1132
Орталық Азиядан шыққан әйел ғалымдар
Орталық Азиядан шыққан әйел ғалымдар
ХХ ғасырдан бұрын әлемдік ғылымда әйелдердің үлесі тым аз болатын. Оның себебі қоғамда білім алу мәселесінде нәзік жандылардың сауаттылығына көп мән берілмегенінде болса керек. Бірақ уақыт ағымында, заман өзгерісінде ер мен әйелдің құқықтық мәртебесі теңесуі нәтижесінде әйелдердің де білім алуына, ғылыммен айналысуына жол ашылды.
Өзбекстан. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде КСРО мемлекеті құрылып, оның құрамында 15 ұлттық республика пайда болғаннан кейін ол елдерде жалпыға бірдей білім алу құқығы беріліп, соның арқасында өзгелермен бірге Орталық Азия республикаларында әйел-қыздар қауымы үшін де ғылым-білімге жол ашылды.
Өткен ғасырдың басында Орталық Азияда Ташкент қаласы ғылым-білімнің орталығына айналды. Қазақ, өзбек елінің шекарасында орналасқан бұл қалаға түркі елдерінің зиялы қауымы шоғырланған-ды. Мұнда 1918 жылы Орталық Азиядағы алғашқы жоғарғы оқу орны – Орталық Азия мемлекеттік университеті ашылып, оның жұмысын жақсарту үшін Ресейден 86 оқытушы (арасында Ю.Голубкова, И.Райкова секілді әйел оқытушылар да бар) келіп, зертхана құралдары мен ғылыми әдебиеттер жеткізілді. 1923 жылы бұл университетте 2 353 студент оқитын 6 факультет болды. Сонымен бірге Шығыс институты, Қазақ, Түрік-татар, Өзбек өлкелік, Еврей-түземдік және Өзбек өлкелік ағарту институты да жұмыс істеп тұрды. Сол кезде Ташкенттегі әртүрлі оқу орнында 280 өзбек, 69 татар, 32 қырғыз, 20 еврей, 8 ұйғыр, 1 түркімен қызы білім алды.
1930 жылы Ташкент мемлекеттік университетін бітірген өзбек қызы З.Саид-Насырова осы елдегі әйелдер арасынан шыққан алғашқы химик-ғалым болды. 1933 жылы өзбекстандық әйелдер арасынан ташкенттік гинеколог-дәрігер А.Шорохова профессор атанды. Сол сияқты 40-жылдарда биология ғылымының кандидаты М.Арифханова, инженер-геолог З.Ходжаахмедова, архитектор Х.Хадиева секілді өзбек қыздарының аты елге белгілі еді. Одан кейінгі дәуірлерде де ғылым-білім саласында көптеген оқымысты әйелдер табысқа жетті. Мәселен, өзбекстандық қазақ қызы Х.С.Сүлейменова 1945 жылы кандидаттық, 1950 жылы докторлық диссертация қорғап, заң ғылымдарының докторы атағын алды. 1954 жылы Ташкент заң институтының директоры, 1956 жылы Өзбекстанның Әділет министрі болды. 80-нен аса ғылыми еңбек жазып, Өзбекстандағы заң ғылымдарының дамуына зор үлес қосты. 1958 жылы Ташкентте сот-сараптама ғылыми институты ашылған-ды. 1965 жылы осы оқу орнына Өзбекстан Ғылым академиясының академигі Х.Сүлейменованың аты берілді.
1942 жылы мемлекетік педагогикалық институтты бітіріп, Орталық Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына түскен С.Азимжанова 1968 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғады. Өзбекстандағы шығыстану ғылымының дамуына еңбек сіңірген ғалым кейін көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды. Сондай-ақ өзбек тарих ғылымының дамуы жолында тер төккен әйел ғалымның бірі – Р.Аминова. Ұзақ жылдар бойы тарих институтында еңбек еткен ол өзбек қыздарының арасында алғаш рет (1963 ж.) докторлық диссертациясын қорғаған еді. Ал 1963 жылы филология ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін докторлық диссертация қорғаған М.Асқарова да өз саласында алғашқы әйел ғалым.
Бүгінде өзбек еліндегі филолог-ғалымдардың 71 пайызға жуығы, психологтардың 81 пайызы, педагогтардың 61 пайыздайы, сол секілді, медик, биолог, философ, архитектор және саясаттанушылардың жартысы әйел ғалымдардан тұрады.
Тәжікстан. Орталық Азиядағы әдебиеті мен мәдениеті ерте қалыптасқан тәжік елінде де әйелдердің ғылымға келуі ХХ ғасырға тиесілі секілді. Кеңестік кезеңнен бері қарай түрлі ғылым саласында тәжік әйелдері арасынан шыққан ғалымдар баршылық.
Тәжікстандық ғалым әйелдер дегенде, ең алдымен Соро Юсупованың (Сараджан Михайловна Юсупова. 05.05.1910 − 15.05.1966) аты аталады. Бұқар еврейі отбасында дүниеге келген ол 1935 жылы Орталық Азия университетінің химия факультетін бітірген соң, ВАСХНИЛ-дің Топырақтану институтының аспирантурасында оқыды. 1946 жылы Тәжікстанға келді.
Тәжік елі ғылымының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан ол КСРО ҒА Тәжік филиалында түрлі қызметтер атқарды. 1948 жылы минералогия мен геохимия саласына байланысты докторлық диссертациясын қорғап, 1950 жылы профессор атағын алды. 1951 жылы Тәжікстан Ғылым академиясының академигі болды. Оның еңбектері негізінен, коллоидты минералдармен байланысты болып, жер бетінің геохимиясы және минералды бұлақтарды зерттеу мәселелеріне арналды. Тәжік ғылымын дамытуға септігі тиген және сол үшін көптеген мемлекеттік марапатқа ие болған Соро Юсупованың еңбегін тәжік елі лайықты бағалайды. Душанбе тау-геология техникумына С.Юсупованың аты берілген.
Орталық Азия мемлекеттері арасында тұңғыш философия ғылымдарының докторы атанған тәжік қызы Мунзифа Гафарова (4.10.1924 − 28.06.2013) – өз елінің ғылымын дамыту жолында талай белесті бағындырған ғалым әйел. Өмірін ғылым-білім саласына арнаған Мунзира Гафарова 1955 жылы аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1968 жылы философия ғылымының докторы болып, екі жылдан соң профессор атағын алды. Бірнеше оқу орнының ректоры болды. Ал Софья Хакимова (20.12.1924 – 12.10.2015) – 33 жасында медицина ғылымының докторы болған алғашқы тәжік қызы. Кеңес-тәжік ғалым-медигі С.Хакимова КСРО ҒА, Ресей Медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі болды. Ол КСРО-да алғаш рет Душанбедегі №1 перзентхана жанынан генетикалық зертхана ашып, акушерлік пен гинекология саласындағы ірі маман ретінде әлемге танылған ғалым әйелдің бірі болды.
Тәжік елі биология ғылымы саласында Тәжік ҒА академигі Мухиба Якубованың еңбегі зор. 1937 жылы Бұқара қаласында дүниеге келген М.Якубова 1959 жылы Тәжікстан мемлекеттік университеті жаратылыстану факультетінің биология бөлімін бітірген. 1984 жылы биология ғылымының докторы дәрежесін алса, 1986 жылы профессор болды. 2007 жылдан Тәжік ҒА академигі. Өсімдіктердің тіршілігін қамтамасыз ететін және реттейтін физиологиялық, биохимиялық және генетикалық механизмдерді зерттеуге өмірін арнаған Мухиба Якубованың зерттеулері және ол басқарған зерттеулер нәтижесі Ресей, Германия, Болгария, Венгрия, Италия, Швеция, Австрия, Чехия, Словения, Вьетнам, АҚШ елдерінде өткен халықаралық форумдарда жоғары бағасын алған.
Ресейде танымал медик ғалымдардың біріне айналған Нисо Жумаева − Душанбеде дүниеге келген, белгілі тәжік қаламгері Жума Одинаның қызы. Тәжік университетін бітірген соң, 1989 Мәскеуге аспирантураға түскен. Душанбеде жүрген кезінен бастап-ақ жетілмей туылған балалар мен жүктілік кезінде нәрестелердің денсаулығына алкоголь мен темекінің тигізетін әсерін зерттей бастаған ол, осы бағытын Ресейде де жалғастырды. Оның зерттеулерінің нәтижесі Ресейде жоғары бағаланып жүр. Педиатрия саласында танымал ғалым.
Қазіргі Тәжікстан ғылымында аты белгілі әйел ғалымдардың алдыңғы қатарында Гульчехра Кохированың аты жиі аталады. Тәжікстан Ғылым академиясы астрофизика институтының директоры Гулчехра Кохированың ғылымдағы жеткен жетістіктері үшін 2014 жылы Халықаралық астрономдар одағы кіші планеталардың біріне оның есімі берілген.
Бүгінде тәжік елінде әр үш ғалымның бірі әйел ғалымдар болып келеді. Зерттеушілердің айтуынша, ғылымдағы әйелдердің үлесі соңғы онжылдықта бес пайызға көтерілген.
Қырғыз Республикасы. Орталық Азияның өзге елдері сияқты Кырғыз Республикасында да әйелдердің ғылымға келуі – өткен жүзжылдыққа тиесілі. Дегенмен одан бергі дәуірде елде ғылымның көптеген салаларында ерлермен бірге әйелдер де еңбек етіп, табысқа жетіп жатыр. Кырғыз Республикасы ғылымындағы әйелдер дегенде, ең алдымен кеңестік дәуірдегі қырғыз елінен шыққан оқымысты әйел Евдокия Розованың (12.03.1899 – 16.04.1971) аты еске түседі. Сейсмолог-ғалым, Қырғыз ҒА академигі әрі 1953 жылы физика-математика ғылымдарының докторы болған Розова қырғыз елінің сейсмология саласының дамуына көп еңбек сіңірген.
Кәкіш Рысқұлова − Орталық Азиядан шыққан тұңғыш әйел хирург. Кәкіш Рысқұлқызы (15.08.1918 – 26.10.2018) – Қырғыз Республикасы ҒА академигі. Халыққа білім беру үздігі, Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, қайраткер, медицина ғылымының докторы, профессор.
Кәкіш Рысқұлова – Орталық Азияға белгілі қырғыз ағартушысы, алғашқы қырғыз әліпбесінің авторы Ишеналы Арабаевтың туысы. 1938 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы республикалық медицина училищесін, 1944 жылы Қырғыз мемлекеттік мединститутының емдеу факультетін бітірген. Оның еңбектері медицинаның онкология, нейрохирургия, ортопедия, травматология, урология, гастроэнтерология, тамыр хирургиясы саласына арналған. Ол әскери госпитальда жүріп, білімін тәжірибемен ұштастырып, ғылыми еңбек жазды. КСРО-да алғаш рет В.Гудовтың тамырға арналған құрылғысын пайдалана отырып, қан тамырларын қолмен тігудің тамаша әдісін жасап шықты.
Жиырмасыншы ғасырдағы қырғыз филологиясының дамуына еңбегі сіңген әйел ғалымдар да бар. Соның бірі − Чолпон Жолдошева. Чолпон Токчороқызы (20.10.1929 – 19.11.2016) кеңес-қырғыз ғалым-филологы, Қырғыз ҒА корреспондент-мүшесі, Қырғыз Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер. Ол өткен ғасырдың 30-жылдарында Қырғыз АССР Халық комиссары Токчоро Жолдошев пен қырғыз еліне еңбек сіңірген оқытушы Акима Отарбайқызының перзенті. Отбасы сталиндік репрессияға ұшыраған. Дегенмен соған қарамай, білімге талпынған Ч.Жолдошева 1952 жылы Мәскеу мемлекеттік институтының филология факультетін бітіріп шығады. Орыс, қырғыз әдебиеті, аударма теориясы бойынша ғылыми еңбектер жазған.
Қырғыздың тағы бір танымал ғалым қызы − Жээнчороева Розалия. Розалия Жаманқұлқызы (1935 жылы Орынборда дүниеге келген) – геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы (1990), Қырғыз ҒА корреспондент-мүшесі (1992). 1957 жылы Мәскеу түсті металдар және алтын институтын бітірген. Қырғыз Республикасы ҒА Геология институтында аға ғылыми қызметкер, 1976 жылдан зертхана меңгерушісі болып қызмет атқарған. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты – петрология, руданың пайда болуы, кендерді іздеу. Сол сияқты, Минира Баткибекова да (1940 жылы туған) жаратылыстану саласында табысқа жеткен ғалымдардың бірі. Ол − химия ғылымдарының докторы (1990), профессор (1991). Халықаралық инженерлік академиясының (1986) және Қырғызстан Инженерлік академияның академигі (1994). Болгариядагы тамақ өнеркәсібі институтын бітірген (1962). Сондай-ақ бұл салада тағы бір қырғыз қызы академик, химия ғылымының докторы, профессор Шарипа Жоробекованың да (1945 жылы туған) аты белгілі. Оның да ғылыми еңбектері қырғыз елінде химия ғылымының және өнеркәсібінің дамуына зор әсер етті.
Жалпы, әйелдер қауымы жолай бермейтін энергетика саласында да табысқа жетіп жүрген қырғыз қыздары бар. Соның бірі − Дарияхан Мұқашева. Ол – «Электр станциялары» ААҚ жанындағы жобалау-құру бюросында бақылау өлшеу аспаптарының жетекші инженері. Ал бүгінде аты әлемге белгілі Әсел Сартбаева – қырғыз елінің мақтан тұтар қыздарының бірі. 36 жасында-ақ Орталық Азиядан шығып, әлемге мойындалған ғалым-әйел. Оның ғылымдағы ізденістері әлем назарын аударып отыр. Ә.Сартбаеваның инновациялық ізденістері вакциналардың тұрақты температурада сақталуы мәселесінде қымбат та күрделі тасымалды қажет етпейтін жолдарын ұсынбақшы. Ол өз кезегінде вакциналарды тасымалдауға кететін артық шығындарды жойып, дәрі бағасының көтерілмеуіне әсер етеді.
Бүгінде Әсел Сартбаеваның аты химия ғылымымен айналысатын әлемнің ең мықты 175 ғалымының бірі ретінде Ұлыбританияның Королдік химия қоғамының тізіміне енгізілген.
Түркіменстан. Шынын айту керек, жабық саясат ұстанатын бейтарап түркімен еліндегі ғылым мен ондағы әйелдердің үлесін білу қиындау. Дегенмен Түркіменстан тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, археолог-ғалым Нургозель Бяшимова, Күн энергиясы институтының аға ғылыми қызметкері, наноматериалдар зерттеушісі Валентина Саркисова, Түркіменстан ҒА ақпараттық технология бөлімінде қызмет істейтін Джерен Аширмухаммедова, Түркіменстан ҒА технология орталығындағы зертхана жетекшісі Джерен Силапова, сол орталықта фармацевтика өндірісіне арналған биотехнологияны дамыту жолында тер төгіп жүрген Айна Атаева секілді ғалымдардың аты Түркіменстаннан тыс жерлерге де белгілі.
Қарақалпақстан. Орталық Азияның ғалым әйелдері турасында айтқанда, қарақалпақстандық әйел ғалымдарға соқпай кетуге болмайды. 1924-1930 жылдарда Қазақстанның, 1936 жылдан бері Өзбекстанның құрамында ұлттық республика ретінде өмір сүріп келе жатқан Қарақалпақстанда да бүгінде ғылым мен өнер жақсы дамыған. Түрлі ғылым саласында жүрген әйелдер көп.
Бұл елде ғалым әйелдердің филологияда үлесі көп. Сондықтан қарақалпақ тіл-әдебиеті ғылымы жайлы айтқанда, филология ғылымдарының докторы, ғалым-сыншы Зайтуна Насруллаева (1929-1988) мен Өзбекстан Ғылымдар академиясының Қарақалпақстан бөлімі ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Сарыгүл Бахадырованың аты алдымен еске түседі.
Сонымен бірге, филолог ғалым, осы жерде туып-өсіп, Мәскеуде КСРО ҒА Тіл білімі институтының аспирантурасын бітіріп және қарақалпақстандық әйелдер арасында алғаш рет кандидаттық (1963) қорғаған, Қарақалпақстанда оқу министрі болған, Өзбекстан ҒА тіл және әдебиет институтында жауапты қызметтер атқарған қазақ қызы – Әзиза Нұрмаханова ерекше атап айтуға тұрарлық. 1968 жылы тарихи Отанына оралған ол, ҚазМУ-да (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) ұзақ жыл қызмет істеп, профессор атанды.
Бүгінгі қарақалпақ медицинасында да әйел-ғалымдар танымал. Соның бірегейі − Орал Атаниязова. Ол бүгінде Арал эколгиялық аймағында өмір сүріп жатқан қарақалпақ еліндегі ана мен баланың денсаулығына қатысты туындаған қиындықтарды зерттеп, нәтижесін халықаралық симпозиумдарда көрсетіп, еліне әлемдік қауымдастықтың назарын бұрып жүр. 2000 жылы медицинадағы жемісті еңбегі үшін оған экологтардың халықаралық Голдман сыйлығы берілген.
Көріп отырғанымыздай, Орталық Азия елдеріндегі әйелдердің ғылымға қосып жатқан үлесі аз емес. Біз тек олардың арасынан ірі табысқа жеткендерін шолып қана шықтық. Алайда бұл шағын шолуда Қазақстандағы әйел ғалымдарға тоқталмадық. Себебі еліміз ғылымда ғалым әйелдердің үлесі мол екенін және оларды Орталық Азияның өзге мемлекеттерімен салыстырғанда нәтиженің жоғары екенін білеміз әрі олар туралы аз жазылып жатқан жоқ.
Әлемдік гендерлік саясат бойынша, ер мен әйел теңдігі жөнінен 171 мемлекеттің ішінде Қазақстан – 43, Өзбекстан – 59, Қырғыз Республикасы 91-орында екен. Демек, ғылымдағы еркіндік пен қолдау қазақстандық ғалым арулардың қатарын жылдан-жылға көбейтпесе, азайтпасы анық.
Ахмет ӨМІРЗАҚ