574
Ана тіліндегі ақпарат ауадай қажет
Ана тіліндегі ақпарат ауадай қажет
Халықаралық Túrkistan саяси апталығының №21 санында шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдары мен журналистерді қолдау жөнінде мәселе көтерілген екен. Бұл ретте «Отандастар қоры» тарапынан шетелдегі қандас журналистер үшін «Үркер» ұлттық сыйлығына бір номинация қосу жөнінде ұсыныс жасалды. Ұсыныс арнайы хат ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жіберілді.
Аталған мақалада шетелдегі қазақтілді басылымдардың саны 150 екені көрсетіліпті. Бұл мәселе де қазір біздің басты назарымызда. «Шетелдік және Қазақстан Республикасына көшіп келген этникалық қазақтарды қолдауды қамтамасыз ету қызметтері» аясында, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап шетелдегі қандастар тұратын мемлекеттердегі 70-ке жуық қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының дерекқоры жасалды. Осымен тоқтаған жоқ, дерекқор тізімі әлі де жүргізіледі. Қандастар тұратын елдердегі этникалық қазақтардың қоныстану жиілігі мен әр елдің ішкі саясатына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының саны да әртүрлі.
Қытай Халық Республикасында қазақ тілінде ең көп хабар тарататын 24 БАҚ жұмыс істейді. (3 газет: «Шынжаң газеті» (күнделікті), «Іле газеті» (күнделікті), «Алтай газеті» (күнделікті). 9 журнал: «Шұғыла» (айына бір рет), «Шыңжаң қоғамдық ғылымы», «Тарбағатай», «Алтай аясы», «Мұра», «Іле айдыны», «Тіл және аударма», «Ұлттар әдебиеті», «Құмыл алқабы» (екі айда бір рет), 2 автономиялы райондық телеарналар: XJTV-3, XJTV-8, 2 радио: ҚХР қазақ радио торабы, Алтын көпір радиосы. 8 сайт: Шынжаң газеті сайты, Халық торабы, Күнлүн торабы, Тарбағатай ақпарат торабы, nurlejol.org, Тяншан торабы, Ағажай-Алтай торабы, Іле ақпарат торабы). Аталған БАҚ қазақтар жиі қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле өңірі мен Үрімжі қаласында орналасқан. Бұл тізімде ауқымы кең, басты деген ақпарат құралдары түзілді. Бұдан басқа да, аудандарда да қазақ тілді ақпарат құралдары жетерлік. Жалпы, Қытайдағы қандастар қазақтілді ақпарат құралдарына бай деуге болады.
Ал Моңғолияда қазақ тілінде хабар тарататын 14 БАҚ жұмыс істейді. 4 газет: «Монғол заман» (екі аптада бір рет шығады), «Шарапат» (айына бір рет), «Жаңа дәуір» (айына бір рет), «Білім» (айына бір рет), 4 журнал: «Шұғыла», «Ару жұлдыздар», «Инабат», «Тарлан тағзым» (айына бір рет). 3 аймақтық жеке телеарналар: «Дербес», «Саян», «ТВ 4», 1 өңірлік радио: Баян-Өлгей қазақ радиосы, 2 ақпараттық сайт: kaz.news.mn, Bai.olke.com). Аталған БАҚ қазақтар жиі қоныстанған Баян-Өлгей мен Ұлан-Батыр қаласында орналасқан.
Өзбекстанда қазақ тілінде хабар тарататын 8 БАҚ тіркелген. (4 газет: «Нұр жол» газеті (аптасына 2 рет), «Кенимех таңы» газеті (айына 3 рет), «Тамды шаруагері» газеті (айына 3 рет), «Үшқұдық» газеті (айына 3 рет). 1 журнал: «Үшқұдық журналы» («Үшқұдық» газеті жылына 3 рет Жаңа жыл, Наурыз, Тәуелсіздік мерекесінде журнал болып шығарылады). «Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясына» қарасты «Қазақ радиосы» (Дүйсенбі-бейсенбі аралығында, кешкі 22:00-де 20 минут қазақ тілінде хабар таратады). «Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясына» қарасты қазақ тіліндегі «Дидар» хабары (Екі аптада 1 рет, 15 минут қазақ тілінде хабар таратады). 1 сайт: Өзбекстан Ұлттық ақпараттық агенттігі http://uza.uz/kz күнделікті қазақ тілінде ақпарат таратады). Аталған БАҚ қазақтар жиі қоныстанған Ташкент қаласы, Кенимех, Тамды, Үшқұдық аудандарында орналасқан.
Иран Ислам Республикасында мемлекеттің саяси, экономикалық және діни ұстанымын білдіретін қазақ тілінде ақпарат тарататын www.parstoday.com/kz сайты, қазақ тілінде ақпарат тарататын 5, парсы және орыс тілінде ақпарат тарататын 1 БАҚ анықталды. Иран еліндегі шектеулерге байланысты мемлекет аумағында қазақ тілінде ақпарат тарататын жеке азаматтардың парақшалары зерделенді. Ирандағы қандасымыз жүргізетін қазақ тіліндегі 2 блог парақша http://jake66.blogfa.com, http://hmshadkam.blogfa.com/ және Қазақстан туралы парсы тілінде ақпарат тарататын http://kaziran.com/ сайты мен инстаграм әлеуметтік желісінде қандастарымыз жүргізетін kaz_iran, shadkam.jafar парақшалары анықталды. Алыста жүрген қандастар түрлі шектеулерге қарамастан әлеуметтік желінің мүмкіндіктері арқылы өзара байланысып, салт-дәстүріміз бен тілімізді ұмытпауға күш салады.
«Отандастар қоры» шетелдегі қандастар тұратын Ресей, АҚШ, Түркия, Украина, Қырғыз Республикасы және тағы басқа мемлекеттердегі қазақ тілінде ақпарат тарататын бұқаралық ақпарат құралдарының дерекқорын жасау жұмыстарын әрі қарай жалғастыруда. Осы жұмыстардың нәтижесінде «Отандастар қоры» және «ҚазАқпарат» ХАА бірлесіп шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың ATAJURT (шартты атауы) бірлестігін құру жоспарлануда. Оның негізгі мақсаты – бірлестікке мүше БАҚ пен қазақстандық және халықаралық БАҚ арасындағы әріптестікті үйлестіру (ақпараттық-сараптамалық материалдармен алмасу, тәжірибе алмасу, бірлескен конференция, семинар, тренингтер өткізу). Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа мемлекеттік қолдау көрсету (ақпараттық жаңа технологиялармен қамтамасыз етуге көмектесу, материалдық, қаржылық жағынан қолдау көрсету, Қазақстандағы БАҚ-қа арналған сыйлықтар мен байқауларға «Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тың үздік журналисі» атты номинация енгізу), бірлестікке мүше БАҚ арқылы әлемдегі қандастардың өзекті мәселелері мен жетістіктерін саралау (тұрып жатқан еліндегі түйткілді мәселелерге назар аудару, Қазақстандағы көші-қон, қандастарды қолдауға бағытталған заңдарға байланысты ұсыныстарды саралау, айтулы жетістіктерге қол жеткізген дүниежүзіндегі қандастарды кең таныстыру), бірлестік құрамындағы БАҚ-тың үздік материялдарын еліміздегі ақпарат құралдары мен сайттарда, әлеуметтік желілерде жан-жақты жариялап отыру (ақпарат, мақала, телеөнім, деректі фильм, фото),
отандастар форумы мен қандастар құрылтайларында тұрақты түрде бірлестіктің пленарлық отырысын өткізу (шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың өзекті мәселелерін талқылау, бірлескен жобаларды пысықтау, жоспар-міндеттерді саралау). Бұл бірлестік арқылы шетелдегі қандастарымызға тәуелсіз еліміздегі жетістіктер мен жаңалықтарды жан-жақты жеткізіп отыруға мүмкіндік жасалады. Шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдарының ATAJURT бірлестігі «Отандастар қоры» және «Абай үйі»-қазақ мәдени-іскерлік үйі жобасының бір бағыты ретінде де жұмыс істемек.
Шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдарының барлығы осы уақытқа дейін қандастардың жеке қаражаттарына шығарылып келеді. Олар Қазақстан тарапынан қаржылай көмек берілуін сұрайды. Бұл ақпарат құралдарына нақты қаржылай көмек көрсетуді Мәдениет және спорт министрлігі жүзеге асыратын мемлекеттік тілді қолдау бағдарламалары мен Сыртқы істер министрлігі іске асыратын елімізді шетелдерге танытатын имидждік ақпараттық жобалар бағдарламалары арқылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Шетелдік және Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтарды қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер» бағдарламасы шеңберінде қарастыру ұсынылады. Шетелдегі қазақтілді ақпарат құралдары өз жұмыстарын толықтай қаржыландыруды сұрап отырған жоқ, тек жылына бір реттік қаржылай көмек көрсетілсе, жеткілікті деп отыр. Сондықтан мұндай көмекті бәріне бірден емес, біртіндеп әр жылға бөліп беруге де болады. Жоғарыда атап өткен үш министрліктің үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға арналған гранттарын бөлу жолдарын қарастыру да ұсынылады.
Қаржылық қиындықтарға байланысты шетелдегі қазақтілді газет-журналдардың тиражы қысқарып, кейбірі жабылу алдында тұр. Телеарналар мен радиолардағы жүргізілген қазақтілді хабарлардың саны да қысқарған. Қазақстан мен қандастар тұратын елдердегі екі-жақты ынтымақтастықты өрістетуге бағытталған құжаттар мен Сыртқы істер министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Nur Otan партиясы арқылы мемлекетаралық келісімдер шеңберінде қол қойылған құжаттар негізінде шетелдердегі қазақтілді БАҚ-қа қолдау көрсету тетіктері қарастырылса деген ұсыныстар бар.
Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ,
«Отандастар қоры» КЕАҚ-ның
ресми өкілі