717
Рымғали Нұрғалидың атына көше беру ұсынылды
Рымғали Нұрғалидың атына көше беру ұсынылды
Қазақ әдебиеті мен рухани әлеміне өлшеусіз үлес қосқан айтулы ғалымдардың бірі Рымғали Нұрғали болатын. Ол кеңестік жүйенің тар шеңберінде өмір сүре жүріп , іштей кешегі өткен Алаш арыстарымен рухтас бола білді. Биыл даңқты ғалымның туғанына 80 жыл толады.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Рымғали Нұрғалидың 80 жылдығына орай «Әдебиеттану ғылымының айқанатты арғымағы» атты халықаралық онлайн конференция өткізді.
Халықаралық онлайн конференция жұмысына Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Өскемен, Семей, Қызылорда, Қарағанды тағы басқа Қазақстанның әр аймағынан қатысушылар лебіздерін жолдады. Сонымен қатар Ресейден, Татарстаннан академиктің досы, Қазан университетінің профессоры Х.Ю.Миннегулов онлайн байланысқа шығып, сәлем жолдады.
Ғалымға арналған онлайн жиын Еуразия ұлттық университетінің ректоры академик Е.Б. Сыдықовтың, аталған білім ордасының проректоры академик Д.Қамзабекұлының жолдаған игі тілектермен ашылды. ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім: «Жолдас, сырлас, сапарлас болдық. Рымғали Нұрғали үлкен Алаш жолын жалғастырушы. Ол әдебиет әлемінде бәсеке қалыптастыру арқылы, әдеби майталмандар жайлы өз естеліктерімен бөлісе отыра, әдеби сынның да дамуына орасан зор үлес қосты», – деп атап өтті.
Академиктің шәкірті, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Жазушылар Одағы филиалының директоры, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы ғалымның адамдық болмысын, азаматтық қасиеттерін саралай келе, ұстаз арманын еске ала отырып, Нұр-Сұлтан қаласына А.Байтұрсыновтың ескерткішін орнату туралы ұсынысының жүзеге асуын қолдауды ғылыми қауымнан сұрады. Және Елорда төрінен мектептің атын беру мәселесі шешіліп жатқанын айтты.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, ғалымның шәкірті Серікзат Дүйсенғазы: «Рымғали Нұрғалидың қазақ әдебиеті мен тарихына қосқан үлесі зор екендігі сөзсіз. Соған байланысты елімізде мектептер мен көшелерге ол кісінің атын беру туралы ұсынысты қолдауымыз керек» – деген пікір білдірді.
Б.Балықбай