937
Құнанбай қажының Қытайда тұратын ұрпақтары
Құнанбай қажының Қытайда тұратын ұрпақтары
2007 жылы қазан айының соңында «Іле газетінде» «Шыңжаңда Құнанбай ұрпақтары бар ма?» деген тақырыпта қажының ата-бабалары мен аруағына құрмет етіп, ұрпақтарына сұрау салып жазылған мақала оқыдым. Осыған орай Құнанбай қажы Өскенбайұлының Шыңжаңға келген ұрпақтары жайында өзім естіп білгендерімді ортаға салуды жөн көрдім. Артық-кем жерлері болса зерттеуші ғалымдар, тарихшылар түзете жатар.
Себебі біз қажымен арғынның 12 атасы Әйтектен (кішік тобықты) тараймыз. Семей Шыңғыстауды (Қарауыл) мекен еткен. Қазан төңкерісінен кейін қызылдардың ел ішінде қатаң жазалау шаралары жүргізіліп жағдай ауырлай түскен кездер, жұрт ішінде «қара таяқ» деп аталатын қызыл үкіметке қызмет істейтін жансыздар көбейіп, жағдайды одан бетер ушықтырған. Мал-мүлік тәркіленіп, онымен қоймай ел ішінде әкем Құсайын Тоқтыбайұлы «қара тізімде» бар деген хабарды естіп, амалсыз Қытай асуға мәжбүр болған екен. Бұл кез 1929-1930 жылдар шамасы.
Менің айтайын дегенім қажының келіні Себеке және оның екі қызы жайында болмақ.
Сталиндік қанқұйлы саясаттың аластау жүргізу науқаны Қазақстанда әсіресе қазақ халқының басына небір зұлмат күндерді түсірді. Өміріне қауіп-қатер төнген небір ардагер азаматтар қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Тірі қалғандары шет елдерге одақтас республикаларға қоныс аударып, баспана іздеп кетуге мәжбүр болды. Ел басына келген бұл нәубет тобықтының биі Кеңгірбай Өскенбайға ел билігін бергеннен кейінгі, соңғы болыс Біләл Кәкітайұлына дейін 120 жылдан артық ел билегендердің ішіндегі ерекше тұлға Құнанбай қажы ұрпақтарын да шарпыды. Олар ауыр қысымға ұшырады, мал-мүлкі тәркіленіп жер аударылды, түрмеге тоғытылды, атылды. Міне, осындай жағдайда қажы ұрпақтарынан көршілес Қытай елінің Шыңжаң жеріне келгендері де болды.
Құнанбай қажының үшінші әйелі Айғыз анамыздан екі ұл, бір қыз туған екен, үлкен ұлы Қалиолла жастайынан білім қуып Семей, Омбы, Мәскеу қатарлы жерлерде оқып мол білім алып, әскери сапта қызмет атқарып жүріп ерте қайтыс болыпты. Екінші ұлының аты – Сымағұл, қызының аты – Кәмшат.
Ел ішіндегі әңгімелерге қарағанда Сымағұл зор тұлғалы, балуан денелі, бет пішіні жағынан да, дене бітімі жағынан да қажының өзіне тартқан баласы екен. Сымағұлдың бетінде шешектен қалған азырақ қорасан дағы бар дейді.
Сымағұл екі әйел алған, бірінші әйелінен төрт ұл туған, олар: Сәлімқұл, Ырымқұл, Тұрысбек, Даулетбек. Ал екінші әйелі қырғыз қызы, аты Себеке. Себеке апамыздан Бурылқан, Бұрмақан атты екі қыз туған.
1929 жылдары жағдай өзгеріп ел басына күн туғанда Сымағұл екінші әйелі Себекені мал-жанымен көшіріп Қырғыз Республикасына әкеліп орналастырады. Мал-мүлкіне қарауға Сексенбай деген ноғайды жауапты етіп, өзі кері қайтып бала-шағаларына кеткен уақытта ел іргесі бұзылып, Қытай жеріне өте бастайды. Сексенбаймен Себеке мал-жанын алып, елмен бірге қашып Нарынқол шекарасынан өтеді. Шыңжаңның Іле өңірі Моңғолкүре ауданының Сынтас деген елді мекеніне келеді. Мұндағы Ұлы жүз үйсіннің Қызай руының Жол болды деген елі ішіне кіріп қоныстанады. Артынан хабар-ошар келмейді. Сексенбай салт адам екен, бірер жылдан кейін Себеке екеуі бас құрап бір отбасы болады, бірақ ұрпақ көрмеген екен. Жылдар өте келе Сымағұлдан туған екі қыз бой жетеді. Бурылқан Сымағұлқызын Жолболды Қасей деген адамға ұзатады. Ал Бұрмақан Сымағұлқызын Жолболды Болсанбек деген адамға ұзатады. Бурылқан Қасейге барғаннан кейін бір ұл туады, аты Мейманқан. Бұрмақаннан жалғыз қыз туады, аты – Тоқтауқан, Тоқтауқан ержетіп, Сәбиқан деген адамға тұрмысқа шығып үш ұл, екі қыз баланы өмірге әкеледі.
Бурылқан Сымағұлқызы мен Бұрмақан Сымағұлқызы Құнанбай қажының туған немересі. Ал Бурылқаннан туған Мейманқан, Бұрмақаннан туған Тоқтауқан қажының немересінен туған жиендер.
Сексенбай мен Себеке 1940 жылдың күзінде бірінен – кейін бірі көп ұзамай қайтыс болады. Екеуін де Моңғолкүренің Ақаяз ауылы, Көлбұлақ деген жердегі үлкен зиратқа жерлейді.
Бурылқан 1976 жылы, Бұрмақан 1958 жылы қайтыс болып Моңғолкүренің Сарқобы деген жеріне жерлейді. Ал қазір көзі тірі – Бурылқаннан туған Мейманқан 60 (2008) жаста Моңғолкүренің Қаратөбе деген жерінде тұрады. Бұрмақаннан туған Тоқтауқан қазір 70 (2008) жаста, Моңғолкүре аудандық халық істері бөлімінде істейтін Серік деген баласының қолында тұрады. Бұл жайды маған бірнеше жылдың алдында Іледегі зейнеткер шежіреші қарт Олжақан ағамыз айтқан еді. Олжақан арғын ішінде тобықты, Мейманқан мен Тоқтауқан Олжақан ақсақалды нағашы деп араласып тұрады екен. Мен бұл жайды естігеннен кейін Олжақан ағаға қайталай тексеріп нақтылауды тапсырған едім. Ол кісі мән-жайды нақтылап келді, содан кейін мен осы деректі жазып отырмын.
Қазір «Арғын ұрпақтары» атты шағын шежірелік кітапты құрастырудамыз. Осы тұрғыда Құнанбай қажыға жақын келеміз «Ырғызбаймыз, Құлыншақтың бес қасқасы боламыз» дегендер бар, бірақ ұрпақ сабақтастығымен «Шыңғыстау тобықты шежіресіндегі» сызбалар мен салыстырып нақтылы дерекке қол жеткізе алмағанымыз үшін оларды жүйелі зерттеп, тексеріп біржақты етуді жөн көрдік.
Осы деректі жазған менің әкем Секен Құсайынұлы кіші тобықты Әйтек бабаның ұрпағы. 44 жыл оқытушы ұстаз, мектеп директоры, Білім департаментінің бастығы, аудан және қала әкімі қатарлы міндеттерді абыроймен атқарған белгілі қоғам қайраткері, ағартушы педагог, ҚХР білім саласының мемлекеттік еңбек ері. 2012 жылы қыркүйек айында өмірден өтті. Артына жазып қалдырған мұралары арнайы зерттелуде. Мен қазақтың рухани тірегі болған ұлы Абайдың 175 жылдығына арнап, Құнанбай қажы Өскенбайұлы бабамыздың қытай асқан ұрпақтары туралы осы шағын деректі әкемнің еңбектерінен реттеп ұсынып отырмын. Бұдан бұрын Зият Шәкәрім тұралы шағын дерек берген едік. Меніңше бұл тақырып Қытайдағы қазақтар арасында да жан-жақтылы зерттелуі керек. Себебі аға сұлтан Құнанбайдың ел билеудегі атақ-даңқы мен ықпалы сол дәуірде қытай қазақтары арасында да үлкен құрметке ие болған. Кейбір деректерде аға сұлтан Құнанбай Қытай жеріне барып ондағы қазақтың жағдайын көріп, керей руының игі жақсыларымен кездескен деген пікірлер бар. Әрине, бұл әлі де зерттеп, нақтылауды талап етеді.
Адай СЕКЕНҰЛЫ,
география ғылымының докторы, профессор