып тұрады, сондықтан да ауыл өміріне немқұрайлы қарамаймын. Былтыр барғанымда ауыл маңында жайылып жүретін қой, ешкі, сиыр санының азайғанын байқадым. Мұнымен қоймай, ауылды қалаландыру үрдісі белең алғанын көрдім. Кішкене дүкендердің орнына үлкен дүкендер желісін салып, «ауылды ауыл» ететін құрылымдарды өзгертіп жатыр екен. Бұған дейін ауылда лимонад, май шығару зауыттары жұмыс істейтін. Сондықтан ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыс орындары болатын. Қазір ауылдағылар мұндай мүмкіндіктен де айырылыпты. Десек те, екінің бірі ауылдан қалаға көшкісі, жылы орнын суытқысы келмейтінін ескерсек, ауылды қалаландырмай, қаз-қалпында қалдырған дұрыс әрі жұмыс орнын жандандырған жөн деп ойлаймын. Ауылда тұрғаннан да ләззат алатындар бар. Мал баққанды, бау-бақша еккенді, түрлі шаруашылықпен айналысқанды ерекше жақсы көретіндер де бар. Біз секілді сонау қаладан ауылдың өмірін сағынып баратындар да бар. Сол үшін ауылдың сипаты өзгермей, ауыл болып қалса деймін.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ