8577
Шетелдегі қазақтың саны қанша?
Шетелдегі қазақтың саны қанша?
Біздің халық кейбір нәрсені асырмалап айтқанды ұнатады. Оны тек мақтан сүйгіштік деп біржақты қарай алмаймыз. Өйткені түпкі негізінде «өссін, өнсін» деген тілеулестік ниет те бар. Бұл әсіресе, халық санына келгенде жиі қайталанатын жайт. «Мың өліп, мың тірілген» халық үшін жан саны қашанда маңызды. «Көп қорқытады, терең батырады» деген мәтелді де жиі қолданамыз. «Көппіз» деп мақтанғымыз келеді. Осы тұрғыда «Дүниежүзінде қанша қазақ бар?» деген сауал әр жыл сайын алдымыздан шығып отырады. Оған тұшымды жауап ала алмай келе жатқанымыз да жасырын емес.
Бір білсе демограф-ғалым Мақаш Тәтімов біледі деуші едік, қазір ол кісі де ортамызда жоқ. Ал Тәтімовтің орнын басатын демографты әлі кездестіре алмай отырмыз. Сондықтан да бірінші журналистердің келтірген деректеріне шолу жасаудан бастап көрдік.
2010 жылғы 2 наурызда жарияланған журналист Есенгүл Кәпқызының «Жалпы әлем бойынша қазақтың саны қанша?» деген мақаласында шетелдегі қазақтармен мәдени байланыс жасайтын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шеттегі қазақтың санын тек болжам бойынша айтып келгенін айтады. Ол мақалада сол кездегі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы Сұлтанәлі Балғабай: «Шетелдегі қазақтардың санын нақты айту оңайға түспейді. Біздің негізгі сүйенетініміз – шет мемлекеттерде жүргізілген санақтар. Мәселен, Қытайдағы әртүрлі санақ деректеріне жүгініп келдік. Ал Түркия, Иран, Еуропа, Ауғанстанда халық санағы жүргізілгенімен, онда ұлттардың санын жеке-жеке көрсетпейді. Сондықтан сол елдегі қазақтардың өз деректеріне сенеміз. Өзбекстанда осыдан 20 жыл бұрынғы жүргізілген халық санағының мәліметтері бойынша, ол елде 1,5 миллион қазақ болған. Сөйтіп, жобамен шетте 5 миллион қазақ бар дейміз» – дейді.
2014 жылғы 11 маусымда QAZAQSTAN TARIHY (e-history.kz) порталында жарияланған «Оралмандардың тарихи ортаға бейімделуі» деген мақалада: «Қазақстаннан тыс 6 миллион этникалық қазақтар 40-тан астам елде тұрып жатыр. Шамамен 1,5 миллион – Өзбекстанда, 1,5 миллион – Қытайда, 1 миллион – Ресейде, 100 000 – Түркіменстанда, 80 000 – Монғолияда және 45 000 – Қырғыз Республикасында. Қазақ диаспорасының басым бөлігі Түркияда, Ауғанстанда, Иранда тұрады. Қазақтар сондай-ақ Батыс Европада, Азияда, Солтүстік және Оңтүстік Африкада өмір сүреді» деп 2005 жылғы Статистика агенттігінің мәліметтеріне сілтеме келтірген. (Мақала авторы: «Джамбаулова Г.А., магистрант Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті» деп көрсетілген).
2018 жылғы 23 қаңтар күні abai.kz порталында «Қазақстаннан тыс жерде
6 321 564 қазақ бар» деген мақала жарияланды. Мұнда тіптен нақты сандар көрсетілген. Мақала авторы маңғыстаулық Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы бұл деректерді Түркия елінің шығарған мәліметіне сүйенгенін жазады.
2020 жылғы 17 наурыз күні ел газеті «Егемен Қазақстанда» журналист Оралхан Дәуіттің «Халық санын қандастар көшінің есебінен көбейте аламыз ба?» деген мақаласында: «Шетелдерде 7-8 миллион қазақ ұлты тұрады. Кейбір сарапшылар елімізде халық санын көбейтуде осы ресурсты дұрыс пайдалану керек деген пікір айтады. «Отандастар қоры» да шетелде тұратын 7 миллион қандасымызды атамекеніне қайтаруды мақсат тұтып отыр. Бұл Қазақстандағы қазіргі халық санының 38 пайызы деген сөз», – деп жазады.
Ал 30 сәуірде Қазақстан Парламенті Сенатының отырысы өткен болатын. Алқалы жиында Сенат депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы сөйлеген сөзінде: «Сарапшылардың пікірі бойынша шетелдерде 7 миллион этникалық қазақ тұрады екен. Бұл Қазақстанда тұрып жатқан 18,5 миллион халықтың 38 пайызы. Демографиялық аспектіде үлкен әлеует болып тұрған бұл ресурстарды дұрыс пайдалана алдық па?!» – дейді.
Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы Сырымбек Төлеуұлының «ҚазАқпарат» агенттігіне жариялаған хабарламасында: «Ғалымдар, әр ғылыми зерттеу орталығы түрлі мәліметтерді келтіріп жатыр. Кейбір орталықтар шетелдегі этникалық қазақтар саны 7 миллион десе, басқалары өзге мәліметтерді жариялауда. Біздегі мәліметке қарағанда, яғни ресми дерек бойынша осыдан бірнеше жыл бұрын 5 миллион болған. Қазіргі кезде шетелдегі этникалық қазақтар 5 миллионнан асты», – дейді.
Сонымен бұл мәселеге байланысты көп жыл бойы көші-қон саласында басшылық қызмет атқарған маман мен әлеуметтанушы не дейді? Пікірін білген едік.
Нұрлан БАЙҒАБЫЛ, әлеуметтанушы:
Шетелдегі қазақтардың нақты санын білу қиын
– Бұл мәліметтерді елшіліктер арқылы алу қиын. Оның өзіндік машақаттары бар. Себебі заң әр елде әртүрлі. Ал қазіргі айтылып жүрген деректердің барлығы бұрын бір айтылып қалған 5 миллионның сол ар жақ-бер жағы. Оның өсімі болмай ма? Олар әрі-бері көшпей ме? Міне, мұны нақты зерттеп жатқан ешкім жоқ. Мен кезінде салыстырмалы түрде 4 жарым миллион қазақ бар деп есептеген едім. 2010 және 2013 жылдары 4 жарым миллионның ар жақ бер жағында деген деректі келтіріп жүрдік. Бұл деректерді білудің бірнеше механизмі бар. Мысалы, шетелдегі мәдени орталықтар арқылы немесе рулық шежіре кітаптар арқылы білуге болады. Ал елшіліктер арқылы алған мәліметтің анық-қанығын білу үшін тағы да зерттеуді қажет етеді. Түптеп келгенде, бұл «Отандастар қоры» істейтін жұмыс. Мен бұл мәселе бойынша оларға бірнеше рет бардым. Егер мұндай мәліметті ресми ұйымдар ала алмаса, ғалымдарға қаржы бөлсін. Зерттеп шығарып береді. Әйтпесе, мұны жекелеген адам зерттеу үшін қаржы қажет. Аймақтарды аралау керек, жиналған мәліметтерге анализ жасалады. Бұл әншейін әуесқойлықпен немесе волонтерлікпен жүзеге аса салатын жұмыс емес. Мәлімет нақты әрі сенімді болу үшін нақты зерттеу және оған жұмсалатын қаражат қажет. Сонда ғана бұл мәлімет жайында нақты бірдеңе деуге болады. Марат ТОҚСАНБАЕВ, көші-қон саласының маманы, зейнеткер:Артпаса кеміген жоқ...
– Мен 26 жыл бойы (алғаш құрылғаннан бастап) көші-қон саласында жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Көші-қон полициясында, көші-қон агенттігінде қызмет атқардым. Ал сіздер сұрау салып отырған мәселеге келсек, қазіргі айтылып жүрген мәліметтердің көбі тұрақты емес. Менің білетінім қазақтардың басым көбі Өзбекстанда тұрады. Одан кейін Қытайда және Ресейде. Сонымен қатар Түркіменстан, Иран және Қырғаз Республикасында бар. Ауғанстан қазақтары Түркияға көшіп кетті. Алғаш 1991 жылы Моңғолиядан қазақтар көшіп келгенде 160 мың қазақ бар деген дерек келтіріп жүрдік. Қазір де сол межеден кеміген жоқ. Өйткені Моңғолия қазақтарының демографиялық өсімі басқа елдермен салыстырғанда жоғары. Сосын Өзбекстан қазақтарының өсімі жақсы. Ал елге келген қандастардың дерекқор базасы бар. Ондағы мәлімет бойынша қазір 1 жарым миллион қандас елге оралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінде бұл мәліметтер жинақталған болатын. Сонымен, қысқаша айтқанда қазір шетелде 5 миллионнан астам қазақ бар деп есептеймін.