264
АҚШ-та ереуілшілер Колумбтың ескерткішін өртеп жіберді
АҚШ-та ереуілшілер Колумбтың ескерткішін өртеп жіберді
АҚШ-тың Ричмонд қаласында ереуілге шыққандар Христофор Колумбтың ескерткішін құлатып, өртеп, кейіннен оны көлге лақтырған.
New York Post басылымының хабарлауынша, оқиға Берд саябағында болған. Наразылық акциясына мыңға жуық адам жиналған. Олар Колумбты "геноцидтің көрінісі" деп атап, ескерткішін бұзып тастады.
Ереуілшілердің ескерткіштерді шабуылдауы жиілегендіктен Ричмонд қаласының мэрі азаматтық соғыс кезінде құл иеленуші штаттардың жағында күрескендер құрметіне орнатылған ескерткіштердің бәрін алып тастауға ниетті. Ашынған жұрт бұған дейін шаһардағы тағы бір мүсінді бүлдірген. Ол да Конфедераттар әскері жағында шайқасқан генералдың құрметіне орнатылған еді. Алайда ереуілшілердің Христофор Колумбтың ескерткішін неге бұзғаны әзірге белгісіз.
Еске сала кетейік, 25 мамырда Миннеаполис қаласында Джордж Флойд есімді күдіктіні тұтқындау кезінде полицей оған тұншықтыру әдісін қолданып, аяғымен 9 минут бойы қылқындырған. Салдарынан күдікті ауруханаға жетпей көз жұмды.
Афроамерикалық Джордж Флойдтың өлімінен кейін Миннеаполис тұрғындары нәсілшілдік пен полицейлердің озбырлығына қарсы ереуілге шықты. Артынша наразылық акциялары елдің бүкіл аумағын шарпып, әлемнің түкпір-түкпірінде жалғасын тапты. Толқулар әлі күнге дейін басылар емес.
Флойдты өлтірген полицей Дерек Шовинге екінші дәрежедегі кісі өлтіру дерегі бойынша айып тағылды. Әуелде Шовинге үшінші дәрежедегі, яғни байқаусызда кісі өлтіру әрекеті бойынша айыпталған еді. Екінші дәрежедегі кісі өлтіру Америка заңнамаларында өзгелермен келісілмеген, бірақ қасақана кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана зиянын тигізу, адам өміріне деген немқұрайлық әрекеті болып есептеледі.
Ал тұтқындау операциясы кезінде қызметте болған өзге үш полицей адам өлтіруге көмектесу және арандату дерегі бойынша айыпталуда.