Қарағандылық кәсіпкер тастанды сәбилердің бәрін бауырына баспақ

Қарағандылық кәсіпкер тастанды сәбилердің бәрін бауырына баспақ

Қарағандылық кәсіпкер тастанды сәбилердің бәрін бауырына баспақ
ашық дереккөзі
717

Қоғамда жасаған жақсылығының қайтарымын күтпейтін қайырымды жандар баршылық екеніне тағы да көзіміз жетті. Қарағандылық көпбалалы ана тастанды сәбилердің барлығын асырап алмақ. Баласынан бас тартқан аналар райынан қайтса, оларға сәбилерін қайтарып беруге даяр. Қайырымды келіншек өзінің мұндай ниеті жайлы «31-арнаға» баяндап берді.

Әлия Садырбаева – қоғам белсендісі, блогшы әрі жеке кәсіптің иегері. Ең бастысы, ол алты баланың анасы. Кенжесі әлі бір жасқа да толып үлгермеген. Бір қарағанда өз балалары тұрған кезде, өзгенің баласын қалай ойласын деген ой келеді.

“Жаңа туған сәбидің еш жазығы жоқ. Ол анасының ақшасы жоқ екенін, жұрттың алдында ұятты екенін түсінбейді ғой. Менің ең басты мақсатым – отбасы, ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу. Ананың баласынан бас тартпауына жағдай жасау. Олардың жаңа туған сәбиді өлтіруге асықпағанын қалаймын. Егер олар белгілі бір себептермен сәбилерінен бас тартса, мен сол балаларды асырап алуға келісемін”, – дейді көпбалалы ана Әлия Садырбаева.

Соңғы кезде жиі айтылып жүрген тастанды сәбилерге қатысты оқиғалар кез-келген адамды бей-жай қалдырмайды. Құдды оларды айтқан сайын қылмысқа бел буатындардың саны көбейе беретіндей. Осыған орай, Әлия қандай жағдай болмасын балалар өлмесе екен дейді. Тіпті, кейін тастанды балаларды райынан қайтқан аналарға қайтарып беруге дайын екенін жеткізіп отыр.

Дәл қазір Әлия Садырбаева мақсаттастарымен бірге отбасылық балалар үйін ашуды қолға алған. Мұнымен қатар, ол республикамызда әйелдерге әрдайым көмек қолын созуға дайын кризистік орталықтардың жұмыс істеп жатқанын айтады.

Серіктес жаңалықтары