894
Аманат Назарқұл: «Ұлы Дала таңы» картинасын миллион долларға бағаладым
Аманат Назарқұл: «Ұлы Дала таңы» картинасын миллион долларға бағаладым
– Суретшілер онсыз да оқшау жұмыс істегенді қолай көретінін білеміз. Дегенмен жаппай оқшаулану сіздің шығармашылығыңызға қалай әсер етті?
– Карантин менің шығармашылығыма өте жақсы әсер етті, нәтижелі еңбек етіп, өндіре жұмыс істедім. Осы уақыт аралығында адамға ой салатын, философиялық жұмыстар, тың туындылар жазылды. Сәуір айында Шымкент қаласында көрме өткізуді жоспарлаған болатынмын. Карантин режимінің енгізілуіне байланысты бұл көрме кейінге қалдырылды. Бұйырса Шымкент қаласында өтетін көрмемді Өзбекстанда жалғастырсам деген ниетім бар. Мәдениет және спорт министрлігі бұл ойымды құптаса, көршілес өзбек ағайынға барып өз жұмысымды таныстырғым келеді. Бұл түркі халықтары арасындағы алауыздықты азайтып, мәдени байланысты арттыра түсер еді.
Карантин кезінде 12 композициялық жұмыс жаздым. Ол жұмыстардың ішінде бергісі әлемді әбігерге салған коронавирус, Мақтааралдағы су тасқыны, арғысы «Хан Абылайдың түсі», Абайдың «Қара сөздеріне» арналып жазылған жұмыстарым бар. Абайдың әр шумақ өлеңі ауқымды философиялық ойды жеткізеді, ал оны сурет тілімен көрсету, ақынның ішкі дүниесін ашу өте қиын. Абайды ашу үшін суретшінің де ішкі дүниесі күрделі болу керек. Абайдың тек сырт келбетін ұқсатып суретін салу көрген адамға әсер етпейді.
Жақында Абайдың үш тілде жарық көретін кітабына иллюстрация салыңыз деген ұсыныс түсті. Абайды салуға суретшілік деңгейім жете ме деп көп ойландым. Абайды 60-70-жылдары суретші Е.Сидоркин деген суретші салды. Сол арқылы Абайды дүниежүзіне танытты. Ал ХХІ ғасырда Абайдың өлеңіне сурет салу – өте күрделі жұмыс. Бұрынғы стильмен жұмыс істеуге болмайды, жаңа ғасырда жаңаша көзқарас керек. Өз ойымша пісіп-жетілдім, Абайдың кітабына иллюстрация салуға дайынмын деп отырмын. Жалпы, кітаптың иллюстрациясы оқырман сатып алатындай тартымды, мықты болуы керек.
– Бір суреттің өзін миллиондаған қаржыға сатып алатын талғампаз жұрттардай емес, біздің елде суретші мен оның шығармашылығын бағаламай жататын секілді. Әлде, қателесіп отырмын ба?
– Былтыр Түркияда өткен қылқалам шеберлеріне берілетін «Күміс кілт» пен Ұлықбек атындағы арнайы халықаралық сыйлықты алғаннан кейін Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың қабылдауына өзім бардым. Қырғыз Республикасында жеке көрмемді жасауға қолдау көрсетуін сұрадым. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көрмем жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әзірге осылай биліктің есігін жағалап жүрміз. Суретшілерге арнайы тапсырыс жоқ. Арасында ескі таныстардан портрет жазуға жылына 1-2 тапсырыс түсіп жатады. Біздің елде әртістерге, жазушыларға, опера әншілеріне қолдау бар, кино саласына қыруар қаржы бөлініп жатады. Ал суретшілерге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейді.
Қазақстанда суретшілер өте кедей. Кей адамдар тек бұйрықпен жүреді, берілген тапсырманы ғана орындайды, галстук тағып жүргеніне мәз. Биліктегі азаматтар халықтың мұңын біліп, адамдарға жақын болса жетіп жатыр, ал суретші деген сол халықтың арасында жүрген адам.
Кейде бізге әкімшілік тарапынан аз уақытта үлкен жобаларды жасауға ұсыныстар түсіп жатады. Бірақ жұмыстың бәрі біткен кезде бізді есіне алатын адам болмайды, ұмытып кетеді. Таразға Төле би бабамыздың ескерткішін қойған кезде автор деп шақырып бір ауыз сөз берген жоқ. Әзірге біздің еліміздегі суретшілердің өмірі осындай, өзгерген ештеңе жоқ.
– Халқымыздың бай тарихын, жарқын болашағын үлкен өлшемде бейнелеп жүрген суретшілердің бірісіз. Суреттеріңізді Елбасы, бүгінгі Президентіміз біледі. Суретші ретінде ендігі арманыңыз қандай?
– «Егемен Қазақстан» газетінің ғимаратындағы және М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде тұрған жұмыстарым Гиннестің кіші рекордтар кітабына ТМД елдеріндегі ірі картиналар ретінде енді. Ал қазіргі салып жатқан еңбектерімді өзімнің айналамдағы ат төбеліндей адам біледі. Мен қазақстандық суретшілерді әлем таныса деп армандаймын. Өзім шетелге көп шықпадым, осы бағыттағы жоспарларымды жүзеге асыруды ойлап жүрмін. Оған себеп те бар, осыған дейін өзімді әлі де пісіп-жетілмеген сияқты сезініп келдім. Қырғыз Республикасында өткен көрмеден соң және соңғы жұмыстарымнан кейін туындыларымды шетелде қорықпай, ұялмай көрсетуге болатынына көзім жетті. Қырғыздардың қалпағын шешіп өнерімді бағалағаны маған үлкен рухани қолдау болды. Өкінішке қарай, мұндай қолдауды отандастарымыз бен әріптестеріміз жасай алмай жатады.
– Еліміздегі суретшілердің жұмысына қаншалықты мән бересіз?
– Мен суретшінің жақсы жұмысын көрсем, ойымды, пікірімді, алған әсерімді жазып жіберемін. Өйткені бұл суретшіге шабыт сыйлайды, рух береді. Ал ұнамайтын, энергиясы нашар, эстетикалық тұрғыдан әдемі емес, мәдениет деңгейі жоқ суреттерді көрсем талғамсыз, жұтаң екен деп айтамын. Суретші сынды қабылдай білуі керек. Бір-бірімізді мақтай берсек, сын қалай түзелмек?
– Заманауи өнер туындыларына деген көзқарасыңыз қандай?
– Жалпы, заманауи өнерге қарсы емеспін, әрқашан да қолдаймын. Бірақ біздің ұлттық, тарихи тақырыптағы күрделі композицияларды салатын суретшілеріміз болмаса, өзімізді жоғалтып аламыз.
Менің бұрынғы туындыларымның концепциясы – көне түркі халықтарының тарихына арналған сериялы жұмыстар. Менің жұмыстарым қалыпқа сай келе қоятын, сұлу қылып сала қоятын жылтыраған суреттер емес. Мен адамның ішкі дүниесін күрделі заманмен байланыстырамын, туындыларымда сол тарихи кезеңдегі саясатты көрсетуге талпынамын. Суретшінің суреті адамның ішкі жан дүниесін ояту керек. Ал бүгінгі қазақ ұлттық тақырыптағы дүниелерге көп қызықпайды. Жылтырап тұрған суретті ұлттық өнер деп ойлайды. Бірақ халтура мен нағыз өнерді айыра алу керек. Мысалы, мен сурет салғанда сатамын деп ойламаймын. Суретті сату үшін салмаймын.
Жалпы, суретші деген халықтың ойы терең, жаратылысы нәзік келеді. Өнер адамының жеті қатпар сезімі болады, түпсанадан бастап, сезім, эмоция байланысады, оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Тек суретпен жеткізе аласың.
– «Ұлы Дала таңы» атты картинаңызды миллион долларға бағалапсыз. Ол туындыңызды сұраушылар бар ма?
– «Ұлы Дала таңы» атты картинамды Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасымен 2017 жылы салып бастадым. Кейін әкімнің ауысуына байланысты картина сатылмай қалды. Көпбейнелі композициям үш бөліктен тұрады: сол жақ, оң жақ және орталық бөлік. Картинаның сол жақ бөлігіндегі кейіпкерлер символы EXPO-2017 тұрса, оң жақ бөлігінде әлем архитектурасының жауһары Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бейнеленген. Ал орталық бөлігінде Қазақстанның жаңа архитекторы, Елбасы болашаққа нық қадам басып келе жатыр. Сонымен қатар әлемге танымал боксшылар Г.Головкин, Қ.Ислам, әлем эстрадасының жарық жұлдызы Д.Құдайберген, балуан Б.Ыстыбаев, кино және театр әртістері Г.Қыпшақова мен Ж.Әбдіқадыров бар.
«Ұлы Дала таңы» композициясы – сәтті аяқталған жұмыстарымның бірі. Мен бұл жұмысымды миллион долларға сата алатыныма сенімдімін.
– Суретші Сейілбек Нұрбаев екеуіңіздің бірігіп жасаған «Қанатты ақ барыс» жобаларыңыздың бүгінгі жайы қалай болып жатыр?
– Ақорданың оң жағындағы Есіл өзенінен өтетін аспа көпірдің бос тұрғанына 10 жылдан асты. Бұрын ол жерде арқарлар мүсіні болған, кейін желден қирап-сынып қалған. Сейілбек екеуіміз көпірге арнап «Қанатты ақ барыс» жобасын жасадық. Көпірдің басталар және аяқталар тұсының оң және сол қанатына төрт барыстың мүсіні орнатылса деген арманымыз бар. Биіктігі – 7,5 метр. Одан биік болмаса, кем болмайды, ені 3,5 метр шамасында. Аппақ мрамордан жасалады, түнде жарқырап жанып тұрады. Бұл жобамыз жайында Президент Қ.Тоқаевтың хабары бар, мәселе қаралып жатыр деген жауап алдық. Қазір қала әкімі А.Көлгіновтің жауабын күтіп отырмыз. Мұндай жобаға қаржы бөлінуі керек деп ойлаймын, өйткені мүсінді көрген адамның көзі қуанып, мақтаныш сезімі пайда болып, оған рух береді.
Мысалы, Сингапур деген кезде аузынан су ағып тұрған арыстан бейнелі, балық денелі жануардың ескерткіші көз алдымызға келеді. Біздің елордадағы көпірге әсемдік беретін мүсін осыған дейін орнатылмады. Ал біз 3-4 жыл бұрын бұл жобаның нобайын сызып қойған едік. Содан бергі әкімдердің бәріне ұсынып келемін. Қаланың әкімдері жылдам ауысады, сондықтан бұл мәселе әлі шешілмей келе жатыр.
Елорда төрінде осындай әсем, позитивті мүсін қойылса, Тәуелсіздігімізге мәңгі рух беретін анық. Тәуелсіздігіміздің еркіндік символына айналған барыстар Елтаңбамызда да өрнектелген. Ертедегі ата-бабаларымыз сақ, ғұн дәуірінен келе жатқан «Алтын адам» киімі де қанатты ақ барыстармен әшекейленген. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз бар. Біздің төрт барысымыз төрт жаққа қарап, сыртқы жаулардан қорғап тұрғандай әсер береді. Сонымен қатар ақ барыстар қаламыздың энергетикасын тазартады.
«Қанатты ақ барыстар» мүсіні теңдесі жоқ сұлу өнер туындысы болатыны анық. Бұл мүсіндер елордада өз орнын тапса, егемен елімізге мықты рух, тұрақты экономика, ауызбіршілік, күш-қуат береді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ